ҚАЗАҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ РУХАНИ ТІРЕГІ - ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ - Қазыбек Иса

ҚАЗАҚ ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ РУХАНИ ТІРЕГІ - ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ - Қазыбек Иса

Кеше, 2024 жылы 11 сәуірде Алматыда Өңірлік мерзімді басылымдардың екі күндік респубикалық форумы басталды. Қазақ журналистикасының проблемаларын талқылауға арналған форумда өзекті мәселелер - салалық журналистика, Баспа басылымдары - халықтың сауаттылығының қайнар көзі, басылымдарды танымал ету және тарату: аймақтық қырлары, баспа басылымдарын жетілдіру: жаңа тәсілдер деген бірнеше тақырып қамтылды.

Форумның ашылу рәсімінде ҚР Парламенті Сенаты депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары Қазыбек Иса, Ермұрат Бапи, Президенттің баспасөз хатшысының орынбасары Ержан Байтілес, Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Мейірлан Раханов, Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Есенбеков сөз сөйлеп, бірқатар мәселелерді көтеріп, нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Біз бүгін белгілі ақын, журналист, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның сөзінің толық нұсқасын жариялап отырмыз.


Еліміз Тәуелсіздік алған қиын кездерден бері Қазақ басылымдары ұлттық партияның рөлін атқарып келеді.

Қандай қиындық көрсе де, Қазақ журналистері Ұлттық мүддені қорғау жолында жалаңаяқ, жалаңбас болса да, жалаңтөс жанкештіліктен танған емес!

Мемлекеттің рухани іргетасын қалауда қазақ баспасөзінің рөлі өте зор.

Сондықтан, мемлекет Қазақ басылымдарын қай кезде де қолдауы қажет.

2020 жылғы ғаламдық пандемия өзі де таралуы мәз емес Қазақ басылымдарына өте ауыр тиді. “Қазпоштаның” қымбат және сапасыз қызметінен бас тартқан көптеген қазақ газеттері, мысалы “Дат”, “Қазақ үні” және тб жеке таратушылармен жұмыс істеп, шамалары келгенше ұжымдық жазылым жасаған мекемелерге тікелей өздері жеткізіп беріп жүретін. Пандемия кезінде транспортқа шектеу қойылған кезеңде қазақ басылымдарының таралымы бірнеше есеге күрт төмен түсіп кетті… Оның үстіне Алматы, Астана қалаларындағы қазақ газеттерін сататын киоскілері жау тигендей жойылды. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпидің айтуынша, Байбектің әкім кезінде Алматы қаласында 264 киоск жойылып, “Дат” газеті 14 мың тираждан айрылған. Иә, “жұт жеті ағайынды” дегендей, осындай қазақ газеттерінің таралымын шектеу мақсатында қолдан жасалған кедергілер мен пандемия ның салдарынан “Қазақ үні” газетінің таралымы да да бірнеше есе түсіп кетті. Қазақ газеттері содан бері қайта көтеріле алмай келеді…


2000 жылы мамыр айында қиындыққа душар болған Қазақ басылымдарын қолдау жөнінде Президентке Ашық хат жазылды. Белгілі журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, “Қазақстан дәуірі” газеті басшысы Сәуле Мешітбайқызы апайымыз бастап, дарынды жазушы-журналист, “Қазақ әдебиеті” газеті бас редакторы Дәурен Қуаттар қостап, барлық жетекші басылымдардың Бас редакторлары қол қойдық.

Ашық хаттағы ашық айтылған басты мәселе - еліміздегі 11 мың кітапхана арқылы қазақ газеттеріне жазылым жасау арқылы қолдау жасау. 

Бұл ұтымды ұсынысты мен өз басым кейін осы уақытқа дейін 4 Ақпарат министріне айтып келемін. Парламентте де, әрқайсысының өзіне де кабинеттеріне барып та айттық.

Біздің мемлекет, яғни билік болашағымызға деп қаржы жинақталған Ұлттық қорды опырып тұрып, бірнеше рет банктерге миллиардтаған қаржы бөліп көмек жасады. Ал Қазақ газеттеріне көмек жасауға келгенде тартынып қаламыз.

Біздің банкттер әлемде жоқ пайыздық несиемен елді қанап келе жатыр. Ал қазақ газеттері әлемде жоқ жанкештілікпен жұмыс істеп, ұлттық мүддемізді қолдап, қорғап келе жатыр!

Ол банкілердің иесі елімізге белгілі отбасылар екені анық, сонда соларды байытып отырмыз да, қазақ руханиятына келгенде қаржы табылмай қалады…


Сол кезде, біз қазақ баспасөзіне қолдау сұрағанда банкілердің халық қазынасынан алып жатқан миллиардтарына қарсы болмаған орыстілді басылымдардың біразы бізге қарсы шықты. Оған лайықты жауап та қайтарғанбыз. Бірақ біздің билік сол орыстілді баспасөздің қабағына қарайтын баяғы әдетімен, қайрат көрсете алған жоқ…

Рас, Ақпарат министрлігі қазақ газеттерін далада қалдырған жоқ, мемлекеттік тапсырыс беріп қолдап келеді. Қазір Мәжілісте біз талқыап жатқан Масс-медиа туралы заң жобасында да Қазақ газеттерін қолдау жөнінде заңдық тетіктер жасап, енгізіп те жатырмыз.

Бірақ кітапханалар арқылы жазылу біріншіден бұл тұрақты қаржыландыру көзі болып табылар еді және екіншіден тұрақты таралым болар еді.

Өйткені, Қазпоштаның сыры мәлім, дұрыс таратпайтынын жоғарыда айттық.

Қазір әр 11 мың кітапхананың әрқайсысы жетекші қазақ газеттерін жаздырып алатын болса, кемінде 10 мың таралымы бар басылымдар ханға сәлем бермес еді. Сонда әкімдерге де, ешкімге де тәуелді болып, ешкімнің сөзін сөйлемей, ақиқаттың ақ туын көтеріп, ұлттық мүддемізді қорғап, қолдап отырар еді…

Тәуелсіздік бесігі - Алматыда өтіп жатқан “Өңірлік басылымдардың республикалық форумы” өте жақсы өтуде. Президент әкімшілігінен, министрліктен, парламенттен келген азаматтардың бәрі газеттің қара қазанында қайнап өскендер. Өңірлерден де баспасөздің майын ішкен марғасқалар мен мамандар қатысып отыр.

Форумда барлық өте өзекті, маңызды тақырыптар қамтылған екен, жақсы болды.

Тақырыптарда Сараптамалық мақалалар мәселесі де қозғалып жатыр екен. Сол 2020 жылы да бұл мәселені көтеріп едік. Сараптамалық мақалалардың маңызын арттыру үшін мемлекеттік тапсырыстарда оларға басымдық берілуі тиіс. Сонда сараптамалық мақалалардың салмағы артады.

Өңірлік басылымдардың жағдайы қиын қазір. Аудандық газеттердің бәрі сатылып кетті! Ол кімдердің қолына тиді? Газеттен, жалпы руханияттан хабары бар азаматтар иелік етсе жагсы, ал тек қалтасы қалың, патриоттықтан жұрдай пайдакештердің қолына тисе ше? Газетке, әсіресе қазақ басылымдарына өз күнін өзі көруі тиіс деп қарамау керек. Қазақ газеттері бизнес емес, саясат, идеология құралы деп қарау керек.

Қазір газеттерден гөрі сайттарға, интернеттік басылымдарға көп көңіл аударылуда. Бірақ, газеттің маңызы кемиді деген сөз емес. Елде интернет жеткілікті болсын-болмасын, министр Бағдат Мусин соғып жібергендей, “интернетіміз Токиодан да күшті” болса да, ауылда газет күтіп отыратын халық көп әлі. 


Мысалы, анау бір жылы парламенттік сайлауда көп өңірлерде “Қазақ үні” газетін көп таратқан ауылдарымызда “Ақ жол” партиясына көп дауыс бергенін байқадық. Әрине, ол дауыстардың тағдырын біздің “әлемдегі ең әділ” Сайлау комиссиясы шешкені белгілі…

Осыдан бес-алты жыл бұрын Лондонда XVIII ғасырда ашылған ең алғашқы газеттердің бірін “сайтқа қарағанда табысы 2,5 пайыз ғана екен” деп жауып тастаған. Бірақ бір-екі жылдан кейін сол газетті қайта ашуға тура келді. Дамып кеткен Еуропа болсын, Жапония, Қытай болсын, қонақүй, дүкендерінде газет бұрыштары тұрады ылғи.

Қолдарынан смартфон түспейтін біздің шенеуніктер газетті, жалпы Қазақтілді БАҚ-ты көп оқымайды. Көбінесе орыстілді БАҚ айнасы арқылы қарайды елге де, әлемге де. Бұның тигізіп жатқан кесірі аз емес. 

Ал қазір саясаттың ауа-райы қазақтілді контенттерде айқындалады. Президенттік болсын, парламенттік болсын, сайлау науқандарының көрсеткіші ең алдымен қазақ баспасөзінің бағасымен айқындалады. 

Республикалық “Қазақ үні” ұлттық порталында 2020 жылы "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!" деген ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа жазылған Ашық хатқа 130 547 адам қол қойған! Бұл екі айда ғана жиналған қол! Бұл бұрынғы межелерден 100 есе көп тарихи рекорд!

-“Қазақ үні” сайтындағы Ашық хатты 1 миллион 12522 адам оқыған;

-1043 адам қолдап пікір жазған;

-Фейсбук парақшамызда 10 мыңға жуық коммент жазылған;

-3 мыңдай бөлісу болған!

Артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрған бұл 130 мыңдық қалың қол ішінде  тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті.  Белгілі журналист, қоғам қайраткері, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті. Қазақстан Халқы Ассамблеясында барлық диаспора өкілдері Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау туралы Үндеу қабылдады.

Сонда 130 мыңнан астам адамның үнін біздің “Еститін мемлекет” неге естімей отыр?!.

Парламентте де бірнеше рет көтердік Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін!

Орыстілді БАҚ-та осы 130 мыңнан 100 есе аз 1 мың дана қол жиналса, билік шырылдап, біздің шенеуніктеріміз жүгіріп кетер еді. 

Міне, бұл біздің елде қай тіл басым, соған байланысты қай тілді баспасөз ықпалды екенінің айғағы!

“Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы күшті”-дейді Алаш көсемі Міржақып Дулатұлы.

Бұл сөзді қазіргі Қазақстан заманына қарап айтсақ, “Мемлекетте қай тіл басым болса, сол тілдің баспасөзі күшті” болып тұр.

Қазақ Тәуелсіздігінің рухани тірегі - Қазақ баспасөзі екенін ұмытпайық, мырзалар!

Қазыбек ИСА, ақын, журналист, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты.