Ет бұзылса тұз себеді. Сот «бұзылса» не себеді?..

Ет бұзылса тұз себеді. Сот «бұзылса» не себеді?..

ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиевтің назарына!

«-Уа, қайдан келесің?

-Соттан келемін.

Соттан емес-ау,

 оттан келемін».

Б.Майлин.

Атыраудың арыстаны Арыстың жолбарысын қалай алдап соқты?

Бәрі жап-жақсы басталған-тұғын. 2016 жылдың 10-қарашасында Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, бұрынғы Азғыр әскери полигонындағы (Атырауға дейін 565 шақырым) А-1, А-2, А-3, А-5, А-10 алаңдарын қоршау жұмысына республикалық тендер өткізіледі. Оны шымкенттік «GREEN TERRA» ЖШС-і, жетекшісі Берік ЖОЛБАРЫСХАН, ұтып алады. Серіктестік («Мердігер») пен Атырау облыстық «Табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу» басқармасы («Тапсырыс беруші») арасында, жетекшісі Қадыржан Бақтығалиұлы АРЫСТАН, 2016 жылдың 21-қарашасы күні Атқарылар жұмыс жайлы №61 шартқа (Шарт) қол қойылады. Онда жұмыстың орындалу мерзімі 31.12.2017 жыл деп, төлемақы 40 155 805 теңге деп белгіленеді. 

2017 жылы 29 мамыр мен 30 маусымда №1,2,3 «Атқарылған жұмыс актілеріне» сәйкес «Мердігерге» 13 104 842,08 теңге төленеді.

 «Тапсырыс беруші» 14.09.2017 жылы «Шарт бойынша жұмыстың орындалу мерзімі 31-желтоқсан болып белгіленген. Алайда, қазіргі уақытқа дейін жұмыс көлемі 20-25 пайызға жуық орындалған» деген хат жібереді.

Бұл – Қ.Арыстан мырзаның бірінші өтірігі. Атыраудан Азғырға келмейді, көрмейді, бірақ, ойланбай өтірік жазып жібереді. Мердігер компания 2017-жылдың 28-қарашасында: «жұмысты 15-желтоқсанға бітіреміз» деп, жарты айдан соң, 12-желтоқсанда: «жұмыс аяқталды, қабылдап алатын комиссия құрыңыз, оның қашан келетінін хабарлаңыз» деп жазады. 22-желтоқсанда тағы жазады: «қабылдаушы комиссия келмей, жұмысты тапсыра алмай отырмыз».

 Қ.Арыстан мырзаның орнында болса кез-келген басшы Арыстан келген бригаданың жұмысты бітіргеніне қуана қабылдап аларына күмән жоқ. Бірақ, Қ.Арыстан ондай қалыпты адамдардың қатарына жатпаса керек, өйткені ол 2017-жылы 29-желтоқсанда Б.Жолбарысханға «2017-жылғы 22-желтоқсандағы хатыңызға» деген жауабында: «№62 Шарт Мердігердің жұмысты толықтай орындамауына байланысты 2017 жылдың 25-желтоқсанында біржақты бұзылды» деп жазады.

Кешіріңіз, ешқашан Азғырға бармаған, жұмысты көрмеген, оның «шарт жасастық» дейтін ақтөбелік техникалық қабылдаушысы «ҚұрылысИнжирингАқтөбе» де төбесін көрсетпеген Қ.Арыстанның Атырауда отырып «жұмыс толықтай орындалмаған» деуге қандай хақысы бар? 

Екіншіден, ешқандай қисынға сыймайтын іс істеуге – мерзім бітпей жатып, оны біржақты бұзуға мүмкіндік беретін Шарттағы 9.3-бапта көрсетілген 6 (алты) «существенное нарушение» талаптың ешқайсысы орын алмаса – ондай құқықты Қ.Арыстанға кім берді?

Қ.Арыстанның қайтып мердігерлермен жұмысы болмады, есесіне 2018-жылдың 27-наурызы күні «Тапсырыс берушінің» жазған арызы бойынша Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының (ОМАЭС)судьясы Е.А.Убигалиевтің төрағалық етуімен сот отырысы өтті. Енді сол сот үдерісіне келейік. Қолымызда екі күнгі, 2018ж. 18-ші және 26-наурыздағы сот отырының бейнетаспасы бар. Біз одан не көреміз? 

Бұрынғы билер «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген.

Бүгінгі судьялар жасалып қойған қоршауды «жасалған жоқ» дейді...

«Қара өтірік айтса – өтірік.

  Хан өтірік айтса – қылмыс».

Қазақ мақалы

Сот отырысында судья мен «Тапсырыс берушінің» өкілі арасында мынадай сұрақ-жауап болды: «Мердігер жұмысты бітірдік» деп хабарлады ма?» «Иә, 22.12.2017ж. электрондық хатпен хабарлады». «Сіздер қабылдауға комиссия жібердіңіздер ме?» «Жоқ, өзіміздің техникалық бақылаушыны (ТБ) хабар жібердік. Ол бізге жұмыс 35 пайызға орындалған деген есеп берді (Осы кезде «Мердігердің өкілі «Бұл – өтірік!» деп қалғанымен, судья оның сөзін елеген жоқ). Бірақ, мана айтқандай мәслихаттың шешімімен қаржыны 13-желтоқсанда бюджетке қайтарып жібердік». «Шарттың орындалу мезімі қашан?» «2017ж. 31-желтоқсаны». «Ақшаны қашан қайтарып жібердіңіздер?» «2017ж.13-желтоқсанда». «Неге?» «Мәслихаттың бюджеттің қаржысын нақтылау жайлы 2017-жылға бөлінген ақша сол жылы жұмсалып бітуі қажет деген шешіміне сәйкес дедім ғой». «Причем здесь мәслихат?! Шарттың аяқталу мерзімі 31-желтоқсан. Кеше сіздер ЖКХ-ның ақшасын 29-желтоқсанға дейін төлемей ұстап отырдыңыздар. Неге біреуге ұстап отыруға болады, шартты бұзған жоқсыздар, басқа біреуге болмайды?» «Мердігердің толықтай орындамауына байланысты, біз 25 желтоқсанда шарт біржақты бұзылды» деп хабарладық». 

Прокурор сұрақ қойды: «Орындалған жұмысты қабылдау жайы не болады? Жылдың аяғында бұл кісілердің жұмысты аяқтап жатқаны белгілі болған соң, мәслихатқа ақша сұрап қайтадан шықпайсыздар ма? Жасалған жұмыс қалайда қабылдануы керек қой?» Жауап жоқ...

Прокурор тағы сұрақ қойды: «Қабылдап алуға қанша уақыт керек сізге?» «Екі апта». Осы кезде «Мердігердің» өкілі сұрады: «Біз істелген жұмыс үшін ақшамызды қалай қайтарып аламыз?» Судьяның дәлме-дәл жауабы: «Оны сіздер «Тапсырыс берушімен» шешесіздер, әзір Мердігер «жосықсыз қатысушы» деп танылды және айыппұл төлейді». Түсініксіз сөз...

26-наурыз күнгі сот отырысы. Басқарма өкілі Г.Телеубаева судьяның «не үшін соттық сараптама тағайындауды сұрадыңыз» деген сұрағына «жұмыстың нақты көлемін анықтау үшін» деп жауап берді. Судья «сіздер неге өз жұмысыңызды соттың мойнына артып қойғыларыңыз келеді?» деген сұрағына жауап бере алмады... «Жұмыстың жасалған-жасалмағанын біз сізден сұрауымыз керек. Бұрын да екі рет сұрап едім, үшінші рет сұрап отырмын: жұмыс аяқталды ма, аяқталмады ма?» «Нақты жауап бере алмаймын, барып көрген жоқпыз». «Біз 6-наурыз күнгі отырыста сіздерге жұмысты аяқталғанын білуге 20 күн мерзім беріп едік, оны орындаған жоқсыздар. Сіздер сотқа не үшін Мердігерді «жосықсыз қатысушы» деп тануды сұрап арыз бердіңіздер?» «Жұмысты уақтылы тапсырмағаны үшін». «Оны қабылдап алушы сіздер емессіздер ме? Жұмыстың біткен-бітпегенін білмейсіздер, бірақ, Шартта көрсетілген мерзім, 31-желтоқсан, бітпей тұрып, неге сіздер оны біржақты бұздыңыздар?» «Мәслихат талап етті». «Бұрынғы отырыста да, бүгін тағы сұрап отырмын, жұмысты неге қабылдамайсыздар?» «Жауап бере алмаймын». «Неге жауап бере алмайсыз? Онда біздің уақытымызды алып, сотқа не үшін келдіңіз?» Жауап жоқ... «Желтоқсанда қандай объектілер қабылдадыңыздар?» «Ешқандай». 

Судья жауапкерге: «Сіздер шарттың желтоқсан айында біржақты бұзылғанын біле тұра, жаңа жылдан кейін не үшін жұмыс істедіңіздер?»

Жауапкер: «Басқарма басшысымен сөйлестім: «көп жұмыс қалған жоқ қой, екі жақ допсоглашение (қосымша келісім-шарт) жасайық, біз бітіріп береміз» дедім. Ол келісті. «Сот шешім шығарып береді» деді...» Біз сөзімізде тұрып, 6-наурызда жұмыстың бәрін бітірдік (1-ші,2-ші суретте – Азғырдағы жасалған қоршаулар».

Судья: «Талап беруші, айтыңызшы, екі арада сондай келісім болды ма?» «Ресми келісім болған жоқ». 

Судья: «Жауапкер, сіз қандай шешім туралы айтып тұрсыз? Сот әдетте екі жақтың қолында келісім-шарт болғанда, біреуі «істеймін» деп, екіншісі «төлеймін» деп тұрғанда ғана ондай істі қарайды. Шарттың бұзылғанын білдіңіз. Сөйте тұра жұмыс істейсіз. Басшысы айтты дейсіз. Ресми түрде айтылмаған. Ауызша айтылған болар, солай ма? Кім айтты? Ешкім ондай жауапкершілікті кәзір мойнына алмайды. Сіз жұмысты 6-наурызға емес, 31-желтоқсанда бітіруіңіз керек еді. Мерзімінде үлгермегенсіз».

Міне, дәл солай – судья бәрін білген соң айтып отыр. Мердігерге «сендер жұмысты істей беріңдер, өйткені істелген жұмысты көрген соң сот сендердің пайдаларыңа шешім шығармай тұра алмайды, содан кейін басқарма ақшаларыңды төлеуге мәжбүр болады, мен оның бәрін реттеймін» деп, екі ортаға өз қызметін «ұсынған» жергілікті, сол жүйеде қызмет ететін жігіттер болған. Мердігерлер оның сөзіне құдайдай сенген. Ал, ол болса екі жақты да алдап биге шыққысы, әрі жақсатты болғысы келген, тек «құйрығы бір-ақ тұтам» өтірігі өрге баспай қалған... Ол адамдар кәзір де есен-сау жүріп жатыр, ковидтен де аман қалды. Мейлі, Құдайдың берген жасын қызғанамыз ба, жүре берсін, жүзге келсін... 

Сот тергеуін әп-әдемі жүргізіп келген судья Е.Убигалиевтің екі рет мерзім берсе де Азғырға бармай, қасарысып отырған Басқармаға «он күнде жасалған жұмысты қабылдап ал» деп міндеттейтін дұрыс шешім шығарудың орнына әділдіктің жолынан формализмге қарай жалт бұрылуының, Мердігерді «жосықсыз қатысушы» деп тануының, айыппұл салуының себебі де содан деп болжам жасауға мәжбүрміз. Әйтпесе, сөзге сенген аңқау қазақтардың алданып қалғанын көріп-біліп, өзі де соны «ауызша айтылған болар» деп отыр ғой, жасалған қоршаудың фотографиясы қолында тұр ғой. 2024-жылдың 1-қаңтарынан бастап, 8 күнге 216 403 теңге айыппұлдың орнына 6-наурызға дейінгі 66 күнге (Шартқа сәйкес әр күнге 27 050 964 теңгенің 0,1 пайызын) 1 785 363 теңге салып, қалған ақшаны Азғырдың азынаған желі мен қар-жаңбырында жұмыс істеген жігіттерге қайтарып беру қолында еді ғой? Ондай әділ қазыға «бұның – қате!» дейтін тірі жан табылар ма еді?

Осы жерде біреулер: «Чьё ты сказки рассказываешь?» деп, желке жүні күдірейіп шыға келуі мүмкін. «Емен ағаштың иілгені – сынғаны, ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» дейтін қазақ жоқ кәзір. Ол қазақ баяғыда өліп қалған. Тектілерімізді қынадай қырған жетпіс жылдық кеңес дәуірінен аман жеткенін отыз жылдық «кері кеткен» Елбасы заманы табанға салып таптады, қазақтың санасында «лақтыру» деген жексұрын жаңа ұғым пайда болды, ол үлкен мәртебеге айналды. Сол себепті адам адамға емес, қағазға сенетін заман бүгін. Мердігер жігіттердің ант ішіп айтар адал сөздерін, олар да нан ұстап тұрып-ақ «өтірік» дейтіндер табылатын болған соң, бұл әңгімемізді «біздікі де – аңыз, ертегі ғой, жай әшейін киноклассиктер айтқандай «информация к размышлению» деп қабылдаңыздар дейміз. Тек... Пушкиннің:

Сказка – ложь, да в ней намек.

Добрым молодцам – урок!» деген сөзін еске түсіріп, арыстық жігіттер алған сабақтың «бағасы» 32 млн.теңге (27млн.тг төленбеген еңбекақы + 5 млн.тг мердігерлік кепілдік) болды, сіздер де байқаңыздар демекшіміз... 

Обал, сауап, борыштың бәрі біткені ме?..

«Әділдік әрқашан жеңеді,

ол тек кешігіп келеді».

Б.Момышұлы

Жоғарыда аталған, 2018 жылғы 27-наурыздағы алғашқы сатыдағы соттың шешімін одан кейінгі облыстық, республикалық, қайтып аудандық мәртебедегі бес судья мен сот алқасы іс жүзінде көшіріп баса берген сияқты. (Бұны қалай атауға болады: «қарға қарғаның көзін шұқымайды» дейсіз бе, «защита чести мундира» дейсіз бе, өзіңіз білесіз). Ешқайсысы ең басты мәселеге – екі айға кешігіп болса да жұмыстың орындалғанына назар аудармаған, тіпті оны жоққа шығаруға тырысып баққан. 

Мысалы, 18.06.2020ж. Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты, судья Р.Жаңсықбаев, өз шешімінде «...сот эксперт-специалистің жұмыстың толық орындалғаны туралы қорытындысына мынадай негізбен сенімсіздікпен қарайды - алғашқы сатыдағы сот Қуынушы өзінің міндетін атқармағанын анықтаған» дейді. Сонда соттың сөзі ақиқат-дағы, эксперт Қ.Наумағанбеттің сөзі, арнайы барып түсіріп келген 15 фотосы сотта есепке алынбайтын болса, ондай құзырды мемлекет не үшін берген оған? Судья мырза шектен шығып кеткен жоқ па осы жерде?

01.09.2020 ж. Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы, судья С.Хасан, «Қуынушының Тапсырыс берушіге Атқарылған жұмыс актісін тапсырғаны жайлы дерек дәлелін таппаған» дейді. 2018 жылғы 27-наурыздағы алғашқы сатыдағы соттың 6-наурыздағы, 26-наурыздағы «істелген жұмысты анықтау» туралы тапсырмасын да орындамаған, ақшаны мерзімінен жарты ай бұрын қайтарып жіберген, Шартты заңсыз түрде біржақты бұзған мекеме Мердігерден актіні өлсе қабылдай ма?

Аталған сот алқасы сондай-ақ «...Оның үстіне Атырау ОАМЭС 27.03.2018 жылы «GREEN TERRA» ЖШС-ін «жосықсыз қатысушы» деп таныған» деп, алғашқы соттың шешімін дәлел санайды. Серіктестік дәл сол шешімді қате деп арызданып отырғанда, бұл не сөз? Мазақ ету ме? 

Ең сорақысы: «Жұмысты атқарылған деп тану» туралы шағым қанағаттандырусыз қалсын» дейді. Ау, сонда 2018 жылдан, бес жылдан бері бес алаңды қоршап тұрған, мал мен адамды улы шұңқырларға түсіп кетуден қорғап тұрған, ұзындығы 2 шақырым болат сым мен темірбетон діңгектен жасалған бұйымды «жоқ, бұл – қоршау емес, бұл – сағым, бұл – елес, өз көздеріңе өздерің сенбеңдер!» дегісі келгені ме соттың?..

Семейде кезінде атақты Науан хәзірет Орынбай ақынмен айтысып қалғанда:

Обла, сауап, борышты бәрі бітіп, 

Тек қана әйел деген сөз қалды ма? – деп, жеңіп кеткен екен. Бізде де бүгін ең соңғы сөзді, ақиқи сөзді айтатын жалғыз инстанция деп ел үмітпен қарайтын соттар обал, сауап дегенді білмейтін болғаны ма? Бес бірдей соттың судьялары алғашқы сотта түсірілген, атыраулық Басқарманың жұмысты қабылдауға тұяғын да қимылдатпағаны тайға таңба басқандай көрініп тұрған бейне таспаны байыптап көрмегендері ме? 

«Мораль заңнан жоғары» деген ұғым, осы сөзді айналысқа енгізген көне Рим шешені Цицеронның заманынан бері бар екені белгілі. Өйткені, мораль, қазақы тілмен айтсақ адамгершіліктің аясы өте кең екені, ал, белілі бір шеңбер болуына байланысты заңның аясы одан әлде қайда тар екені де ежелден аян. Судья шешім шығарғанда тек қана заңды және өзінің ішкі түйсігін жетекшілікке алуға тиіс. Ол жерде « және адамгершілік тұрғысынан» дегендей бір ауыз сөз жоқтығы өкінішті-ақ. Ондай сөз болса, түйсігі неше түрлі болып келе беретін судьялар бір сәтке болса да ойланар еді-ау. Ойланып: «Сегіз бірдей азамат қара қазан, сары баланың қамы үшін үй-жайынан безіп, бір жыл Азғырдың азынаған суық желінде жүріп жұмысты бітірген екен, обал болмасын: кешіктіргені үшін заңның аясында аямай айыппұл салайық, қалғанын әперейік» десе, заңға да, адамгершілік талабына да сай шешім болмас па еді?..

Соңғы үміт – Жоғары Сот төрағасында. Оның үстіне формализмге бой ұрған жоғарыдағыдай біржақты шешімдер көбейіп кеткендігі себепті кейінгі кезде елімізде тиісті заңнамаға оң өзгерістер жасалған секілді. Олай болуы – өмір талабы, өйткені сот жүйесінің басты міндеті де әділдіктің салтанат құруына жұмыс істеу, соны қамтамасыз ету емес пе?.. 

Өмірзақ Ақжігіт

Қазақ үні