ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕ ШОҚТЫҒЫМЫЗ БИІК
2024 ж. 08 қыркүйек
587
0
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алғашқы сабақтары 1934 жылы басталғаны мәлім. Ол кезде университетте екі ғана факультет болған екен. Қарап отырсақ, содан бергі тоқсан жыл ішінде олардың саны он алтыға жетіпті. Ал аталмыш шаңырақ Орталық Азиядағы ең жетекші оқу орындарының біріне айналған.
Біздің қонағымыз – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультеті Кеден ісі, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының аға оқытушысы, философия ғылымдарының докторы (PhD) Роза Ережепқызы осынау білім ордасының бертінгі тыныс-тіршілігіне қатысты аз-кем сауалымызға жауап қайтарды.
– Биылғы дүбірлі 90 жылдық Alma mater мерейтойын қандай сезіммен атап өттіңіздер?
– Бұл – бүкіл ел үшін айтулы оқиға екені даусыз. Және атақты қара шаңырақтың ғасырға пара-пар кезеңіндегі жетістіктерін лайықты мойындау сәті деп білемін. Мерейтой – атқарылған істердің қорытындысы шығарылып, жаңа перспективалар белгіленетін сәт екені де түсінікті шығар.
– Сіздің барлық ғылыми қызметіңіз университетпен байланысты болғандықтан, бұған дейін де талай іс-шараны атап өттіңіздер...
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің флагманы және еліміздегі ең көне әрі жетекші жоғары оқу орындарының бірі екендігі әлдеқашан мойындалған. Білімнің жоғары сапасы, халықаралық деңгейде танылу, белсенді ғылыми-зерттеу қызметі, инновациялар, ең мықты профессорлық-оқытушылық құрам – бүгінде ҚазҰУ-нің орынды мақтан ететін дүниесі. Сондай-ақ елдегі ғалымдардың ең көп шоғырланған жер – жоғары оқу орнының бірегей зияткерлік әлеуетін де көрсетсе керек.
– Бүгінде еліміздің түрлі ведомствосында жүрген білікті кадрлардың дені сіздердің түлектер екенін де білеміз.
– Иә, университет түлектері үкіметте, мемлекеттік органдарда, бизнесте және ел өмірінің әртүрлі салаларында негізгі қызметтерді атқаратыны рас және бұл университеттің жоғары беделінің негізгі құрамдас бөліктерінің бірі болып табылады. Мұнда қазір 180 бакалавриат, магистратура және докторантурада 26 мыңнан астам студент білім алуда. Мамандарды даярлау процесі құзыреттілікке негізделген әдіске, пәнаралық және мәселелік-бағдарланған оқытуға негізделген. Біздің университетте Қазақ елі үшін бірегей кампус бар, оның аумағында заманауи оқу корпустары, мұражайлар, спорт кешені, Студенттер сарайы, жайлы жатақханалар, Орталық Азиядағы ең үлкен заманауи ғылыми кітапхана орналасқан. Бүгінде ҚазҰУ әлемнің жетекші университеттерімен бәсекеге түсіп отырғанын баса айту керек. Оқу орнының академиялық жетістіктерге деген ұмтылысы мен көрнекті жетістіктері назардан тыс қалмайды, бұл оның әлемдік университеттер рейтингтеріндегі жоғары орнының дәлелі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті QS WUR халықаралық рейтингінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп, дүниежүзіндегі университеттері арасында 150-ші орыннан көрінді. Ал Орталық Азиядағы QS Stars Rating-те үздіктердің жоғары рейтингін алған бірінші және жалғыз университетпіз. Academic Ranking of World Universities – European Standard (ARES) рейтингінен «AA+» бағасын алды – System Еуропалық жүйенің жетекші университеттерінің қатарында. ҚазҰУ Біріккен Ұлттар Ұйымының тарапынан үлкен сенімге ие және төртінші кезең қатарынан БҰҰ-ның тұрақты дамуға «Академиялық әсер ету» бағдарламасының жаһандық хабын басқарды. ҚазҰУ Орталық Азиядағы бірінші университет ретінде танылып, «QS Asia University Rankings 2023: Central Asia» рейтингінде 1-орынды иеленді, QS Emerging Europe and Central Asia University Rankings рейтингінде Еуропа мен Орталық Азиядағы үздік университеттер арасында 16-шы орын алды, азиялық аймақ университеттерінің QS рейтингінде 44-орынға ие болды. Еліміздің жетекші университеті халықаралық QS Graduate Employability Rankings рейтингінде өз позициясын нығайтып, 201-250-ге дейін көтеріліп, түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша көшбасшылардың біріне айналды.
– Ал кең ауқыммен алғанда оқу орнын бітірушілердің еңбекпен қамтылу көрсеткіші қай межеде?
– Жұмыспен қамтылған түлектердің үлесі бойынша университет әлемде 55-ші орында. Университет әлемдік университеттердің UI Green Metric рейтингінде 212-ші орынды иеленіп, ең экологиялық таза 200 университеттің қатарындағы позициясын нығайтты. Бүгінгі таңда университет еліміздегі ғылыми жобалар мен жарияланымдар саны бойынша жетекші орын алады. Жоғары оқу орнында ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар, технопарк, инженерлік және ғылыми сыйымды технологиялар кластері, коммерцияландыру кеңсесі жұмыс істейді. Негізі, басты көрсеткіш рейтингте ғана емес, нақты жетістіктерде де – түлектердің сапасы, жобалардың ауқымы, ықпал-құзыретімен өлшенеді. Осылардың барлығы университеттің тұрақты дамуын және оның білім мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыруға ұмтылысын растайды.
– Университет алдында тұрған негізгі стратегиялық мақсаттардан хабардар боларсыз?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің зерттеу университеті мәртебесіне ие QS WUR жаһандық рейтингінде 150-ші орыннан көрінгенін айттық қой. Бұл бағытта білім беру әлеуеті ересен оқу орнының қалайда алдыңғы лекке ұмтылатыны түсінікті болар. Біз де, әлбетте, әлемдік деңгейдегі университетке айналуға ұмтыламыз.
– Университеттің халықаралық ынтымақтастықтағы орны қай дәрежеде екен? Сіздерде шетелдік студенттер білім алатынын білеміз. Олар көбіне қай елдерден?
– ҚазҰУ әлемнің 400-ден астам ірі университеттерімен және халықаралық ұйымдарымен ынтымақтасады. Нақтырақ айтсақ, Халықаралық, Еуропалық және Еуразиялық университеттер қауымдастығының, сондай-ақ инженерлік қоғамдардың: IFEES, SEFI, KazSEE және т.б. мүшесіміз. Шетелдік серіктестермен өзара іс-қимыл екіжақты және көпжақты ынтымақтастық келісімдерінің, халықаралық білім беру бағдарламалары мен жобаларын іске асырудың, бірлескен ғылыми-зерттеу қызметін ұйымдастырудың, оқытушылар құрамымен алмасудың және академиялық ұтқырлықты дамытудың шеңберінде жүзеге асырылады. Бүгінде әлемнің жетекші университеттерімен бірге қос диплом және халықаралық сертификаттар беру арқылы білім беру бағдарламалары сәтті жүзеге асырылуда. ҚазҰУ-дың жоғары беделі алыс-жақын шетелдерден студенттерді тартады. Бізге оқуға Қырғызстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Түркия, Ауғанстан, Үндістан, Иран, Қытай, Моңғолия, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия, Испания, Ұлыбритания, Франция, АҚШ, Египет, Палестина, Бразилия және басқа елдерден студенттер келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттердің академиялық білім алатын орны ғана емес, бұл мүмкіндіктер мен перспективалардың тұтас әлемі. Жүздеген, мыңдаған дарынды студенттердің шетел университеттеріне бару мүмкіндігі бар. Олар өздерінің жұмысқа қабілеттілігімен және жоғары нәтижеге ұмтылуымен шетелдік профессорларға күшті әсер қалдырады. Шәкірттеріміздің жетістіктері мен олар туралы тамаша пікірлерді естігенде кеудемізді жастарымызға деген мақтаныш сезімі кернейді. Өз байқауымша, жыл өткен сайын ғылымға ынталы, болашағы зор студенттер көбейіп келеді.
– Университет имиджін шетелдік ақпарат құралдары қалай бағалап жүр?
– Қазіргі уақытта білім беруде жаһанданудың табиғи салдары ретінде интернационалдану орын алатын процесс жүріп жатыр. Бүгінгі таңда университетіміздің шетелдік университеттер алдында беделі артып келе жатқанына қатты қуанамын. Бұл межеге, әлбетте, ең алдымен мұғалімдердің біліктілігі арқасында көтерілгеніміз анық. Бізде олардың нәтижелі қызмет етуіне барлық жағдай жасалған.
– Университет өз студенттеріне қандай қолдау көрсетеді?
– ҚазҰУ-да халықтың әлеуметтік осал топтарынан келген студенттеріне оқу ақысы тұрғысынан жеңілдік жасалып, олар атаулы материалдық және басқа да көмектер алады. Студенттер мен жас ғалымдарды қолдау үшін демеушілер тарту игі дәстүрге айналған.
– Сіздің ойыңызша оқытушылықтың мәні неде? Бүгінгі таңда оқытушы қандай болуы керек? Оқыту ісіндегі өзгерістерге ілесу қиын емес пе?
– Жоғары мектеп оқытушысы – студенттерге сабақ беретін, алған білімімен бөлісетін ғана емес, сонымен қатар өзінің практикалық тәжірибесін жеткізетін, шәкірт бойына тәжірибелік жұмыс дағдыларын сіңіретін, ең бастысы – өзін-өзі үнемі жетілдіріп отыратын адам. Оқытушы – әрқашан шығармашылық ізденісте болуы керек. Бұл да үлкен жауапкершілік. Бұл, әсіресе, бүгінгі күні аса маңызды. Оқытушы жаңа әдістер мен технологияларды қолдана білуі, қоршаған әлемде болып жатқан өзгерістерді есепке алуы және онымен бірге өзгеруі, оқушылардың қызығушылығы мен жұмыс берушілердің сұраныстарын түсінуге және ескеруге тырысуы керек.
– Оқытушы оқу барысында студенттердің бойына қандай қасиеттерді сіңіре алады? Жоғары оқу орнының корпоративтік мәдениеті дегенді қалай түсіндірер едіңіз?
– Оқытушы ретінде жастардың арасында болу мен үшін үлкен қуаныш, сонымен бірге бұл өте жауапты іс. Оқытушы оқушыларға беретін білімнің тасымалдаушысы ғана емес. Ол үнемі жастар назарында болады. Сонымен бірге ол лекцияда нені оқып, нені оқымағанымен емес, көбінесе өзге де күнделікті тірлік жағдайында өзін қалай ұстауымен есте қалады. Ол әділ, парасатты немесе өзімшіл жан ба? Міне, оқытушының осындай мінез-құлқы оның шәкірт жадында қалай сақталатынын анықтайды. Оқытушының ұжымда жұмыс істей білуі де аса маңызды. Себебі, корпоративтік мәдениет туралы айтқанда, біз жеке адам, тіпті көшбасшылық қасиеттері күшті адам да ұжымдық мүдделерді көруге тиісті ортада өмір сүріп жатқандығымыз туралы айтамыз.
Қорыта айтқанда, оқытудың жоғары деңгейі мен заманауи білім беру әдістерінің нәтижесінде әл-Фараби атындағы университет түлектері Қазақ елінің еңбек нарығында ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де сұранысқа ие екенін атап өткім келеді.
– Әңгімеңіз үшін көптен-көп рахмет. Еңбектеріңіз жана берсін.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қазақ үні