Мәслихаттар бірлестігі төрағасы Қазыбек Иса сауалын қолдады

Мәслихаттар бірлестігі төрағасы Қазыбек Иса сауалын қолдады

Бүгін, 2024 жылы 2 сәуірде ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Үкімет басшысы Олжас Бектеновке жергілікті өкілетті орган - мәслихаттардың рөлін көтеру туралы “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жариялады.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.

Осыған байланысты, республикалық мәслихаттар бірлестігі төрағасы, экс-сенатор Төлеубек Мұқашев депутаттың сауалын қолдап, мәслихаттар атынан алғыс айтты. 

- Қазыбек Иса көтерген мәселе өте өзекті және дер кезінде айтылып отыр. Біздің бұл тақырыпты жыр етіп келе жатқанымызға қаншама жылдың ширегі болды. Әкімдіктер мен мәслихаттар мақсат-міндеті мен мүддесі бір - халық игілігін арттыру және өзара үйлесімді қызмет жасау екендігін де есімізден шығармадық. Депутат атап өткен "Хатшыдан" "Төраға" форматына өтуге де көп тер төгумен, күреспен жеттік. Енді сол төрағалықтың шынайы тетігіне жетуге жұмыстанып жатырмыз. Әрине, бұл жерде депутат болу мен төраға болудың мәртебе ғана емес, зор жауапкершілік екендігін де өкілдерімізге ұғындырудамыз. Сол үшін тіптен "Мәслихат депутаты қандай болуы керек?" деген тұңғыш кәсіби кітап та шығардық. 

Қазақстан мәслихаттары бірлестігі және өз атымнан алғысымды жеткізе отырып, біздің ұйымның сізбен ынтымақтаса іс жүргізуге әзірлігін хабарлаймын. 

Бәріміздің де ел болашағы деп жүргеніміз аян. Ендеше тізе қосып әрекет етейік, - деді Т. Мұқашев.