АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕЙІК

АУЫРМАЙТЫН ЖОЛ ІЗДЕЙІК

Ұрпақ денсаулығы – келешек кепілі. Біз, Алматы облысы «Қарасай клиникалық көпсалалы орталық ауруханасы» Балалар бөлімінің педиатр-дәрігері, жас маман Сұлтанбек Балтабаевпен бала амандығының мәні жөнінде тілдестік.

Әке көрген оқ жонар

Осынау жылы жүзді, ақ халатты абзал жанның қызметке кіріскеніне көп уақыт бола қоймаса да, ата-аналардың іздеп жүріп қаралатын маманына айналғанын көз көріп жүр. Иә балалар дәрігері Сұлтанбек Әнуарбекұлы алдына келген әрбір балаға өзінің барлық мейірімін төгіп қарауымен де ерекшеленеді. Тағы бір атап өтуге тиіс қасиеті – қандай баланы қабылдаса да асықпай, байыппен қарап, талдау нәтижелерінің әрбірін зерделеп барып, диагноз қоятындығы. Осындайда Ұлы Абай атамыздың «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға» деген даналық сөзі еріксіз ойға оралатыны бар. 

Педиатр-дәрігер Сұлтанбек Балтабаев – дәрігерлер династиясының өкілі. Әкесі Әнуарбек Балтабаев отыз жылға жуық тәжірибесі бар дәрігер-невропатолог. «Әке көрген оқ жонар» демекші әкенің ізін жалғап келе жатқан жас маманның хас маманға айналмауға хақысы жоқ тәрізді. 

Осы орайда біз педиатрдан өз отбасындағы дәрігерлер әулетінің қалыптасуы туралы әңгімелеп беруін сұрадық.

– Өздеріңіз білетіндей – медицина жүгі ауыр, жауапты сала. Қай бағыттағы дәрігер болса да адамның өміріне жауап беретіндіктен, ешбір іске салғырт қарауға болмайды. Мұның барлығын әкеміз кішкентай күнімізден-ақ санамызға сіңіріп өсірді. Соған қарамастан отбасында төрт ағайынды болсақ, бәріміз де дәл осы медицина саласын таңдауды ұйғардық. Өзімнен үлкен ағам Камранбек дәрігер-невролог болып қызмет атқарса, мен педиатрия саласына бет бұрдым. Ал інім – Әзизбек С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 5-курс студенті. Болашақ – тіс дәрігері. Қарындасым – Аида болса, дәл осы жоғары оқу орнының фармакология факультетінде білім алуда. Келешекте фармацевт атанып, ел саулығын нығайту жолында еңбек етпек» дейді Сұлтанбек Балтабаев. 

Иә әдетте көпшілігіміз бір отбасыдан бір дәрігер шығуы керек деген жазылмаған қағиданы ұстансақ, бұл отбасының барлық мүшесі осы медицина саласының майталман маманы атануға бел байлағаны кім-кімді болсын сүйсіндірері анық. 

Мұндайда аналары ұлағатты ұстаз Татьяна Қаливаның ақ сүтімен, әкесі Әнуарбек Балтабаевтың қанымен дарыған қасиеттің арқасы екендігі сөзсіз деген байламға келдік. Әңгімелесу барысында біз маманның өз саласындағы өзекті мәселелер турасындағы ой-пікірін де білдік.

Жиі ауыратын балалардың қатары неге көп?

Бала – біздің болашағымыз. Балдан да тәтті балапандарымыздың саулығы әлбетте әрбірімізді алаңдатпай қоймайды. Десе де бүгінгі қоғамда жиі ауыратын балалардың көбейіп бара жатқандығы назар аударарлық мәселе екендігі сөзсіз. Біз мұның себебін балалар дәрігері Сұлтанбек Балтабаевтан сұрап көрдік.

– Балалар дәрігері ретінде балалардың ауырып тұруы – қалыпты құбылыс деп білемін. Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, дені ау баланың өзі бір жылдың ішінде 12 ретке дейін ауыруы ықтимал. Негізінен балалар арасындағы ауруларды жаз және қыз мезгілінде кездесетін аурулар деп екіге бөліп қарастырғанымыз жөн. Мәселен, қыз мезгілінде тыныс жолдары ауруларымен ауыратын балалардың қатары көбейіп, оның аяғы бронх-өкпе жүйесінің ауруларына ұласып жатады. Ал жаз айларында жедел ішек инфекциясына шалдығатын балғындардың саны артады. Бұл кезеңде кішкентайларға талғамастан жеміс-жиектің түр-түрін берудің салдары, іш өтуге апарып соқтырып жатады. Өз кезегінде мұның бәрін қабылдауымызға келген әрбір ата-анаға жіті түсіндіріп айтып отырамыз, – дейді маман.

Біздің кейіпкеріміздің айтуынша тәп-тәтті балапандарды жақсы көріп, балдай тәтті қылығына тамсанып қана қою жеткіліксіз. Оларға ең бірінші кезекті дұрыс күтім қажет екендігін айтады. Сұхбаттасу барысында балалардың жиі ауыруы мәселесінде тарқатып айтуға тиіс дүние жетерлік екендігіне де тоқталды.

– Осы орайда балалардың жиі ауыруының түрлі себебі бар екенін ескеруіміз керек. Мәселен қабылдауымызға келген баланы қарап, оның жағдайына егжей-тегжейлі үңіліп, ата-анасына емін жазып, түсіндіріп жібереміз. Бірақ кейбір аналар өкінішке орай, баласына тағайындалған емді толығымен орындамайды. Анығырақ айтқанда, шалдыққан аурынан толық жазылып шығуы үшін төрт түрлі дәрі-дәрмек жазып берсең, оның біреуін ғана алуы мүмкін. Мұндай жағдайда, толық ем жүргізілмегендіктен әрине бала жиі ауырады. Бұл жерде баланың денсаулығы көп жағдайда үйде жасалатын анасының күтіміне тікелей байланысты екендігін ескерген абзалырақ, – деп өзінің пікірін білдірді Сұлтанбек Әнуарбекұлы.

Дәрігер маманның сөзінше, көп жағдайда ата-аналар баласы ауыра қалған жағдайда өз бетімен ем жүргізу арқылы ауруды одан әрі асқындырып алып жатады екен. Бүгінгідей әлеуметтік желі көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан заманда инстаграм, фейсбук, тик-ток сияқты желілерден кез-келген «дәрігердің» кеңесін тыңдап алып, соны өмірде қолданатын аналар да жеткілікті көрінеді. Өз кезегінде аналар медициналық сауатын арттырамын деп жүріп, бармақ тістеп қалуы мүмкін екендігін ескертеді педиатр.

– Осы орайда аналарға әлеуметтік желідегі жарнамасы жер жарған дәрігерлер ертеңгі күні қандай да бір жағдай туындаса, баласының денсаулығына жауап бермейтіндігін баса айтқым келеді. Тіпті балаларын емшілерге қарататын ата-аналар да кездесіп жатады. Сондықтан аналар өздерінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша бекітілген учаскелік педиатр-дәрігерінің немесе жеке емханалардағы кәсіби білікті маманның ғана айтқан ақыл кеңесіне құлақ асса екен деймін. Өйткені кез-келген өнімге, кез-келген адамға баланың өмірін сеніп тапсырудың артында үлкен қауіп жатыр, – деп өз ойын жеткізді дәрігер. 

Маманның айтуынша, кейбір отбасыларда ата-аналары жұмысбастылықтың салдарынан балаларға жеткілікті деңгейде көңіл бөлмейтін жағдайлар бар. Мұндай отбасыларда өскен бүлдіршіндеріміз физикалық тұрғыдан дені сау болғанымен, ақыл-ой деңгейі, сөйлеуі, өз ойын жеткізуі тұрғысынан өзі құралпы балалардан көш кейін қалып жататындығы да алаңдатпай қоймайтындығын жеткізді дәрігер. 

– Сөйлеуі кешеуілдеп жатқан балалардың қатары күн санап артып келе жатқандығына дабыл қағуымыз қажет деп білемін. Балалардың қолдарына ұялы телефонды ұзақ беріп қоюдың салдарынан бүгінде екінің бірі логопед іздеп сабылып жүр. Бұл өте өкінішті жағдай. Аурудың салдарымен күрескеннен, оның алдын алған әлдеқайда тиімді. Сондықтан, ата-аналар баласы тыныш отырсын деп ертелі-кеш телефонға немесе теледидарға телміртіп қоюды доғаруы керек. Баламен балаша сөйлесіп, олармен дұрыс қарым-қатынас жасауды туылған сәттен бастаса екен деймін. Бір қарағанда өте қарапайым дүние болғанымен балаларымыз дамысын десек, онда дұрыс тамақтану, таза ауада серуендеу, бірге ойнау, көбірек сөйлесу деген сияқты тәсілдерді аналармыз өздерінің айнымас дағдысына айналдырғанда ғана біз дені сау ұрпақты өсіріп жетілдіре аламыз, – деп өзінің кеңесін де беруді ұмыт қалдырмады.   

Екпеге салғырт қарауға болмайды

Елімізде республикалық бюджет есебінен 11 жұқпалы және паразиттік аурларға қарсы екпе егілетіні белгілі. Бұл екпелердің барлығы медициналық қарсы көрсетілімі жоқ балалардың барлығы үшін міндетті болып табылады. Ата-аналарға екпеге бей-жай қарамау жағы үнемі ескертіліп отырады. Себебі екпе салынбаған баланы мемлекеттік балабақшаға немесе мектепке қабылдамауы мүмкін. Сонымен қатар, балаларға арналған мекемеде ұжымдық иммунитет деңгейі тиісті межеден төмен болса, егілмеген балаларды қабылданбауы ықтимал. Қоғамдағы ең бір өзекті мәселенің біріне айналған екпе егудің біздің кейіпкеріміз балалар дәрігері Сұлтанбек Балтабаев еңбек ететін емханада қалай жүзеге асып жатқанын айтып беруін сұрадық.

– Екпе егудің маңыздылығын біз ата-аналарға мейілінше түсіндіруге тырысамыз. Соған қарамастан, біздің қоғамда екпеге деген көзқарас сан қилы. Әсіресе жат ағымның жетегіне ерген кейбір отбасылар екпе алуға үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатады. Өздері бас тартып қана қоймай, қоғамда екпеге қатысты түрлі жағымсыз пікірлер таратып, көптеген жас ата-аналарды дүдәмал күйге түсіріп қоятыны өкінішті. Соның салдарынан қауіпті ауруларға шалдыққан балғындарымыз жетерлік. Мәселен, қазіргі таңда ел бойынша қызылша жұқтырғандардың саны 30 мыңнан асса, бұлардың 80 пайызы балалар екен. Бұл өте алаңдарлық жағдай. Қарап отырсақ, соңғы 10 жылда болмаған көрсеткіш екен. Өз кезегінде бұл құбылыс ұжымдық иммунитеттің қалыптастпағандығын көрсетіп отыр.

Қызылша өте жұқпалы ауру. Екпе алған балалар бұл аурумен ауырмауы мүмкін. Ауырған жағдайда да жеңіл түрде өтіп кетеді. Осы жағын аналарымыз ескерсе нұр үстіне нұр болары анық, – деп екпенің маңыздылығын түсіндіріп өтті педиатр.

Сонымен қатар, дәрігер маманның айтуынша, пневмококк инфекциясына қарсы екпені алмаудың салдарынан биылғы жылы пневмонияға шалдыққан балалар өте көп кездесіпті. Аталмыш вирустың асқынуы менингит, сепсис және пневмония сияқты күрделі ауруларға әкеліп соқтыратынын ескеріп, екпеге ешбір ата-ана салғырт қарамаса екен деген тілегін жеткізді маман.

Иә, бала өміріміздің жалғасы. Әрбіріміздің отбасымыздың көз қуанышына айналған балғындарымыздың дені сау боп өсуі үшін кәсіби білікті мамандардың ғана кеңесіне жүгінсек ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Сөз соңында біз де ақ халатты абзал жанның абырой биігінен көрінуін тіледік

Гүлмира САДЫҚ