ЕЛ ЖАЗУШЫ СӘБИТ ДОСАНОВПЕН ҚОШТАСТЫ

ЕЛ ЖАЗУШЫ СӘБИТ ДОСАНОВПЕН ҚОШТАСТЫ

Бүгін Алматы жұртшылығы көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халықаралық М.Шолохов сыйлығының Қазақстандағы тұңғыш иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досановпен қоштасты.

Алматыдағы Қазақстанның Жазушылар одағында өткен жазушымен қоштасуға жұрт көп жиналды. Одақ ғимаратының екі қабаты да лық толып тұрды.

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың көңіл айту хатын оқыған ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Сәбит Досановтың жақсы қырларын еске алып, елге көңіл айтты.

– Сәбит Айтмұханұлы қазақ әдебиетінің өркендеп қанат жаюына елеулі үлес қосты. Ұлттық проза мен драматургияның дамуына нағыз шығармашыл тұлға ретінде бар саналы ғұмырын арнады. Көркем туындылары сүйікті оқырмандарының тарапынан жоғары бағаланды. Соңына өшпес әдеби бай мұра қалдырған Сәбит Айтмұханұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған мемлекет басшысының көңіл айту хатында.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин жазушыларды соңғы сапарға осы қасиетті қарашаңырақ Жазушылар Одағы ғимаратынан шығарып салу бұрыннан қалыптасқан дәстүр екенін тілге тиек етті. Кезінде халықтың әйгілі дарынды ақындары Мұқағали, Жұмекен, Халық Қаһарманы, жазушы Қасым Қайсеновтермен ел осы қарашаңырақта қоштасқанын айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасы Мереке Құлкенов Сәбит Досановтың шығармаларына тоқталып, “Елдің бәріне жақсылық ойлайтын жақсы адам еді. Сәбит Досанов Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби қорын басқарып тұрғанда жазушыларға талай жақсылық жасағанын естігенбіз. Жақсы жазушы, жақсы азамат қиналғандарға үнемі қол ұшын созып жүретін, - деді Жазушылар Одағы басшысы.  

Сәбит Досановты өзімізден гөрі өзгелер жақсы көрді. Қырғыз Республикасынан бір қауым ел келді. Қырғыздың Ел ақыны, Сәбеңнің дос інісі Марқаабай Ааматов жазушының жақсы қырларын айтып, "Қырғыздардың да қатты қадірлейтін жазушысы еді" деп, зор баға берді. Жүрекжарды қоштасу сөзін жырмен аяқтады.

Сәбит Досанов туралы толыққанды сөзді ақын інісі, Парламентте елдің мұңын көтеріп, ұлттың мүддесін қорғап жүрген Мәжіліс депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Қазыбек Иса айтты.

-Қадірлі жамағат!

Өмірден Қазақтың көрнекті жазушысы, тұлғалы азамат, абзал ағамыз Сәбит Досанов өтті.

Сәбит ағамыздың қандай жақсы адам болғанын жаңа осында сөйлеген ағаларымыз айтты. 

Кеше Сәбит Досановтың қонақасында да белгілі ақын-драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрлан Оразалин бастаған көп жазушылар да дәл осылай “Бір адамға да жамандық ойламайтын, елдің бәріне тек жақсылық ойлайтын, жақсы адам еді," - деп мінездеме берген еді. 

Мен Сәбит ағам туралы айтқанда екі оқиғаға тоқталғым келіп тұр.

2000 жылы Сәбит Досанов Халықаралық М.Шолохов сыйлығының қазақ жазушыларының ішінен тұңғыш лауреаты болды.

Бір қызығы, сол кездегі газеттер жарыса құттықтаудың орнына, жабылып жамандай жөнелді. 

Азуын айға білеген атышулы басылымдар бас салып жамандап жазды. 

Дәл сол кезде 2000 жылы 11 тамызда біздің “Қазақ үні” газетінің (Ол кезде “Жас Қазақ үні”) бірінші нөмірі шығып жатты. Мен сол бірінші нөмірде өзім танымайтын, амандасып, сөйлесіп көрмеген Сәбит Досановты қорғап мақала жаздым. Әлгі әйгілі газеттерге алғашқы нөмірімізде қарсы шықтық.

“2000 жылы Сәбит Мұқановтың жүз жылдық тойын аттас ізбасары Сәбит Досанов жалғастырды. Ол Қазақ жазушыларынан жалғыз Мұқтар Әуезов қана алған кеңестік кезеңнің әйгілі Лениндік сыйлығының мұрагері - М.Шолохов сыйлығының Қазақстандағы тұңғыш лауреаты болды. 

Ал енді қазақ әдебиетіне олжа салған мұндай сыйлыққа бүкіл ел қуануы керек емес пе?!. Қуанғандардан қуарғандардың дауысы қатты шығып жатты. Талай адам тал түсте талып қалды…

Қадірлі қаламгер қауым! Анау жылы көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің үш томдық “Көшпенділері” Лениндік сыйлыққа ұсынғанда, бас жазушымыз да, жас жазушымыз да жабыла Мәскеуге арыз жазып құлаттыңдар! Сендер өз жазушыларыңды жамандап, вагонымен арыз жазғанда, грузиндер өз жазушысы Нодар Думбадзені қолдап, вагонымен толтырып коньяк пен жүзім жіберіп, ақыры әйгілі Лениндік сыйлық грузин жазушысының “Көшпенділердің” көшіне ілесе алмайтын кітабына берілді…

Ау, енді Сәбит Досанов ешкімге салмақ салмай, халықаралық бәйгеге қатысып, маңдайы жарқырап, сол Лениндік сыйлықтың бүгінгі мұрагері - Халықаралық М.Шолохов сыйлығының Қазақстандағы тұңғыш лауреаты болып отыр,” - деп жазған едім сол кезде.

”Қазақ үні” газетінің бірінші нөмірінде осылай азулы газеттерге қарсы шығып, қалыптасқан қоғамдық пікірді өзгертуге ұмтылу елді елең еткізді. Екі-үш күннен соң Сәбит Досанов менің телефонымды тауып алып үйге хабарласып, қатты риза болғанын жеткізді. Солай араласып кеттік.

2017 жылы Қазақстан Ресей зымырандары үшін Торғай мен Ақтөбе жерінен жалға полигондық жер бергенде мен “Қазақ үні” газеті мен сайтында қарсы мақала жаздым. Қасиетті Торғай жері басқасын айтпағанда Алаш көсемдері Ахаң мен Жахаңның туған жері. Менің “Үкімет Алаштың 100 жылдығына тарту емес… тажал сыйлады”атты мақаламды қолдаушылар көп болды. Сәбит ағамыз маған “Сенің осы күшті мақалаңды Ашық хат” етіп, президентке жазайық” деп, бастама көтерді. Өзі досы Олжас Сүлейменов, академик Кенжеғали Сағадиевтерге қол қойдырып, мен Дулат Исабек, Серік Тұрғынбек бастаған бір топ ұлт зиялыларына қол қойдырып, Ашық хат жарияланды. Әрине, билік басындағылармен жақсы байланыста жүретін Сәбит ағамыз осы Ашық хатқа байланысты біраз қарсылықтарға тап болатынын жақсы білді. Солай болды да. Бізге де қарсы жұмыстар жасалды. Бірақ Сәбит аға жеке басының мүддесінен гөрі ел мүддесін, туған жері Торғай даласының тағдырын ойлап, азаматтық, ерлік жасады.

Сәбит ағамыз өзіне жабылған жалалы сындарға жасымады, шын мақтауларға тасымады. Өндіріп жазумен өмірі жазу үстелі үстінде өтті.-деп толғанды Қазыбек Иса.

Белгілі қаламгер Қуандық Түменбай Сәбит Досановтың шығармаларының көркемдігін сөз етіп, оның жас жазушыларға қамқорлығына назар аударды.

-Қазақстан Жазушылар одағының Әдеби қорының директоры болып тұрғанда жас жазушылар ол кісінің кабинетінен шықпайтын едік. Ер көңілді ағамыз ешкімнің қолын қайтарған емес”-деді ол.

Ағайындар атынан сөйлеген жазушының немере інісі Ғылымхан Досанов жиналғандарға, мемлекет басшысына, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринге, Алматы қаласы әкімдігіне, Жазушылар одағына рахмет айтты.

Қазақстан Жазушылар одағы ғимараты алдында Сәбит Досановтың жаназасы оқылды. Жаназаны Астанадан арнайы келген Қазақстан Діни басқармасының найб мүфтиі Кенжәлі Мырзабай оқыды.

Жазушы өз өсиеті бойынша Кеңсайда ұлы Даниярдың жанына жерленді.

Кейінгі екі-үш күн бойы дауылдатып, жауындатып тұрған Алматы аспаны жазушымен қоштасар күні Сәбит ағамыздың ақ көңіліндей айрықша жарқырап, шуағын шашып тұрды.

Жазушылар одағындағы қаралы жиынды жүргізген белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып айтқандай, “Екінші өмір” романын жазған қазақтың көрнекті жазушысы Сәбит Досановтың өзінің де енді екінші өмірі басталады.

Алла алдынан жарылқап, пейіште рухы шалқи бергей.

Азамат Тасқараұлы

“Қазақ үні” газеті