"Қазыбек Иса - елді бір ғана жырымен-ақ ұйытады" - әдебиет мұғалімі

"Қазыбек Иса - елді бір ғана жырымен-ақ ұйытады" - әдебиет мұғалімі

Белгілі қоғам қайраткері, қаламы қарымды қаламгер Қазыбек Иса ағамыздың «Жарылып жатыр жаралар» туындысында – ел басына түскен қиыншылықты су тасқынынан зардап шеккен елдің жағдайын, қар суының тез еріп елді-мекендер басып қалғаны, халықтың жиған-терген маңдай тері мен төрт түлігі, оның ішінде аша тұяқ ұсақ малды қойып, суыққа төзімді жылқының өзі шырқырап ағып бара жатқанын, осының бәріне кінәлі салғырттықтың салқынын, оған жаны күйген азаматтық болмысы берілген. Мысалы, мына бір шумақ ақын айтатын ойдың арнасы кеңейте түседі:

«...Ағын су Ақтөбені асып,

Топан су Торғайды алған… 

Жапырып дария бәрін,

Тастауда ел жан ұяларын.

Шошыған бала жылайды,

Қамығып қарияларым…

Жолдың біз күткенде айқынын,

Болдық па ел құт қонбайтұғын…» - деп қамыға жазды. Иә, биылғы көктем мінез көрсетіп-ақ тұр. Ақырын берсін! 

Қазыбек ағаның алтын жалды жылқы ағып бара жатқан видеода жанталаса ышқынып кісінген дауысына «Жылқының кісінегенін, қаны бар түсінеді ерің» деп жазған жырын оқып сүйсіндім. Жүрегім ауырды. Бәрінің сұрауы бар. «Қызыл сөздің жалғандығын – қызылсу әшкереледі.» Ақын ағаның көкірегіндегі шерлі дауысынан «Жүгенін ұстап қалған ел - Жүрегің ұстап қалардай!» сескеніп те тұрмыз. «Жарылып жатыр жаралар» туындысының әсерлілігін арттыруда ерекше қызмет атқаратын поэтикалық тілдің элементі – қайталаудың өзін мәтінге ырғақ, ерекше эмоциялық бояу дарытуда құбылта қолданғанын байқадым. Мысалы, синонимдік қатарлар: жылқы, арғымақ, дүлдүл, қазанат деп немесе халық, ел, жұрт, қазағым деп интерпретациялап қатар қолданып, қайталаудың анағұрым күрделі компонент түрінде көрінеді. Бұлай жиі қайталап, тұрақты түрде кездесетін сөздер шығарманың негізгі ойын ашуға, кейіпкердің көңіл-күйін білдіруге көмектеседі. 

Автордың негізгі ойына келейік. «Кермені күткен дүлдүлдің күйі – арқама аяздай батты» деп жазады. Кермені күткен Дүлдүлдердің қай кезде бағы жанып еді!? Сол кісінеген дауыс арыда - Алаштың Ұлт Көсемдері мен Ұстаздарының дауысы, беріде ... айта берсең, өкініш өзегіңді өртке орайды. Кейде тіпті кеудеңді аяз қарығандай зілді сөз айтқың кеп ашу буады. Әттең! Қазыбек ағаның өлеңінің идеялық мазмұны, ой астарындағы философиялық концепциялары мықты. Ақын осындай қайшылықты сөздерді қолдану арқылы өмірде кездесетін келеңсіз жайттарды стпаттап жеткізуге тырысқан. Адамның рухани сезімдерін осы сөздерді қолдану арқылы сездірген. Жиында кімбіз, қиында кімбіз? Тасқынға тосқын болған Қазанаттарым кім? Ақын өзінің лирикасында бұл метонимия сөздерді қолдану арқылы өлеңнің эстетикалық-эмоциялық мәнерін, экпрессивтік бояуын әрлендіреді. Ол өз ретінде өлеңнің эмоциялық қуатын күшейтеді, тыңдаушысын негізгі мақсатына жетелейді. Ақын өзінің сол жайсаң да сезімтал, шымыр да шынайы болмысын өлеңге өзгеше түр іздемей-ақ жеткізе алады. Қарапайым тілде ұғысу қазіргі көркемөнердің өзгеше бір белесіне айналғандай әсер береді. Ол көркемсөз өнерінің жүгі жеңілдеді деген сөз емес, керісінше, көркемдеу құралдары нәзіктене түсті деген сөз. Қазыбек Иса ағаның бір ерекшелігі – қай туындысының да негізгі темірқазығы – шындық, сезім, ой, сенім. Осылар ақынның бүкіл шығармасының өзегі болуымен бірге ақын поэзиясындағы философиялық ойдың тереңдігін, ақынның асқақ талантын, ұлағатты парасаттылығын биік тұрғыдан ағартатын ерекше белгілері болып табылады. Яғни, «Жарылып жатыр жаралар» өлеңі - ақынның болмысын, «Тұлға» концептісінің мәнін ашқан, халықтық сипатқа ие туынды деңгейіне айналдыра түседі. Олай дейтініміз, тұлға сөзінің мәні кең. Қазіргі кезде тұлға сөзі белсенді қолданылып, философиялық салмаққа ие болды. Тұлға сөзі кез келген адамға келе бермейді. «Қауқары жоқ қар суына да, Қайда біз бара жатырмыз?» деп әуені шерге айналған ақын «шендіге ел сенуден қалып, жемқоры көп елдің әкімінің Үкіметке бәрін қатырдық деген жалған ақпарын» да ашық айтады. 

Өмір шындығы көркем әдебиетте көркем шешімдер арқылы ашылатыны белгілі. Сол себепті де өлеңнің соңын сеніммен «Елміз. Қайратты қамал қорғайтын – Қазағым бәрін жеңеді!» деп түйіндеген болар. 

Өлеңнің көркемдік ерекшелігіне келер болсақ, қандай шығарма болсын негізінен белгілі көркемдік бейнелеу құралдары мен әдіс-тәсілдерінің нәтижесінде дүниеге келеді. Олар өзінше жүйе құрай келе, шығарманың басқаға ұқсамайтын ерекше табиғатын құрайды. Бейнелеу құралдары жалпы түрде құбылту деп аталатын метафора, метонимия, астарлау, теңеу, эпитет және қаншама ассононс, аллитерациялары дыбыстық қайталау мағынасында қолданылады. Автордың тілі бейнелі, құнарлы, образды болуымен қатар, терең ойға құрылған. Өлеңнің өте әсерлі болуына ықпал етіп, көркем, шынайы тілі өлеңнің қадір-қасиетін айқындай түскен. Тағы бір айтқым келгені, ақынның поэтикалық ракурсы, яғни өзін-өзі ұстау дәрежесі, өзін-өзі көрсетуі ұнады. Оқиғаны жай сырттай бақылаушы түрінде емес, оқиғаға қызуқандылықпен араласып «Отыз жыл жасырып келген жарылып жатыр жаралар», «Қандай бұғалық салса да, Тізерлеп тізе қосқанда , Тізерлеп қалмайды халық!» деп азаматтық үн қосады.  

Қорыта келгенде, өлең - ақын тұлғасы анық көрінген, индивид сипатындағы адам ретінде өте сәтті шыққан философиялық салмаққа ие туынды. Ақын индивидінің жеке сана әлемі ар-ұят интуициясын біріктірген, өз ортасынан ерек шыққан, әрекеті көпшілікке арналған жан. Жұрттың басын біріктіру үшін басын бәйгеге тігеді, қиыннан шығар жолды таба алады, елді бір ғана жырымен-ақ ұйытады.  

Құрманғалиева Раушан,

Жетісу облысы Талдықорған қаласы, Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі