ЖАРЫЛЫП ЖАТЫР ЖАРАЛАР…

ЖАРЫЛЫП ЖАТЫР ЖАРАЛАР…

Тасқын су алып даланы,

Ауыр сын халыққа бәрі…

Алтын жал арғымақтарым,

Ағынмен ағып барады…


Жылқының кісінегенін,

Қаны бар түсінеді ерің…

Табиғи апат десек те,

Қырсыздың ісі көремін…


Дүлдүлім күттің кермені,

Жан бар ма ұқтым дер мені…

Арқама аяздай батар,

Арқаға жұттың келгені…


Қанаудан қанбай құмарға,

Талаудан сорлайды жан да…

Жемқоры көп елде мынау-

Жем қоры болмайды малға.


Әкімге аттан ұнай ма?

Ағуда жатқа мұнай да…

Барлығын қатырдық деген

Үкімет ақпары қайда?


Мол жауған қыста ақ қар Алла-ай,

Тасқын боп, күш қаптағандай!

Жүгенін ұстап қалған ел -

Жүрегің ұстап қалардай! 


Тасқын су жалмай тазалап,

Қатерлі қандай тағы азап..

Қазақты құтқарған малды,

Құтқара алмай ма қазақ?!.


Бос сөздер болмайды қорған,

Кім елді қорғайды қалған,

Ағын су Ақтөбені асып,

Топан су Торғайды алған… 


Қаныңның тулап аққаны,

Жүрекке тура батқаны-

Үйіңнің үйінді болып…

Ауылдың суға батқаны…


Жапырып дария бәрін,

Тастауда ел жан ұяларын.

Шошыған бала жылайды,

Қамығып қарияларым…


Жолдың біз күткенде айқынын,

Болдық па ел құт қонбайтұғын…

Қызылсу дәлелдеп берді

Қызылсөз түк болмайтынын!?.


Жиында дара батырмыз,

Қиында қара бақырмыз…

Қауқар жоқ қар суына да,

Қайда біз бара жатырмыз?!.


Көзіне шел байланады-

Шендіге ел сенбей барады…

Әуежай көлге айналғанда,

Әуенің шерге айналады…


Ақталып әкімқаралар,

Ақтарып ақын даралар-

Отыз жыл жасырып келген,

Жарылып жатыр жаралар…


Қиындық қалмайды ма анық,

Салса да қандай бұғалық,

Тірлікте тізе қосқанда,

Тізерлеп қалмайды халық!


Кісінеп қазанаттарым,

Кісінің жазалап бәрін…

Тасқынға тосқын болуда,

Қаранар азаматтарым!


Ертеңге сенері мәлім,

Елміз ғой демек ұғарым.

Қайраты қамал қорғайтын,

Қазағым жеңеді бәрін!


Қазыбек ИСА

30 наурыз 2024 жыл