Қытай. Күрделі ішкі өмір және көреген сыртқы саясат

Қытай. Күрделі ішкі өмір және көреген сыртқы саясат

Халық саны, жаппай жұмыссыздық

Бүгінде қытай халқының саны, оның құрамындағы Гонконг, Макао тұрғындарын қоспағанда бір жарым миллиард адамға таяу. Халықтың өсімін шектеу үшін 1970 жылы қабылданған "Бір отбасы-бір бала" шешімі, 400 миллион адамның өмірге келуін шектегенмен, елде қарттардың көбеюіне және гендерлік теңдіктің бұзылуына әкеліп соқты.

Қытайда зейнет жасы әйелдер үшін 55, еркектерге 60. Соңғы санақтар бойынша, жасы 60-тан асқан адамдардың саны 250 миллион, 2035 жылы 400 миллионға жетеді деп күтілуде.

Ежелден қытай қоғамының таңдауы ұлдар, 1980-2010 жылдар аралығында, мамандардың есептеулерінше 20 млн.қыз бала дүниеге келмей қалған. Қазіргі Қытайда әйелдер саны – 170 млн болса, 2030 жылға қарай 110 млн-ға дейін төмендеуі мүмкін екені демография саласындағы зерттеулерде келтірілген.

Қытай қоғамындағы күрделенген мәселелердің бірі – жастар арасындағы жаппай жұмыссыздық. Бейжин университеті оқытушыларының мәлімдеулерінше, жоғары білім алған, сандық технология, АТ саласында қызмет істеуге қабілетті жастардың жартысына жуығы жұмыссыз, алған білімдерін пайдаланатын қызмет орындары тапшы.

Кәсіби деңгейі жоғары, білімді мамандар, өндіріс зәру болып отырған 30 миллион жұмыс орындарына қарапайым жұмысшы ретінде бармайды. Қоғам қайшылығы, жаппай жұмыссыздық және жұмыс күшіне тапшылық.

Есесіне, жастар мемлекеттік ұйымдарға қызметке тұруға ынталы, жарияланған 40 мың бос орынға 3 миллион өтініш түскен. Себебі, мемлекеттік қызметтегі тұрақтылық, соңғы жылдары Қытай экономикасының тежеле бастауынан, көптеген өндіріс орындары, технологиялық компаниялар қызметкерлерін сезінерліктей қысқартуға мәжбүр болған.

Жұмыс орындарына қатынасты, Қытай билігінің саяси қайшы шешімі, елдегі білімді жастардың жаппай жұмыссыз отырғанын ескермей, шетелден, оның ішінде АҚШ-тан АТ саласындағы мамандарды шақыруға бағытталған «Мың талант жоспары» бағдарламасы. Вашингтонның қысымымен бағдарлама жабылғанымен, Қытайдың аты Қытай, аз уақыттан кейін бағдарлама жаңғырып, жаңа форматта шетелден 200 мың АТ өндірісінің мамандарын, оның ішінде микросызба жобаларымен айналысатындарын тарту көзделіп отыр.

Жаппай жұмыссыздықпен күрес, Бейжіннің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыты. Мәселені ары қарай ұшықтырмай ел ішінде шешу үшін, Қытай басшылығының тың тәсілі, құрылыс саласына жұмыссыз қалған ауыл жастарын тартып, қалалар тұрғызу. Біраз уақыттан соң, табалдырығын бірде бір адам аттамаған қала үйлерін бұзу, қайтадан тұрғызу, содан кейін бұзу.

Бір орында тынымсыз жүгірген ақтиінді еске түсіретін бұл тәсіл, бүгінгі әлемді таңғалдырғанымен, болашақтағы жаһандану жағдайында, жасанды интеллект, сандық технология заманында, халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін, басқа елдерде де қолданыс табуы мүмкін. 

Экономика

Әлем экономикасындағы қытайдың үлес салмағы 2012 жылғы 11,4% - дан 2021 жылы 18% - ға дейін өсті, АҚШ-тан (23%) кейінгі екінші орында. Қытай болат, алюминий, цемент, көмір, марганец, қорғасын-мырыш және вольфрам кендерін өндіруде әлемде бірінші орында. Жерлерінде көп көлемде мұнай, газ өндіргендерімен, олардың басым бөлігін сырт елдерден, қазір Ресейден тасымалдайды. Жер шарындағы сирек кездесетін элементтер қорының 37% - ы Қытайда.

Халқының санына байланысты, ел экономикасында ауыл шаруашылығының үлес салмағы үлкен. 2018 жылы жүргізілген бағалау бойынша, егіс алқаптары, Қытай жер ауданының 54,7%-ін алып жатыр. Аспан асты елі жылына 600 млн.тонна егін жинайды, дәнді дақылдар, мақта, жеміс, көкөніс, ет, құстар, жұмыртқа мен балық өндіруде әлемдегі көшбастаушы.

Ауыл шаруашылығындағы басты мәселе – су тапшылығы, елдің бір тұрғынына орташа алғанда әлемдік көрсеткіштің төрттен бір бөлігі келеді. Егіс алқаптарының жартысына жуығы суармалы жерлер. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қаншама мол өндіргендерімен, Қытай мемлекеті халқын өзіндік азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмайды, тапшылығы тұтынудың 5% құрайды, ол АҚШ-тан әкелінген тағам өнімдерімен жабылады.

Қытай экономикасына қаржы салған, несие берген шетелдік салымшылардың 80% сырт елдерде тұратын этникалық қытайлар. Соған қарамастан, 1999 жылдан бастап – атом қуаты, сирек кездесетін элементтер, тележелілер және ақпарат тарататын компанияларға, білім беру салаларына, шетелден қаржы тартуға тиым салынды.

Қытай шетел экономикасына әлемдегі ең ірі қаржы салымшы ретінде саналады. 2020 жылы Ресейге – 4,3 млрд доллар, Қазақстанға – 1,5 млрд доллар, Беларусь экономикасына 1,0 млрд доллар салым салған.

Қытайдың шетелдік экономикаға енгізген салым ерекшеліктері – қаржыландыратын жобаларда аспан асты елінің үстемдігі көзделуі керек, жобаның басым бөлігі қытайлық мердігерлерге тиесілі болуы шарт, қосалқы мердігерлер, технология, жұмыс құралдары, материал және жұмыс күшінің негізі Қытайдан жеткізілуі қажет. Сонымен салым енген мемлекеттің, жергілікті халықтың бірлескен жобадағы табыс табу мүмкіншіліктері шектеледі, олардың үлесіне қоршаған ортаға тигізетін зардаптары қалады.

Тежеле бастаған экономикасына үрдіс беру үшін, соңғы жылдары Қытай қайтарымды қуат көздерін игеруде аса белсенділік танытуда. 2022 жылдың мамыр айындағы мәліметтері бойынша, қайтарымды қуат көздерінің мөлшері 1,1 млрд.кВт-қа жеткен, тұтынатын қуаттың 31,5% -ін құрайды. Қайтарымды қуат түрлерінің арақатынасында, жел электр қондырғылары – 340 млн. кВт, күн сәулесі 320 млн. кВт, атом электр стансасы – 48,7 млн.кВт.

Сарапшылар Қытай экономикасының тежеле бастауын, шетелден әкелінетін шикізат, тасымалданатын мұнай мен газ бағасының өсуімен түсіндіреді. Әсіресе, Қытай соңғыларын Ресейдің солтүстік арктикалық аймақтарынан, теңіз қайраңынан жеткізбекші, тасымалдау ара қашықтығының ұлғаюынан басқа, ол аймақтардан өндірілетін өнімнің өзіндік құны құрылықпен салыстырғанда, бірнеше есе қымбат. Ондай қымбат шикізат, қуат көздерін пайдаланып, әлемдік бәсекеге қабілетті экономиканы қалыптастыру қиынға түседі. 

Қытай экономикасын дамытуға және бір кедергі – сыбайлас жемқорлық. Онымен нәтижелі күресі үшін, қатаң заңдар қабылданғанына, кінәлі шенеуніктерге, еңбегін, атағын елеместен өлім жазасына кесілетіні белгіленгеніне қарамастан, Қытайда сыбайлас жемқорлық жайлап барады. Бұл көрсеткіш бойынша, әлемдік бағалауда сыбайлас жемқорлық үдеген мемлекеттердің қатарына енді.

Экология. Өтпелі өзендер суын бөлісу 

Мемлекет тарапынан қоршаған ортаға деген немқұрайлы көзқарас, табиғи заңдылықтармен санаспай, жер бетінен, қойнауынан аз шығынмен мол өнім алуға деген ашқарақ ұмтылысының салдарынан, Қытай бүгін экологиялық күйзелістің табалдырығында тұр. Жер бетінің 1/3 бөлігі эрозияға ұшыраған, онда тіпті арамшөптер де өспейді, су тасқынынан жылына 4 миллиард тонна құнарлы топырақты жер қыртысы жойылуда. Өзендер мен көлдердің 75%, жерасты суларының 80% ластанған, қолдануға жарамсыз. Пайдаланудан шыққан лас сулар тазартусыз немесе санитарлық қалыптарға сай емес жағдайда су айдындарына ағызылады, жерасты суларына жетеді. 

Жерасты суларын шамадан тыс тұтынудың салдарынан Бейжін, Шанхай, Тяньцзинь, Ханчжоу қалаларының астында әлемдегі ең көлемді бос кеңістіктер пайда болған, әсерінен ғимараттардың жер астына түсіп кетуі, теміржол, көпірлердің қирауы үйреншікті жағдайға айналған. Жер қойнауының геодинамикалық құрылымын бұзу, ағаштың өзің отырған бұтағын аралаумен бірдей, көлемді, жер бетіне жақын орналасқан, жасанды зілзала ошақтарының пайда болуы уақыт еншісінде.

Қоршаған ортаның, судың және ауаның ластануы, халыққа қатерлі ісік ауруларын әкеледі, емдеу орталықтарының мәліметтерінше, Қытайда жылына 1,4 миллион адам рак ауруынан қайтыс болады. Әдеттерінше, Қытай билігі ұзақ уақыт бойы елдегі су мен ауаның қалыптан тыс ластануын жасырды, тек мәселе әлемдік деңгейге көтерілгенде, еріксіз мойындады.

Қытай басшылығының пікірінше, планетаның табиғи қорлары, қазба байлықтары және жер ауданы ортақ меншік, сондықтан мемлекеттегі халық санына қарай «әділ» бөлінуі тиіс. Әрине, бұндай «әділ» бөлісте адамзат өмір сүруіне қажетті жер кеңістігі, табиғи қорлар Қытайдың меншігіне айналуы керек. Ондай «әділ» бөлісте халық саны шамалы, Қазақстанның жер бетінде мемлекет ретінде сақталуы қиын.

Осындай басқыншылық озбыр көзқарасты ұлттық идеологияға айналдырған Қытай, шекаралық, өтпелі өзендердің суларын бөлу жөніндегі халықаралық келісімдерді мойындамайды. Ортақ өзендердегі суды екі жағалаудағы халық санына қарай бөлінуі дұрыс деп санайды. Шығыстағы көршіміздің су бөлісіне деген көзқарасын ескерсек, таяу болашақта, жаһандық жылыну жағдайында, Қытайдан бастау алатын Іле, Ертіс өзендерінің қазақ жеріне жетуі неғайбіл. Себебі – бізбен шекаралас Шынжаң-Ұйғыр автономды ауданына (СУАР) жуықтағы жылдары ішке Қытайдан 100 млн этникалық қытайлықтарды қоныстандыру шешімі қабылданған. Мақсат, ондағы тұрғылықты ұйғыр, ислам дінін ұстайтын халықтың ұлттық теңсіздікке қарсы болуынан туындайтын қозғалыстардың алдын алу, басып-жаншу.

СУАР жылына 26,3 шақырым көлемді суға ие, ол тек 18 млн.адамды сумен қамтамасыз етуге жетеді. Бейжіннің жоспары бойынша, болашақта СУАР мақта, бидай өндіру, көпсалалы өндірісті, оның ішінде мұнай-газ саласын дамыту орталығына айналуы тиіс. Оған көп мөлшерде су қажет болатыны түсінікті.

Мәселенің шешімі, Қытай Ертіс өзенінен алынатын су көлемін 450 миллион текше метрге жеткізіп, келешекте бұл санды 1,5 миллиард текше метрге жеткізуге ынталы екенін жасырмайды. Су көлемінің азаюынан, өзен таязданады, ағыс жылдамдығы төмендейді, судың буға айлануы күшейеді. Нәтижесінде, Ертіс өзені тартылып, арнасы батпаққа айналады, Астана, Теміртау, Қарағанды, Екібастұз, Павлодар және Өскемен қалалары сусыз қалады, Бұқтарма және Шүлбі гидроэлектростансалары жұмысын тоқтатады.

Сондай-ақ, аспан асты елі Іле өзенінен көп мөлшерде су алуды көздеп отыр, өзен Балқаш көліне баратын судың шамамен 80%-ын құрайды.

Қытайлық жоспар Іле суын Тарим ойпатына бұру, Эби-Нұр көлін суға толтыру, Қазақстанда үлкен алаңдаушылық туғызады. Балқаштың бүгінгі күннің өзінде таяздануы, судағы тұз мөлшерінің жоғарылауы, еліміздің солтүстік-шығыс және орталық аймақтарының өндірісіне, ауыл шаруашылығына теріс әсерін тигізуде.

Өтпелі өзен суларын бөліске салу мәселесін күрделендіретін және бір жағдай – мәңгілік мұздықтардың еруі. Іле және Ертіс өзендері Тянь-Шань тауындағы мұздықтардан бастау алады. Жаһандық жылынумен, мұздықтар қарқынды еруге ұшырап, көлемдері үрдіс қысқарып келеді, бастапқы қалпына келуі сенімсіз.

Өзендердің бастауында отырған Қытайдың Қазақстанға саяси ықпалы бар, болашақ әлемде тұщы су бөліске түспейтінін Бейжін жақсы түсінеді.

Жерлерінен өтетін Іле, Ертіс өзендерінің суларын бөліске салуда, СУАР басшылығы ымырасыз, аймақта су тапшылығын болдырмау үшін, болашақта өзен суларын бөліп жармай, толық тұтынуға көшетіндерін мәлімдеген.

Дегенмен, Іле, Ертіс өзендерінің бүгінгі таңдағы жеріміздегі көлемін сақтап, тіпті өсіруге болатын табиғи ішкі мүмкіншіліктеріміз жеткілікті, мәселе оларды ұтымды пайдалануда.

Экспансия

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Қытай бұрынғы жоғалтқан жерлері – Шығыс Түркістан, Ішкі Монғолия, Тибет, Далянды бейбіт жолмен қайтарып алды. Кеңес одағы тарағаннан кейін, 1996-1999 жылдары Қырғызстан 12 шаршы шақырым, Тәжікстан алған несиесінің өтеуіне 1999-2022 жылдары Маркансу, Шығыс Түркістан аймағынан 1200 шаршы шақырым жерді, мемлекетаралық шекараны белгілеу кезінде 1999 жылы Қазақстан 407 шаршы шақырым, Ресей 337 шаршы шақырым жерлерін Қытайға берді.

Қытай алған жерлерімен шектеліп қалғысы келмейді, географиялық карталарында Ресейдің Қиыр Шығысы мен Сібірі, аспан асты елінің уақытша жоғалтқан жерлері деп көрсетілген.

Өткен 15-20 жылда, Ресеймен жасалған келісім бойынша, Сібір мен Қиыр Шығысқа қытайлықтарды қоныстандыру белсенді түрде іске асырылуда. Ресейлік ақпарат көзінің хабарлауынша, ондағы қытайлықтар жаппай Ресей азаматтығын қабылдауда, ол үшін оларға Бейжін ақша береді екен деген қаусиет бар. Отырған жерлерінде Қытай диаспорасы тіршілік кеңістігін кеңейтуге, отандастарын шақыруға, болашақта ел билігіне араласа алатын күшке айналуға тырысады. Ендігі жерде Сібір-Қиыр Шығыс аймақтарынан ол жерге қоныстанған қытайлықтарды ығыстырып шығаруға Ресейдің ерік жігері, шама шарқы жете қоймас.

Әлемдік саяси шолушылардың пікірінше, Ресейден басқа, жергілікті билікке ықпалды Қытай диаспорасы – Бразилия, Канада, Сингапур, Австралия және Қазақстан мемлекеттерінде қалыптасқан.

Бүгінгі әлем жұртшылығының назарындағы мәселе – 2013 жылы Қытай басшылығы ұсынған «Бір белдеу – бір жол» стратегиялық бағдарламасы, әлемдегі 140 мемлекетті қамтиды. Бағдарламаның жарияланған мақсаттары – саяси үйлесім, өзара байланыс, ортақ инфраструктура, өзара сауданы жеңілдету болғанымен, астарында Қытайдың өзгелердің жеріне жұмсақ, бейбіт жолмен ену, табиғи қорларын, жерін пайдалану, қытайлықтарды сырт елдерге қоныстандыру негізгі саяси бағыт екені көрініп тұр.

«Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының шынайы мәні, жоғарыда айтылған, жер шарының табиғи қорларын, қазба байлықтарын, жер аудандарын, мемлекеттегі халық санына қарай бөлу идеалогиясын нақты іске асыру.

Бағдарлама Қытайдың мемлекет ретінде сақталуына қауіп төндіретін, қордаланған – халық саны, шикізат тапшылығы, жаппай жұмыссыздық және қоршаған ортаны қорғау мәселелерін шешуге Қытайдың ішкі мүмкіншіліктері жоқ екенін байқатады. Аталмыш бағдарлама бұл мәселелерді Қытай аумағынан тысқары, өзге елдердің жеріне енгізуге жасалған қадам. Негізгі ұстанымы – мәңгілік өзгермейтін табиғи заңдылық – өмір сүру кеңістігі үшін күрес.

Өткен ғасырдың орта шеніндегі көршілес Вьетнам жеріне әскерімен басып кірем деп, әлем жұртшылығының қысымымен, Кеңес Одағының әскери күшімен санасуға тура келген Қытай, одан кейін ірі шайқастарға аралсқан жоқ. Соңғы уақытта Қытай әскерінің күшеюіне, жаңа соғыс құралдарына ие болуына, ресми мәлімдемелерде соғысқа дайындалу мәселелері көтеріле бастағанына қарағанда, Бейжін шайқасқа әзірлікке кіріскен тәрізді. Ұрыс қимылдарының мақсаты - салым қаржыларын, қытайлық кәсіпорындарынды, диаспораны қорғау, мерзімі өткен несиелерді күшпен қайтару.

Ресей саясаткерлері Қытайдың тарапынан Ресей және Қазақстанға әскери қауіп бар екенін ескертеді. Жауапсыз сұрақ, ондай жағдайда, Қазақстан Қытайға несімен қарсы тұра алады.

Тоқтамыс Мендебаев,

Қазақ үні