ҚҰРЫЛТАЙ САБАҚТАРЫ: БЕС НӘРСЕДЕН ҚАШЫҚ БОЛ...

ҚҰРЫЛТАЙ САБАҚТАРЫ: БЕС НӘРСЕДЕН ҚАШЫҚ БОЛ...

Атырауда өткен құрылтайда көптеген мәселе көтерілді. Әлі күнге дейін ел аузында айтылып та жүр. Сарапшылар мемлекет басшысының құрылтайда сөйлеген сөзі Жолдаудан кем емес екенін, осы ретте, елдің алдағы даму бағыттарын айқындаудың бір тетігіне айналғанын алға тартып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай ешқашан үлкен жиындар мен пайдасыз әңгімелер өткізетін орын болмағанын айтты. Алдыңғы екі құрылтайда елдің дамуы үшін маңызды бастамалар басталды. Олардың көбі қазірдің өзінде жүзеге асырылды. Жалпы, әр түрлі салалар мен бағыттарда оң өзгерістер орын алуда.

Оның айтуынша, өңірлерде үлкен бастамаларды қолға алу аймақтарға жаңа серпін береді. Сондықтан Құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізу жоспарлануда.

Мемлекет басшысы Қазақ елінде бес әлеуметтік зұлымдықтың таралуына сенімді тосқауыл қою керек екенін атап өтті. Есірткі саудасы, оның ішінде синтетикалық есірткі нағыз дертке айналды. Өткен жылы ғана осы салада 7,5 мыңнан астам қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 41 тонна есірткі заттары тәркіленген. Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, өскелең ұрпақты уландыруда.

Үнді марихуанасы туралы хабарыңыз бар ма? Еліміздің оңтүстік өңірлерінде сабағы төрт метрге дейін жететін үнді марихуанасының бүкіл түрлері өсіріледі. Өсімдік шаруашылығында мол өнім алу үшін тамшылатып суару әдісі қолданылатын еді ғой. Есірткі бизнесімен айналысатын пысықайлар да аталған әдіспен көсегесін көгертуге көшіпті. Мұндай алқаптарды баптау үшін «жұмысшылар» мамыр-қазан айлары аралығында үздіксіз еңбек ететін көрінеді. Інге тығылған суыр сияқты қажетті азық-түлік қорын жеткізіп алып, алаңсыз іске кіріседі екен. Құқық қорғау органдары жыл сайын 60-қа жуық суармалы плантацияны анықтайтын көрінеді. 

Бізде есірткі саудасы үшін қатаң жаза қарастырылған. Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен есірткі заттарын өндіруге жауапкершілікті барынша арттыруды, оны ең ауыр қылмыстарға теңестіруді ұсынамын. Парламенттен осы бастаманы қолдауды сұраймын» деді.

Тоқаев қазақстандық қоғамның тағы бір проблемасын лудомания деп атады. Оның айтуынша, 400 мыңға жуық қазақстандық букмекерлік кеңселер мен казинолардың тұрақты клиенттері болып табылады.

Лудомания мыңдаған отбасылардың шаңырағын шайқалтып, көптеген адамдарды қылмысқа итермелейтін сансыз қиыншылықтар әкеледі. Күн сайын құмар ойындардың салдарынан қарызға батып, суицид жайлы жаман жаңалықтарды жиі естиміз. Бұл тәуелділік жас ұрпаққа үлкен зиян келтіреді, онлайн құмар ойындар балалардың күнделікті бос уақытына айналды. Өткен жылы құзыретті органдар интернет-казино белгілері бар төрт мыңнан аса сайтты бұғаттағанын атап өткен жөн. Бұл ретте, Президент үкіметке лудоманиямен күресудің кешенді жоспарын бекітуді тапсырды.

Amanat партиясы фракциясының бастамасымен тиісті заң жобасы дайындалды, ол қазір Парламентте қаралуда.

Қазақстандағы тағы бір алаңдатарлық үрдіс – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, буллингтің, агрессияның және вандализмнің артуы.

Біздің қоғамда қатыгездіктің көптеген көріністері байқалады. Адамды қорлауға, ұруға бір табан жақын жүрер адамдар аз емес. Бұған жедел жәрдем мен қоғамдық көлік жүргізушілеріне жасалған шабуылдар мысал бола алады. Осы орайда, Мемлекет басшысы «біздің азаматтар өздерін үйде де, қоғамдық орындарда да қауіпсіз сезінулері керек», деп атап өтті.

Дамыған елдерде жарық пен суды үнемді тұтынудың жоғары мәдениеті қалыптасқан. Бізде керісінше жағдай аңғарылады. Мысалы, бізде суды үнемдеу мәдениеті жоқ. Қазірдің өзінде су тапшылығына тап болған Қазақстан үшін бұл мәселе ерекше өзекті.

Биыл Президент Үкіметке төрт ауқымды инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыруды тапсырды. Шенеуніктердің жоспарларына мыналар кіреді: 55 жұмыс істеп тұрған жылу көздерін жөндеу және кемінде 6,5 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғырту; жаңа тұрғын үй бағдарламасын іске қосу; сатып алу құқығымен берілетін жалға берілетін тұрғын үй көлемін ұлғайту; елдің жол желісін салу және реконструкциялау; елді мекендерді газдандыру деңгейін ұлғайту және кемінде 1700 шақырым желіні жаңғырту.

Өсудің тағы бір перспективалық тетігі – IT-технологиялар. Жыл соңына дейін Қазақстанда суперкомпьютер құрып, жаңа деректер орталығын іске қосу жоспарлануда. Еліміз Каспий теңізінің түбінде талшықты-оптикалық байланыс желісін салуға ниетті. Бұл жоба Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлық дәліз салуға мүмкіндік бермек.

Тоқаев министрліктерге бюджет қаражатын үнемдеуді тапсырды. Оның айтуынша, ақшаны ең сұранысқа ие жобаларды іске асыруға және өзекті мәселелерді шешуге бағыттау қажет. Құрылтайда өзге де мәселелер қаузалды. Бастысы – олардың іс жүзінде жүзеге асуы маңызды.

Оралхан АХМАДИЯ