ЕҢБЕКТІҢ ТӨРЕШІСІ – КӘСІПОДАҚ

ЕҢБЕКТІҢ ТӨРЕШІСІ – КӘСІПОДАҚ

Кәсіподақ ұйымына тіркелген азаматтар құқықтарының қорғалатынын біліп, нық сеніммен жүретіні белгілі. Кәсіподақтың шарапатын еңбек дауында ғана сезінбей, жақсы көрсеткіштері үшін марапатқа бөленетініне көздері жеткен.

Мәселен, жуырда Павлодар облысы Ақтоғай ауданында жақсылық жасап, үлгілі тәртібімен көзге түскен азаматтарға лайықты құрмет көрсетілді. 

Әбжан ауылының тұрғыны Қайыргелді Машырықұлын өз елінің патриоты деп айтуға әбден де болады. Тәуелсіздік тұсында, репрессияға ұшыраған жерлес ұлы тұлғалар жайында ақпарат жинаумен айналысып, көрген-білгенін өсіп келе жатқан жас ұрпаққа өсиет ретінде айтып, ауылдың көркеюіне өз үлесін қосып, сонымен қатар, қазақ халқының жүрегінде репрессияға ұшырап, құрбан болған адамдарға Ыбырайым деген жер қорымында ескерткіш белгі орнатуға атсалысып, ақпарат жинап, естеліктерімен бөлісіп, өз туған Әбжан ауылындағы бір көшесін Осман Смағұлов атымен беруіне септік болған беделді адамдардың бірі болып табылады. Ауыл маңында шырша ағаштарын егіп, 2013 жылы ашылған жылыжай шаруасымен айналысып, қияр мен қызанақ өсіріп, ауылына демеушілік көрсеткен абзал адам ретінде де көпшілікке сыйлы. 

Қараоба ауылының тұрғыны, жауапты қызметімен көптің көңілін тауып, алғысына бөленіп жүрген асыл жандардың бірі – Жеңіс Әукенова. 1987 жылы Павлодар медициналық колледжді тәмамдап, фельдшер-акушер, 2004 жылы массажист мамандығын алған. Еңбек жолын медбике ретінде бастап, 1987 мен 1998 жылдары Калинин ауылындағы ауруханада қызмет етіп, бұрынғы Ермак ауданының Приозерный ауылында ФАП меңгерушісі болған. Қазіргі кезеңде кәсіби массаж жасаушы, сонымен қатар, меценат болып саналады. Ауылдың қоғамдық жұмыстарына, «Қамқорлық», «Мектепке жол», «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» атты акцияларына қатысады. Ауылдың көпбалалы, аз қамтылған отбасыларына және мүгедектер мен қарияларға әлеуметтік қызмет көрсетеді. «Жыл тұлғасы» атты номинациясы бойынша сайыстың жүлдегері. Ерен еңбегі үшін көптеген алғыс хаттармен марапатталған. 

Жайықпаева Сара Файзуллақызы 1979 жылдан бері Жолболды ауылындағы учаскелік ауруханада акушер болып жұмыс істейді. Еңбек өтілі – 43 жыл. Білікті, жауапкершілігі мол қызметкер. Сара Файзуллақызы практикалық жұмыс дағдыларын меңгерген, ұқыпты, топпен жұмыс жасай білетін маман. Ол – жас мамандардың тәлімгері. Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Сара Файзуллақызы қиыншылықтарға қарамастан ауруханадағы жұмысын тоқтатпады, жергілікті халықтың денсаулығының сақшысы болды. Зейнеткерлікке шықса да әлі күнге дейін ауыл тұрғындарының денсаулығын реттеуге күш салып келеді. 

Басқамыс ауылының тұрғыны Данғарин Мейрам Шаймұхамбетұлы шығармашыл адамдардың қатарынан. Жақсы ән айтып, сурет салады. Музыкалық сауаты өте жоғары, гитара мен ямахада өте керемет ойнайды. Ауылда өткен әрбір іс-шаралардың концерттік бағдарламаларды дайындауға көмегі өте зор. Мейрам Шаймұхамбетұлының қолы алтын деуге әбден болады. Сонымен қатар, бұл адам пеш қалау, телефон байланысы, ағаш ұстасымен де айналысады. 

2024 жылдың 8 ақпанында ӨБ-15 пультіне Ертіс алқабындағы Жаңабет ауылынан шамамен 10-15 шақырым жерде 2 жолаушысы бар көлік жолда қалғаны туралы хабарлама түсті. Осы хабарламаны негізге ала отырып, кезекші жедел жолға шығып, жергілікті тұрғындардан жол жүруге және аумақты бағдарлауға көмек сұрады. Түнгі уақыт әрі адуынды қарлы боранға қарамастан, қарауыл жүргізушісі Қабжикенов Рүстем Ниязбекұлы өз көмегін ұсынды. Қатты боран мен жолдың көріну мүмкіндігі төмен болғанына қарамастан ол кәсіби шеберлігін паш етті. Сөйтіп, жолда қалған тұрғындарға дер кезінде көмек көрсетіліп, олар Жаңабет кентіндегі жылу пунктіне орналастырылды.

2023 жылы 1 тамызда сағат 14.00 шамасында үш жасөспірім Ақтоғай ауылындағы жағажайда шомылып, бөгет қалқымаларының жанында орналасқан қайықтан суға секіріп көңіл көтеріп жатқан. Кенет олардың бірі су бетіне шықпай қалды. Жақын жерде болған Алексей есімді жігіт суға батып бара жатқан адамды құтқару үшін өзенге жүгірді, бірақ ол кеудесіне дейін суға түсіп, әрі қарай жүре алмады, өйткені өзі жүзуді білмеген. Қуанышқа орай, Ақтоғай ауылының тұрғыны Жүспеков Марат Сағадатұлы суға батып бара жатқан жасөспірімді құтқарып, аман-есен жағаға шығарып, үлкен ерлік жасады. 

Өрт сөндірушінің міндеті – артымда отбасым, балаларым, ата-анам бар деп уайымдамастан әрдайым тәуекелге бел буып, лаулаған от арасынан өзге адамдарды және мүмкіндігінше олардың мүлкін сақтап қалуға ұмтылу. Әлбетте, отқа оранған үйге кіру үшін немесе өрт түгел шарпыған ғимараттың шатырына өрт сатысымен көтерілу тек қана батыл да батыр адамның қолынан келетін іс. Өйткені, ол жерден оның тірі шығуы беймәлім... Осындай адамдардың қатарына №15 өрт сөндіруші бөлімінің қарапайым адамдарын жатқызуға болады. Жуырда №15 өрт сөндіруші бөлімінің пультына Қожамжар ауылының тұрғыны Н.Әділхановадан үйіндегі ұзақ жанатын қазандықтың қатты деңгейде қайнап жатқаны туралы хабар түсті. Уақыт Нұрқанат жоғалтпас үшін және дер кезінде көмекке келу мақсатында Қожамжар ауылында тұратын әріптесі өзінің демалысына және кеш уақытқа қарамастан дер кезінде ұзақ жанатын қазандықты суытып, бөлімнің кезекші күзетші келгенге дейін төтенше жағдайды алдын алды. 

Вотчинников Вячеслав Михайлович – «Ақтоғай-Су» кәсіпорнының қарапайым жұмысшысы, механизаторы. Вячеслав Михайлович өзін тамаша маман, тамаша және тиімді жұмысшы ретінде көрсетті. Денсаулығына қарамастан Ақтоғай ауылындағы ғана емес, басқа да су құбыры тартылған елді мекендердегі су құбырындағы апаттарды жедел жоюға белсене қатысады.

 Новотроицк ауылының (қазіргі Жалаулы) тумасы Ахметов Жаңбырбай Елдесұлы әскер қатарынан келген соң 1994 жылдан бастап Шығанақ ауылында малшы көмекшісі болып жұмыс істеген. Ауылда ірі мал шаруашылығы кәсіпорындарының бірі болып табылатын 2015 жылы «Ахмет» фермер қожалығын ашты. 2023 жылы Аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды. Сонымен қатар, Жаңбырбай Елдесұлы Ақтоғай ауданының «Көкпар» ұлттық спортты жаңғыртуды ұйымдастырушысы мен демеушісі болып саналады. «Көкпар» командасы қазіргі кезеңде облыстық спартакиада мен ұлттық спорттың республикалық сайыстарының жүлдегерлері.

Оралхан Ахмадия