АБАЙ МЕКТЕБІ БИІКТЕН КӨРІНІП КЕЛЕДІ

АБАЙ МЕКТЕБІ БИІКТЕН КӨРІНІП КЕЛЕДІ

1945 жылы ұлы Абайдың 100 жылдық мерейтойына орай Абай мектеп -гимназиясы атанған білім шаңырағының өзгелерден ерекшелігі – қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытуы. Сонымен қатар мұнда Абай мұрасы айрықша дәріптеледі. Осы орайда біз қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан білім ошағы туралы сөзді тереңірек қаузау ниетімен білікті маман Венера Қыдырбаеваны әңгімеге тарттық.

Бұл мектепте талай таланттың ізі қалған...

Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласында орналасқан Абай атындағы мектеп-гимназиясы қаншама дарынды оқушыларды тәрбиелеп, қияға қанаттандырған қасиетті қарашаңырақ. Осынау білім ордасының аурасы да керемет. Мектепке бас сұққан бойда-ақ көз тартарлық кітапханадағы білім алуға құлшынған оқушыларды көргенде жаның жадырап сала береді. Айгүл Сатанқызы басқаратын Абай мектеп-гимназиясында бүгінде 2050 оқушы білім алса, 154 мұғалім еңбек етеді. 

– Кеңес заманындағы Қаскелең ауданындағы бірден-бір қазақ мектебі болған білім ордасы қазақтың тілі мен дәстүр-салтын көздің қарашығындай сақтауға ықпал еткен мектептің бірі де, берегейі де. Біздің мектебімізге келген әрбір жанның балаларымыздың бойындағы қазақы болмысты, кішіпейілділік пен қарапайымдылықты, ана тіліне деген айрықша құрметті бірден аңғаратыны бар. Бұл туралы осында мұғалімдік қызмет атқарған партизан жазушы Әди Шәріповтің: «Бұл мектепте оқыған оқушы да, жұмыс істеген ұстаз да бақытты» деген бір ауыз сөзі шәкірттерді де, мұғалімдерді де қанаттаныра түсетіні сөзсіз, – деп атап өтті Венера Оңдағанқызы.

Мектепте қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Б.Соқпақбаев, М.Шаханов, М.Мағауин, И.Сапарбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Е.Жақыпбаев, М.Хакімжанова, Ф.Оңғарсынова, Д.Исабеков сынды ақын-жазушылар қонақта болып, өздерінің шығармашылық жолдағы көкейге түйгендерімен бөлісіпті. Шығармашылық иелерімен өткізген кездесулер әлі күнге жалғасын тауып, өрелі әңгіме арқылы жасөспірімдердің әдебиетке деген құлшынысының артуына ықпал етіп келеді. 

Абай мұрасы айрықша дәріптеледі

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ұлы Абай атамыздың мұраларын насихаттау ісіне ерекше ден қоятын білім ошағында ардагер ұстаз, абайтанушы Ақлия Бекбайқызының «Абай әлемі» атты авторлық кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар, жас ұрпақты шығармашылыққа, журналистікке баулу мақсатында «Абай нұры» мектепішілік газеті жарыққа шығады. Осы газетке де редакторлық ететін Ақлия Бекбайқызы газеттің жастарды креативті идеяларға жетелеу жолында мүмкіндігі зор екендігін айтады.

Абай мұралары туралы сөз қозғағанда оның ұрпақтарын айналып өтуге қақымыз жоқ болса керек-ті. Осы орайда Венера Қыдырбаевадан мектептің Абай атамыздың ұрпақтарымен байланысы туралы айтып беруін өтіндік.

– Абай Құнанбаевтың ұрпақтары кезінде біздің мектепте оқып, біліп алыпты. Атап айтқанда, ақынның шөберелері Ищағы Жағыпарқызы мен Ғазел Жағыпарқызын соғыстан бұрынғы қиын-қыстау заманда жазушы М.Әуезов Алматыдан Қаскелеңге жаяу осы мектеп интернатына орналастырыпты.Сол бір аштық жайлаған зұлмат заманда екеуі де осында табан тіреп, интернаттың қара нанын жеп күнелткенін осы мектепте өткен кездесулерде талай рет әңгімелеп бергені бар, – дейді мұғалім. 

Қарап отырсақ, Мұхтар Әуезовтей белгілі жазушы қаламының ұшымен Абайды әлемге танытып қана қоймай, ұрпағының арқасүйер ағасы болыпты.

Иә, талай таланттардың табанының ізі қалған қасиетті қарашаңырақтан бүгінде қаншама мың таланттар тәрбиеленіп шықты да. 

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп Абай ақын жырлағандай, ұлы ақынның есімін иеленген мектеп оқушыларының арасынан ақындардың шығуы біржағынан заңдылық тәрізді көрінеді. Сондықтан болса керек, оқу ордасында ардагер ұстаз, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Баян Әбдікәрімқызы негізін қалаған «Өрімтал» ақындар мектебі жұмыс істейді. Аталмыш ақындар мектебі бүгінде талай таланттардың тұсауын кесіп, қанатын кеңге жаюына септігін тигізді.

Оқуға құштар мектеп

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Оқуға құштар мектеп» ұлт бағдарламасы қолға алынып, барлық білім беру мекемелерінде жүзеге асып жатқаны белгілі. Осынау жобаға Абай мектеп-гимназиясын 2022 жылға дейін басқарған Тұрсын Әділбекқызының бастамасымен Назарбаев зияткерлік мектебінің үлгісінде заманауи кітапхана ашылды. Сонымен қатар, кітапханада, мектептің 2 фоесінде коворкинг орталықтары жабдықталыпты. Сондай-ақ, кітапхана жұмысын одан әрі жандандыра түсу мақсатында буккросиг бұрыштары, мобильді кітапхана, интернет технологиялармен қамтылған.

– Аталмыш жоба аясында жаңа форматта кітап оқу жолға қойылды. Кітапхананың кітап қорын толықтыру ісіне ата-аналар мен түрлі қоғамдық ұйымдарды жұмылдыра отырып, кітап қоры 4 мыңнан асып жығылды. Осы орайда білім алушылардың кітап оқуына барлық қажетті жағдай жасалды. Заман талабына сай GR код арқылы кітап оқуы үшін электронды кітаптардың кодтары таратылды. Осының арқасында оқырмандар кез-келген жерде өзіне қолайлы уақытта кітап оқу мүмкіндігіне ие болды, – деп сабақтады сөзін ұстаз.

Бүгінде Абай мектеп-гимназиясында «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында түрлі конкурстар өткізілуде. Оның нәтижесінде оқушылар арасында «Сыныптың үздік оқырманы», «Ең көп оқитын сынып», «Ең үздік оқырман» иелері анықталып, жеңімпаздарға арнайы сый-сияпаттар табысталды.

Мектепте әрбір пәннің бірлестігі жұмыс істесе, бұл жобаны әр бірлестік жаңаша ізденіспен жүзеге асырып келеді. Мәселен, «Тіл- тағылым» атты қазақ тілі мен әдебиеті бірлестігі кітап оқуды әр жылғы ақын, жазушы, қоғам қайраткерлерінің мерейтойларымен байланыстырып, әдеби, мәдени іс-шараларды үздіксіз ұйымдастыруда.Көркем шығармаларды оқуды қолжетімді ету мақсатында оқушылармен бірлесе отырып көптеген істер атқарылыпты. «Таңдаулы 100 кітап» аудионұсқасының жазылуы, Telegram бағдарламасынан подкаст каналының ашылуы жүйелі жүргізілген жұмыстың жемісі. Осындай игі істердің нәтижесінде мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Құрманбаева «Оқуға құштар мектеп» жобасының бас жүлдесін жеңіп алды.

Аталған жоба шеңберінде Абай мектеп- гимназиясының кітапханасында оқырман аудиториясы кеңейіп, оқыман мәдениеті қалыптасып, оқушылар арасында оқу сауаттылығы ілгерілей түсті. Осы тұста қазіргідей жасы да кәрісі де телефонға телмірген заманда өскелең ұрпақтың зейінін кітап оқуға бұра білу – өте үлкен жетістік. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Венера Оңдағанқызының айтуынша, өзінің жетекшілігімен мектепте мұғалімдер арасында да кітап оқу үрдісі жолға қойылған. Кітапқұмар мұғалімдердің арнайы чаты ашылып, көптің талқысымен белгілі қаламгерлердің туындылары таңдалып алынады екен. Кітапсүйер мұғалімдер бас қосып, өздері оқыған шығармаларын өзара талқылайды. Нәтижесінде мұғалімдер А.Көлтай, Г.Кесікбаевалар ауданда өткен кітап оқу бойынша оқырмандар сайысының жеңімпаздары атаныпты. Бұл бастаманы ендігі жерде оқушылар арасында да жүзеге асыру көзделіп отырған көрінеді.

Үнемі кітап оқуды насихаттап жүретін Венера Оңдағанқызы, Алша Керімханқызы өзі білім беретін оқушыларының барлығын мектептің кітапханасымен шектеліп қалмай, Қарасай аудандық кітапханасына да арнайы алып келіп, тіркеп, қандай кітаптарды оқу қажеттігін айтып бағыт-бағдар беріп отыратындығын да кім-кімді болсын сүйсіндірері хақ.

«Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар»

Қазақ тілі мен әдебиетінен тереңдетіп оқытатын осынау білім ордасында оқитын әрбір оқушының жанарынан жалындаған отты көргенде кешегі Мағжан ақынның «Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» деп жырлап, сенім артқан жастары бәлкім осылар болар деген ой түйесің...

Әсіресе Абай мектеп гимназиясының дарынды оқушылары өлең оқығанда тұла бойың шымырлап, қазақтың қара сөзінің қадірін ұғар ұрпақтың өсіп келе жатқанына кәдімгідей марқаясың да.

Абай атындағы мектеп-гимназия шәкірттерінің түрлі білім сайыстарында жеңімпаз атанып, тек биіктерді бағындырып келе жатқаны да көңіл қуантады. Барлығын тізбектеу әсте мүмкін емес, әрине. Сондықтан қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша бірқатарын атап өтуді құп көрдік. 

– Оқушыларымыздың жетістіктері мақтануға тұрарлықтай. Оның бәрін емес, бірқатарын атап өтсем деймін. Атап айтқанда, 11-сынып оқушылары Саятқызы Сая, Мұханбетжанова Жанеркелер «Дарын» жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық зерттеу жобалар конкурсының облыстық кезеңінде 2-орын алса, Абайқызы Арайлым (жетекшісі Тәутік А.) Төреғұлова Мадина (жетекшІсі Қыдырбаева В.) пән олимпиадасының облыстық кезеңінен 2, 3-орынды иеленді. Сонымен қатар, «Зерде» ғылыми жобалар сайысынан Зетбек Ақылбек (жетекшісі Абдрахманова З.) Жамбыл Айзере (жетекшісі Қыдырбаева В.) «Ақберен» республикалық шығармашыл оқушылар сайысынан Жанұзақ Айгерім (жетекшісі Қаныбекова А.) «Тіл -тәуелсіздік тұғыры» олимпиадасының жеңімпаздары Мұстафаева Тасмина (жетекшісі Исаева Б.), Низкад Милад (жетекшісі Құрманбаева Ж.), Низкад Мариям (жетекшісі Қордабаева Ш.), Мамедова Румейса (жетекшісі Кесікбаева Г.), Мамедова Әсиялар (жетекшісі Махкамова А.) – мақтаныштарымыз, – дейді маман.

Осы секілді жетістіктеріміз жетерлік. Білім алушыларымыз алдағы уақытта биік шыңнан көрініп, бізді қуанта беретініне сенеміз! – деп түйіндеді сөзін мұғалім. 

Иә, біз де білікті маманның сөзі жөн деп білеміз. Себебі, «ұстазы жақсының, қашан да ұстамы жақсы» демей ме...

Гүлмира САДЫҚ