ТИІМДІ ЖҮЙЕ ОҚУЛЫҚҚА ЕНГІЗІЛСЕ ДЕГЕН НИЕТТЕМІЗ...

ТИІМДІ ЖҮЙЕ ОҚУЛЫҚҚА ЕНГІЗІЛСЕ ДЕГЕН НИЕТТЕМІЗ...

Еліміздегі білім беру саласының дамуына лайықты үлес қосып келе жатқан жүйенің бірі – «Сатылай Кешенді Оқыту» технологиясы. Алаш зиялыларының педагогикалық ой-тұжырымдарына сүйенген бұл технология бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.

Бұдан бір ғасыр бұрын ұлт ұстазы, тіл жанашыры, лингвист-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің өзіне тән табиғи дыбыстық жүйесін, сөзжасам, сөз табы, сөйлем мүшелері деген атауларының негізін қалаған еңбегі кейінгі буын ұрпақтың баршасына таныс.Ұлттық тілдің табиғи бояуын солғындатпай,тілдің грамматикалық жүйесін қалыптастырған ұлы ұстаздың тіл біліміндегі ұшан-теңіз еңбегі өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келе жатыр. Осынау ұлылар жүрген сүрлеу жолды бүгінде даңғыл жолға айналдырып, қазақ тілінің стильдік жүйесі мен грамматикасын, ғылыми негізін, тіл тазалығын сақтап қалудың негізгі тірегі болар технология – «Сатылай Кешенді Оқыту» технологиясы деп айтуға толық негіз бар. Бүгінде республикамыздың түпкір-түкпірінде, тіпті алыс-жақын шет елдердегі білім ошақтарында бейресми болса да (тіл жанашырларының қызығушылық танытуымен) қолданысқа еніп, күннен-күнге қанатын кеңге жайған аталмыш технологияның авторы – педагогика ғылымының докторы,профессор, Ресей Жаратылыстану ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Кіші Ғылым академиясының вице-президенті, Алматы облысы Райымбек ауданының «Құрметті азаматы», Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Нұрша Оразахынова. Нұрша Алжанбайқызы – өз еңбек жолының отыз жылын табан аудармастан, осы технологияның дамуына, кеңінен қанат жайып, өрістеуіне өлшеусіз еңбек еткен, ұлылар ісін жалғастырған тіл жанашыры, ұстаз-ғалым.

Енді бәр сәт осы кісінің пікіріне ден қоялық:

– Мен де осы технологияның бір тетігін сонау 2000- шы жылдардың басында сыртқы мұқабасында қоғам қайраткері Д.А.Қонаевтың суреті бар «Қазақ тілі мен әдебиеті» журналында жарияланған тіл дыбыстарына математикалық тәсілмен мінездеме беру әдісін үйренуден бастадым. Балаларға үйрете жүріп, өзім де машықтандым. Осылайша журналдың әрбір санында жарияланатын оқыту технологиясына деген қызығушылық артты. Бір жақсысы, ол кездегі оқулықтарда жүйе болатын. Қазақ тілінің фонетикасы, лексикасы, грамматикасы белгілі бір реттілікпен қойылған соң, тілдік талдауды үйрету аса қиынға соқпайтын. Осылайша 2010 жылы Алматы қаласында өткен «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының алғашқы форумына қатысу бақыты бұйырып, 8 сынып оқушыларынан құралған «Жігер» командасымен 2-орынды иелендік. Ал 2011 жылы Тараз қаласында болған «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша командалық олимпиадаға біздің мектеп-гимназиядан 2 команда қатысты. Оның бірі мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,білікті ұстаз Гүлбаршын Дәуленбаева жетекшілік жасаған «Жас толқын» тобы 2011 жылы Тараз қаласында Қазақстан Республикасының Кіші Ғылым академиясы ұйымдастырған «Үздіксіз білім беру моделі арқылы мұғалім құзіреттілігін қалыптастырудағы «Сатылай кешенді талдау» технологиясының ролі» атты республикалық форумда үздік білім нәтижесін танытқаны үшін ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, 2012 жылы осы команда Абай атындағы Қазақ Ұлттық Университеті мен Қазақстан Республикасы Кіші Ғылым академиясының ұйымдастыруымен өткен «Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді талдау технологиясы- әлемдік білім беру аясына енудің мүмкіндігі» тақырыбындағы республикалық форумында тағы да топ жарып жүлделі ІІ орынды иеленді. Ал Астана қаласында 2013 жылы өткен «Білім алушылардың функционалдық сауаттылығын жүзеге асырудағы «Сатылай кешенді талдау» технологиясының тиімділігі тақырыбындағы республикалық төртінші форум аясында өткен «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты республикалық он үшінші ауызша командалық олимпиаданың нәтижесі бойынша «Жас толқын» тобы «Бас жүлдеге» ие болды. Аталмыш технологияның қыр- сырын тек оқушыларымыз ғана үйреніп қоймай, әр жыл сайын болған республикалық форумға мектеп-гимназиямыздың мақтанышы болған білікті ұстаздарымыз Б.Сермағанбетова, С.Құдайбергенова, Г.Дәуленбаева, Ж.Құрманалиева, Г.Есенбаева, Г.Тайлақовалар республика ұстаздарымен өз тәжірибелерін бөлісіп қайтты. Содан бері біршама жылдың жүзі болды, оқыту жүйесінде де, оқулықта да айтарлықтай өзгерістер болды. Дегенмен мен еңбек ететін білім ордасындағы тіл мамандары осы технологияны меңгеруден, сол арқылы өскелең ұрпаққа тіл тазалығын сақтауға, тіл жүйесін, сөз, сөйлем құрылысын жүйелі талдай алуға үйретуден әсте жаңылған жоқ. Бұл төл технологияның өміршеңдігін, уақыт өткен сайын қолдану аясының кеңейе түсетіндігінің айқын дәлелі болмақ. Әсіресе, дәл қазіргі таңда Қазақ тілінің жүйесін жоғалтқан оқулықтарындағы олқылықтың орнын толтыруда осы технологияның маңызы зор.   

***

Нұрша Оразахыновамен бұдан он үш-он төрт жыл бұрын жүзбе-жүз дидарлассақ, жуырда ұстаз-ғалымның онлайн форматта жүргізген «Сатылай кешенді оқыту технологиясын қазақ тілі пәні бойынша мектеп тәжірибесіне енгізудің тиімділігі» тақырыбындағы дәріс-сабағына қатыстық. Тіл білімінің әр саласы бойынша ғылыми негізделген, бұрынғыдан да біршама толықтырулар жасалған тілдік талдаудың жаңа, тың үлгісімен қайта таныстық. Сөйттік те, «осы технология мектеп оқулығына енсе ғой...» деген іштей арман жетегінде тарқастық...    

    А.АҚБЕРЕНОВА,                            

Арал қаласы Ұ.Қараманов атындағы

 №262 мектеп-гимназияның

 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі 

Қызылорда облысы