ӨМІРДЕН ТҮЙГЕНІ МОЛ

ӨМІРДЕН ТҮЙГЕНІ МОЛ

Жоғары білім алмаса да адамгершілігі жоғары жандар болады. Жұмысқа деген адалдық, айналысына деген қамқорлық сондай адамдардың бойынан табылып жатады. Бұл қатарға Ботакөз Шакембаеваны жатқызсақ, артық емес.

Ботакөз Қайырбайқызы 1955 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қазіргі таңда Павлодар облысы Мүткенов ауылында қоныс тепкен. Мүткенов атындағы жалпы орта білім беретін мектепте 8-сыныпқа дейін білім алған. Кейін үлкен өмірге қадам басып, еңбекке ерте араласып кетті. 

– Ол кездері бұзау бағушы деген мамандық болатын. Төлді бөліп, сауынды реттеп, мал шаруашылығының қыр-сырына қанықтық. Қазір шаруашылықтарда ондай бар ма білмеймін, әйтеуір біз естіп білмеген жаңа технологиялар шығып жатыр ғой. Бұзау бағушы болып он жылдан астам уақыт еңбек етіппіз. Кейін сауыншы болдық. Әр шаңырақтың берекесі ауыл шаруашылығымен байланысты еді. Қазір де сол. Мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, мал санын көбейтіп, ауылда кәсібіңді дөңгелетуге мүмкіндік зор. Біз ер адамдар сияқты еңбек еттік. Шаршамадық. Алға ұмтылдық. Қазіргі жастарға айтар ақылым, Алла адал еңбек еткен адамға несібесін үйіп-төгіп береді. Болашақтарың – өз қолдарыңда! – дейді зейнеткер. 

Әңгімеміздің кейіпкері ауыл шаруашылығы саласында тынбай еңбек еткен соң 1977 жылы шипажайда жұмыс істеді. Кейін Мүткенов мектебінде он сегіз жыл бойы шаруашылық саласында қызмет етті. Ұзақ жылғы адал еңбегі үшін алған түрлі марапаттары жетерлік. Асыл ана дүниеге бес бала әкеліп, төрт қыз бір ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде жиендерін тәрбиелеп, ұлағатты әже атанып отыр. 

– «Әже әлдиі құлағына сіңісті болып өскен ұрпақтың соңы біз боламыз ба?» деген қорқынышты ой ұялайды кейде. Өйткені бүгінгі ұрпақ бесік жырын естімей өсіп келеді. «Әлди, әлди» әнімен балбырап ұйқыға кететін сәби санасына ұлттық «қанның» таралуы да осы кезден басталады. Қазақтың бала туылғаннан-ақ бесікке бөлейтіні белгілі. Бесік жырын айтып бөлейді. Әдемі ырғақ пен баланың болашағына деген тілек бір әуеннің астында үндеседі. Ән айтқанда айналада жағымды аура орнайды. Заман ауысты ма, әлде адамның сана-сезімі өзгерді ме, қалай десек те, бар нәрсені ертегі айтып жақсылыққа жоритын әжелеріміз азайып бара жатыр. Ұлттық сана, ұлттық тәрбие бесік жыры мен ертегі айту секілді кішкентай нәрседен басталмай ма? Жас аналарға айтарым қазақтың әр салт-дәстүрінде үлкен мән бар. Ұлт тәрбиесін бесіктен бастау керек, – дейді Ботакөз Қайырбайқызы. 

Еңбекке ерте араласып, тағдырдың қызығы мен шыжығын көрген аяулы жанның өмірлік тәжірибесі мол болғандықтан ақыл-кеңес беруі заңдылық.

Оралхан АХМАДИЯ