МАМАНДЫҒЫНА АДАЛ ЖАН

МАМАНДЫҒЫНА АДАЛ ЖАН

Еңбек кітапшасында бір-екі ғана жұмыс орны жазылған жандар бар. Олардың мамандығына адалдығы соншалық, бір орында тапжылмай еңбек ете береді. Біздің әңгімеміздің ендігі кейіпкері – медицина саласында адал еңбек етіп жүрген абзал жандардың бірі – Нұргүл Нығыманова. 

Павлодар облысы Қожамжар ауылында дүниеге келіп, сол ауылдың мектебін тәмамдаған ол Павлодар қаласындағы медициналық колледжге оқуға түседі. Фельдшер-лаборант мамандығы бойынша білім алып, 1992 жылы туған ауылында еңбек жолын бастайды.

 – Ол кезде дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп тұрған еді. Бас дәрігер Гүлжамал Мұқашева, медбикелер – Гүлнар Сымағзамова, Ғайни Құсайынова, Надежда Назарович және Шәмшия Алшынбаевамен бірге еңбек етіп, саланың қыр-сырына қаныға бастадым. Мол тәжірибе жинақтадым. Осылайша, 27 жыл бойы ауыл тұрғындары денсаулығының сақшысы болыппын. Осыдан төрт жыл бұрын аудандық ауруханаға ауысып, зертханашы болып жұмысқа қабылдандым. Әзірге сол жерде шама-шарқымша науқастарды емдеуге атсалысып жүрген жайым бар, – дейді Н.Жақсылыққызы. 

Жасыратыны жоқ, емделушілердің көбі бар алғысты дәрігерлерге жаудырып, аурудан айығуға зертханашылар да үлес қосқанын біле бермейді. Иә, бойдағы кеселді нақтылауға үлес қосқан зертханашы еңбегі еленбей жатады. Ол кісілер солай тасада қалады. Ал, терең түсініп қарасаңыз, көз майын тауысып, микроскопқа үңіле қараған зертханашының диагноз қоюдағы үлесі зор. Мұндайда қателесуге болмайды. Өйткені, асығыс жасалып, немқұрайды қаралған сараптама науқас өмірін одан сайын қиындатуы мүмкін. Дәрігер диагноз қоюдан шатасып, келген емделуші ауруына ауру қосып алуы да кәдік. Міне, осындай төзім мен шыдам, білім мен дәлдікті бойына қалыптастыра білген зертханашы-лаборанттардың еңбегі шынымен де бағалауға тұрарлықтай. 

Оралхан АХМАДИЯ