ТІГІНШІЛІК ШЫҢЫНДАҒЫ ШЫНАР

ТІГІНШІЛІК ШЫҢЫНДАҒЫ ШЫНАР

Бағзыдан бері нәзік жандылардың кәсібіне айналып кеткен тігіншілік маманы қашан да сұранысқа ие. Мұны біреулер өнер десе, енді бірі шығармашылық жұмыс ретінде қарайды. Екеуіне де келісуге болар. Себебі тігіншілікпен айналысу үшін ептілік, үйлесім, шеберлік, шыдам керек. Осы қасиеттердің бойына жиған Шынар Түсіпбекова Павлодар облысы Қожамжар ауылында шағын тігін шеберханасын ашып, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. 

Түймең түсіп қалса, оны кез-келген адам ине мен жіпті сабақтап іле салады. Бірақ нағыз маманның қолынан шыққан дүние бәрібір көзге әдемі көрініп тұрады. Солай емес пе? Шынар Өмірзаққызы 1979 жылы 14 мамырда Ақсу ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. 1986 жылдан 1997 жылға дейін Қызылжар орта мектебінде білім алды. 1997 жылы Павлодар қаласының №1 кәсіптік техникалық лицейіне түсіп, 1998 жылы аталған лицейді «Жеңіл әйелдер киімдеріңің тігіншісі» мамандығы бойынша бітірген. 2022 жылы Қожамжар ауылдық округі әкімдігінің қолдауымен шағын тігін шеберханасын ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. 

– Тігін дегеніміз – тұнып тұрған математика. Себебі, дәлдік, есеп, теңдік керек. Жастайымнан тігін машинасына отырдым. Қазіргідей барлығы автомат емес, қолмен бірге аяғымыз да қатар қимылдайды. Тапсырыс көбейген уақытта түннің бір мезгіліне дейін отыратын кездер де болды. Тіпті санаулы күнде аяқтауды өтінген тапсырыстар да шығып жатады. Соңғы кезде ұлттық киімге сұраныс жоғары болғандықтан, қазақы ою-өрнекпен көмкерілген киімдерді, қоржындарды, құрақ көрпе, жастықтарды тігемін, – дейді әңгімеміздің кейіпкері.

 Көздің жауын алатын кескіндер, бірегей ою-өрнек, тігін машинасының құлаққа жағымды дыбысы – мұның бәрі қазақтың дәстүрлі көрпесін жасау үдерісінің ажырамас бөлігі. Ұлы даланы мекендеген көшпенді тайпалардан бастау алатын бұл бұйымның тарихы тереңде жатыр. Әр түрлі көлем мен сан алуан сипаттағы көрпелер төсек-орынның және жиһаздың бір бөлігі, қыздың жасауы, әрі нағыз өнер туындысы саналатын. Мәселен, төр көрпе құрметті қонақтар үшін арнайы қымбат маталардан тігілген. Ал ою көрпелерде киелі мағынасы жатқан керемет ұлттық ою-өрнектер кестеленген. Құрақ көрпе түсі мен құрамы әдейі таңдалып, шебер қиыстырылған мата қиқымдарынан жасалған. Осының бәрін жетік меңгерген Шынар Өмірзаққызы тың идеяларын жүзеге асырып, жаңа дүниелерді паш етуге жаны құмар. Заманның талабы да сол. 

– Қазір әйелдерге мүмкіндік көп. Бұрындары грант деген былай тұрсын, бағыт-бағдар беретін ақпараттық технология да тұралап тұрған. Қандай нәрсе бастасаңыз да, жауапкершілік пен шыдамдылық таныту маңызды. Адал еңбек мақсатқа жеткізеді, – дейді Ш.Түсіпбекова. 

Оралхан АХМАДИЯ