Марғұланмен Моңғолиядағы кездесу

Марғұланмен Моңғолиядағы кездесу

1973 жылдың 6 мамыр күні әлі есімде. Ол кезде мен Моңғолияда Мемлекеттік университеті тіл әдебиет факультетінің 5-курс студенті едім. «Білікті Тұй-ұқұқ ескерткішінің тілі» деген тақырыпқа диплом жұмысын жазып жүрген кезім. Моңғолия Ғылым академиясының тілші, тарихшы ғалымдарымен танысып, аралас-құралас бола бастағанмын.

Әйгілі «Ұланбатыр» қонақ үйінің алдында тұрмыз. Жанымда байырғы түркі тілімен шұғылданып жүрген Шинэхү деген моңғол ғалымы бар. Оның қандай сезімде екенін білмеймін, ал өз басым, бүкіл қазақ халқын қарсы алатындай көңілім алып-ұшып тұр. 

Сонау, батыстағы Жетісу бойынан бір жылы леп келіп жеткендей. Өйткені, бірер күнде, яғни мамырдың 7-і күні мұнда «Көшпелі халықтардың Кіндік Азия өркениетіндегі рөлі» атты халықаралық басқосу басталмақшы. Бұл ЮНЕСКО-ның бағдарламасымен соның аясында ұйымдастырылып отырған симпозиум. Әлемнің жиырмашақты елінен өкілдер қатысатын осы беделді жиынға Қазақстаннан атақты Әлкей Марғұлан сынды ғұлама қатысқалы келе жатыр. Мәскеуден ұшқан ұшақ сағат 10-да Ұланбатыр қаласына қонады, сағат 11 кезінде қонақтар біз тұрған қонақ үйіне келуге тиісті. 

Белгіленген уақытта «Икарус» автобусы қонақ үйдің алдына келіп тоқтады. Одан Мәскеуден ұшып келген ғалымдар түсіп жатыр. Өңшең қартаң адамдар. Жанымда тұрған Шинэхү оларға жақындамай-ақ сыртынан таныстырып тұр: «Мынау Кычанов ағай ғой. Анау атақты синолог Златкин ақсақал. Моңғолтанушы. «Жоңғар хандығы» атты еңбектің авторы. О-о, Виталий Волков та келіп қалыпты. Ал мына қария кім?» – деп маған қарады.

Әлкей атамыздың суретін қазақ баспасөздерінен көп көріп едім. Ол кісі көзіме оттай басылды. 

– Әлгі күтіп тұрған Әлкей Марғұлан ақсақал осы кісі, – дедім мен оған. 

Сөйттім де алға жылжып, ол кісімен амандасып, қолтығынан демедім. Шинэхү де қалбалақтап келіп қолын алды. Атаны автобустан орташадан сәл биіктеу қарасұр кісі демеп түсірген еді. Онымен де танысып, амандастық. Түркіменстаннан келген археолог Атағаррыев деген ғалым екен. Қонақ үйдің холына кірген соң Әлекеңді орындыққа отырғызып, тіркеу тізіміне белгі соқтырмақшы едік атамыз: «Мына жігіт екеуімізді бір бөлмеге орналастырыңдар, қарағым. Бұл менің жанымда болсын», – деп жаңағы Атағаррыевті нұсқады. Оларды қонақ үйдің екінші қабатындағы 228-нөмірлі бөлмеге орналастырдық. Атағаррыев Әлкей ақсақалдың қолбаласындай қызмет көрсетіп, ұшып жүр. Ғалымдар әулетінің өзара сыйластығы қандай мәдениетгі, қандай кішіпейіл, сыпайы болатынын мен алғаш рет осыдан көріп таңқалдым.

Әлекең жайғасып отырған соң менімен жақсылап танысты. «О, айналайын, Ұланбатырға келгенімде алдымнан аталап қазақ күтіп тұрады деп ойламаған едім. Білемін ғой Моңғолияда қазақ барын», – деп бір қойды. 

Содан соң қандастарымыздың жағдайын, қазақша мектеп, газет, журнал, радио, теледидар бар-жоғын, оқу білімге деген қазақ жастарының ынтасы туралы сұрап білді. Ол кезде жаспын ғой. Шамамның келгенінше түсіндіріп жатырмын. Қария менің қазақ тіліме, байырғы түркі тіпіне кірісіп жүргеніме ерекше разы болды. Сонсоң жанымдағы моңғол ғалымы Шинэхүмен таныса келіп: «Түркологиямен шұғылданғың келсе, қарағым, қазақ тілін меңгер. Ғылымыңа пайдасын тигізеді», – деп ақыл-кеңесін берді.

– Уақытың болса, күн сайын кешке келіп тұр. Біраз ақыл-кеңесімді берейін, – деп мені шығарып салды. 

Сөйтіп, симпозиум аяқталғанша, күн сайын кешкі сағат 8-ден кейін атамызға барып әңгімелесіп тұрдым. Әлекеңнің симпозиумдағы ғылыми баяндамасын жиналыстың екінші күні таңертең тындадық. Ол «Погребения эпохи неолита в Джезказгане» деп аталатын ой-толғам еді.

Мен ол кісінің жанында үш-төрт күн болып, жазып жүрген диплом жұмысымды көрсетіп, біраз ақыл-кеңес алдым. Қария еңбегімнің құрылымын өзгертгі. Қорытындысын қалай жазу керектігімді ескертті. Сонан соң қолымдагы Тұй-ұқұ ескерткіш мәтінінің жаңа көшірмесімен танысты.

– Мүмкіндігің болса тастағы жазуларды әр барғанында ерінбей-жалықпай көшіріп отыр. Бұл арқылы алдында жіберген қателігіңді соңында түзетіп отырасың. Сонсоң тастағы мәтінді эстемпажға (қалыпқа) түсір. Радловтың оны қалай түсіру туралы әдістемесі бар ғой. Мұны білетін боларсың. Сол бойынша жұмыс жаса. Тоң-үқү (Түй-үқұ – Қ.С.), Күлтегін, Білге қаған ескерткіштерінің мәтінімен жаңалап жұмыс істеу керек. Кезінде бұл жәдіргерлерді зерттеген ғалымдар екі-үш күн немесе бір жұма ғана болып атүсті қарап, көшірмесін асығыс алып кетіп жүрген. Уақыттың тығыздығына байланысты олар қате жіберген болуы мүмкін. Енді соның орнын сен толтыр. Сенің артықшылығың ұлы ескерткіштердің жанындасың. Бір рет емес, он рет көшіретін мүмкіндігің бар. Осыны есіңде ұста, қарағым, – деді.

Әлкей атамыздың бұл өсиеті менің ғылымдағы өмірлік бағдарламам болып қалыптасты. Сол ұлы адамның ақылымен әрбір ескерткіш мәтінін сегіз-тоғыз рет көшірген кездерім де болды. Таңбалы тастарға әр барған сайын алдында жіберген қателігімді түзетіп келемін. Ең бастысы, ұлы адамның қолын қысып, батасын алдым. Сол кездесуімді үнемі ырымдап жүремін. Әлекеңнің шапағаты тиді, ғылымда жолым болды.

Адам өмірі қызық та, ғажап қой. Әлекеңдей ұлылар бір ауыз сөзімен шәкірттерінің ғұмырлық бағдарламасын жасап бере алады. Әрине, ондай керемет адамның ақыл-кеңесін дұрыс қорытып, жаныңа жақын түсіне алсаң ғана өмірлік бағдарың айқындалмақ.

Әлкей Марғұлан атамыздан алатын үлгі, өнеге аса мол. Сонау кеңестік қатал заманда ешкімнен қаймықпай, айқайлап даурықпай, үнсіз жүріп-ақ үлкен іс істеп кетті. Кеңес дәуіріндегі шенеуніктер қаншама жер атауын өзгертіп, картамызды Алексеевка, Михайловка, Петровка, Никитинка деп аяусыз айғыздады десеңізші. Атамыз ондай атаулардың бірде-бірін көзге ілместен ғылыми жаңалықтарын Нұра, Атасу, Аюлы кезеңі, Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген қазақы атаумен атап, ұлттық сөздерімізді әлем ғылымының қорына қосып кетті. Бұл дегеніміз – кейінгі ұрпаққа, ұлтқа өнеге. Жер атауы оның иесі кім екенін көрсетіп тұрады, әрі ұлттың келбетін ашады. Ол – ұлттың ұлттық мақтанышы. Заман бір орнында тұра бермейді, өзгереді, өтеді. Сонда жер дауы да, ел дауы да көтерілуі мүмкін. Сол кезде жер атауы бұлжымайтын дерек болып қала береді. 

Мұның саясаттың ең бір нәзік нүктесі екенін ғалымдар да, қоғам қайраткерлері де үнемі назарда ұстап жүруге тиісті екенін Әлкей Марғұлан атамыз өзі өмірінде айқын көрсетіп кетті.

1973 жылғы Моңғолиядағы сол симпозиум кезінде бір байқағаным, әріптестерінің Әлекеңе деген аса зор құрметі дер едім. Сонау Финляндиядан келген Пенси Алто, француз ғұламасы А.Амайон, Американың атақты ғалымы О.Латгимор, Түркияның белгілі тарихшысы В.Өгел, Үндістаннан келген Р.Раул, Ұлыбританияның өкілі М.Шенгер, Кеңес Одағының мүйізі қарағайдай ғалымдары Г.Л.Саниева, Е.И.Кычанов, И.Я.Златкин үнемі айналып келіп атамызбен әңгімелесіп, кейбір ғылыми-зерттеулерге қатысты ой-пікірін ол кісіден сұрап алып тұрды.

Әлемнің осы үлкен ғалымдары Әлекеңнің ғұламалығын, оның энциклопедиялық ауқымдағы білімділігін мойындап, айналып, үйіріліп жүрді. Қатардағы біреу болса оған ешкім назар аудармас еді. Ал, Әлекең жоғарыдағы симпозиумдағы басты тұлғалардың бірі болды. Осының өзі-ақ Әлкей Марғұлан атамыздың Қазақстан көлеміндегі ғана ғылым өкілі емес, әлемдік деңгейге көтерілген ғалым екендігін көрсетеді. 

Алла-тағала атамыздың сол еңбектерінің ырызығын бергей. 

Қаржаубай Сартқожаұлы, 

профессор,

 тарих ғылымының докторы.