ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАТЫН ЖОЛ ТАБЫЛАДЫ

ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒАТЫН ЖОЛ ТАБЫЛАДЫ

Елдің әлеуметтік дамуы мәселесінде ұлттық валюта бағамының деңгейі маңызды орын алатыны аян. Халықтың кірісін арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының іске асуы бағытында да теңге құнының түспеуі бұқара-көпшілікті қатты алаңдатады. 

Осы тығырықтан шығудың жолдары жоқ па? Міне, біздің авторымызды да осы сауал мазалайды. 

     Елдің ауызында жүрген инновацияға толы Жаңа Қазақстанның жоспары, әлемдік аренаға ат басын тірейтіндей мүмкіндігі бар. Әрине, ешбір жымқырусыз, әділ әрі шын жүрекпен ниеттенсек қана мақсатқа жетеміз. Шыны керек, әлемдік валюта – теңге, төрткүл дүниенің әрбір екінші адамы құлаққа майдай жағатын қазақ тілін тарсылдап сөйлеп тұрған көріністері, бізге түс сияқты болып көрінеді. Былайша айтқанда, қазіргі американдықтардың күйін кешу – біз үшін арман. Бұл күндер алыс емес деу, сәл қисынға қиыспас. Біраз өзгерістер мен революцияны талап ететіні анық. Алайда біздің міндет – алға ұмтылу. Не болса да, қазақтың мәдениеті мен менталитетін әлемдік аренаға енгізуіміз керек. Енгізіп қана қоймай, шетел азаматтары еріксіз біздің мәдениетімізді құптайтындай дәрежеге дейін апаруымыз шарт. Ал ол үшін біз не істеуіміз қажет? Біз кімнен кембіз? Қандай мәселелерді қозғап, қолға алынуы керек?

     Қазақ елі Қазақстан Республикасы атанған күннен бастап, бүгінгі күнге дейін бір орнында қалып қойған жоқ. Елдің ілгері жылжуына көптеген атқа мінер азаматтарымыздың көмегі де тиді. Сол секілді болашақта да көптеген өзгерістерді басымыздан өткеретініміз белгілі. Меніңше, өзгерісті нақ талап ететін мәселе – ұлттық валютамыз. Алғаш 1993 жылы 15 қарашада Президенттің жарлығы бойынша қолданысқа енгізілді. Бастапқыда 1 теңге 1000 сомға бағаланған деседі. Бірақ саяси мәселелерді ескере отырып, ақыры 500 сомға төмендеді. Бір қызығы, теңге алғаш айналымға енген уақытта, 1 доллар – 5 теңгемен шамалас болған. Ал қазіргі 1 доллар қайда? 5 теңге қайда? Тіпті, екеуін салыстыруға да келмейді. Ұлттық валютаның артта қалып қалғаны сонша, көршілес ресейлік рубльден біршама есе жібереміз. Егер өткен ғасырдың соңғы ширегінде қабылданған жарлықтар бойынша тек алға жылжып отырғанымызда, әлемдік ақша айналымында ұлттық теңгеміз көш бастап тұруы ғажап емес еді. Қазіргі доллардың курсы 453,35 теңгені құрап тұр. Бір кездері тіпті 500 теңгеге дейін табан тірегеніне куә болғанбыз. Сол себепті де курс 400-ден аса бағаны көрсетсе таң қалмайтын кезге де келдік.

    Теңге – құнсыздану жолында болса да, ел үшін құнды. Себебі, қазіргі күні әлемнің барлық мемлекетінің өзіне тән төл валютасы бар деп айту қиын. Демек, бұл әр елдің басына бұйырмаған бақ. Ал аталмыш байлығымыздың құны неліктен әлі күнге дейін барған сайын төмендеуін тоқтатар емес? 

Меніңше, ең алғашқы себебі – елде экспортқа қарағанда, импорт басым. Қазақстан – табиғи ресурсқа бай ел. Менделеев кестесінде кездесетін барлық металды қазақ өлкесінен ойланбай-ақ табуға болады. Тіпті әлемдік рейтингте алдыңғы орын алатын металдар да аз емес. Жаратқанға шүкір, табиғатымыз ел назарындағы Швейцарияның табиғатынан кем түспейді. Бірақ бәрібір де валютамыз бен әлемдік рейтинг бойынша ілгері орын ала алмауымыз қынжылтады. Визуалды түрде Біріккен Араб Әмірлігі мен Қазақстанды салыстырайық. Құмның қақ ортасында орналасқан ел қалайша әлемдік аренада аты әйгілі? Мұнайды экспорттау арқылы-ақ миллиардтаған қорды жинап, бай елдің қатарына еніп отыр. Табиғи шикізаттан бөлек, барша мұсылман жамағаты сүйсіне ішетін зәмзәм суын да экспорттау арқылы көп пайдаға иелік етіп жатқаны мәлім. Сонымен қатар шет елден келетін туристерден түскен қаржыны ұлттық қордан айналдырып, бар күшін экспорттауға жұмсайды. Былай қарасақ, аз ғана мүмкіншіліктен адам сенгісіз жайттарға куә етіп отыр. Ал біздің Қазақстан ше? Әлбетте, елді жамандаудан аулақпыз, бірақ жоғарыда айтылған металдар мен туристік орындардан бөлек, жай ғана мұнайды экспорттау арқылы бірталай даму жолдардан өтуімізге болатын еді. БАӘ секілді күшімізді импортқа емес, экспортқа жұмсау қажет екенін жас бала да біледі. Жеке капиталдың жоқтығының кесірінен өзімізден шыққан байлықты сатып, содан түскен ақшаға керек-жарағымыз үшін өзге елдің тауарын сатып алу арқылы елдің емес, керісінше өзге елдің қанжығасын майлап отырмыз. Әрине, еліміз осындай стратегия қолдануды қоймаса, арабтар байымай, кім байысын?! Бұл – бәрімізге ортақ сын. Сол себепті де төл валютамыздың алдыға баспай жатқаны – осыдан. Екінші себебіне тоқталар болсақ, қазіргі күннің тауарларын қып-қызыл ақшаға сатып аламыз. Дәлірек айтқанда, тауарлардың бағасы қымбат. Қарапайым халыққа қол жетімсіз. Жұмыстан алатын жалақы да, тауарлардың бағасына сай емес. Айына шамамен 150-200 мың теңге алатын болсақ, үйдегі азық-түлік, жарық, су, газ секілді түбіртектерге кететін шығындармен қоса, жүріс-тұрысымыздан артылмай қалады. Соның кесірінен әр адам өз еркінше жеке бизнес ашып, дөңгелетіп кете алмайды. Осындай кішігірім детальдар, экспорттау ісіне кері әсерін тигізеді. Егер де жағдай жасалып, экспорттау ісіне үлес қосатын тауарларды өндірсек, араб ағайындардан қай жеріміз кем болмақ?! 

Әрине, бұл – екінің бірі жасай алмайтын дүние. Бірақ халық арасында ішкі түйсігіндегі мықты идеяны өрбіте алатын ерекше адамдар жетерлік емес пе?! Неліктен сондай кісілерге мүмкіншілік жасамасқа деген ой келеді. 

     Ал бұл мәселенің шешу жолын ұсынар болсақ, ең бірінші қарапайым халықты қаржылық сауаттылыққа міндетті түрде үйрету керек. Тек бүгінгі күннің керек-жарағына ғана жұмсамай, инвестиция жасап, шет елдік курс бағамдарынан сауатты түрде хабардар болуы тиіс. Сонымен қатар жоғарыда айтылған Біріккен Араб Әмірлігі өзінің туристтік сервисімен танымал. Сол секілді біздің елге де белгілі бір сервиске күш салуымыз қажет. Мейлі, ол табиғи ресурстарды экспорттау болсын, мейлі, этнографиялық бизнесті шарықтау шегіне шығару болсын, жеміс-жидекті немесе азық-түлік тауарларын шетелдік елдерге сату болсын белгілі бір іске көп мән беруіміз шарт. Дәл осылай бастапқыда аяққа нықтап тұрып алған соң, ақырындап басқа да экспорт түрімен айналысу арқылы төл теңгенің жағдайын едәуір жақсартып ала аламыз. Түптің-түбінде экономикалық саясатымызды қалыпқа келтірмей, алдыға қарай даму екіталай. 

     Төл теңгеміздің құлдырауы – қандай жағдайда болсын, кері әсерін тигізеді. Неғұрлым құлдыраған сайын, экономикалық жағдаймызға соғұрлым ауыр соққы болып тиетіні анық. «Жат жердің қаршығасынан, өз еліңнің қарғасы артық» демекші, әлемдік валюта, яғни доллар бізге қаншалықты керек болса да, төл теңгемізге жете алмасы анық. Біздің міндет – ұлттық валютамыздың құлдырауын тоқтатып, оны әлем нарығына енгізу 

Нұрдәулет БАЙТІЛЕС,

Алматы