ҚОЛЫНДА АДАМДАРДЫҢ ӨМІРІ ТҰР...

ҚОЛЫНДА АДАМДАРДЫҢ ӨМІРІ ТҰР...

Медицина саласы еліміздегі өте маңызды саланың бірі. Өйткені сала мамандарының қолында адамның өмірі тұр. Осынау жауапты міндеттің жүгін арқалаған ақ халатты абзал жандарға үнемі кәсіби біліктілікті арттырып отыру талап етіледі. Еліміздегі балалар денсаулығын нығайту ісі бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан мекеменің бірі «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ. Аталмыш мекеме мен Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы арасындағы уағдаластықтар аясында бағдарлау тренинні өтті. Мұндағы мақсат – жүкті әйелдер мен ерте жастағы балаларға әмбебап патронаж бағдарламасын ілгерілету бойынша қаладағы медицина қызметкерлеріне арналған бірқатар білім беру бағдарламаларын жоспарлау.

Іс-шара аясында нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес тиімді патронажды іске асыру мәселесі қаралды. Ол үшін жалпы практика дәрігерінің әрбір учаскесінде мейірбикенің жеке штаттық бірлігі бөлінген. 

Соған қарамастан, медицина қызметкерлерінің рөлін түсінбеу кейде функционалдық ерекшеліктердің дұрыс бөлінбеуіне әкеліп соғып жатқаны әңгіме өзегіне айналды. Осы орайда бағдарламаны ілгерілету үшін жергілікті атқарушы басқару органдарынан қолдау аясында негізгі тұлғаларды (парламент, адам және бала құқықтары жөніндегі омбудсмен, денсаулық сақтау министрлігі, әділет, әлеуметтік қорғау) үйге бару бағдарламасының әлеуеті туралы хабардар ету көзделіп отыр. Жұмыстың нәтижелілігі үшін бірінші басшылардың, басшы орынбасарлары мен дәрігерлердің медициналық-санитарлық алғашқы көмек деңгейінде және балалар жасындағы ауруларды ықпалдастыра жұмысын бақылау процесіне қатысуы мен бақылауын күшейту кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр. 

Осыған байланысты, дәрігерлер арасында Алматы қаласындағы №5 емханада Алматы қаласының (МСАК) медициналық-санитарлық алғашқы көмек басшылары үшін «ҚР-да жүкті әйелдер мен ерте жастағы балаларға патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделі» тақырыбы талқыланды.

Жиынды ЮНИСЕФ кеңесшісі, мастер-тренер Наталья Ким жүргізді.

Семинарға қатысушылар балалардың дамуы мен денсаулығының бұзылуы үшін тәуекелдерді анықтау, кеңес беру, өмірлік қиын жағдайдағы отбасылардың қажеттіліктерін бағалау мәселелерін сарапқа салды. Негізгі мақсаты – отбасын сүйемелдеудің жеке жоспарын жасау.

Интерактивті форматта өткізілген семинарға қатысушылар балаларға дұрыс тамақтану, кітап оқуды көрсету арқылы дамуын ынталандыру, бірлескен ойындар және ата-ана жылуы мен махаббатының көрінісі бойынша қажетті кеңестерімен бөлісті.

Сонымен қатар, теориялық дайындықтан кейін алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының басшылары жүкті әйелдерге дұрыс тамақтану және депрессия қаупін анықтау бойынша кеңестер беріп, денсаулығы мықты ұрпақты өсіруге жұмыла жұмыс істеуге шақырды.

Дәрігерлер емханаға қарасты үйлерді аралау кезінде семинарға қатысушылар тәуекелдерді анықтай отырып, әр отбасымен белсенді жұмыс жасады, содан кейін әр жағдайды талдап, әр отбасына жеке қолдау көрсету бойынша жұмыс жоспарын құрды. Мамандар оқу процесіне белсенді қатысу арқылы балалар саулығының басты назарда екендігін тағы да бір дәлелдеді.

Осындай басқосулардың арқасында үздік тәжірибелер зерделенді. Мамандар бір-бірімен тәжірибе алмасу арқылы өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттырды.

Болашақта Денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларына әрбір ұйымда патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогрессивті моделі (ПӘПМ) қызметінің жұмысын жандандыра түсудің нәтижесінде жұмысты дұрыс үйлестіруге үлкен үміт артылды.

Балалар – болашағымыз. Дәрігерлердің бүгінгі күні сол бауыр еті балдырғандардың денсаулығы үшін күндіз-түні тынбай етіп жатқан еселі еңбектеріне қарап, ел ертеңінің жарқын екеніне сенім білдіруге болатындай.

Г.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Қазақ үні