БАҚЫТЫН ДӘРІГЕРЛІКТЕН ТАУЫПТЫ

БАҚЫТЫН ДӘРІГЕРЛІКТЕН ТАУЫПТЫ

Біздің кейіпкеріміз – кәсіби білікті маман Павлодар облысы Ақтоғай аудандық ауруханасының дәрігері, анестезиолог-реаниматолог, рентгенолог, фтизиатр маманы, дәрігерлер династиясының өкілі, халықтың алғысына бөленіп жүрген Бауыржан Нұрмағамбетов. 

Ақтоғай ауданының алғысын арқалаған Бауыржан Дінисламұлын аймақ жұртшылығының барлығы жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Білікті маманның емін қабылдаған науқастардың барлығы ол кісінің өте тәжірибелі, өз ісінің нағыз майталман маманы екенін айтып, үнемі ризашылықтарын жаудырып жүреді. Күні бүгінге дейін қаншама дерттінің деніне саулық сыйлаған Бауыржан Дінисламұлы саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан. Оның отбасынан бес бірдей дәрігердің шыққанын ескерсек, Бауыржан Нұрмағамбетов дәрігерлер династиясының өз өкілі. Дәрігерлер әулетінің негізін қалаған оның әкесі – Дінислам Нұрмағамбетов. Семей қаласы Абыралы ауданының тумасы болып табылатын Дінислам Күзембайұлы 1963 жылы Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауданына көшіп келген. Семейдің медициналық институтынан жоғары білім алып, дәрігер атанады. Студент шағында болашақ жары Күләтай Зәкерқызымен танысып, отбасын құрады. Ал, 1970 жылы әскер қатарына шақырылып, Шымкен қаласында өзінің әскери борышын өтейді. Дінислам Күзембайұлы қаладағы әскери-құрылыс батальонына бас дәрігер болып орналасса, Күләтай Зәкерқызы осы қаладағы №6 цемент зауыты ауруханасына терапевт-дәрігер ретінде еңбек жолын бастайды. 

1971 жылы қыркүйектің 23-ші жұлдызында үлкен шаһарда тұңғыш ұлдары Бауыржан Дінисламұлы дүниеге келеді. Араға бір жыл тастап, Краснокутскі (қазіргі Ақтоғай) ауылына қайтып оралады. Бұл жерде орталық ауруханаға Дінислам Күзембайұлы рентгенолог-дәрігер, ал жұбайы көз ауруын емдейтін дәрігер ретінде қызметке орналасады. Дінислам Күзембайұлы 49 жыл, Күләтай Зәкерқызы 32 жыл Ақтоғай ауданының денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, өз еңбектерімен үлкен дәрежеге жеткен ақ халатты абзал жандар. Олар Құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін аудандық ауруханада қызмет етті. Бірақ ауданда рентгенолог дәрігердің тапшы болуына байланысты, Дінислам Күзембайұлы зейнеткерліктен өзінің қызметіне қайтадан оралады. Әке жолын қуған Бауыржан Дінисламұлы Краснокутск ауылындағы Абай (ол кезде №1 мектеп) мектебін бітіріп, Семей медициналық институтына фтизиатр, рентгенолог мамандықтары бойынша оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Үнемі білімін жетілдіріп, ұдайы ізденіс үстінде жүрген жас дәрігер Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей , Қарағанды қалаларындағы дәрігерлер білімін жетілдіру институттарын бірнеше рет оқып, біліктілігін арттыру курстарына қатысқан. Өзінің жоғары біліктілігінің, табандылығының арқасында Б.Нұрмағамбетов 2001-2003 жылдары аудандық Туберкулез ауруларына қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері қызметін атқарады. Көпке ұзамай, ол 2003-жылы Ақтоғай аудандық аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалады. Ол басқарған жылдары, аудандық ауруханаға едәуір оң өзгерістер енгізілді. Денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтіп, материалдық- техникалық базасы нығайтылды. Көптеген компьютерлер, Оңтүстік Кореядан әкелінген заманауи рентген және узи аппараттарымен жабдықталды. Семей медициналық институтына барып, 3 жақты келісімшарт жасап, аурухананы жас білімді мамандармен толықтырды. Атап айтқанда, бүгінде аудандық ауруханының терапевті Гүлмира Рақымжанованы, аудандық аурухананың бұрынғы бас дәрігері Гүлбахыт Құрманғалиеваны және т.б. жас мамандарды ауданымызға көшіріп әкелді. Оларды баспанамен қамтамасыз етіп, қаржылай көмек көрсетті. Б.Нұрмағамбетов бүгінгі күнге дейін 25 жыл үздіксіз аудандық ауруханада қызмет етіп келеді. Ел басына күн туып, әлемде коронавирус тараған шақта, Бауыржан Дінисламұлы қатерлі дертпен күресуге Павлодар қаласының инфекциялық ауруханасына барады. Онда провизорлық стационарда 4 ай науқастарды емдейді. Вирус күшейіп, ауыл-аймаққа тараған кезде, ауданымызға қайта оралып, науқастарды емдеуді жалғастырады. Медицина саласындағы кәсібилігі үшін Б.Нұрмағамбетовтың еңбегі ескерусіз қалмады. Ол Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатымен, аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, облыс мәслихатының Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. Б.Нұрмағамбетов қоғамдық жұмыстарды да ұмытпады, 2007 жылдан 2016 жылға дейін «Нұр Отан» ХДПның аудандық маслихат депутаты болып сайланды. Өмірінің ширек ғасырын медицина саласына арнаған Бауыржан Дінисламұлы жұбайы Гүлжайнат Өтеуқызымен үш бала тәрбиелеп өсірді. Гүлжайнат Өтеуқызы бүгінде Ақтоғай Балалар өнер мектебінің директоры қызметін атқарады. Үлкен ұлдары Шыңғыс әкесінің ізін басып, дәрігер мамандығын таңдады. Кішкентай кезінен дәрігер болуды армандаған Шыңғыс Астана Медицина Университетіне хирург мамандығы бойынша оқуға түсіп, кейін осы білім ордасында интернатураны анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша тәмамдап, бүгінде білімін резидентурада жалғастыруда. Ол сонымен қоса Нұр-Сұлтан қаласының №1 Көпсалалы ауруханасында хирург, анестезиолог-реаниматолог мамандығы бойынша қызмет етеді. Екінші ұлдары Бақытжан Павлодар қаласында дарынды балаларға арналған мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, биыл Алматы қаласындағы КБТУ-ға оқуға түсті. Кенже ұлдары Ильяс ауданымызда М.Қайырбаев атындағы орта мектебінде 2- сынып оқиды. Ильяс та өскенде әкесі сияқты дәрігер болуды армандайды екен. Өмірден тым ерте кеткен бауыры Нұржан Дінисламұлы да бар өмірін медицина саласына арнаған еді. Ердің жасы 50-ге толғалы отырған Ақтоғай ауданының қадірлі азаматтарының бірі Бауыржан Дінисламұлын мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймыз. Барлық жақсылықтарды тілеп, ең бастысы халық игілігіне бөлене беріңіз дегіміз келеді. Абырой-беделі үлкен дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек. Ләйім, солай жалғаса берсін.

Г.СОВЕТХАН

Павлодар облысы 

Ақтоғай ауданы