ҚҰС ӨСІРУ – ТАБЫС

ҚҰС ӨСІРУ – ТАБЫС

Павлодар ауданы Үміт апа ауылында кәсібін дөңгелетіп отырған Владимир Рейді өзге аудандардың тұрғындары да жақсы таниды. Іскер азамат үйрек пен қаздың жұмыртқасын инкубаторға салып, балапандарды сату арқылы нәпақа айырып отыр. Күні-түні шаршамай жүретін азаматты жерлестері «нағыз еңбек адамы» деп бағалайды.

 Ал оның Ақсу қаласы аумағында орналасқан екінші шаруашылығында тауық өсіріледі. Бұл кәсіптің ерекшелігі сол, құстың ұясында балапан басқаны өте тиімсіз. Жедел жұмыртқасын инкубаторға салып, қажетті температураны реттеп, балапандарды сатып отырады. Күнделікті жұмысы – осы.

– Қаз суыққа төзімді құс ретінде белгілі. Қыстыгүні 30 градус аязда да далада еркін жайыла береді. Тауықтың өзі 40 градусқа шыдайтынын біреу білсе, біреу білмес. Ал үйрек болса 8 градусқа дейін алаңсыз жайылады. Қаз жылына бір рет қана, атап айтсақ, көктемде 20-25 жұмыртқа береді. Үйрек те негізінен бір мезгілде, кейде екі мезгілде шамамен 50-60 жұмыртқа басады. Иелігіміздегі 3 инкубатор қалыпты жұмыс істеп тұр. Кеңес заманынан бері келе жатқан қондырғылардың сапасы мақтауға тұрарлық. Кейінгі шығып жатқан қытайлық инкубаторлардан әлдеқайда жақсы. Ара-тұра кейбір құрылғыларын жаңартып отырамыз. Инкубаторда жұмыртқалар + 37,5 градус температурада сақталады. Қаздың балапаны 28 күнде, үйректікі 30 күнде, тауықтың балапаны 20 күнде шығады, – дейді В.Рей.

Белгілі болғандай, сатып алушылардың барлығы дерлік ауласында балапанды өсіріп, қысқыға азық ретінде семіртеді екен. Ермек қылатындары да бар болуы мүмкін, бірақ, басым бөлігі құстың сорпасын ішіп, етін жегенді жөн көреді. Нарық қос бүйірден қысқан заманда күнде жылқы мен сиыр етінен дәм тату қиындап жатқаны жасырын емес. Қазір мал асыраудың өзі – қиын шаруа.

Ал қаз суыққа төзімді, тез жетіліп, оңалады. В.Рейдің сөзінше, қазды 6 ай бойы жемдеуге болады. Күнделікті 80 пайыз шөпте жүреді, жемді көп талап етпейді. Ал үйректі 70 күннен кейін сою керек екен. Себебі, кейін түлеу кезеңі басталып, құс ашушаң болып, көп азық жейтін көрінеді. Ал, бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз емес пе?

Балапан өсіргіңіз келсе, құстың жем-азығын реттеп алған дұрыс. Мәселен, қаз күніне 450 грамм, үйрек 250 грамм, тауық 120 грамм жем жейді. 

Владимир Рей болса, ірі шаруашылықтармен байланыс орнатып, түрлі дақылдарды сатып алып, құрама жемді өзі әзірлейді. Үйрек пен қаз балапандарының алғашқы «асы» – ұсақтап туралған пісірілген жұмыртқа, салат, пісірілген күріш немесе тары. Екі аптаға дейін оларға әрбір екі сағат сайын жем беру керек. Одан кейін жем беруді тәулігіне 5-тен 3 ретке дейін қысқартуға болады. Бұдан кейін үйрек пен қаз балапандары қанаттанып, шамамен 2 айдай өсіп-жетілген уақытта оларды жетілген құстардың қорегіне көшіруге болады. Ал ересек үйрек-қаздарды жаз бен күзде көбінесе жайылымда ұстап, кешқұрым ғана қоспа жеммен немесе дәнмен қоректендіруге болады. Үйрек пен қаз балапандарының тиімділігі сол, олар бар болғаны алғашқы 1,5-2 ай мерзімде ғана айтарлықтай құнарлы жемді қажет етеді де, кейінгі құстарды көбіне жайылымда асырауға болады.

Иә, үйректі 70 күнге дейін семірту керек. Бұл құс ең көп дегенде 2 келі салмақ жинайды. Қазір нарықта үйрек етінің бағасы 2500 теңгеден басталатынын ескерсек, етті дүкеннен сатып алғаннан гөрі құс өсірген тиімді екені анық. Кем дегенде 20 үйрек асырасаңыз, 40 келі етті қысқыға азық қыласыз. Бұл – 100 мың теңгенің өнімі. Жем-азықтың шығынын есептегеннің өзінде біраз қаржы қалтаңызда қалады. Ал қаз болса, 6 келі салмақ жинайды. Көбіне жайылымда жайылатынын ескерсек, оның пайдасы тіптен көп.

Бизнеспен айналысатын азаматтар көп нәрсені айта бермейтіні белгілі. Владимир Реймен әңгімелескен сәтте бар білгеніміз осы. Түсінгеніміз, құс өсіру тиімді. Табыс табу мақсатымен асырамасаң да, қысқы азықты қамдау тұрғысынан дұрыс кәсіп. Бір жағынан еңбекке тәрбиелеп, әрқашан жарқын жүруге септігін тигізбек.

Оралхан АХМАДИЯ,

Қазақ үні