ҚОЛЫ АЛТЫН, ЖОЛЫ ЖАРҚЫН

ҚОЛЫ АЛТЫН, ЖОЛЫ ЖАРҚЫН

«Қолы алтын» деген баға екінің біріне беріле бермес. Ал Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Мүткенов атындағы орта мектептің шаруашылық меңгерушісі Саменов Болат Жолтайұлына айтылса, лайықты сияқты.

Ол 1965 жылы Чкалов кеңшарында дүниеге келген. Осы ауылдағы мектепте білім алып, оқуын тәмамдай сала бірден ауыл тірлігіне білек сыбана кірісті. 1984 жылы Қарулы күштер қатарына шақырылып, екі жыл өзінің азаматтық борышын өтеп, сарбаз атанып елге оралады. Әскерден келген жас жігіт бос отырмай бірден іске кірісіп, Чкалов кеңшарында әртүрлі жұмыстарда істеп, еңбек майданында шыңдала бастайды. Ол жүргізуші, механизатор және басқа да еңбек баспалдақтарынан өтіп еңбек майданында кезкелген істі дөңгелетіп әкете алатын әбден ысылған жұмысшы екенін көрсетті. Кейіннен мектепке от жағушы болып жұмысқа орналасты. «Еті тірі» адам қай жерде болмасын жарық жұлдыздай жарқырап көзге түсіп жүреді ғой. Болат Жолтайұлы да ә дегеннен басшылық көзіне түсіп көп ұзамай мектептің шаруашылық меңгерушісі болып тағайындалады. Ол басшылық артқан сенім үдесі- нен шығу үшін жұмысын барынша тиянақты орындауға тырысты. Әрқашан жауапкершілікті сезініп жүрді. Батыр атындағы мектепке шаруашылық меңгерушісі болып тағайындалғалы бері жиырма жылдан аса уақыт өтсе де жауапкершілік жүгін бір босаңсытқан емес. Басшылық тарапынан тек алғыс естуі де сондықтан болар. Бұл жұмысынан бөлек Болат Жолтайұлының құрылыстан да хабары бар екенін ауылдастары жақсы біледі. Ауылдағы үйлердің біршамасында сол кісінің қолтаңбасы бары соның бір дәлелі. «Еңбек адамды қашанда бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. 

Болат Жолтайұлы адал еңбегінің арқасында балаларын өсірді, жетілдірді, оқытты, тоқытты. Қыздарын қияға қондырып бүгінде жиен сүйіп отырған нағашы ата атанып отыр. Бейнеттің тәтті зейнетін көргенге не жетсін?!

Оралхан АХМАДИЯ,

Қазақ үні