МАҚТАУҒА ЛАЙЫҚ МАМАН

МАҚТАУҒА ЛАЙЫҚ МАМАН

Еңбек күні – күнтізбедегі мереке ғана емес, сонымен қатар кез келген өңірдің сапа көрсеткіші. Ал, аймақтың абыройын асқақтатын қарапайым жұмыскерлер екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбек адамдарын құрметтеу, олардың өмір жолын дәріптеу тапсырмасы бекер емес.

Мұндай мәртебелі атаққа Павлодар облысы Ақжол ауылының тұрғыны Нұрлан Мусалимов лайық десек артық айтқанымыз емес. Нұрлан Шәйменұлы 1953 жылдың 1 қазанында Новотроицк совхозында дүниеге келген. Әкесі Шәймен Мусалимов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Әкесіне тоқталып отырғанымыз бекер емес. Оның совхозда зоотехник болып еңбек етуі бала Нұрланның болашақ өмірін айқындап бергендей. Кішкентай кезінен әкесінің еңбеккке деген құштарлығын көріп өскен Нұрлан да жұмыскер болып өсті.

Кейіпкеріміздің өмірбаянына көз жүгіртсек, 1968 жылы мектеп-интернатты аяқтап, 1970 жылы шопырдың оқуын тәмамдаған. 1971 жылы әскер қатарына шақырту алып, Қырғызстанның Фрунзе қаласында әскери борышын өтеді. 1973 жылы Отан алдындағы парызын абыроймен атқарып, ауылға аман-есен оралды. 1973 жылдан 1979 жылға дейін шопыр қызметін атқарды. 1979 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысты. 2000 жылы Балтасап ауылынан Агрономия ауылына көшіп келіп, 2011 жылға дейін «Астық» ЖШС-де мал шаруашылығында жауапты жұмыскердің бірі болды. 2016 жылдан бастап «Нұрлан» жеке мал шаруашылығын ашып, осы уақытқа дейін кәсібін өрге домалатуда. Шаруашылықта ірі қара, жылқы, қой өсіріледі.

 – Кешегі кеңес заманында еңбек адамына ерекше құрмет көрсетілді. Қоғам байлығы қарапайым құрыш қолды адамдардың маңдай терімен жиналды. Уақытпен санаспай ерен еңбектің көрігін қыздырған дала ерлері әсіресе науқандық жұмыс кезінде күнді түнге, түнді күнге жалғап, кірпік ілмей қарекет ететін. Озаттардың еселі еңбегі өзгелерге үлгі етілетін. Олардың суреттері Құрмет тақтасына ілініп, әрқилы жарыстарда жеңімпаз атанып, мақтау марапаттауға ие болды. Осының өзі еңбек адамдарын топтастыра түсті, жігерлерін жаныды, көкіректеріне өлшеусіз күш-қуат құйды. Өз басым әкемнің әр әрекетінен еңбекке деген құрметті сезіндім. Адал еңбек етсең болашағың баянды болатыны анық. Мұны қазіргі жастарға ақыл-кеңес ретінде айтып отырмын. Бастысы, ерінбеу керек, – дейді Нұрлан Шәйменұлы.

Қазір ауыл шаруашылығы құрылымдарында механизатор, комбайншылар, ветеринарлар жетіспейді. Жұмыс берушілер өзге де мамандарға зәру. Осының барлығы – соңғы жылдары қарапайым еңбек адамын қадірлемегендіктен. Сондықтан жастар жағы еңбек етуге құлықсыз. Кешегі дәстүр сабақтастығы үзілді. Осы бір түйінді мәселені Мемлекет басшысы өте дұрыс аңғарып, қоғамды олқылықтың орнын толтыруға шақырып отыр. Түптеп келгенде, бұл – елдің өте ауқымды, маңызды шаруасы. Жалпақ жұртты іргелі істерге бағыттап, кең ауқымды жұмыстар іс тындыру үшін қоғамға пайдалы кез келген мамандық иесі құрметтелуі керек. Нұрлан Шәйменұлы отау құрған асыл жары Тілеулес Рысбекқызымен 6 баланы дүниеге әкеліп, алтауы да өз шаңырақтарын құрды. Олардан 7 немере, 7 жиені көріп, балалардың қызығына кенеліп отыр. Қазіргі кезде ұлдары да әке жолын қуып, табысты еңбек етуде. Ерден «Жолдыбек» жеке мал шаруашылығын ашып, інісі Ергенмен мал шаруашылығымен айналысып жүр.

 Нұрлан Шәйменұлы жыл сайын ауыл тұрғындарын шөппен қамтамасыз етіп, ауылда ұйымдастырылатын іс-шараларға өз көмегін аяған емес. Сонымен қатар, қайырымдылық шараларына да белсенді қатысады. Қорыта айтсақ, Нұрлан Шәйменұлының ауыл шаруашылығы саласында атқарған табанды еңбегі жастарға үлгі. Еңбек жолын қарапайым жұмыскерден бастап үлкен шаруашылықты дамытып отырған іскер азамат кез келген мақтауға лайық!

Оралхан АХМАДИЯ,

Қазақ үні