Талғат Теменов: Өз тілінен ұялатын мәңгүрт буын - Мәскеудің тілеуі еді

Талғат Теменов: Өз тілінен ұялатын мәңгүрт буын - Мәскеудің тілеуі еді

Кез-келген Елде күнде айтылмайтын әңгіме бар.. Ол Мемлекет және Қоғам мәселесі... Мемлекет ол Сенің Отаның, менің де бәріміздің Отанымыз. Оны билік басқарады. Яғни Президент, Премьер-министр, Сенат. Сосын Сот, Армия, Полиция.... Бұлар күштік институттар. Және Коғам. Социум. Мұнда Мемлекеттің өзегі халық өмір сүреді. Егер Халық болмаса Биліктің құны бес тиын. Сол сияқты Халықтың да өзінің жол бастайтын көсемі, арқа сүйер тірегі яғни Ханы, Биі, Президенті болуы керек. «Иесі жоқ Ел жетім» деген мақал содан қалған. 

Өкінішке орай біздің Ел - басынан бағы тайған арқа сүйер Тұлғасы жоқ жетім ел.. Өткенге көз жүгіртіп қарасақ сонау 1917 жылдан 1920 жылға дейін Алаш Республикасының Президенті болып Әлихан Бөкейханов болып сайланған екен. Ал 1920 жылдан бастап бізге кім келіп кім кетпеген десеңші... Пестковский СС, Акулов И. А, Мурзагалиев М, Костолевская М. М,Коростелев И. А,Нанейшвили В. И,Голощекин Ф.И,Мирзоян Л. И,Скворцов Н. А,Борков Г. А,Шаяхметов Ж.Пономаренко П. К,Брежнев Л. И,Яковлев И. Д,Беляев Н. И, Конаев Д. А,Юсупов И. А, Қонаев Д. А, Колбин Г. В, Назарбаев Н. Ә. Міне масқара осында жатыр. 

Ал, соңғы ханымыз Кенесары ханның денесі бар басы жоқ. Басы жоқ Хан... Қазақтың да басы жоқ... Өкінішке орай Бас болатын тұлғалардың бәрі кешегі аласапыранда атылып кетті. Бассыз ел азады, тозады.. Ұры қарылар билікке келеді. Қазақстанды ширек ғасыр басқарған Дінмұхаммед Қонаевтың қолы байлаулы, аяғы кісендеулі болды. Сондықтан Мәскеу оны алам десе алды, қоям десе қойды. 

Қарап отырсаңыз Қазақстанға кімдер келмеді...? Кілең алаяқ, Қазаққа жаны ашымас қаныпезерлер келді. Одан соң Тәуелсіздігіміз қолымызға тигенде «біз де адам болып әлемге, халық болып кең дүниеге қарармыз» дегенде билікке ұры қарылар жиналды. Қолға түскен мүмкіндік басқа қонған бақыт құсынан айырылып қалдық. Өкінішті... Қоғам социум - ел іші... Біреу бай біреу кедей.. Бірақ олардың тоғысар жері ортақ. Бір мемлекет, бір астана, бір ата заң, бір төлқұжат.. Бізде бірақ тіл біреу емес... екеу болды. Бірі биліктің тілі, бірі халықтың тілі. 

Кенесары кеткен соң елдің салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық тәрбиесі жоғала бастады. Оған әсер еткен Орыс империясы еді. «Қызғыш құс-ау, Қызғыш құс... Сені көлден айырған лашын құстың тепкісі . мені елден айырған Хан Жәңгірдің екпіні» деп Махамбет жырлағандай Ресейдің ықпалы Қазақ ұлтының өзгеруіне, ең қиыны Рухани жүдеуіне әкеліп соқты. Өткенін ұмытқан тарихына қарамайтын, өз тілінен ұялатын Мәңгүрт буын пайда болды. Бұл Москваның тілеуі еді. Өкінішке орай бұл дерт бізде асқынбаса азайған жоқ. Хош делік.. 

Иә сонымен билік өзінің авторитаризмің сақтау үшін қоғамды қысып, жаншып үреймен ұстаса ол жерде диктатура орнайды... Ал диктатураның өмірі ешқашан ұзаққа бармаған..Егерда қоғам алдыңғы қатарға шығып билік халыққа қызмет етсе ол жерде демократия яғни қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман болады. 

Міне адам баласының ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан күресінің бірі де бірегейі осы Билік пен Қоғамның тартысы. Енді бүгін біз қайдамыз? Қай биікке көтерілдік? Қайсы дөңге шықтық?? Ойланып, толғанып болашаққа талпынған әр қадамды ақылмен шешетін уақыт келді.Тек өкінішпен өткен күнмен өмір сүруге болмайды. Біздің де көшемізге Көктем келіп көк шығатын сәт туды. Жаңа Қазақстан... Мен үшін түсініксіз ұғым.. Осы терминді тапқан адамды терең деуден аулақпын... "Қазақтың тек бір ғана Отаны бар" деп президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының айтқаны еске түседі. Ол біздің Мемлекет. Қазақстан Ескі ме Жаңа ма бәрібір Отан анаң... Ата-анаңды қартайды деп далаға тастамайсың ғой... Сол сияқты. Біздің де бір ғана Отанымыз бар. Ал, шетел кеткен дөң асқан азаматтарға тек «аман болдан» басқа айтарымыз жоқ. Сонымен қазір Егемендік алған Тәуелсіздігімізді жариялаған мемлекетіміз бар... Енді не істеу керек? Қай салаға қарасаң да күйреген, қираған дүние.. 

Мыңдаған жыл тоналмаған Ел байлығы ұстағанның қолында тістегеннің аузында кеткен. Бұрыңғы билік пен «оның ат төбеліндей жандайшаптары» елімізді жаудай тонаған екен... Не істеу керек? Чернышевскийден Шекспирге дейінгі сұрақ? Что делать? И как быть? Қайткенде қарызға батқан халықты аман алып шығамыз?? Қайткенде ел жұртты кедейшіліктен құтқарамыз? Президенттің де Премьер-министрдің де алдында тұрған сұрағы осы.. Ол кезінде имидж үшін көршілердің көңілін қалдырмайын деп кірген ұйымдардан бірте-бірте арылу.. Ең бірінші орында Мемлекеттің қамы тұруы тиіс. Одан соң шет елге кеткен бар байлықты елге қайтару керек. Иә әзірге біраз жұмыс атқарылып жатыр.. Алайда бұл аз. Тым аз.. Болмаса Кимдер мен Огайлар, Құлыбаевтар мен Өтемұратовтарға қай ата-бабасы шіріген байлық қалдырыпты. Олардың әмиянындағы ақша халықтың жиған тергені. 

«Қарынымның ашқанына жыламаймын қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші қазір Қазақстанда қазақтың қадірі қашқан.. Не істеу керек? Меніңше ең алдымен идеологияны дұрыстау керек. Ол дегеніміз Мәдениет, Әдебиет және Ғылым. Осы үш китке арқа сүйеген дұрыс. Әдебиет үлкен құрал.. Адамды асыраған еңбек шығар.. Алайда адамды Адам қылған оқу емес пе? Әдебиет түсінген жанға үлкен азық. Ал экранмен сахнадағы кез-келген дүние Гуманизмге арқа сүйеуі тиіс. Жалпы өнердің миссиясы Адамды жырлау... Ұлттық өнегені әлпештеу.. Біздің бұрынғы билікте баю идеологиясы бірінші қатарға шықты. Және ол еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі ауру еді. Ал бізде баю тек қана жемқорлықтың төте жолы болатын. 

Мені алаңдататын дүние қалайда ақша табу, жеу, баю философиясы Адамгершілік пен Кісілік қағидасын бірінші орыннан ысырып тастады. Ш.Айтматовтың романындағы Найман ананың жоқтауындай "Ей, Алла адамның жанын алсаң ал, өлтірсең де көндік алайда оның Жадын алғаның қалай?" деп жылағанындай .. Біз отыз жылда тек ақшаны ғана ойлайтын ұрпақ тәрбиелеппіз... Осы өкінішті. Абай айтқан "есек артын жусаңда мал табу..." Бұл түсінген жанға адал еңбек ету емес пе?? Ал біз болсақ сол есекті сырттағыларға сатып жібердік. Бізге қазір завод, фабрика ауадай қажет. Үлкен өндіріс орны Мемлекеттің экономикалық айнасы. 

Меніңше Президент айтқан Құрылтай жылына бір екі емес ай сайын жиылса артық етпейді. Сосын бұл Құрылтайға дайын тақырып емес өз ойы бар елдің қамын болашағын ойлайтын озық ойлы, өз позициясы бар азаматтарды шақырса қандай жарасар еді. Және оған Президентті шақыра беру шарт емес. Сосын оның құрамы ылғи жаңарып отыруы тиіс.. Бізге қазір тың идея соны сүрлеу қажет. Яғни мықты Идеологтар қажет. Атам қазақ айтатын "өсіретін де, өлтіретін де бір ауыз сөз." Бізге осы Бір ауыз сөз айтатын блогер емес, білімді Идеолог керек кез. 

Әрине менің бұл жазғанымды оқыған кей жатыпатар пысақайлар, ескі күнді сағынатын серкелері «бұрын қайда қалдың?» деп аузына келгенін айтар. Мені түсіріп, жазбағанды жазар. Айта берсін. Мен айтсам жаным қиналғаннан айтам.. Шамаң келсе сені де тыңдайық. 

Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқалаған жүгі тау көтерген Толағайдай тым ауыр. Оның үстіне Тоқаев талқаны шыққан экономикаға тап болды.Былай тартса арба сынады былай тартса өгіз өледі. Бірақ «Иттің иесі болса бөрінің тәңірісі бар». Біз бөрілі байрақ елінің ұрпағымыз. Рухымыз биік арманымыз асқақ. Соның соңғы дәлелі Президенттің қазіргі ұстанымы. Тың жолы. Бұрын-соңды белгісіз алайда аты былғанбаған Олжас Бектеновті Премьер қоюы көңілге үміт отын жаққаны.

19 ғасырда Италия мемлекетін құрған Камилло Кавур «Мы создали Италию давайте теперь создавать итальянцев» демекші қазір бізге ұйымшыл ұлтшыл «Қазақ Елі» қажет. «Величие нации вовсе не измеряется ее численностью, как величие человека не измеряется его ростом» деп Виктор Гюго айтқандай, біздің халқымыздың аздығы Рухымызға бөгет бола алмайды. Дей тұрғанмен көп қорқытады терең батырады..Геосаясат деген ұғым бар.. Оның тәржімесі көп... Ал, жай тілмен айтсақ оған қарсы тұратын амалдың бірі Қазаққа көбею қажет... 

Қазір бізге Қасқыр жүрек Қасымдар керек. Жомарттық тек өз жұртына ғана жарасқан. Керек кезде қынабынан шығарған қазақ тілін паш ететін күн туды. Бұрынғы биліктің жасаған қателігін Қасым-Жомарт Кемелұлы түзейді деп ойлаймыз. Өйткені Президент Тоқаевтың білімі мен көргені, түйгені мен күйгені бір басына жететіні хақ. Бұл Тоқаевқа табыну емес. Тоқаевты тану. Ендігі менің тілегім. Қасым-Жомарт қазақ үшін, халқы үшін барын, керек болса Басын да аямайды деп сенемін. Сенбеске шара жоқ. 

Талғат Теменов,

Театр және кино режиссері  

Қазақ үні