Нұржәмилә ШАЛҒЫМБАЕВА: ӘЙЕЛ САУЛЫҒЫ – ҰЛТ АМАНДЫҒЫ

Нұржәмилә ШАЛҒЫМБАЕВА: ӘЙЕЛ САУЛЫҒЫ – ҰЛТ АМАНДЫҒЫ

Елімізде «Дені сау ұлт» атты әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтаудың ұлттық жобасы қабылданған-ды. Аталмыш жобада жүкті әйелдердің денсаулығын сақтау және балалардың денсаулығын нығайту мәселесіне баса назар аударылған болатын. Осы орайда біз «Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы» Әйелдер кеңесінің атқарып жатқан ісімен танысуды жөн көрдік.

Жұмысымыз жан-жақтылықты талап етеді

Денсаулық әркім үшін басты байлық екені түсінікті. Ал дүниеге бала әкеліп, ұрпақ өрбітетін аналарға амандығына екі есе жауапкершілікпен қарау жүктеледі. Өйткені әйелдер жүктілік кезеңінде өзінің ғана емес, құрсағындағы сәбиінің де денсаулығына жауапты. Осы орайда «әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» десек, әйел саулығы – әлемнің саулығы екені сөзсіз. Бұл тұрғыда біз «Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы» Әйелдер кеңесінің акушер-гинекологы Нұржәмилә Шалғымбаевамен тілдесіп, өзі қызмет атқаратын мекеменің тыныс-тіршілігі мен аймақтағы нәзікжандылардың хал-ахуалы туралы сұрап білдік. 

«Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасы» – Әйелдер кеңесі бекітілген аумақтағы бикештердің амбулаториялық акушерлік-гинекологиялық көмектің барлық түрлерін көрсететін емхананың өзіндік бөлімшесі. Сонымен қатар, жүктіліктің асқынуы, босанудан кейінгі кезең, гинекологиялық ауруларды болдырмауға бағытталған емдеу-алдын алу шараларын жүргізеді. Қазіргі таңда Қаскелең қаласы бойынша әйелдердің саны – 19 934-ті құраса, оның ішінде босанауға қабілеттілері – 10 362. Біздің әйелдер кеңесі 2022 жылы 1597 жүкті әйелді қараса, 2023 жылы олардың саны 1846-ға жеткен. Сондай-ақ, 2022 жылы 903 әйел босанса, 2023 жылы олардың қатары 1139-ға көбейген» дейді Нұржәмилә Тұрсынбекқызы.

Акушер-гинекологтың айтуынша, әйелдер кеңесінде 8 гинеколог-дәрігер, 10 акушер жұмыс істейді. Қаскелең қаласының жүкті әйелдері 5 аумақ бойынша қаралады. Сонымен қатар, кеңесте екі бірдей гинекологиялық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Онда жүкті емес әйелдерге ем жүргізіледі. Атап өтерлік тағы бір жәйт – жатыр мойнының патологиясы бойынша емделетін науқастарға да арнайы кабинет қарастырылған. Онда әйелдерге кольпоскопия жасалады. Яғни жатырдың төменгі бөлігі және қынаптың қабырғасы зерттеледі.


Отбасын жоспарлау жеңіл-желпі шаруа емес


Шындығында, отбасын күнібұрын жоспарлау ісі қазақы менталитетімізге сай келе бермейтіні бар. Тіпті, «бір қозы туса, бір жусан артық шығады» деп әрбір дүниеге келген баланың өзінің ризық-несібесі болатынын алға тартып, туудан шектемеуге үндеп жатамыз. 

Бүгінде медицинаның қаншалықты дамығанына қарамастан, денсаулығында ақауы бар балалар дүниеге жиі келіп жатқанын көз көріп жүр. Мұның себебіне үңілгенде, әйел жүктілігінің аралығында белгілі бір деңгейде үзілістің болмағанын аңғарамыз. Бұл өз кезегінде әрбір жүктіліктің алдында арнайы мамандардан кеңес алудың маңызды екендігін көрсетсе керек. 

Осы орайда біз акушер-гинеколог отбасын жоспарлау ісінің қалай жүзеге асатындығы туралы сұрадық. 

– Қазіргі таңда бұрынғыдай емес, әйелдердің басым бөлігі сауатты. Жүктіліктің 36 аптасында қабылдау жүргізіп, босанып болғаннан кейін қалай сақтану қажеттігін жіті түсіндіреміз, – дейді акушер-гинеколог. – Жүктіліктің аралығында белгілі бір деңгейде үзіліс болмаса, онда ол бір маңызды кезең баланың да, ананың да өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Тіркеуде тұрған әйелдер босанғаннан кейін, әрбір аумақтан есеп алынады. Оның ішінде ең бірінші күрделі босанған және көп босанатын әйелдерге хабарласамыз. Сондай-ақ, егіз босанған әйелдермен де байланыс орнатамыз. Сөйтіп олардың хал-ахуалын біліп, ары қарай сақтанудың жолдарын бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп береміз. Ал қалған әйелдер өздерінің мүмкіндіктеріне қарай қабылдауға келеді... 

– Осы жәйтті таратыңқырай айтсаңыз. 

– Экстрагентальді потологиясы бар әйелдер және түрлі қауіпті аурулармен есепте тұратын әйелдердің әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жүргізе отырып, оларға жүктіліктің қауіп-қатері жайын баяндап береміз.

Ал әрбір босанып алған әйелге контрацепциялық әдіс-тәсілдердің түрлері түсіндіріледі. Одан әрі өздерінің таңдауы бойынша сақтандыру тәсілі қолданылады. Қазіргі таңда әйелдердің басым бөлігі дәрі арқылы сақтануды құп көреді. Өйткені өзгелеріне қарағанда, сақтанудың бұл түрі әлдеқайда тиімді... 

Дәрігердің айтуынша, мамандар қаралушыларға мән-жайды түсіндіру кезінде жүкті болуды жоспарлап жүрген әрбір әйелді салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Олардың дұрыс тамақтануы қажеттігін, әлдеқандай ауру мазаласа, уақыт өткізбей емделу керектігін, сонымен қатар, жүктілікті жоспарлаған сәттен бастап әйелімен қатар күйеуі де фолий қышқылын ішіп, алдын ала дайындық жүргізуінің маңыздылығын ескертеді. 

Мұның барлығы өз кезегінде жүктіліктің жеңіл өтуіне ықпал етпекші. Сондай-ақ, осынау маңызды кезеңде әйелдердің көпшілігі қимыл қозғалыс жасамай, таза ауада серуендемей, өз денсаулықтарына өздері зиян келтіріп жататын кездер аз емес көрінеді. 

Сондай-ақ, Әйелдер кеңесінде орналасқан «Ана мен бала мектебі» де әйелдерге қажетті барлық тақырыпты қозғап, тиісті кеңесті беруді өздерінің негізгі міндеттері деп санайтынын білдік. 

Скрингтік зерттеудің мәні зор

Қайталап айтар болсақ, жүкті әйелдер өз денсаулықтарына асқан жауапкершілікпен қарауы керек. Осынау кезеңде олар гинеколог-дәрігердің айтқан әрбір ақыл-кеңесіне ден қойып, тиісті тексерудің бәрінен дер кезінде өтуі аса маңызды. Бұл тұрғыда жүктілік кезіндегі скринингтік бақылаудың мәні зор. (Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетейік – «скрининг» медицина тілінде ағылшынның screening – іріктеу, айыру, сұрыптау деген ұғымы арқылы қалыптасқан термин екен). Ал дәрігердің осындай зерттеудің қалай жүргізілетіндігі туралы да аз емес: 

– Әрбір әйел өзінің аяғы ауыр екендігін білгеннен кейін 12 аптаға жетпей, есепке тұруы қажет. Дәл осы мезетте жүкті әйелдерге бірінші скрининг жасалады. Мұнда ұрықта Даун синдромы сияқты тұқым қуалайтын патологиялардың дамуының генетикалық қаупі бағаланады.

Сондай-ақ, құрсақтағы шарананың денсаулығына және жүктіліктің нәтижесіне әсер ететін факторлар анықталады. Сонымен қатар, өзге де зәр және қан талдаулары алынады.

Ал екінші скрининг жүктіліктің 19-20 аптасында өтеді. Бұл кезеңде ұрықтың даму ақаулары анықталады. Яғни, жүрек ауруы, несеп-жыныс жүйесі, асқазан-ішек жолдарының дамуындағы ақаулар тексеріледі.

Үшінші скрининг 30 аптадан кейін жүргізіледі. Мұнда ең бірінші назар судың мөлшеріне, яғни, судың көптігі немесе судың аздығына назар аударылады. Бұл жүкті әйел үшін аса маңызды скринингтің бірі. Өйткені, осы уақытта жүктіліктің 20-шы аптасында қойылған диагноздар расталмауы мүмкін. Ал 34 аптпаға жеткенде оттегі жетіспейтін жағдайлар жиі кездесетіндіктен КТГ жасалады. Бұл зерттеудің аясында ұрықтың жағдайы жүрек соғысының сипаты бойынша бағаланады, – дейді маман. 

Сәбилі болудан күдер үзбеңіз...

Қазақстанда бедеулік диагнозы 21 мыңнан астам отбасылық жұпқа қойылғанын ескерсек, бұл – қоғамдағы қауіпті құбылыстың бірінен саналады. Осы бір қордаланған мәселенің түйінін тарқату мақсатында жасанды ұрықтандыру қолға алынып, сәтті жүзеге асуда.

Бұл бағытта жұмыс істейтін «Аңсаған сәби» бағдарламасының аясында әр жыл сайын ел көлемінде 7 мың бүлдіршін жарық дүние есігін ашуына ықпал етуде. Осы орайда, ЭКО қызметін Қазақстандағы 19 ірі медициналық орталық әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы жүзеге асырып жатқандығын атап өту ләзім. Нұржәмилә Шалғымбаева мұндай маңызды қызмет түрінің өзі жұмыс істейтін мекемеде қалай іске асып жатқандығын да әңгімелеп берді: 

– Бір жылдан аса уақыт бойы жүктілікке қол жеткізе алмаған әйелдерге бедеулік диагнозы қойылып, өздерінің сұранысына орай ЭКО орталыққа жолдама арқылы жібереміз. Онда репродуктолог мамандардың қабылдауында болып, жасанды ұрықтандыру әдісін қолдану қажеттілігі бойынша шешім қабылданады. Одан кейін науқас кезекке тұрып, одан әрі қарай маман кеңесімен қажетті ем-домды жасауға кіріседі. Осылайша біршама уақыт аралығында кезегі келіп, аталмыш тәсілді қолдануға қол жеткізеді. Жасанды ұрықтандыруды шарапатын көріп жатқан өзіміздің аумақтың әйелдері де жетерлік. Атап айтқанда, Қарасай ауданына 2023 жылы 118 квота берілсе, олардың арасынан 27 әйел аман-есен босанып, сәбиін қолына алған. Ал 36 әйел жүктілік кезеңінде. Сонымен қатар, 14 әйелге құрсағындағы сәбиін түсіріп алу қаупі төнген. Дәрігер ретінде бедеулік деген диагноз ең соңғы шешім емес екенін баса айтқым келеді. Ешбір әйел ешқашан үміт үзбеуі керек. Медицина дамыған бүгінгідей дәуірде әрбір әйелдің ана бақытын сезінуге мүмкіндігі өте зор. Сондықтан да денінің саулығын сақтай білсе, әрбір әйел ана деген ғажап атты ертелі-кеш иеленері хақ...

***

Біз де дәрігер бөлмесінен қанаттанып шыққандай күйге бөлендік. 

Гүлмира САДЫҚ,

Қазақ үні