АДАМНЫҢ АЗЫП-ТОЗУЫ ҚАЙДАН БАСТАЛАДЫ?

АДАМНЫҢ АЗЫП-ТОЗУЫ ҚАЙДАН БАСТАЛАДЫ?

1. Мәдениет пен спорт – егіз ұғым

Бұқаралық спорт пен мәдениет жөнді жүйеге қойылса, кез келген елдің әлемдік аренада ұлықталуына катализатор бола алады. Сол сияқты бізге белгілі әр ұлт пен ұлыстың бағзыдан бастау алған тарихы, түп-тамыры, ерек культі бар.  

Жаһан жұртшылығын флора мен фауна, табиғи ресурс пен экономикалық алыс-беріс ғана ортақтастырмайды. Күллі дүниені бір арнаға тоғыстырып, бірізділікке баулып, бір призмаға топтастыру үшін мәдениет пен спорттың ауқымы орасан. Мұның метафизикалық себебін, винтальді мәнін түрлі тұрғыдан қарастыруға негіз көп. Мәдениеттің өзі түрлі бағытта тармақталып, жеке типтік нюанстар арқылы жіктеледі. Мәдени аспектінің өзі кітап, өнер, руханият сияқты игі мұғжизалардың дәргейінен шығады. Тоғышарлық өмір салтын ұстанып жүріп, жаны жадау, рухы күйреуік, ділі, діні дүмшем хәлге үскен ұлттың рухани инерциясын көтеру үшін, әуелі мәдениетті өрістету керек. Ол болмаған жағдайда жоғарыда қаузап кеткен тарихты түйдек-түйдегімен зерделеу мүмкін болмай қалады. Ғазалдай шерлі ғасырларды қамтыған сан мың жылдық тарихы түгесілген, ұлттық болмысы, руханияты дегдарлы уақыт синдромына жұтылған елдің болашағы бұлыңғыр. Өткен мен бүгін – келешектің жаршысы. Мәдениеттің ертеңгі күнмен сабақтаса айтылуы осыдан. Спорттың да мәдениетпен қосарланып егіз сүрлеуде жүруі орынды. Адамзат баласына ой-өрісінің кемелденуінен бөлек, физикалық әлеуетінің олқы болмауы маңызды. Санасы озық һәм сергек адам ғана тасыр қоғамға жұтылмай, күн сайын жаңашылдыққа бас ұрған заман ағымына қауқар танытады. Рухани түлеу процесіне ада көзқарас таныту, физикалық факторға кемдік қарекет көрсету – адамзат атаулыны ғана емес, тұтас ғаламды толықтай тұқырту. Осы екі аспектіні жетілдіруге, оның аясын кеңейтуге барлық жаһан жұртшылығы болып күш салған абзал. Білімі мен білігі озық, сана-пайымы сергек ұлт қана тарих артқан зілді еңсере алады. Бұқаралық мәдениет пен спортты дамыту үшін өскелең ұрпаққа жағдай жасаған жөн. Техникалық құралдарға жіпсіз байланған ұрпақтың санасын тазартуға, білім негізі саналатын кітаппен байланысын нығайтуға, спортпен тұрақты түрде айналысуына ауқымды деңгейдегі бағдарламаларды атқару қажет. Ел ішіндегі сүлесоқ күй кешіп жүрген кітап саласының түрленуіне жәрдем көрсетіп, спорттық нысандарды, инфрақұрылымдарды қол жетімді етуді ойластырған дұрыс. Мәдениетіміз бен руханиятымыз күйреп, денсаулығымыз ішім-жемнен аспай, дүниенің баянсыз ұйығына бойлап кету – біз үшін қауіпті. Трансцендентті әлемдегі құндылыққа жататын мәдениет пен спортқа сыңарезу көзқарас таныту, оған қоғам арасында десакрализация жасау – адамзаттың азып-тозуының төте жолы.

Ерасыл САЙЛАУҒАЛИ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің 4 курс студент


2. Дені сау ұрпақ – асыл қазынмыз


Бұқаралық спорт пен мәдениеттің дамуы – салауатты қоғам мен халықтың идеологиясын, тарихын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Адамдарды спорт пен мәдениетке баулу процесі тек қана физикалық немесе психикалық тұрғыдан жақсартуға ғана емес, сонымен қатар оның әлеуметтік мәртебесіне, жасына, кәсібіне қарамастан, адамдардың бірігуіне, бірізділігіне әкеледі. Білімді, білікті, дені сау ұрпақ – әр елдің асыл қазынасы. Сондықтан Қазақ елінде бұқаралық мәдениет пен спортты дамыту, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналуы тиіс. Мәдени және спорт секторларын дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар мен бастамаларды белсенді түрде насихаттап, соның дамуына мүмкіндік жасау арқылы, халқымыздың күннен-күнге гүлденуіне, өсуіне, ықпал етуге болады. 

Еліміздің дамуында кітап оқу мәдениетін жетілдіру – өте маңызды. «Кітап оқуды тоқтатқан адам ойлауды да тоқтатады» деп бекер айтпағаны анық.

Бұқаралық мәдениет саласын дамыту үшін, ең алдымен кітап мәдениетіне, баспа мәдениетіне көңіл бөлу керек. Баспа мәдениетін насихаттаудың арнайы бағдарламаларын әзірлеу және жоспарлау үшін, балалар мен жасөспірімдердің оқуға деген сүйіспеншілік деңгейін арттыру үшін, дәстүрлі нысандары да, ақпараттық-танымдық қызметтің жаңа тәсілдерін де қолдана аламыз. Дәстүрлі нысандардың ішінде: түрлі іс-шаралар, балалардың оқуға деген ынтасын арттыру, жарыстар, викториналар, әдеби ойындар, облыстық және республикалық жазушылармен, сондай-ақ шетелдік қонақтармен кездесулер, өнер мен мәдениетке деген қызығушылықты ынталандыруға бағытталған көптеген мұражайлар, галереялар, көрмелер, фестивальдар мен концерттер ұйымдастыру, жас таланттарды қолдау, мәдени туризмді дамыту және т.б. кіреді. Оқырмандармен жеке және бұқаралық жұмыстың ең тиімді түрлері – әдеби пікірталас клубтары, оқырмандардың қызығушылық клубтары, әдеби студиялар, онлайн сабақтар, онлайн конференциялар, топтық кеңестер, тақырыптық экскурсиялар, дәрістер. Жетекші жоғары оқу орындарының оқытушыларымен кездесу, сондай-ақ шеберлік сыныптарын өткізу. Осындай мемлекеттік бағдарламалардың барлығы, еліміздің ұлттық дәстүрлері мен халық қолөнерінің сақталуына, танымдық қызығушылықтардың ауқымын белгілеуге және балалардың да, ересектердің де интеллектуалдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін тиімді әдеби бағдарлама құруға мүмкіндік береді. 

 Бұқаралық спорт пен мәдениетті дамытудың негізгі аспектілерінің бірі – қол жетімділік. Спорт адамдарды нәсілдік, саяси немесе экономикалық айырмашылықтарына қарамастан, бірегей ұжымға біріктіріп, әлеуметтік ортаны жақсарта алады. Халықтың спорттық іс-шараларға қатысуын ынталандыру және дамыту үшін, әртүрлі бұқаралық спорт фестивальдерін, арнайы жарыстар, спорт клубтары мен секцияларын құру жаңа спорт кешендерін, стадиондар, жаттығу базалары, қол жетімді спорт нысандарын салу маңызды. Сондай-ақ инфрақұрылымды белсенді дамытып, спортпен шұғылдануға жағдай жасау қерек. Яғни, жас спортшыларды қолдау мен дамытуды қоса алғанда, спорттық даярлау жүйесін жетілдіріп, спорт саласының дамуына, қоғамда жағымды құндылықтардың қалыптасуына, халықтың өмір сүру сапасын, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және азаматтардың өзін-өзі дамытуы мен өзін-өзі жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдай жасасақ, ел мәдениетін жетілдіре аламыз. 

Қорытындылай келе, бұқаралық спорт пен мәдениеттің дамуы қоғам өмірінде маңызды. Бұл мақсатқа жету мемлекет тарапынан да, жалпы қоғам тарапынан да күш-жігерді қажет етеді. 

Диас ӘУЕЛБЕКОВ, 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 

журналистика факультетінің 4 курс студенті                           

3. Ар-намысты таптауға жол жоқ       

Қазіргі заманда, әсіресе, біздің елде қадір-қасиет дегеннің не екенін бәрі бірдей түсіне бермейді. Ішкі мәдениетіміз кемшін. Сол себептен де болар, көп ортада келеңсіз жағдай болған уақытта дөрекі сөйлеп, ар-намысты таптайтын сөздерді жиі айтуға бейім. Әрине, бұның басты себебі, адамның тәрбиесі – үйіндегі адамдардан алған үлгісі. Ар-намысты таптайтын сөздердің көбі «Шеше» деген сөзден басталып, «Әкеден» аяқталуда. Жалпы, осы балағат сөз айтқан адам өзінің анасын қорлаумен тең. Барлық адамның қадір-қасиеті болуы керек, әр адам құрметтелуі тиіс екенін бәрі бірдей ескермейді. Меніңше, қадір-қасиетсіз адам-адам емес, өйткені ол өзін де, өзгені де сыйлауды білмейді. Қадір-қасиеті жоқ адам өзінің қадір-қасиетін сезінбейді, сондықтан басқалардың көңілінен шығуға тырыспайды. Абыройсыз адам өзгені де дәл өзіндей көреді. Яғни, ар-намысты таптайтындардың көбісі – Абыройсыздар. Өзін-өзі бағалауды және басқаларға құрмет пен әдептілікпен қараудың қаншалықты маңызды екенін түсінбейтіндер. Оларды – қылмыс пен теріс қылық жасайтын «арамза» адам деп атайды. Демек, ар-намысты таптайтын сөздер ол адамының сырт келбетіне және отбасына тиісуі. Артық сөйлеуі, шектен тыс шығуы. Үлкендер ғана емес, кішкентай оқушылардың өзі бір-бірлеріне балағат сөз айтып жатады. Мысалы, көзі нашар көретін оқушыны – «Соқыр» деуі, еміс-еміс естейтін баланы – «Керең» деп атауы. Бұлай атап айту – нағыз «көргенсіздік». Кей ересек адамдардың арасында да бұндай жағдайлар жиі қайталанып жатыр. Оның бірі – сенің «әкең – ішкіш, анаң – надан, сен қайдан шыққан бәлесің?» деген сөз. Бұндай сөзді айту – ар-намысты таптау. Бұл сөзді естіген баланың ата-анаға деген махаббаты суып, өмірге деген қызуғышылығы төмендейді. Арты өзін-өзі қол жұмсауына дейін апаруы мүмкін. Ар-намыс дегеніміз – азаматқа оның моральдік, рухани және өзге де қасиеттерінің негізінде құндылығын таптау.

        Қазақ халқы – сөзден де, істен де жеңілмеген батыр әрі шешен халық. Осындай қоғамда болып жатқан отбасылық жағдайларда қазақ ұрпақтарының даму сатысы күннен-күнге өзгеріске ұшырап барады. Мұндай дүниелерді көріп өскен бала мәңгүрт күйге ұшырайды, ойлау қабілеті төмендейді. Сондықтан да қазақ халқының «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақалы артық емес. Қазақ тәрбиесіндегі ерекшеліктердің бірі – өз баласын қандай жағдай болмасын мықты етіп тәрбиелеуінде.

        Өз ойымша, біреу бізді балағаттап, ренжіткен болса, біз бірден сотқа жүгінбеуіміз керек. Барлық дауларда шешім таба білу, көп жағдайды ақыл-ой тұрғысынан бағалау – біздің көреген екендігіміздің басты белгісі. Егер де мәселе шешілмей, шу шығып жатса, онда сол кезде ғана сотқа баруға тура келеді. Қазақ халқы қашанда сабырлы, төзімді болған. Санасы мен мәдениеті төмен, ата-ана қамқорлығынсыз өскен, отбасылық тәрбие алмаған, тек жеке басының қамын ойлайтын, эмоционалды тұрақсыз, қызғаныш пен көре алмаушылық қасиеті бар, ар-ұяты мен адамгершілігі жоқ, шыдамсыз, төзімсіз, басқаның қадір-қасиетіне қарамайтын адамдар қазір көбейіп барады. Біз бұлардың алдын алуымыз керек. Себебі, қоғамның дамуы, ел болып көркеюі – біздің қолымызда. Саналы, тәрбиелі ұрпақ – Ұлт мақтанышы!

     Бибінұр Құлмаханбетқызы,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультетінің студенті

4. Жалығу түбі – жабығу

     Түрлі ойындарға ақша тігіп, өзін тоқтата алмау – ойынқұмарлықтың бір белгісі. Бұл да тәрбие мен мәдениеттің тапшылығынан байстау алатын жәйттер. Осының салдарынан біреу баспанасынан, көлігінен, тіпті ең жақын адамдарынан да айырылып жатады. Әлемді жайлаған бұл індетті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2017 жылы «лудомания» деп атауды ұйғарған. Осы әлеуметтік дертпен күресті күшейту мәселесі – біздің еліміз үшін де маңызды. Соңғы онжылдықта адамның өмір сүруі едәуір жеделдеді, оған әлеуметтік процестердің жаһандануы, әлемдік экономикалық дағдарыс және короновирус әсер етті. Заманауи технологиялар және тікелей интернет біздің өмірімізге көптеген жақсы нәрселер әкелді және көптеген тапсырмаларды жеңілдетті – тұрғын үйлерді жобалаудан бастап, бір кездері емделмейтін ауруларды емдеуге дейін. Алайда кейбір технологиялар, соның ішінде ақпараттық технологиялар, өкінішке қарай, даулы жетістікке айналды. Мәселен, қазір онлайн ойындардың қарасы өте көп. Сәйкесінше, ойыншылар арасында міндетті түрде бәсекелестік орын алады. Соның кесірінен ойындардағы кішігірім бәсекелестіктің арты үлкен лудоманиялық тәуелділікке әкеледі. 

Жуырда Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары елімізде ойынқұмарлық көбейгенін, онымен байланысты қылмыстық істердің артқанын, әсіресе, бұл жастар арасында кеңінен таралғанын айтқан болатын. «Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деген Президент салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеп еді. Шын мәнінде елімізде лудоманияның өсу көрсеткіші жаға ұстатарлық жағдайға әкеліп отыр. Парламент Мәжілісінің депутаты Руслан Берденов мінберде ойынқұмарлықтың статистикасын атап өтті. Мәжілісмен республикада 2019-2020 жылдары осы құмарлықтың салдарынан 350 мың ауру тіркеліп, 2019 жылы бәс тігу компанияларының айналымы 80 миллиард теңгені құрағанын, 2022 жылы бұл сома 500 миллиард теңгеден асса, осы жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 1 триллион теңгеге жетіп қалғаны жөнінде дерек келтірді. Енді осы дерекке қарап бүгінде ойынқұмарлықтың қаншаға жеткенін бағымдай беріңіз.

Аталған індетке шалдыққандар бос уақыты мен қалтасында қаражаты бола қалса, осындай ойынға әбден әуестенген. Бұл – өте қорқынышты статистика. Ең сорақысы, басқаны айтпағанда елдегі 3,5 миллион оқушының 25 пайызы, яғни 700 мыңнан астамының онлайн бәс тігіп, букмекерлік ойындарды ойнайтыны анықталған. 2022 жылы бәс тігу компаниялары біздің бюджетке 109 миллиард теңге салық төлеген. Осы санды құзырлы орын өкілдері жоғары жетістік ретінде дәріптеп жүр» – деді Парламент Мәжілісінің депутаты.

Интернет және оның әртүрлі ақпараттық технологиялары, яғни пайдаланушылар арасындағы желі арқылы деректерді жылдам беру, кез келген уақытта ойнау, онлайн сайттар мен виртуалды шоттар құру, нақты және виртуалды ақшамен, мысалы, криптовалютамен нақты бәстер жасау мүмкін болды. Бүгінде қайда қарасаңыз букмекерлік кеңсенің жалт-жұлт еткен жарнамалары, онлайн казинолар, құмар ойындар мен бәс тігетін қызметтері «менмұндалап» тұрады. Өкініштісі, алғашында көзді қуантатын жылтыр жарнамалардың соңы келеңсіз оқиғаларға әкеліп, ойынқұмарларды тұйық көшенің «құрсауында» қалдырып қоюда. 

20 жыл бұрын қоғам алкоголь ішімдіктің зардабынан азап шегетін. Екінші індет – нашақорлық, одан кейін ойынқұмарлықтан шағым айтатын. Он жылдан кейін мұндай аурудың көшбасында нашақорлық болды. Маскүнемдік екінші орынға түсті. Тіпті, 10 жыл алдын да ойынқұмарлық қазіргідей белсенді болмаған. Міне, соңғы 5 жылда лудомания бәрінен озып, нашақорлық екінші орында, маскүнемдік ең соңында қалды. Әрине, мұндай аурудың жақсысы болмағанымен ойынқұмарлықтың шығыны бәрінен асып түседі. Бәс тігуге деген құмарлықты қандыру жеңіл болғаны соншалық, үйден шықпай-ақ, қолдағы гаджеттің бір пәрменін орындаса болғаны, тағдыры өзгеріп сала береді. Мұнымен күресудің жалғыз жолы – елімізде түрлі букмекер мен онлайн казино жарнамалары мен әлеуметтік желілердегі тікелей көрсетілім арқылы ойнатылатын бәс тігу ойындарына қатысты арнайы заң қабылдануы керек.

Спорт, букмекер, казино, өзге де құмар ойындарының қайсын алсаңыз да ойыншы «алаңға» «жеңемін» деген оймен шығады. Спорттағы жеңістер салауатты өмір салты мен елдің мұратын көздейді. Бәлкім, кейбір сайыстарда жеңіліс болғанымен, денені шынықтыру арқылы тән саулығында ұтары көп. Ал, құмар ойындарында уақытша жеңіске жетіп, табысқа кенелгенімен, жар жағасына жақындай түспек. Қаржылай қиындығы, жанына жақын адамдарынан алыстай түсуі – терең тұңғиыққа ақырындап батып жатқанының белгісі. Десе де, мұндай түнектен құмар ойындарсыз жарқын күндерге жақындатар жол жоқ емес. Психолог мамандар ауруды емдеудің жолы да бар екен айтуда. Психикалық орталық жабық мекеме болғандықтан, ойынқұмарлықты емдеу оңтайлы шешім. Өйткені психиатр лудоманияны емдеу ісінде ақпараттық технологиялардан, әсіресе қолындағы смартфоннан оқшаулауы – мақсатқа жетудің ең тиімді жолы.

Лудомания – мансаптың жойылуына, кәсіби беделінің жоғалуына әкеледі. Тәуелділікке байланысты лудоман жұмысқа көңіл бөлмейді немесе мүлдем тастайды, кәсіби міндеттерін нашар орындайды. Күрделі қаржылық проблемаларға жолығады. Тәуелді ойыншылар барлық жинақтарды жұмсайды, қарызға батады, мүлікті сатады, кейде тіпті баспанасынан айырылады. Тағы бір проблема, отбасы мен әлеуметтік байланыстарды бұзады. Лудоман қарым-қатынас шеңберін күрт шектейді, отбасына әрең уақыт бөледі, достары мен таныстарынан қарыз алады және ақшасын үйіне бермейді. Сонымен қатар депрессияға шалдығып, жүйке жүйесінің ауруларына шалдығуы ықтимал.

Ойын барысында құмарлық, адреналиннің қарымды бөлінуі миды ширатады. Осының салдарынан лудоманияға шалдыққан науқас қоршаған ортаға, ет-жақындарымен қарым-қатынас орнатуға қызықпайтын, өзі үзе алмайтын «шеңбер» ішінде қалып қояды. Осылайша, жарнамасы жер жарып тұрған букмекерлер мен казинолар, ойын автоматтары бар да елдің өрендері өспей жатып, рухы өшуге алып келуде. Көрші Қырғызстанда бұл мәселені шешу үшін букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін заңмен тоқтатқан. Ал Оңтүстік Корея мен Қытайда құмар ойындарға ресми түрде тыйым салынып, онлайн-казино ойыншылары түрме жазасына кесіледі. Құмар ойындарды жариялаған барлық интернет-сайттар қатаң цензураға ұшырайды екен. Біздің елде де осы тәжірибені қолданса игі еді.

Мамандардың айтуынша, адамдардың құмар ойындарға әуес болуы – психологиялық аурудың бір түрі. «Лудомания» латын-грек тілінде «мен ойнағанды құмартамын» деген мағына береді. Яғни бұл – адам бойындағы құмар ойындарға деген патологиялық бейімділік. Оның өмірінде құмар ойындар әлеуметтік, кәсіби, материалдық және отбасылық құндылықтардан жоғары тұрады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл ауытқуға «құмар ойындарға патологиялық еліту» деген анықтама береді.

Психотерапевтер лудомандарды нашақорлармен немесе маскүнемдермен салыстырады. Бұл тәуелділіктің пайда болуының нейропсихологиялық механизмінің ұқсастығына байланысты. Ауру 4 негізгі кезеңде дамиды:

1. Жеңіс – адам жеңістің немесе жеңіл ақша алудың дәмін сезеді. Тіпті кішкентай жеңістер патологиялық дамудың бастамасы болуы мүмкін. Себебі олар жеңіс сәтін қайта-қайта сезінуге деген ұмтылысты тудыратын механизмді іске қосады;

2. Ұтылыс – адам ақшасын жоғалтып, жағымсыз эмоцияларға тап болғанына қарамастан, шығынды қайтару механизмі қосылады. Ол үшін лудоман өзінің жинақ ақшасын жұмсап, достарынан қарыз алып, тіпті несие алуға дейін барады;

3. Ақыл-естен тану – кезеңде адамның ойлануды мүлдем қояды. Ойыншы мақсатына жету үшін бәріне барады, ал көмекке келген адамдарды жау көреді. Бәс тігуге ақша табу үшін мұндай адам тонауға, тіпті адам өлтіруге баруы мүмкін;

4. Үмітсіздік – ойынға тәуелділіктің соңғы кезеңі. Бұл – психологиялық ауытқудың күрделі дәрежесі. Адам әлеуметтік байланыстарын үзе бастайды. Бұл кезеңде өмірде қуаныш пен тыныштық сезімін тудыратын факторлар қалмайды, ол құмар ойындардан көңілі қалса да, тоқтай алмайды.

Не себепті адамдар тәуелділікке ұшырайды? Бірінші және ең көп таралған мәселе – отбасындағы мәселе. Қайталап айтар болсақ, көп нәрсе айналадағы тәрбие мен мәдениеттен басталмақшы. Осының бәрі жүріп-тұруымызға, дұрыс өмір салтын жүргізуімізге тікелей әсерін тигізеді. Егер де үй ішінде тыныштық орнамаса, іштегі ызаны басып тастау үшін ойындарға көңіл бөліп, уақыт өткізетін болады. Екінші, әрі бірінші мәселеден туындайтын қиыншылық – қаржылық, моральдық қиындықтар. Еліміздегі қаржылық сауаттылықтың төмендігінен халықтың көп бөлігі әлі күнге дейін тәуекелге баруға дайын. Үшінші мәселе – қанағатсыздық. Яғни, өмірден түңілу, бар дүниені бағалай алмау. Қазіргі заманда ақша табудың сенімді әрі көп капиталды қажет етпейтін түрлері көп. Алайда оны білмеген қауым әлі күнге дейін дұрыс емес ортада жүр. Лудоманияға шалдыққан адамдарға қалай көмек бере аламыз? Еліміздегі әр адам тыныш, уайымсыз өмір сүруге лайықты. Сондықтан күрделі жағдайға тап болғандарға көмектесу маңызды.

Қазіргі таңда елімізде құмар ойынның салдарынан адасып, өзін жоғалтып алып жатқан адамдар көп. Құмарлық пен қызығушылықтан басталған бәс тігудің соңы қыруар қарыз бен отбасынан айырылуға алып келіп жатыр. Лудомания – елдің бүгіні мен ертеңі үшін қауіпті. Лудомания салдарынан кез келген адам опық жеп қалуы мүмкін. Бұл індет жас мөлшеріне, ұлтқа, адамдардың біліміне қарамайтынын күнделікті өмірде көріп те, естіп жүрміз. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қазақтың қанатты сөзі бар. Бүгінгі күнде жасөспірімдердің де бәс тігіп, қолындағы бар ақшасын құмар ойынға салып жүргендігі көп айтылады. Студенттер бір айлап күткен стипендиясынан бір-ақ сәтте айырылса, оқушылар ата-анасының берген қаражатын ауаға шашып жатыр. Осындай жағдайлардың алдын алу – қоғам міндеті. Аға буын өкілдері де еңбекақылары мен жиған-тергенін балалары мен отбасынан жырып, букмеркерлік кеңселердің қазынасын толтыруда. 

Бәс тігудің салдарынан көптеген отбасылар шайқалып, талай бала әкесіз өсуге мәжбүр болып жүр. Етегі жасқа толған ақ жаулықты аналардың осы індетті тоқтатуға деген талпынысы мен арыз-шағымдары көп нәрсені айтып отыр. Осы орайда, еліміздегі жиырма бір жасқа дейінгі ұл мен қыздың құмар ойындарын ойнауға заңдық негізде тыйым салынуы керек деген ойдамын. Сонымен қатар ақпараттың қайнаған заманында құмар ойындары мен букмекерлік кеңселердің жарнамасына да шектеулер керек деп есептеймін. Лудомания – емделуі қиын, көзге көрінбейтін дерт. Осы індеттен өзімізді және жақындарымызды сақтау арқылы болашаққа сеніммен қарай аламыз.

Нұрдәулет БАЙТІЛЕС,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

Журналистика факультетінің 

2 курс студенті.

(Жоба жетекшісі: Ермахан Шайхыұлы)