МҰҒАЛІМНІҢ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ

МҰҒАЛІМНІҢ ЖАҢАШЫЛДЫҒЫ ҚАНДАЙ ЖАҚСЫ

«Білім негізі – бастауышта» демекші, бастауыш сынып мұғалімінің білім саласының дамуы жолында алар орны айрықша. Осы орайда біз Түркістан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернатының мұғалімі, жас маман, педагог-модератор Нұргүл Садықпен тілдесіп, мамандығының қыр-сыры туралы сұрап білдік.

Балалармен жұмыс істеуді жаны қалағандықтан білім саласына бет бұрған ол оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, адамдық қасиетті дарыту – ең басты мақсаттарының бірі екенін атап өтті. «Шәкірттің білімдісі ұстазынан» деп Омар Хайям айтпақшы, бұл бағытта жұмыс істеу үлкен жауапкершілік жүктейтінін де тілге тиек етті маман.

«Кез-келген ғимараттың бастапқы іргетасы мықты болмаса, одан кейінгі құрылысы қанша жерден керемет болса да, оның сапасы сын көтермейтіні анық. Сол сияқты бастауышта білімнің негізгі баспалдағы қаланатындықтан, оған өте жоғары деңгейде мән берілуі керек. Сондықтан да, балалар білімнің нәрін қанып ішуі тиіс деп есептеймін» деп сабақтады сөзін мұғалім.

Жалпы мектеп табалдырығын аттаған әрбір баланың өзіндік ерекшелігі, дарыны мен таланты, және сол сияқты жалқаулығы мен еркелігі болатынын айтқан маман, осындай әрбір үйдің еркелері мен бұзықтарын бір арнаға бұра білу – мұғалімнің педагогикалық шеберлігіне тікелей байланысты екендігін де әңгіме өзегіне айналдырды. Бұл тұрғыда университет қабырғасында алған теориялық білімді тәжірибемен шебер ұштастыра білудің қажеттілігін атап көрсетті ұстаз.

«Қазіргі таңда жас ұрпаққа білім беру ісінде ауқымды істер атқарылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Мәселен, өзім еңбек ететін Ө.Жәнібеков атындағы №4 лицей-интернатына «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» әлеуметтік жобасының аясында былтырғы жылы толыққанды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлескен интеграциялық жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілуінің нәтижесінде мұғалімдер өзінің кәсіби біліктілігін арттырды. Мұндай игі істер қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын азайтуға мұрындық болып келеді» дейді модератор.

Баланы білімділікке баулу ісінде бір ғана мұғалімнің өзі жұмыс істесе, оқушы белгілі бір жетістікке жете алмауы мүмкін екендігін айтады жас маман.

«Бұл тұрғыда мұғалім ата-анамен тығыз қарым-қатынас орнатуы керек. Біздің лицей-интернаттың ерекшелігі сол, мұнда ауданымызға қарасты шалғай ауылдардан келген балалар да білім алады. Оларға сабақтан тыс уақытта арнайы тәрбиешілер сабақ береді. Әрі тәртібімен айналысады. Балалар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Соған қарамастан, баланың жетістігі мен кемшін тұстарын үнемі ата-анаға хабарлап, айтып отырамыз. Өкінішке орай, баласының тәртібі мен білімін түбегейлі апайына ысырып қоя салатын ата-аналар да баршылық. Мұндай жағдайда жұмыс өз нәтижесін бермейді. Сондықтан да балаларымыздың болашағы жарқын, келешегі кемел болсын десек, ата-аналардың мұғалімдермен бірлесе жұмыс істегені абзал» деп ата-аналарға деген өтініш тілегін де жеткізді.

Ұстаз деген ұлағатты мамандықтың иесімен әңгімелесу барысында оның талапшылдығы мен жаңашылдығын аңғардық. Әр сабақты түрлендіріп, оқушыны қызықтырып өту арқылы күрделі тақырыптарды балалардың санасына сіңіріп отыратындығы да бүгінгі заманның талабы.

ХХІ ғасыр ғылым мен техниканың қарыштап дамыған дәуірінде мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға зор көңіл бөлінген. Сондықтан болса керек, жаңартылған білім курстарынан жиі өтіп отыру арқылы мамандар сәт сайын шыңдалып отыратын тәрізді.

«Жаңашылдық – бүгінгі қоғам талабы. Сондай-ақ, мамандардың жаңаға деген ұмтылысы, ізденісі де сапалы білім алуға өз септігін тигізбек. Бүгінгі таңда сыныптағы әрбір баланың тұлғалық дербестігін ескеру арқылы оқу үдерісін ұйымдастыру қажет. Сабақ аяқталғаннан кейін де оқушылардың сабақ үлгерімі сараланады. Түсінбеген жерлерді анықтауға да арнайы уақыт бөлінеді. Әрі мұндай оқушылармен де егжей-тегжейлі жұмыс істелінеді. Сонымен қатар, балалардың жасының кішілігіне қармастан олардың әрбірінен ойын анық әрі еркін жеткізу сұралады. Бұл өз кезегінде сыни көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді» деп жалғады сөзін педагог. 

«Мұғалім – адамның ардақты аты» десек бүгінгі педагог мамандардан терең білім, жоғары педагогикалық шеберлік, табанды ерік-жігер, парасатты мінез-құлық талап етіледі. Біздің кейіпкеріміздің бойынан осы талаптардың барлығы табылатындығына қарап, ауылдан да талай таланттардың шығатынына шүбә келтірмедік...

Жаңаны жатсынбайтын, еңбексүйгіш осындай жалындаған жастарға қарап Тәуелсіз Қазақстанның мәңгілік ел екеніне нық сенім білдіресің.

Бек МЫРЗАҰЛЫ,

Қазақ үні