ЖАС ПРЕМЬЕР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНУЫН ҚОЛДАУЫ ҚАЖЕТ! - Қазыбек Иса

ЖАС ПРЕМЬЕР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНУЫН ҚОЛДАУЫ ҚАЖЕТ! - Қазыбек Иса

Бүкіл қазақ күтіп отырған ең басты мәселе - Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау - Ел сенімін ақтау жаңа премьерге жарқын жол ашады.

Бұған дейін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға ескі премьерлер тосқауыл жасаған еді, енді жаңа, жас премьер қолдау жасауы қажет.

"Жас келсе - іске" - деп, атам қазақ босқа айтпаған... 

Тіліміз төрге шықпай, еліміз өрге шықпайды! 

Жақында жаңадан жасақталған Үкімет мүшелерін парламентте бекітерде Премьер-Министрдің орынбасары мен Ғылым министріне Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін, бұрын екі ескі премьер қолдамаған бұл заңды жаңа, жас премьер қолдауы керектігі туралы ұсыныс айтып, зор міндет артқанбыз. 

Осы айда ел көптен күткен үкімет тарап, жаңа үкімет жасақталды. Көптен күткен дегеніміз, үкіметті тарату керек деп, осыдан екі жыл бұрын, Ә.Смайылов тағайындалған Үкімет жасақталғаннан кейін-ақ үш айдан кейін көтерген еді. Иә, 2022 жылы 14 наурызда Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында, Қаңтар қасіреті есебін тыңдауда Үкімет басшылары мен Бас прокурор бастаған құзыретті органдардың барлығы келіп, есеп бергенде сөйлеген сөзінде айтқан болатын. «Үкіметтің әрекетсіздігі сонша, егер министрлердің барлығын әкімдермен қосып бірер күн басқа жаққа әкетіп қалса да, елде ешнәрсе өзгермейтін жағдайға жеттік. Ендеше мұндай үкіметтің не керегі бар?.. Бізге Елдің жағдайын жақсартатын, ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСЕ АЛАТЫН ҰЛТТЫҚ ҮКІМЕТ КЕРЕК!» - деп мәлімдеген болатын.

Иә, бар-жоғы білінбейтін үкімет кеш те болса, ақыры кетіп тынды. Ал жаңа үкімет өзін жақсы жағынан көрсетіп, халықтың тілінде сөйлейтін Ұлттық үкімет бола ала ма, оны уақыт көрсетеді.

ҚР Парламенті Мәжілісінде үкімет мүшелерін тағайындауға келісім беру үшін комитеттер отырысы өткенде, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде 1 вице-премьер мен 6 министрдің кандитатуралары талқыланды.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Т.Дүйсенова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Жақыповаға қандастар мәселесіне байланысты қойған өткір сұрағы: «Азаматтық ала алмаған қандастарды үкіметке ертіп бара беремін!»-деген атпен жарияланды. 

Енді сол үкімет мүшелерін бекітуде жаңа министрлерге артылған міндеттердің ішіндегі маңыздыларын ел хабардар болсын деген ниетпен жариялап отырмыз.

Үкімет мүшелігіне қайтадан бекітілген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Т.Дүйсенова мен Ғылым және жоғары оқу министрі Саясат Нұрбекке біз де біраз міндет жүктедік. 

- Ғылым және жоғары білім министрі болып қайта тағайындалып отырған Саясат Нұрбекке сенім білдіре отырып, артатын міндетіміз де аз емес. Әрине, жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігінің қазығын қағып,шаңырағын биіктетіп, керегесін кеңейтіп, аяғынан тұрғызу оңай болған жоқ, бұл үлкен еңбек. Биыл министрліктің бюджеті екі есеге жуық өсті. Мемлекет басшысының қолдауымен Ғылым ақадемиясы қайта құрылды. Академиктерге өмірлік зейнетақы төленетін болды. Жоғары оқу орындарымыздың деңгейі биіктеп, өрісі кеңейіп, халықаралық байланыстары күшейіп келеді.

Менің ерекше баса назар аударатыным, Тіл комитеті осы министрлікке қарайтындықтан, тіл мәселесін қозғамай қала алмаймыз.

Өткен жылдың аяғында елімізде тіл саласында жақсы жаңалық болды. Тұңғыш рет қазақ-ағылшын Оксфорд сөздігі жарыққа шықты. Астанадағы Назарбаев университетінде елімізде тұңғыш рет қазақ-ағылшын, ағылшын-қазақ тіліне аударылған Oxford Qazaq Dictionary сөздігінің тұсаукесері өтті. Ондай тұсаукесер Ұлыбританиядада, Оксфорд университетінде де өтті. Әлемнің ең мықты университеті Оксфордта қазақ тілі оқытылатын болды. Бұл сөздіктің жарыққа шығуының маңызы зор! Тұнғыш Oxford Qazaq Dictionary негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. Бұл қазақ тілінің әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздік желісіне енуін, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуын білдіреді.

Бізде цифрлық бағдарламалардың бәрі қазақ тілінде болуы тиіс. Өйткені, ел қай тілде деректер қорынан іздегенін тез таба алса, сол тілді қолдануға мәжбүр. Қазіргі жаһанды жаулап келе жатқан жасанды интеллектінің негізі, негізгі қоры қазақ тілі болуы керек. Жасанды интеллект енді еніп келеді өмірге. Сондықтан оның қазақ тіліне негізделуіне жағдай жасау керек үкімет.

Оксфорд сөздігі, қазақ тілінің цифрлық бағдарламалардың барлығына енуі бұлар толығып жатқан ең қажетті материалдық базалар. Ең бастысы - саяси базамыз толығып, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы қажет! Сонда ғана төрт құбыламыз түгел бола алады. Үй салу үшін ең алдымен іргетасы, фундаменті болуы керек. Ол - Мемлекеттік тіл туралы заң! Біз 30 жылдан бері үйдің фундаментін емес, қабырғасын, шатырын, терезесін салып келеміз. Сондықтан да үйіміздің әлі күнге бітпей жатқаны.

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау тікелей министрдің ерік-жігеріне байланысты. Бұл сізге де тікелей байланысты вице-премьер Тамара Босымбекқызы ханым. Біз Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы 2019 жылы ҚР Президенті Қ.Тоқаев басқаратын Ұлттық кеңестің бірінші отырысында да, 2021 жылы депутат бола салысымен Премьер-Министр А.Маминнің атына да, 2022 жылы Премьер-Министр Ә.Смайыловтың атына да депутаттық сауал жасадық.

"Қазақ үні" ұлттық порталындағы әйгілі ұлт зиялылары бастап, 130 мың адам қол қойып, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы ҚР Президентіне Ашық хат жазылып, елдің талабымен, 2020 жылы Мәдениет министрлігі Мемлекеттік тіл туралы заң Концепциясы жобасын Үкіметке өткізгеніне биыл 4 жыл болды. Содан бері еш қозғалмай жатыр. Ол концепцияны Мамин ашпай кетті, Смайылов та қолын тигізбей кетті. Ендігі үміт - үшінші Үкімет басшысы Олжас Бектеновте. "Жас келсе - іске" деген. Министрлік Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдауды қолдаса, Премьер де қарсы болмауы керек. Мемлекеттік тіл туралы заңды қабылдау - бүкіл қазақ күтіп отырған ең басты мәселелердің негізгісі. Ендеше, Ел сенімін ақтау жаңа премьерге жарқын жол ашады. Бұл жолда қайрат көрсету вице-премьер Тамара Дүйсенова ханым мен Ғылым және жоғары оқу министрі Саясат Нұрбек мырза, сіздердің тікелей міндеттеріңіз. 

Әрине, ел күтіп келе жатқан бұл аса маңызды міндетті атқару жолында вице-премьер мен министр "бірге жұмыс жасаймыз"деп сендірді. 

Тіліміз төрге шықпай, еліміз өрге шықпайды! 

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ - ЕЛДІҢ ЕҢ БАСТЫ МӘСЕЛЕСІ 

Біз енді бұған дейін Парламенттегі Мемлекеттік тілге арналған, екі ескі премьерге жолданған депутаттық сауалдар туралы қысқа-нұсқа мәлімет бере кетейік. 

1.Парламент Мәжілісі депутатының мандаты қолымызға тие салысымен, 2021 жылы 3 ақпанда Премьер-Министр А.Маминге жасаған «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ МӘРТЕБЕСІН ЖЕКЕ ДАРА АНЫҚТАЙТЫН УАҚЫТ ЖЕТТІ!» атты депутаттық сауалымызда бірнеше маңызды ұсыныстар жасадық: 

1.Мемлекеттік тілдің мәртебесін Атазаңымызда жеке дара анықтау қажет!

2. Мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;

3. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу, оның қажетті механизмдерін жасау;

4. Парламент пен үкіметтегі Заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, ақпараттары мен есептерін, іс қағаздарын және т.б. ресімдеудің негізгі нұсқасы – тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс.

5. Кез келген тілдін дамуының кепілдігі – оның экономикалық және қаржылық салада қажеттілігі. Сол себептен мемлекеттік тілді ең алдымен экономикада да қолдануды күшейтуіміз қажет. Мысалы, Норвегияда «Мұнай туралы» Заңның 6 және 37-баптарында: «Мұнайға қатысты қызметте мүмкіндігінше норвег тілі басым болуға тиіс. Басқа тілдер қажетті немесе ақылға қонымды болған жағдайда ғана пайдаланылуы мүмкін»-деп жазылған.

Бізге де мемлекеттік тілдің қолдануды саласын кеңейту, сондай-ақ кадрларда қазақстандық қамтуды ұлғайту мақсатында әлеуетті инвесторларға, шетелдік компанияларды қоса алғанда, инвестициялық преференцияларды бергенде, жер қойнауын пайдалануға құқық алуға келісім-шарттарда конституциялық нормаларға сәйкес мемлекеттік тілді міндетті түрде пайдалану талабын белгілеу керек. 

Осы депутаттық сауалымызға Премьер-Министр А.Маминнің жауабы қандай болғаны менің «ПРЕМЬЕРДІҢ ШАЛА ЖАУАБЫНА ТОЛЫҚ ЖАУАП» атты Үкімет басшысына екінші рет жазған хатымда толық баяндалған, ол баспасөзде жарияланды. 

2. 2022 жылғы 27 сәуірдегі "Конституциядан 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек!" атты депутаттық сауалымыз қоғамда зор резонанс тудырғаны белгілі.

Осы сауалдағы ұсыныстарымыз: 

1.Ұлттық идеологиямыздың концепциясын тез арада заңды түрде бекіту қажет!

2. Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек!

3. Конституциядан 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Қазақ тілінің Мемлекеттік тіл ретінде жеке дара статусын айқындау керек!

4. Мемлекеттік тілдің дамуы мен тиісті заңды қадағалау үшін тікелей Президентке қарайтын Тіл агенттігін құру қажет;

5. Қазақстанның ұлттық ақпараттық қауіпсіздігін жасап, шетелдік телеарналар мен БАҚ-тардың таралуын шұғыл тоқтату қажет!

6. Қазір геосаяси жағдайларға байланысты біздің елге басқа елдерден қоныс аударушылар ағылып жатқандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2019 жылы «Ақ жол» фракциясы ұсынғандай, Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен Конституциядан, ел тарихынан емтихан тапсыруы тиіс. 

Бұл сол ҚР Парламенті Мәжілісінің VII шақырылымындағы 41 депутат қолдаған "Ақ жол" фракциясының сауалына Премьер-Министр Ә.Смайыловтың жауабы да мардымсыз болды. Ол да еліміз үшін өте маңызды нақты ұсыныстарға тіке жауап бермей, сылап-сыйпап айналып өткен. Тек "Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен Конституциядан, ел тарихынан емтихан тапсыруы тиіс."- деген ұсынысымызды ғана қолдады, ол жақында Мәжілісте қабылданып, Сенатқа кетті. 

ЕЛ ҮМІТІ - ЖАС ПРЕМЬЕРДЕ 

Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш қабылданған “Тіл туралы заңда” тіл саясатын жүзеге асырудың ешқандай заңдылық тетіктері айқындалмай, нақты шаралары белгіленбеген. Ал енді одан бері 27 жылда- ширек ғасырдан астам бір дәуірде қоғам мүлде өзгерді. Қазір ұлттық санамыз мүлде басқа сатыға көтерілді. Міне, осы орайда тіл саясатын жүргізудің жаңа үлгісін жасап, жаңа Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек.  

Тәуелсіздік алғалы Конституциямыздың өзі екі рет қабылданып, бірнеше рет өзгерді. Елбасы туралы заң қабылдарда 18 минутта өзгеріп кеткенін де жақсы білеміз. Былтыр 2022 жылы 5 маусымда жалпыхалықтық референдум арқылы түбегейлі саяси өзгеріс жасалды. Ал Кеңес империясы кезіндегі заңнан айырмашылығы жоқ Тіл туралы заңымыз 27 жылдан бері әлі жансыз, қатып қалған күйде өзгермей, реанимацияда жатыр. 

2020 жылы 1 қазанда Қазақстан халқы Ассамблеясында еліміздегі барлық этнос өкілдері «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ МІНДЕТТЕУ КЕРЕК» деп, арнайы ресми үндеу қабылдады. 

Біз енді тағы кімді және нені күтіп отырмыз?!.

Мысалы, Ресейде мемлекеттік тілді талап етсең - патриот болып мақталасың. Ал Қазақстанда мемлекеттік тілді талап етсең, нашар мағынадағы “ұлтшыл” атанып, датталасың, тіпті сотталасың. Жындыханаға да түсесің! 

Тілдік дикриминацияға ұшырап жатқан ҚАЗАҚ ТІЛІ!

МЕМЛЕКЕТТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ ДИСКРИМИНАЦИЯҒА ҰШЫРАУ - тарихта әлемде тек Қазақстанда ғана! 

Сондықтан, “Бізде бір ғана мемлекеттік тіл бар, ол - қазақ тілі”, “Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі -міндетті”-деп, бірегей ұлт саясатын ұстанған ҚР Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, бір ғана Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керек!

Сонда ғана мемлекет басшысының айтқаны заңмен бекітіледі. 

2023 жылы көрші туыс ел Қырғыз Республикасы Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдады. Өзбектерде Кеңес одағы кезінен бәрі өзбек тілінде сөйлейді. 

Біз де “ештен кеш жақсы” дегендей, Тәуелсіздігімізге 33 жыл толғанда әлемдік тәжірибе көрсеткендей, Түбегейлі өзгерісті Тілден бастамасақ, тірлік дамымайтынын 30 жылымыз айқын көрсетті.

30 жылда 30 сөз үйренбегендер тек қажеттілік тудыратын заң болғанда ғана Мемлекеттік тілді мойындайтыны ақиқат! 

Еліміз Азаттық алғалы 33 жылдан бері күтіп келе жатқан ең басты мәселесі, Тәуелсіздіктің басты тіректерінің бірі Мемлекеттік тіл туралы заң әлі қабылданбай келе жатқанын үнемі жазып келеміз. Ендігі ел үміті - Үкіметтің жас басшысы Олжас Бектеновте. "Жас келсе - іске" деген халық даналығын ақтайтын кез келді! 

Еліміздің 12-ші Премьер-Министрі Олжас Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматыда дүниеге келген. Ол ел тарихындағы барлық үкімет басшыларының ішіндегі ең жасы. Яғни, мемлекетіміз Тәуелсіздік алған 1991 жылы 11 жастағы мектеп оқушысы болатын. Демек, есейген кезінде коммунистік-кеңестік қызыл империяның отарлық құлдығын көрмеген, бодандығын басынан өткермеген бостан ұл. Бұл бойында Тәуелсіздік рухы бар деген сөз. Бәлкім, жаңа үкімет басшысы кім болады дегенде, саясатпен сақалы ағарған сақа сарапшылардың бір де бірінің аузына түспеген тосын тағайындау - Тоқаевтың таңдауының тамыры да осында жатқан шығар. Ал ар жағын айтпағанда, бір ғасырдан астам бұрынғы алғашқы автономиялық үкіметіміз Алаш Ордадан бері ең басты мақсатымыздың бірі - Тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы. Тіліміз Тәуелсіздік алуы үшін атқарушы билікте тәуелсіз тұлғалар болуы керек. Оның үстіне Олжас Абайұлы Алаш Орда үкіметі дүниеге келген 13 желтоқсанда туған екен. Біз бұның бәрін жақсы үмітпен жазып отырмыз. Нәтижесін әрине, уақыт көрсетеді.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ТАЛАП ЕТУШІЛЕР САНЫ ТАРИХИ РЕКОРДҚА ЖЕТТІ! 

1. 2020 жылы «ҚАЗАҚ ҮНІ» ұлттық порталында "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАП, КОНСТИТУЦИЯДАН 7-баптың 2-тармағын АЛЫП ТАСТАУ КЕРЕК!" атты ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа қол қоюшылар саны үш айда 130 мыңға жетті.

1 миллион 6467 адам оқып, 1 мыңнан аса қолдаған коммент жазылды.

Бұрын-соңды Ұлт мүддесі үшін мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұл тек интернетке қолы жеткен 130 мың Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр.  

2. 2022 жылғы 27 сәуірдегі "Конституциядан 7-ші баптың 2-ші тармағын алып тастап, Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек!" атты ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса жариялаған, 41 депутат қол қойған "Ақ жол" фракциясының депутаттық сауалы қоғамда зор резонанс тудырды. 

Еговта осы депутаттық сауалды қолдаған петицияға 500 мыңнан, жарты миллионнан астам адам қол қойды.

Әлеуметтік желілерде жаппай қолдаған челендж әлі күнге дейін жалғасуда. 

Ал бұрынғы мөлшерден жүздеген есе көп тарихи рекордқа жеткен жүздеген мың халықтың дауысын еститін мемлекетіміз қайда?

Әлде, Мемлекетіміз Мемлекеттік тілді түсінбей ме?

Ендеше, Мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек! 

Қазыбек ИСА,

Қазақ үні