ЖАЙЫЛЫМ ТАПШЫ: АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫН ҚАЛАЙ КҮН КӨРЕДІ?

ЖАЙЫЛЫМ ТАПШЫ: АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫН ҚАЛАЙ КҮН КӨРЕДІ?

«Қаланы қайтесің, ауылға барып мал асыра» деп ақыл айтатындар көп. Қаладан қажығандар сөйткесі келеді-ақ. Бірақ, төрт түлікті түлету оңай шаруа емес. Тиынға тиын қосып, техника сатып аларсың. Жер мәселесіне тап келгенде қиналатындар аз емес. Бай-бағландар жерді меншіктеп, тышқақ лақ та асырып отырған жоқ. Малы жоқтың, жері бар. Жері жоқтың малы бар...

Тапшылық һәм тапсырма

Елімізде жеке шаруашылықтар көптеп құрылып, мал саны артқан сайын жайылатын жер де тарылғаны жасырын емес. Тіпті бұрыннан бері ауыл халқының азын-аулақ малы тебіндеп келген елді мекен аумағындағы алақандай жердің өзі жекенің қолына өтіп, жер дауы ушығып тұр.

Алдыңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Мен бос жатқан жайылымдық жерлерді тезірек қайтарып алып, оны ауыл тұрғындарына беруді тапсырған болатынмын. Қазір халық үшін айрықша маңызы бар жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ бұл жерде де Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктер көзбояушылыққа жол берген. Министрлік жайылымдық жердің тапшылығы 6,8 млн. гектарға немесе 32 пайыз азайды деп мәлімет беріп отыр. Бұл шаруа қожалықтарымен меморандумға қол қоюдың және елді мекендердің аумағын кеңейтудің арқасында мүмкін болды. Алайда Бас прокуратураның тексерісі көрсеткендей, бірқатар өңірде жайылымдық жердің тапшылығы әлі де азаймаған.

Ақмола, Атырау және Қостанай облыстарында ауыл тұрғындарына малын фермерлердің жеріне жаюға рұқсат беріледі деген жалған меморандум жасалған. Шын мәнінде, жайылымдық жердің тапшылығы қағаз бетінде ғана азайған. Бұдан бөлек, аймақтар халықтың жайылымға деген сұранысын төмендетіп көрсете бастаған. Үкімет неге бұған көз жұма қарап отыр? Мұндай әрекеттер ауыл халқының наразылығын өршітпесе, кемітпейді. Үкіметке жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, осы мәселені түбегейлі шешуді тапсырамын», деген болатын.

Бұл тапсырмадан кейін аз уақыт өткен жоқ. Өкінішке қарай, мәселе ушықпаса, шешілді деп айта алмаспыз. Қай өңірге барсаң да шырылдап жүрген шаруалар алдыңнан шығады. Аулада мал ұстаған ағайынның мәселесі бір бөлек.

Солтүстікте де сорлап жүр...

Жасыратыны жоқ, бұған дейін аталған мәселе халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік өңірлеріне тән болса, соңғы уақытта солтүстік өңірлерде де өзекті бола түсуде. Жер дауы Павлодар облысын да айналып өткен жоқ. Бұған дейін Ақтоғай ауданына қарасты Мүткенов ауылдық округінің тұрғындары елді мекен аумағындағы жердің сатылып жатқанына наразылық танытып, бас көтерген болатын. Белгілі болғандай, аудан әкімдігі аталған округке қарасты 5 ауылдың жерін саудаға шығарған.

«Ауыл тұрғындарының басым бөлігі – жұмыссыз. Төрт түлігін түлетіп, нәпақасын айырып отыр. Әр елді мекеннен шамамен 2 отар қой, 2 табын сиыр ауыл сыртында жайылады. Кейбіреуінің азын-аулақ жылқылары да бар. Жердің сатылымға шыққанын естіп, жағамызды ұстадық. Жайылым жер болмаса, ауылдағы ағайын күнін қалай көреді? Жаппай қалаға қоныс аудармай ма? «Ауыл – ел бесігі» сияқты ауылды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың түпкі мақсаты ауыл тұрғындарын тұрақтандыру емес пе еді», деп күйінді жергілікті тұрғындар.

Қуанышқа орай, ауыл тұрғындарының жанайқайы аудан әкімінің құлағына жетіп, конкурс тоқтатылып, аталған округ аумағындағы жерлер сатылмайтын болды. Сонда жер мәселесі тұрғындардың бас көтеруімен реттелетін болғаны ма? Ауыл халқы үнсіз қалса, жайылым жер жекенің қолына өтетінін бағамдай беріңіз.

Округ аумағындағы жерді жергілікті ірі көкөніс өсіруші сатып алмақ болыпты. Жалпы, аймақта мал ұстаған ағайынның егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлермен «бетпе-бет» келуі алғаш рет орын алып отырған жоқ. Павлодар ауданы Чернорецк ауылының шаруалары төрт түлік жайылатын жердің жоқтығын айтып, дабыл қаққан болатын. Мал баққан ағайын жердің басым бөлігі егіс алқабына айналғанына наразылық танытқан еді.

Белгілі болғандай, аталған ауылдағы 73 мың гектар алқаптың 16 мың гектары ғана жайылым жер. Қалғаны өсімдік шаруашылығымен айналысатын диқандардың иелігінде. Мәселенің мән-жайын білмекке шаруашылық басшысы Қуандық Тутбаевқа хабарласқан едік.

– Жерді алып, мақсатты түрде пайдаланбайтын кәсіпкерлер көп. Кәсібін дамытамын деген азаматтарға үлестірілуге тиіс. Өсімдік шаруашылығын өркендетеміз деп мал шаруашылығы тасада қалды. Төрт түлікті қайда жаятынымызды білмей дал болудамыз. Малды сатудан басқа амал жоқ. Осылай жалғаса берсе, ауылға кім қоныстанады? Ауыл қайдан жаңғырады? Осы мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылданған жоқ, – дейді Қуандық Тутбаев.

Облыстық мәслихаттың депутаты Болат Аманжолов жер дауына қатысты түсінбеушіліктердің барлығы заңмен реттелу керек екенін айтты.

– Ата-бабамыздан ұлан-байтақ жер қалса да, ауыл жұртының «мал жаятын жер жоқ» дегенін ақпарат құралдарынан да, өңір-өңірді аралаған кезде де жиі естиміз. Қазіргі уақытта малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылады. Сондықтан ауыл маңайындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнімділігі жыл сайын төмендеп барады. Мал жаю ережелерін мүлдем елеусіз қалдыру салдарынан ауыл маңайындағы жайылымдар тақыр жерге айналып отыр. Осыған байланысты зоогигиеналық ахуал шиеленісіп, мал ауруының көбеюіне әкеліп соқтыруда. Алдағы уақытта қабылданатын жаңа заң жобасы түсінбеушіліктерге нүкте қояды деген сенімдемін, – дейді Б.Аманжолов.

Батыл қадам қажет

Ауыл маңындағы азын-аулақ көкті талғажау еткен малдың бүйірі шыға қоймасы анық. Шынында да, шағын ауылда малдан басқа күнкөріс көзі жоқ.

– Жайылымның бәрі жекеменшікте емес. Көпшілігі 49 жылға жалға берілген. Яғни оны алып, ортақ пайдаланымға беруге болады. Білуімше, «Жайылымдар туралы» Заңда жергілікті атқарушы билік халық мұқтаждығы үшін жер учаскелерін мемлекет меншігіне алуға мүмкіндігі бар екені жазылған. Заң демекші, бізге арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін құжат керек. Әйтпесе, жайылым мәселесі жылдан-жылға ушығып барады. Жауапты органдар аталған түйткілді майшаммен қарап, батыл шешімдер қабылдауға тиіс, – дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаев.

Қазақстанның барлық жерінің 80-85 пайызы немесе 187 млн. гектар жері – жайылым. Осы жерлерде көктейтін бірнеше жүздеген табиғи өсімдіктер бар. Мамандардың айтуынша, олардың көпшілігі малға қолдан берер шөп ретінде шауып алуға келмейді, өнімсіздеу, сирек және аласа, тек мал жаюға ғана келеді. 

 – Ата-бабамыздың жайылымды игеруі әлемдік ғылым. Ал қазіргі тірлік «Жібекті түте алмаған жүн етеді» дегеннің кебі. Болмаса біздің жерден анағұрлым нашар, тіс шұқырға қылтанағы жоқ жерді мекен еткен өзге халықтар өз жерінен жеріп, ауып көшіп жатқан жоқ қой. Толық меңгерсе қай істің де қоры, жаманы жоқ. Қазақ балаларына: «Бәріңе бірдей той жоқ, бірің тойшы болсаң, бірің қойшы бол» деген. Малшы болғаннан кейін малдың өрісін, жайылымын тауып жая білу керек, сонда шаруаң оңала береді. «Түгін тартсаң майы шығады» деген мақал осыдан шыққан.

Жайлау туралы айтсақ, жеріміздің көп жері жайылым болғаннан кейін, ол байлық ұқыпты игерілуі керек. Бірақ біз мал бағуды қор санайтын жағдайға жеттік. Бұл қалай? Мысалы, жылқы бағу қорлық болғаны ма? Жылқы баққан адам қай заманда қор болып еді? Еліміздегі осы кең жайылымды толық игерсе, қазақ елі дағдарыс дегенді білмес еді.

Менің ойымша, болашақта еуропаша мал бағудан көпшілік елдер бас тартатын болады. Себебі жайлауда өндірілген ет, еуропаша өндірілген еттен 60-70 пайызға арзанға түседі. Және ол – көкжасық, жасанды ет емес, дәрі. Кешегі қазақтар осыны білген және жақсы игерген еді. Демек, қазақтың бүгінгі ұрпағы да сол ата-баба қолданған әдісті толық меңгеруі керек, - дейді М.Қанаев.

Заң жобасынан не күтеміз?

Бұған дейін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жайылымдық жердің тапшылығын шешуге бағытталған заң жобасын көпшілікке таныстырған болатын.

– Соңғы жылдарда елімізде жайылымдардың тапшылығы өзекті проблемаға айналып отыр. Әсіресе мұндай жағдай ауылдық жерлерде жиі байқалады. Салдарынан жергілікті тұрғындар қолындағы аз ғана малдың өзін жаятын жер таба алмай қиналуда. Мемлекет басшысы жайылымдарды тиімді пайдалану керектігіне баса назар аударуда. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты да нақты тапсырмалар берді. Осыған орай Сенат депутаттарының бастамашы болуымен арнайы заң жобасы әзірленді. Жайылымдарды басқару және пайдалану тетіктерін одан әрі жетілдіретін жаңа нормалар көпшілікке таныстырылды. Жобаны дайындау барысында сала мамандарының қатысуымен дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізілгенін және көрші елдердің бұл бағыттағы тәжірибелері жан-жақты зерделенгенін атап өткен жөн. Осылайша, қолданыстағы заңнамалық актілерге бірқатар маңызды түзету мен толықтыру енгізу көзделіп отыр. Алдағы уақытта заң жобасы белгіленген заңнамалық тәртіппен Үкіметке және Мәжіліске жолданады. Нәтижесінде, бәріміз бірлесіп, ауылдағы ағайынды алаңдатқан мәселенің оң шешімін табамыз деп сенеміз, – деген болатын М.Әшімбаев.

Осы ретте, ақпанның 15-інде Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда талқыланып, мақұлданды. Заң Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленіп, жайылымдарды басқару және пайдалану саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.

«Заңның негізгі ережелеріне тоқталып өтпекпін. Біріншіден, Жер кодексіне өзгерістер енгізілген. Облыстың жергілікті атқарушы органдарының жайылымдардың тозуына және шөлейттенуіне қарсы күрес, жайылымдарға су тарту жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеу және бекіту бойынша өкілеттіктерін кеңейтуді көздейтін түзетулер қамтылды. Аталған іс-шараларды іске асыру төмен тұрған жергілікті атқарушы органдарға бекітілді. Бұл қадамдар жайылымдардың одан әрі тозуын әрі шөлейттенуін болдырмауға мүмкіндік береді және тозған жерлерді қалпына келтіруге, оларды ұтымды пайдалануға, жер ресурстарының өнімділігін арттыруға ықпал етеді», - деді сенатор Сәкен Арубаев.

Қолданыстағы Кодексте жайылымның жалпы алаңына мал басына сәйкес түсетін жүктеме нормасының 20 пайыздан аз болса, артық жайылым мемлекетке қайтарылуға жатады.

«Ал, ұсынылған Заң бойынша түсетін жүктеме нормасы 50 пайыздан аз болған жағдайда, артық жайылым қайтарылады. Енгізіліп отырған норма жайылымдарды тиімді пайдалануға бағытталған. Сонымен қатар, бұл жайылымдардың жетіспеушілігін азайтады. Қолданыстағы Жер кодексінің 36-бабында ауыл халқын шалғайдағы жайылыммен қамту үшін конкурссыз 5 жылға тікелей жер беру туралы норма қазіргі заңнан мүлдем алынып тасталады. Бұл ретте, шөп шабу үшін жер учаскелерін беру тәртібі өзгерген жоқ. Айта кету керек, қолданыстағы норма жеке тұлғаларға және ұйымдасқан шаруашылықтарға конкурстан тыс жайылымдар беру арқылы ауыл тұрғындарын қоғамдық тұрғыда пайдалану мүмкіндігінен айырды», – деді депутат.

Белгілі болғандай, Орман кодексіне де өзгерістер енгізілген. Заңмен орман және табиғат қорғау мекемелерін жыл сайын ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органына шөп шабуға және мал жаюға болатын мемлекеттік орман қорының учаскелері туралы мәліметтер беруге міндеттейтін түзету енгізілген. Аталған түзету орман қоры жерлеріндегі жайылымдарды ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.

«Үшіншіден, «Жайылымдар туралы» Заңға енгізіліп отырған негізгі өзгерістер бар. «Көпшілік пайдаланатын жайылымдар» туралы жаңа ұғым енгізілді. Қоғамдық жайылымдар елді мекендердің іргелес аумағында орналасып, жеке ауланың мал жаюына жергілікті халықтың сұранысын қанағаттандыруға арналған. Оларды ауылшаруашылық жерлерінің басқа түрлеріне ауыстыруға тыйым салынады. Сонымен қатар, олар жекеменшікке берілмейді және тек халықтың мал жаюына пайдаланылады. «Көпшілік пайдаланатын жайылымдар» көлемін ұлғайту мақсатында ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма ұсынылып отыр. Қазіргі кезде олар аудандық атқарушы органның құзыретінде. Бұл норманың басты мақсаты – жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттерін кеңейту және жайылымдарды пайдалану туралы жоспардың кешенділігін қамтамасыз ету. Жайылымдарды пайдалану туралы жоспар енді 5 жылға арналып жасалады», – деп түсіндірді сенатор.

 «Қаралып отырған Заңның қабылдануы ауылды жерлерде ең өзекті мәселелердің бірі саналатын ауыл тұрғындарының жеке малдарын жайылыммен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.

Біреу жайылымдық жерге зар. Ал біреу иелігіндегі жерді игермей алаңсыз отыр. Қорыта айтсақ, жер, жайылым мәселесіне қатысты кез келген заң жобасы жіті әзірленіп, жер дауын шешудегі маңызды құжатқа айналуға тиіс. Әйтпесе, ауылдас былай тұрсын, туыстардың қарым-қатынасына сызат түсірген жер дауының аяқталуы екіталай. Жайылым жайы жедел әрі дұрыс реттелсе екен.

Оралхан АХМАДИЯ, 

Қазақ үні