Жастар әскерден неге қашады?

Жастар әскерден неге қашады?

Үлкендердің «еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» деген батасы күнделікті еститін сөзге айналғандықтан ба, бұған аса мән бермей, бетімізді сипай салатын едік. Соңғы уақытта жаһандағы ахуалға қарап, бейбітшіліктің қадірін сезіне түскендейміз. Бұл ретте, ел қауіпсіздігі мәселесі Тәуелсіздік кепілі екені рас. Төрткүл дүниедегі қарулы қақтығыстар еліміздің Қарулы күштерінің сақадай сай болуын талап етіп отыр. Өкініштісі сол, «елімізді қорғайды» деген жастарымыз әскерден қашып, сенімге селкеу түсіруде.

Енжарлық басым

Әскерге міндетті борышкерлердің статистикасын сараптасақ, 60 пайызы енжарлық немесе қорқақтықтан бас тартса, 30 пайызы жарамсыздық себебінен әскерге бармайды екен. Тек 10 пайызы ғана өздігінен әскерге баруға сұранатын көрінеді. Тегін жазбауды өтінген Арман есімді студент қатарластарының көбі әскерде 1 жыл уақыт жоғалтқанша, жұмыс істеп, табыс тапқанды тәуір көретінін айтады. Ол әскери билетсіз-ақ екі қолға бір күрек табылатынына сенімді.

– Еліміздегі әскери жүйе сонау Кеңес өкіметінің ескі тәртібімен қалыптасып қалған. Жаңа өзгерістер енгізу керек. Неліктен әскерге деген қызығушылықты оятатындай жүйе ойлап таппасқа? Теледидардан, интернет желісінен бейбіт заманда әскер қатарында жүріп о дүниеге аттанған азаматтарды көргенде, ата-аналар баласын әскери борышын өтеуге жіберуге қорқады. Сенімнен гөрі күдік басым. Әскерге бару міндет екенін түсінемін. Бірақ барынша ыңғайлы жағдай жасалуы керек деп есептеймін. Жылы төсек пен тамақ мәселесін меңзеп тұрғаным жоқ, – дейді Арман.

Міндетін мінсіз атқарып келген сарбаз Дидар Ботиннің айтуынша, әскердегі уақыт үлкен өмірге нық қадам басуға оң ықпалын тигізген.

– Мектепте жүргенде-ақ тентектігім басым болды. Бертінге дейін бұзықтығым басылмады. Кез келген істі ақылға салып, ойланып істемейтінмін. Жауапкершілікті терең сезінбедім. Әскерге барғанға дейінгі және әскерден келген Дидардың арасы жер мен көктей. Әскер мені көп нәрсеге үйретті. Ең әуелі ата-ана, бауыр, туыс-достарымның қадірін терең түсіндім. Уақыттың қадірін білдім. Бір сөзбен айтқанда, әскер мені жақсы жаққа өзгертті, бұзықтығым да қалды. Әскерге барғаныма қатты қуанамын. Жастарға да әскерден қашпауға кеңес беремін. Ел болашағы – жігерлі жастардың қолында! – дейді Дидар.

Үлкен ағаларымыз әскер жайлы әңгіме қозғалса, өздерінің сол шақтарын ерекше сағынышпен еске алып жатады. Екі жыл өзге мемлекетте парызын өтеген «дембельдерге» 1 жылдық әскердегі қызықтарыңды айтып таң қалдыра алмайсың. Бұрындары «әскерге өтпей қалды» деген сөз жігіт үшін өліммен тең болған. Ауылдан әскери комиссариатқа аттанған бір топ жігіттің барлығы Отан қорғауға аттанғанша асық еді. Қазіргі жастар физикалық тұрғыдан қуаты кемігені былай тұрсын, рухани тұрғыдан әлсіз. Көп жыл бойы қорғаныс істері жөніндегі бөлімде еңбек етіп, зейнеткерліктің ауылына қадам басқан, Қарулы күштер саласының ардагері Нұрлан Түйебаевтың айтуынша, елжанды азамат ешқашан әскерден жалтармайды. Сол себепті әр отбасында патриоттық тәрбиеге мән берілуге тиіс.

– Дені сау, ақыл-ойы жетілген әрбір азамат Отан алдындағы борышын өтеуге міндетті. Келешектің тұтқасы болар ер азаматтарымыздың жасынан жігер-қайраты толысып, ширақ қимыл иесі атануы отбасыдағы тәрбиеден бастау алмақ. Тәуелсіз еліміздің еңсесін тік ұстайтын жастарымыздың патриоттық сезімі биік, күш-қайраты толық, жігері жалынды болғаны жарасымды емес пе?! Жасыратыны жоқ, еліміз нарықтық экономикаға қадам басқалы азаматтардың көзқарасы да өзгере бастады. Патриоттық тәрбиені тұрмыстық сана ұмыттырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мен қазіргі жастардың рухани айырмашылығы жер мен көктей. 2005 жылға дейін отбасыда бір бала болса да, студент болса да, 18 жасқа толғандықтан әскерге алып кететін. Қазір жеңілдіктер көп. 1-2 кило салмағы жетпесе жарамсыз болып танылады. Қатарынан қалып қойған азамат келесі жолы әскерге баруға құлықсыз болады. Екіншіден, теледидардан қылмыстық топтар туралы кинолар жиі көрсетіледі. Әскери өмірден сыр шертетін дүниелер көп болса, жастардың ынтасы артар еді, – дейді Н.Түйебаев.

Өз аяғымен барып, табытпен оралуда...

Әскерге «Отан қорғаймын!» деп кеткендер табытпен оралып жатыр. Соңғы уақытта елімізде сарбаздардың өлімі жиілеп кетті. Бейбіт күнде жалғыз ұлынан айырылған ананың көл болған көз жасын кім сүртеді? Қорғаныс министрлігі көбіне-көп суицидтің себебін «махаббат жырымен» байланыстырып, отбасындағы тәрбиенің осалдығын алға тартып отыр. Құзырлы орган нақты шаралар қабылдамаса, әскер жақтан тағы қанша қаралы хабар келеді?!

Қазір қоғамда әскер туралы теріс пікір қалыптасқан. Сарбаз өлімі жазатайым оқиға болса бір жөн. Өз-өзіне қол жұмсап, ажалы өзге сарбаздардың әлімжеттік әрекеттерінен келіп жатыр. Сарбаздардың өлімі ұл тәрбиелеп отырған ата-аналардың жүйкесіне кері әсерін тигізіп отырғаны рас. Қазір кез келген тұрғынды тоқтатып, «Балаңызды әскерге жіберуге қалай қарайсыз?» деп сұраңызшы. Қорғаныс министрлігіне шағымын айтып, баласын әскерге жібергісі жоқ. «Қазіргідей халықаралық қақтығыстар белең алған алмағайып заманда тез арада әскерде тәртіп орнатылуға тиіс. «Балық басынан шіриді» демекші, әр сарбаздың өлімі үшін шенділер жауап беру керек», деген пікірді алға тартады жұртшылық. «Министрлік «сарбаздарға тегін білім грантын үлестіріп жатырмыз» деп жүйелі жұмыс істеп жатқан кейіп танытпай-ақ қойсын, қызыл диплом мен қара қағаздың құнын салыстыруға болмайды!» дейді қалың көпшілік.

Қайғылы жағдайлардың жиілеп кетуі соншалық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан армиясындағы әскери қызметшілер арасында өлім-жітімнің жиілегеніне ерекше назар аударып, арнайы комиссия құруды тапсырған болатын. Президент келеңсіздіктердің себебін тергеп-тексеру, әскери қызметшілер арасындағы заңсыздықтарды жою және келешекте әскердегі мұндай теріс іс-әрекеттерді болдырмауды нақтылап, осындай жағдайға жол берген офицерлер жазаланатынын ескерткен еді.

Кім кінәлі?

Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев соңғы уақытта әскерде жиі болатын сарбаздардың өліміне байланысты пікірін білдірді. Генерал азаматтық борыштың бұрынғыдай 2-3 жыл емес, 1 жылға қысқарса да сарбаздардың өлім-жітімі тоқтамай тұрғанына күйініп отыр.

– Мұнда барлық кінә – командирден. Әрі жергілікті әкімдіктер де жауапкершілікті сезінбейді. Әскерге жіберу жоспарын миларына құйып алған. Жүгіріп жүріп военкоматқа тізім тапсырады, болды. Әрі қарай бақылау жоқ. Командир сарбазға әке де, ана да болуы керек. Кейде оның көлеңкесінде өзгелері осындай қитұрқы әрекетке барып жатады. Бұл жағдайда да жауапты командир болып қалатыны сөзсіз. Сондықтан қазір көп адам командирліктен қашып жатыр. Мұны тоқтату үшін реформа керек. Яғни ол жерде ең алдымен кім болсаң да әрбір опасыздыққа кінәліні шеніне қарамай жазалау керек. Мейлі генерал, мейлі сержант болсын, қатаң жазалау қажет. Тіпті бүкіл елге көрсету керек. Білсін. Сол кезде аяқ тартады. Бұл жағдай тоқтайды, – дейді генерал.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, әскерге барып, Отан алдындағы парызды өтеуге әрбір азамат міндетті. «Әскерге барудан қорқып жүргендерге айтарымыз – қазір барлық Қарулы Күштерде құқық бұзушылықтарға жол бермеу шаралары қолданылып жатыр. Барлық құрылым бір шақырылымның әскери қызметшілерінен жинақталады. Әлімжеттік барлық жерде жойылған десек те болады. Казармалар әскери бөлім бойынша кезекшіге шығарылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған, бұл жағдайды үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік береді», дейді аталған ведомство ұсынған ресми ақпаратта. Сондай-ақ ресми хабарламада әскерде болған келеңсіз жайттар туралы анонимді түрде хабарлауға болатыны айтылған. «Сарбаздарға бас және өңірлік әскери қолбасшылары, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бойынша орынбасарларының ұялы телефон нөмірлері беріледі. Ол нөмірлерге кез келген уақытта қоңырау шалып, SMS хабарлама жазуға болады. Сондай-ақ анонимді түрде хабарлай алады. Келіп түскен әр өтініш бойынша тексеріс жүргізіледі. Егер тәртіп бұзушылық анықталса, жедел шара қолданылып, кемшіліктер жойылады», дейді министрлік басшылығы.

Әскери салаға реформа қажет

Қарулы Күштері Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің аға офицері Руслан Тапашевтің айтуынша, бүгінде елімізде 30 мыңнан аса азамат Отан алдындағы борышын өтеуден қашып жүрген көрінеді. Алдыңғы жылдары әскерге барудан жалтарып, есепке алу құжаттарын қасақана бүлдірген немесе жоғалтқан 4 мыңға жуық адам әкімшілік жауапқа тартылған. «Жергілікті әскери органның шақыртуы бойынша келмеген азаматқа 5 АЕК айыппұл салынады. Ал әскерге шақырылушы әскерден бірнеше рет жалтаратын болса 1000 АЕК дейінгі айыппұл, не болмаса 400 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айырылады», дейді Р.Тапашев.

Жастар неге әскерден жалтарады? Әлімжеттіктің әсері бар екені сөзсіз. Өзге де жекелей себептер де жоқ емес. Мәселен, психолог Балабек Сақтағановтың айтуынша, қазіргі уақытта жастардың тұрақты айналысатын хоббиі бар, өздерінің айналысатын сүйікті істері бар. «Сол істерінен, күнделікті қалыптасып қалған өмір сүру дағдысынан ажырағысы келмейді, өмірін өзгерткісі келмейді», дейді ол.

Қорған болып ел қорғайтын қатарласым келді деудің орнына, бар білгенін үйретудің орнына ұрып-соғуға құмар «дембельдер». Балық басынан шіритінін біліп айтқан ғой бабаларымыз. Басшылар да бар былыққа көз жұма қарап отырғаны өтірік пе? «Бас жарылса бөрік ішінде» деген пиғылмен кез келген шуды әскери бөлімнің сыртына шығармауға тырысады. Сарбаз өлімін жасыру мүмкін емес, әрине. Отан алдындағы борышын өтеп келген кез келген жас «таяқ жедім» деп турасынан айта қоймас. Шын мәнінде «өмір мектебінен» өтетінін жасырмайды. Бұл – психологиялық әлсіздік. Құлдық сана. «Мен таяқ жедім, менен кейінгілер де таяқ жеуге тиіс» деген жабайылық. Әлімжеттік болмаса сарбаздар үйінен ақша сұрап сары уайымға салына ма? Жаудың көзін құртуға берілген оқ өз-өзін «жұтуға» жұмсала ма? Әскерге сау болып барған жас отбасына ақыл-есі кем болып қайтар ма еді?

Түйін: Қазіргідей алмағайып заманда әр сарбаздың тағдыры маңызды. Бейбіт күнде жалғыз ұлынан айырылу оңай емес. Сарапшылардың айтуынша, біздің Қарулы Күштерде екі проблема – қатардағы жауынгерлердің зәбір көруі, әскердің ел алдында беделінің төмендеуі байқалып отыр. Бұл – мемлекетті қорғау саласындағы жүйелі проблема, азаматтар мен әскер өкілдері бұл мәселені бірігіп шешуі қажет. Яғни еліміздегі әскери-патриоттық тәрбиені қайта қарау өте маңызды.

Оралхан АХМАДИЯ, 

Қазақ үні