ТЕРІС ПИҒЫЛ мен САСЫҚ ҚУЛЫҚТЫ ЖАСЫРА АЛМАЙСЫҢ...

ТЕРІС ПИҒЫЛ мен САСЫҚ ҚУЛЫҚТЫ ЖАСЫРА АЛМАЙСЫҢ...

Байбалам салмаса, басы ауыратын Ауыт Мұқибек мырзаның маған электрондық “Е-Өтініш” жүйесі арқылы парламентке жазған ресми хаты:  “Мен әлі ұйықтаған жоқпын. Сағат таңғы 4:21 екен.”-деп басталыпты.

Ой, деген-ай?!. Бұл не деген хат? Таңғы төртте ұйықтамасаң, неғыл дейсің, оны маған неге жазып отырсың? Сен таңғы төртте жатасың ба, жатпайсың ба, кіммен жатасың, онда менің, жалпы парламенттің не шаруасы бар?. Бір күні “Таңғы сағат  4 екен. Мен әлі ұйықтамай дәретханада отыр екенмін.”-деп басталатын хат жіберіп жүрмесең болды әйтеуір. 

Әй, Ауыт бауырым-ай!!!  Атам қазақ атты босқа қоймаған ғой ешуақытта! 

Айтпақшы, сен бұл жазбаңды сол таңғы сағат 4:21-де де жібергенсің маған. Сол кезде мен сенен асып түсіп, таңғы сағат 5:27-де жауап та жазғанмын. Ол кезде сенің неше түрлі түс көріп жатқаның айқын еді… Ол хабарламаны өшіріп тастапсың кейін бірақ))). Әрине, сағат 5:27-нің қасында сағат 4:21 ойнамай қалатын болғасын өшірген боларсың))).

Яғни, жан-жаққа боратып  жіберіп жатқан уатсаптағы жазбаларыңды жинап алып, парламентке опай-топай жібере салған болып тұрсың ғой сабазым… 

Хош дейік! Әрі қарай Ауыт мырза не дейді? 

Әрі қарай түн жарымда ай кезіп жүріп, оянып кеткендей бірден “Айтпақшы, осы 20-баптың 5) тармағы туралы депутат ретінде Сіздің өзіңіздің жеке көзқарасыңыз қалай?”-дейді ғой Ауекең не үшін хат жазып жатқаны кенет есіне түсе қалып…

Менің парламенттегі көші-қон заңы жобасы туралы жұмыс тобынан елге ақпарат берген “Қазақ үні” сайтындағы мақаладағы сөзімнен ілік іздепті. Былай дейді:

“Бұл туралы «Қазақ үні» газетінің сайты «Екіншіден, қандастар үшін қолдауымыз керек бұл мәселені. Қандастардың жағдайын білесіздер, өткенде заңдағы 20 баптың 5 тармағын алып тастауды ұсынғанда, “Бұл баптың ешқандай кедергісі жоқ екені анықталды. Өйткені осы мәселеге байланысты қандастар чатында сөз болған тізім бойынша азаматтық алуға құжат тапсырғандардың бәрін тексеріп, әрқайсысымен жеке сөйлесіп, анықтадық. Сондықтан Үкімет бұл ұсынысты қолдамай жатыр”-дейді уәкілетті министрлік өкілі. Біздер өз ұсынысымызды қорғап, қарсы шығудамыз, бірақ Үкімет осылай қарсы болып отыр…»-деген ақпарат таратты. Демек атышулы норма “Халықтың көші-қоны туралы” заңынан алынбайды деген сөз”-деп бір түйін жасап қояды Ауекең.

Әрі қарай кеттік.

“Қарап отырсақ, бұл номаның этникалық қазақтардың құқығын шектейтіні және оларды Үкімет айқындаған өңірлерге мәжбүрлеп қоныстандыруға апарып соқтырғаны туралы мәселе көтеріп, Сіздерден осы номаны заңнан алып тастау туралы ұсыныс бергеміз. Ал, сіздер – депутаттар біздің ол ұсынысымызды Үкіметке жібересіздер.

Осы жерде Сіз екі араға ұсыныс тасыған делдал секілді болып тұрған жоқсыз ба?”- деп бір тоқтап, ентігін зорға басады ғой сабазың.

Қайтсін енді? Таңғы 4-ке дейін ұйықтамау оңай ма? Оған дейін не істегенін бір құдай білсін?!. 

Норманы көп жерде  “Нома” деп қате жазған екенсің, сол күйі қалдырдым жазбаңа қол сұқпай… 

1.Біріншіден, көші-қон заңындағы 20 баптың 5 тармағын алып тастау туралы ұсынысты маған сен емес, қандастар қамымен қайратты түрде айналысып келе жатқан қайраткер Рақым Айыпұлы былтыр қоңыр күзде жазып жіберген. Кейбіреулер сияқты түкірігі шашырап, бос байбалам салмай-ақ, байыпты түрде  білікті заңгер ретінде барлық нақты ұсыныстарын ұсынған.  

Қытай  қысымын 2017 жылы Астанадағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылтайында президентке алғаш мәлімдеген Германиядағы қайраткер бауырымыз Өмірхан Алтынды 2023 жылы қыркүйек айында “Отандастар” форумына келгенде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға алып кіргенде де екеуміз бұл 20 баптың 5 тармағын алып тастау, қандастарға “қазақ” деген анықтама беру тб  туралы мәселе көтергенбіз. 

Қандастарды Солтүстікке апарып орналастыруға зор еңбек еткен, Қытай  қысымын Женева мен Брюссельде Өмірхан Алтын екеуі әлемге алғаш әшкере еткен,  қандастар мәселесін көтерген “Атажұрт” ұйымын алғаш құрып, аяғынан тұрғызған, кейбіреулер сияқты жұмысы жұртты қаралайтын сылдыр сөзбен емес, нақты іспен айналысатын Қыдырәлі Оразұлы да бұл 20 баптың 5 тармағын алу мәселесін талайдан бері көтеріп, маған парламентке арнайы  жазып келеді. Сонымен қатар қандастардың зейнетақысы, туу туралы куәлік, апостиль мәселесі, азаматтық алуды оңтайландыру туралы көптен бері көтеріп,  ұсыныс жасап келеді.

Осы жерде бұл 20 баптың 5 тармағы туралы тұжырымымды  бұған дейін сөздерімде талай айтсам да ұқпаған екенсің, тағы да түйіндей кетейін. Бұл бапты өзерту біздің негізі мақсатымыз. Ол бұл жолы  өтпей қалатын болса да, тоқтап қалмаймыз, қашан қандастарға кедергі жасайтын 20 бапты өзгерткенше күресе береміз. Баяғыдан ютубта  тарап жүрген, Алматыдағы Қандастар жиынында сөз сөйлегенде мәлімдегенімдей, “Қытайдағы ең соңғы қазақ аңсаған атажұртына жетіп, шекарадан өтіп, қазақ топырағын сүйгенше біздің күресіміз тоқтамайды!” 

2.Ал “делдалдық” мәселесіне келсек, оны  біз білмесек те, сен жақсы білесің ғой, Ауыт. 

Оралмандарға азаматтық алып берем деп, немесе балаңды оқуға түсіріп берем деп ақшаларын  алған, бірақ істі бітірмеген “делдалдықтарыңның” алды сотқа дейін жеткені баспасөзде әшкере болғанын жақсы білеміз. Бұл әңгімені әрі созбай-ақ қоялық. Қайтадан сот басталып кетер… 

3.Одан әрі  кеттік. “Құры «Бүйттік!», «Сүйттік!» деген бос сөзіңіз  болмаса, осы норма туралы бәлендей бір саусақ ұшын қимылдатқаныңыз көрініп тұрған жоқ”.-деп сайрайды сабазың… 

1).Өткенде мен 20 баптың 5 тармағын алып тастауды заң жобасының кестесіне кіргізген “ҚАНДАСТАРЫМЫЗ ҚАПТАП КЕЛУІ ҮШІН ЗАҢМЕН ЖОЛ АШУЫМЫЗ КЕРЕК” атты мақала мен  видеоны көріп,  риза болғаныңды жасыра алмай, (қанша дегенмен ақындығың бар ғой) мақтағанда тағы да Сталинді мақтаймын деп лайықты сөз таппай, “Қиналған Жамбыл жер осы” болдың ғой Ауыт!  

2). Сен келтірген, күйе жағуға тырысып жатқан “Қазақ үні” сайтындағы “ҚАНДАСТАРҒА ЖЕР ТЕЛІМДЕРІ БЕРІЛУІ КЕРЕК!” деген  мақала биыл 5 ақпанда жарияланған. 

Әркім көңіліне қарай көргенін айтады. 

Сен осында айтылған менің сөзімнен ілік іздесең, ал менің фейсбук парақшамда бүкіл ел біздің қандастарға конкурссыз жер телімін беруді ұсынған баптарымыздың заңға кіргенін қуана қолдап жатты. 

Сенің тырнақ астынан кір іздеген “норма туралы сылап-сыйпап өттіңіз” деген жалаңнан кейін одан бір апта бұрын 29 қаңтарда “Қазақ үні” сайтында жарияланған, менің үкімет өкілдерін өткір сынап, 20 баптың 5 тармағын алып тастауды нақты талап еткенім туралы  мақаламды да чатқа салып, оны сен оқыдың ғой. Оны бірақ көрмеген болып, одан кейін де қайта-қайта езбеңді езіп отырсың әдейі. 

3).Ал менің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мен Еңбек министрі Светлана Жақыповаға айтқан: “Азаматтық ала алмаған қандастарды үкіметке ертіп бара беремін!“- деген сөзімді берген мақаланы  оқып, қатты разы болып, қайта мақтап шыға келіп, видео жасағаныңды өзің ұмытып қалғансың  ба? Маған парламентке жазған осы хатыңдағы қойған сұрақтарыңа жауап тұр ғой сонда,  қазақша жазылып.

Осында сен сұраған сұрақтарға барлық ақпарат бар екенін көрдің ғой. Сондықтан да, “Парламентте сенгеніміз  де, сүйенеріміз де жалғыз Қазыбек Иса!”-деп мақтадың ғой тағы да. Әрине, маған берген жоғары бағаңа көп рахмет айтамын. 

Енді осының бәрінен кейін түк болмағандай, аспаннан түскендей: “Құры «Бүйттік!», «Сүйттік!» деген бос сөзіңіз  болмаса, осы норма туралы бәлендей бір саусақ ұшын қимылдатқаныңыз көрініп тұрған жоқ…”-деп не сандалып отырғаныңды түсінбедім?!. 

Тіпті 6 ақпанда парламентке маған жазған, ұсыныстарыңды ұсынған тәп-тәуір хатыңда: “Көші-қон үрдісін реттеуге арналған заң жобасын жетілдіру бағытында жасап жатқан депутаттық көмегіңіз және күнтәртіптегі мәселені Мәжілісте бірінші болып көтергеніңіз үшін Сізге шексіз алғыс айтамын.”-деп, еңбегімізді ерекше бағалап,  кәдімгі ресми хат жаздың, оған рахмет.

Ол дұрыс жазылған хатқа: «Сіз ұсынған саластырмалық кестедегі кейбір баптар заң жобасында бар болғандықтан (Мысалы, қандастарға Үкімет айқындаған өңірлерден конкурссыз жер телімін беру туралы заң жобасына біз бұрыннан ұсынғанбыз, кестеде бар), заңгерлер қатысуымен талқылап, іріктеп ұсынамыз.

Қандастар туралы маңызды заң жобасына алаңдаушылық білдіріп, ұсынған ұсыныстарыңыз үшін рахмет айтамыз.» - деп дұрыс, ресми жауап жіберілді. 

Енді осылай еңбегімізге шексіз алғыс айтып алып, бір күннен соң шектен шыққан жазбаларыңды топырлатып жіберетіндей не боп қалды?  Қайтадан баяғы байбаламыңа басатындай не көрінді көзіңе? Жоқ, ол алдындағы жөнімен жазылған хатыңды жөн білетін сауатты заңгерлер жазып берді ме? Кейінгісінде ол заңгер жоқ болғасын уатсапқа таратқан қаптаған басы жоқ, аяғы жоқ бопыр бопса жазбаларыңды жинап алып, жібере салған болып тұрсың ғой 

Қалай, сонда екі-үш күн бұрын, тіпті бір күн бұрын не істегеніңді, не айтып, не қойғаныңды білмейсің бе? Есің дұрыс па, денсаулығыңа ешқандай нұқсан келмеген бе өзі? Ондай болса, саған ауруханаға жатып емделуің керек шығар бауырым. Ол жағынан көмектесейік онда. Қандастар секілді кастюм-шалбар  алып бере алмасақ та, кез келген ауруханаға жатқызуға шамамыз жетеді қазір. Тіпті психдиспансерге, жындыханаға жатқызу да  қолдан келеді… Жақында ғана тіл күрескері Руза апайымызды негізсіз зорлап жатқызған жындыханадан екі тәулікке жеткізбей шығарып алғанда, сені бір тәулікте жындыханаға  жатқызуға мүмкіндігіміз бар, тек айтсаң болды. Ең бастысы деннің саулығы, ес-ақылдың дұрыстығы  екеніне келісетін шығарсың?! 

4.Одан кейін “бақандағы еттің сасығын-ай” деген қара мысық сияқты парламентті жөнді-жөнсіз сынап, “өйтіп жібермейсіздер ме, бүйтіп жібермейсіздер ме” деп мияулай берген езбеңе де талай жауап бердім.  

Парламенттің ережесі бойынша  біз, “Ақ жол” фракциясы министрлерге сенімсіздік  жариялағанмен,  нәтижеге жете  алмаймыз.  Өйткені үкіметті билік партиясы “Аманат” ұсынып отыр. Парламентте бәрі көпшілік дауыспен шешілетінін кез келген сауатты адам, мектеп баласы да  біледі ғой қазір сен білмесең де Ауеке. Біз “Ақжолдықтар” 6 депутат - 6 дауыс қанамыз. “Аманаттықтар” бастаған қалған партиялар, бір мандаттылар -92 дауыс!

Сондықтан халықтың қолдауымен болған іс қана нәтижелі болады. 

5.Одан соң мен кезінде нақты жауабын берсем де, өтірік ұмытып қалғансып, “20 баптың 5 тармағын сіздер қабылдадыңыздар” деген тағы да жала жабуыңа тағы да жауап берейін.

Мен 2021 жылы Мәжілістің 7 шақырылымында көші-қон туралы жұмыс тобына мүше бола алмадым. Өйткені біздің комитеттен бірнеше депутат мүше болған екен, сондықтан лимит бітіп қалды деп мені кіргізбеді.

Тек 2023 жылы Мәжілістің осы 8 шақырылымында ғана 7 шақырылымнан кейін сайланбай қалған депутаттардың босаған  орнына кірдім  мамыр айының аяғында ғана. Ал жұмыс тобында шешім қабылдағанда жұмыс тобына  мүше болмаған депутаттың дауысы есептелмейді. Бұны Парламенттің ережелерін біліп алсын, қайта-қайта езе бермесін деп ерінбей ескертіп отырмын тағы да. 

Ал шындығына келсек, Көші-қон туралы заңға 20 баптың 5 тармағын енгізген Мәжіліс емес, Сенат. Ол заң қабылдағанда Мәжіліс тарап кетіп, сайлауда жүрген. Сондықтан сенің бұл өтірігің Мәжіліске жабылған жала.

6. Бас-көз жоқ, мәселенің байыбына бармай, байбалам сала жөнелу негізгі кәсібің ғой сенің. 2021 жылы да Көрнекі ақпарат құралы туралы заң қабылдаған кезімізде де қаншама қазақ тілінің қолданылуын арттыратын жақсы өзгерістер енгізгенмен, Үкімет басшысы Мамин қарсы болған соң, бір бап енбей қалғанына “Құлыбаевты жеңе алмадыңдар, сынып қалдыңдар” деген ойбайың әлі басылар емес…

Құлыбаевың түгілі парламент тарихында тұңғыш рет Премьер Маминге жалғыз қарсы дауыс берген депутат Қазыбек Иса қалай “сынған” болады!?

Қарсы дауыс беру деген -депутаттың өз ұстанымында қалуы деген сөз. Саған парламенттегі заң қабылдаудың көпшілік дауыспен қабылданатыны туралы қарапайым  әліппесін қанша үйретіп түсіндіре алмадым. Ойыңда негізі басты мақсат емес, басқа нәрсе тұрғасын қиын ғой))).

Сол кезде менің жазған “Қазақ тілінің обалы Қазақ үкіметінде” деп, Премьер Маминді, экономика министрі Ерғалиевті, “Атамекен” палатасы төрағасы Құлыбаевтардың аттарын атап тұрып, өткір сынаған мақаламды талай оқысаң да, мәселені өтірік білмеген болып жүрсің.

ЖАНЫ АШЫҒАНСУ мен ЖАНЫ АДАЛДЫ АЙЫРА БІЛЕМІЗ…

Сол сен нөмірлеп тұрып, ерінбей жасаған, өзіңнен басқа ешкім оқымайтын фейсбук парақшаң мен тик-тогыңда қаптап тұрған видеоларыңның бірінде мені әдеттегідей жақсылап мақтап алыпсың да, тағы да жанашыр болғансып, “сынып қалмаса екен” деп уайымдаймын” депсің баяғы ескі әуеніңе қайта басып.

Біріншіден, құдайға шүкір жаны ашығансу мен жаны адалды анық айыра аламыз!

Екіншіден, мені “сынады, сындырамыз” деп есекдәмеленгендер қатты қателеседі. Өйткені, менің ұлтқа қызмет етуде күрескерлік мінезім барын ел жақсы біледі.

Мен Парламент Мәжілісі депутаты болмай-ақ, сонау жаңадан институт бітіріп құмдағы ауылдағы мектепке жап-жас мұғалім болып барған кезімде де ешкім, тіпті менімен жау болған аудан басшысы да сындыра алмаған. Өзі орнынан кеткен.

Кеңес империясының қылышынан қан тамып тұрған кезінде, 1987 жылы 25 жасымда Түркістан өлкесіндегі шалғайдағы Шардара ауданының Қызылқұм ауылында мектеп мұғалімі болып жүріп, “орысша сөйле” деген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қадырбаевты қазіргіше айтсақ аудан әкімін, “нигилист” деп республикалық газетке өткір сынап жазып, қазақ тілін қорғап, айқасқанмын. Сол үшін, мені жиналысқа салу үшін ауданда пленум болған. Қазіргі Алматы қаласы әкімдігі Тіл орталығы меңгерушісі Бақыт Қалымбетов жақсы біледі.

Коммунистер билеген Қытай елінен келген сен партия комитеті басшыларының қандай қаһарлы болатынын жақсы білесің ғой. 

Сол бірінші хатшы мен құмдағы ауылдағы мектеп мұғалімі екеуміздің айқасымыз ақыры бірінші хатшының орнынан түсуімен аяқталды. Ауданның бірінші хатшысы түгіл, ол “Парламентке біздің ауданнан депутат боласыз” деп өзі бастамашы болып, ертіп келген Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Шишацкийдің өзін сайлауда Шардара ауданынан өткізбей тастадық.

Одан кейінгі күрестеріміз елдің көз алдында.

Қысқасы, жанашырлығыңа рахмет бауырым! Жаның адал болса болғаны.

7. Терісіне сыймай тұрған теріс пиғыл мен түртпесең де иісі мүңкіп тұратын сасық қулыққа құмарларды жақсы білеміз.  Көші-қон мәселесін, елдік мәселе көтерген болып, мақтап кейде оттап отырсаң да, аржағыңда өзіңнің қандастарың айтқандай, “Көші-қонды менен басқа ешкім көтермеуі керек, көтерсе де, оладың ісі міндетті түрде дұрыс болмауы керек” деген теріс пиғыл теріңе сыймай тұрады… Қанша жасырғың келгенмен, жабу жабуға тырысқаныңмен лас нәрсенің иісі білдіріп қояды…

Ауыт бауырым, менің жауабым үш-төрт күн кешіккен себебі, мынау уатсаптағы да, желілердегі де видео, аудио дегендерге қарай бермеймін. Енді қарап отырсам, бүгінге дейін маған қарата нөмірлеп тұрып айтқан біраз мыжыма видеоларың бар екен, жауабымды бердім.

Видео/аудио қарамайтыным, біріншіден қарауға уақытым жоқ. Күні бойы жиында отырамыз да, айқайлатып аудио-видео қарай алмаймыз. Кейін қараймыз ғой дейміз де, қаптаған ақпараттар ағынынан таппай қаламыз не естен шығып кетеді.

Екіншіден, аудиодан кейбіреудің экранға сыймай тұрған бұғағы салбыраған, былқ етпес былшиған бес гектар бетін көргеннен ештеңеге қарағың да келмей қалады…

Ауыт мырза, сіз  маған үш рет жазған үшбу хатыңызда да “Жоғарыдағы екі сұраққа нақты жазбаша жауап беруіңізді қатаң талап етеміз!!!” Құрметпен, Ауыт Мұқибек, “Ерен еңбегі үшін”медальының, “Құрмет” орденінің иегері”- деп қол қойған екенсіз,  “қорқып кетіп”, екі сұрақ емес, бар сұрағыңызға жауап бердік, ағаңызға бек риза боларсыз бауырым! Менің ешкімді де, ештеңені де жауапсыз қалдырмайтынымды басқа-басқа, Сіз жақсы білерсіз деп ойлаймын…

Аман бол! 

Ескертерім, енді екінші рет парламентке ресми хат жазғанда, түнімен ұйықтамай, таңғы төртте есінеп отырып, есіп жазған “эсселеріңді” жібермеуді мен де қатаң талап етемін. Заңгер Рақым Айыпұлы секілді нақты ресми хат жазуды үйренетін уақытың болды ғой. “Нұротанның” кеңсесінде кеңесші боп  талай жыл істегенде не істегесің? Қазір кілең сынап жүрген басшыларыңды сол кезде күнде мақтап өлең жазудан басқаға бас ауыртпағасың ба, қарапайым  іс қағаздарын қалай жазуды да білмейсің әлі?!.

Сау бол, сабазым! 

Құрметпен, Қазыбек ИСА. 

P.S. Айтпақшы, мен де сен секілді  атыма атақтарым мен орден-медальдарымды тіркеп жазайын дедім де, іркіліп қалдым. Әйтпесе, “Құрмет” ордені, тіпті “Парасат” ордені де бізде де бар екенін өзің жақсы білесің ғой! Былтырғы хит болған, ит болған,  ешкімнің түсіне де, ойына да кірмейтін,  араластырмайтын жерге араластырып,  “Құрмет” орденінің құрметін кетірген сенің шулы оқиғаңнан кейін “Құрмет” орденіміз бар екенін сені қайдам, біз айта алмай қалдық қой…

Аман болайық! 

09 ақпан 2024 жыл.