Азат Перуашев: ӨНЕРКӘСІП ӨРКЕНДЕМЕЙ, ҰЛТ КӨГЕРМЕЙДІ

Азат Перуашев: ӨНЕРКӘСІП ӨРКЕНДЕМЕЙ, ҰЛТ КӨГЕРМЕЙДІ

Президенттің кешегі жаңа үкімет алдында сөйлеген сөзі оның өзгерістерді жылдамдатып, ауқымын кеңейтуді талап етіп отырғанын айқындады. Ол үкімет пен әкімдердің реформалар қарқынын тежегенін, бұған жол беруге болмайтынын атап өтті, бұрынғы кабинеттің отставкаға кетуіне де осы себеп болған сияқты. 

Отандық өндірісшілер мен кәсіпкерлердің өкілі, әрі нарықтық реформалар жақтаушысы ретіндегі «Ақ жол» демпартиясы үшін Қасым-Жомарт Кемелұлының либерализацияға бет түзеген бағдар туралы мәлімдемесі маңызды болып естілді. «Бұл Қазақстанды дамудың жаңа сатысына алып шыға алатын жалғыз жол» деп атап өтті президент. Қ.Токаев «экономиканы кешенді түрде либерализациялаудың жүйелі шараларын қабылдауды» тапсырды. - Бұл мемлекеттің экономикалық үрдістерге кеңінен араласуын айналып өтуге мүмкіндік беретін өте маңызды реформа».

Еске сала кетейін, «Ақ жол» фракциясы былтырғы жылдың 19 қаңтарында экономиканы либерализациялау бағдарламасын әзірлеу туралы ұсыныс жолдаған болатын, алайда, үкіметтің бұрынғы жетекшілері барлығы онсыз да дұрыс деп жауап қайтарған. Көріп отырғанымыздай, президенттің ойы өзгеше, біз оның пайымдарын қолдаймыз.  

Жалпы, мемлекет басшысының тапсырмаларына келсек, мен мұны «жаңа модель» емес, үкіметпен қоса экономика мен мемлекеттік басқаруда бүкіл еліміз жасауы керек төңкеріс деп атар едім. 

Осы орайда, біздің ойымызша, Қ. Тоқаевтың бюджеттік және салықтық саясаттың тиімділігін арттыру туралы сөздерін ең өзекті деуге болады. Президент үшін, бизнес пен «Ақ жол» фракциясы үшін бұл бағыттардың тығыз өзара байланысы айқын болғанымен, шенеуніктер үшін олай емес - мысалы, 2023 жылдың 27 желтоқсанындағы Бюджеттік кодекс бойынша фракциямыздың ұстанымына назар аударыңыздар:

«Қарастырылып отырған заң жобасы өзінің қарабайыр атауына қарамастан, шын мәнінде көп жағынан жүйе құраушы маңызға ие және Президент Қ.Тоқаевтың конституциялық реформасының қисынды жалғасы болып табылады. 

Конституциялық реформаның девизі мемлекет басшысының «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» деген сөзі болғанын білгілі.  

Алайда, нарықтық экономикада аты аталғандар емес, қаржыны басқаратындар ықпалды болады... біз Бюджет кодексіне өз ұсыныстарымызды қайтара жолдап, үніміз естіледі деген үміттеміз.

Мемлекет ресурстарының қалған жартысы парламенттік талқылаусыз және бюджеттік процедуралардан тыс жұмсалуда. Ал, үкімет қаржы жетіспейді деп біресе Ұлттық қордан, біресе Бірыңғай зейнетақы қорынан ақша алып, елді қыруар қарызға белшесінен батыруда».

Қасым-Жомарт Кемелұлы сұмдық мәліметтерді келтірді: «Соңғы бес жылда бюджет тапшылығының көлемі 11 триллион теңгеден асып түсті… Қаржы министрлігі өткен жылдың табысы бойынша жоспардың орындалуын ... биылғы жылдың салықтары есебінен қамтамасыз етті. 600 миллиард теңгеге ҚҚС қайтарылуы тоқтатылған.

Яғни, бюджеттік мәселелер бизнестің айналымдағы ақшасын алумен ғана шешілген».

Бюджетті талқылау кезінде «Ақ жол» депутаттары да үнемі осыны айтады. Мәселен, 2023 жылдың 23 маусымыда бюджеттің орындалуы туралы үкіметтің Есебін талқылау кезінде біз «бюджеттің артып келе жатқан мұнайлық тапшылығын» атап өткен болатынбыз. - «Мұнайлық тапшылық көрсеткіші бекітілген 7 трлн теңгені емес, 9 трлн 342 млрд. тг құрап еді. Ал, бұзылған 8,1% тапшылық шегін оны 10,2% арттыру арқылы айналып өтті.

«Ловкость рук, и никакого мошенничества» дегеніміз осы.

Атап өтейік, ұлттық экономика министрлігі Президент Қ. Тоқаевқа 2022 жылы мұнайлық тапшылық 5,1% төмендеуі керек еді деп баяндаған болатын. Бірақ, шындығында барлығы керісінше болып, 2 есеге ұлғайған. Енді бізге соны бекітіп, сол арқылы заңдастырып беруді ұсынып отыр.

Алайда, «Ақ жол» фракциясы мұндай айла-шарғыларға араласудан аулақ». Нәтижесінде біз бұл Есепке қарсы дауыс берген едік.  

Президент баяндамасының бір бөлігі фискалды саясатты оңтайландыру мен тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында өзі бір жыл бұрын әзірлеуді тапсырған жаңа Салық кодексіне арналды. Бірақ, бұл маңызды құжат мүлдем басқа бағытта әзірленіп жатқаны анық: «Бизнес қауымдастық бұл құжат ең алдымен салық мөлшерлемелерін арттыруға бағытталған деп санайды. ҚҚС-ты 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтеру бұл панацея емес, Қазақстанда өзгеше сипатқа ие болған ҚҚС-тың өзін қайта реформалау керек... Әзірге жаңа Салық кодексі бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа Мемлекет басшысы ретінде менің көңілім толмайды».

Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл сөздерін толық растаймын. «Ақ жол» демпартиясының ұйымдастыруымен әрі сол кездегі Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың қатысуымен өткен Кодекс жобасын талқылаулар барысында бизнес те, депутаттар да әзірлеушілердің базалық тәсілдерінің өзін қатаң сынға алған болатын, оған қоса – дәл президент тапсырмасына сәйкес еместігі үшін (нақтырақ айтқанда, сараланға салық мөлшерлемелерін енгізу мен әкімшілендіруді оңтайландыру бойынша). ҚҚС мөлшерлемесін 16% арттыруға келетін болсақ, әрине, кез келген идеяларды талқылауға болады. Бірақ, бюджеттегі тапшылықтан басқа ешбір нақты дәйектеме келтірілмеді. Сондықтан, кәсіпкерлер де, олардың депутаттары да мұндай қадамға бірауыздан қарсы шықты. Одан бөлек, «Лаффердің қисығына» (чикаголық профессор А. Лаффер анықтаған экономикалық заңдылық) сәйкес салықты негізсіз арттыру кері нәтижеге алып келеді - бұның экономиканы либерализациялауға қайшы екендігін айтпағанның өзінде, бюджет табысы құлдырайды.

Сипатын өзгерткен ҚҚС келетін болсақ, 2022 жылдың 25 мамырында Салық кодексін талқылау барысында «Ақ жол» фракциясы келісіні мәлімдеген еді: «Табиғаты бойынша бұл артық өндірісті тежеуге арналған салық. Бірақ бізде артық өндіріс емес, «кем өндіру» дағдарысы бар...

Біз сияқты шиказыттық ресурсқа негізделген экономикалар үшін ҚҚС шикізатты өндіруден гөрі дайын өнімді импорттауға тиімдірек.

«Ақ жол» фракциясы бұған дейін үкімет әлеуметтік тауарларға ҚҚС төмендетілген мөлшерлемелерді енгізгісі келмесе, жалпы алғанда ҚҚС-ты оның барлық бюрократиясымен айналым/сату салығымен ауыстыруды қарастыруды ұсынған болатын. Бұл неғұрлым адал көзқарас. Мұндай салық ҚҚС-тан 3-4 есе төмен болуы керек. Сонда басқаны әкеліп, қайта сатқаннан гөрі өндірген тиімдірек болады. Ең бастысы, салықты есептеу мүмкіндігінше қарапайым және барлығына түсінікті болады». 

Күн тәртібіндегі ушығып тұрған мәселелермен қатар Қ. Тоқаевтың инвестициялық саясатқа берген маңызды бағасын айта кету керек. Егер мемлекеттік органдар жылдар бойы түгесілмейтін сыртқы инвестициялардың жалпы ағынынын суреттеп жүрсе, мемлекет басшысы олардың құрамынан «таза» инвестицияларды методологиялық түрде бөліп алып, шенеуніктердің есебін әшкерелеп тастады, оның нақтылауынша, инвестициялық салымдардың негізгі бөлігі – шын мәнінде, Қазақстанның өзінің табиғи байлығын игеруден алынған табыстың қайта салынғаны ғана.

Осы орайда Инвестициялық штаб жұмысын жандандыру мен Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар әзірлеу талаптары да аталап өтті. Қажетті инфрақұрылымның жоқтығы жаңа өндірістің жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларды тартуды тежейтін басты факторлардың бірі. «Қатаң сұрау болады» деп алдын ала ескертті президент.

Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаттарына да жеке үндеу жасап, қызмет көрсетушілерге қатысты түрлі түсініктемелер мен критерийлерді болдырмау үшін мемлекеттік сатып алулар туралы заңжобасын мұқият аяқтауды сұрады. Осы орайда «Ақ жол» фракциясы жақында мемлекеттік сатып алулардағы конкурстық құжаттамалардың критерийлері ретінде ұлттық стандарттарды қолдану туралы ұсыныс жолдады. Салалық техникалық комитеттер мен өндірушілердің өздерінің қатысуымен әзірленетін және техникалық реттеу саласындағы өкілетті органмен бекітілетін ұлттық стандарттар нақты критерийлерді қамтып, рәсімдерге қатысушылардан жоғары сапаны талап етуге мүмкіндік береді. Мұндай стандарттар корпоративті нарықта отандық бизнестің мүддесін қорғауға ықпал ететіні де өте маңызды. Бұл мәселе Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевті бекіту кезінде талқыланып, өзара түсіністікпен қабылданды.  

Экономиканы ырықтандыру тақырыбына қайта оралсақ, бұл тұрғыда Қ.Тоқаев үш бағытты белгіледі: нарықтық бәсекені дамыту, тиімді жекешелендіруді жүргізу, квазимемлекеттік секторды реформалау. Оның үстіне, ол жекешелендіруді «негізгі бағыт» деп атады, мұнда нысандардың тізбесін қалыптастыру, олар туралы ақпараттың жоқтығы да, жекешелендіру әдістері сұрақтар туғызады.

Шынында да, нақты объектілерді жекешелендіру жоспарлары үнемі және кенеттен өзгеріп отырады; олардың мүліктік кешені, қаржылық-шаруашылық қызметі және нарықтағы жағдайы туралы егжей-тегжейлі ақпаратқа қол жеткізу кейде қиынға соғатындықтан, мұндай сатудың бәсекелесшіл емес, керісінше «жекелей» сипатын көрсетеді. Өткен жылдары квазимемлекеттік нысандарды нақты құнынан бірнеше есе арзанға және іс жүзінде мемлекеттің өз есебінен жекешелендіру фактілері орын алғаны кездейсоқ емес. Жалпы, жекешелендіру кез келген әлеуетті қатысушыға қолжетімді, ал объектілер туралы ақпарат барынша ашық болуы керек.

Жекешелендіру әдістеріне келетін болсақ, тек жеке тұлғалардың ірі объектілерді тікелей иемдену мүмкіндігі бар екенін және бұл әдіс экономиканың одан әрі шоғырлануына және олигополиялардың баюына, қоғамның байлар мен кедейлерге жіктелуіне әкелетінін ескеру қажет, алдыңғы жүйенің негізгі кемшілігі де осы еді. Неғұрлым әділетті қоғамда орта тапты қалыптастыру және оны ұлттық табысты қайта бөлу процестеріне тарту өзекті міндет болып табылады. Осыған байланысты «Ақ жол» Демпартиясы Чили мен Ұлыбританиядағы табысты жекешелендіру бағдарламаларының үлгісі бойынша «халық капитализмі» концепциясын жүзеге асыруды жылдар бойы ұсынып келеді, онда мемлекеттік кәсіпорындардың құнындағы қоғам және ШОБ серіктестерінің еңбек үлесі ескеріледі.

Бұрынғы үкіметтер мұндай ұсыныстарды естімегендіктен, біз оларды жаңа министрлер кабинетімен талқылауды жалғастырамыз, Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қорын жетілдіру қажеттігі жөнінде атап өткендей, квазимемлекеттік сектордағы жағдай жеке ұлттық компанияларда ғана емес, орталық деңгейде де ашықтық пен қоғамдық бақылауды күшейтуді талап етеді. Ал экономикадағы ашықтықтың ең жақсы құралы әрқашан меншік институты болған.

Мемлекет басшысының осы және өзге де ондаған өткір ойларының ішінен «еліміздің өндірістік дамуына серпін беру» керектігі туралы айтқан сөзіне тоқталғым келеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы «алдағы жылдарға деген экономикалық өсімнің негізін қалайтын ауқымды әрі инновациялық» және «еліміз үшін мүлдем жаңа өндірістік секторларды ашатын» жобалар мемлекеттің басым көмегіне ие болу керектігін атап өтті. Дегенмен, қолдаудың қандай шаралары туралы айтып отырғанын нақтыламады. Бұны инвесторлардың қарсы міндеттемелері болған жағдайда жобаларды тартудағы түрлі шарттарды әзірлеу үшін үкіметке белгілі бір карт-бланш беріліп отыр деп топшылауға болады. Мәселе осындай тәсіл туралы болса – бұл министрлер кабинеті мен әкімдерге әлеуетті инвесторларға келіссөздерде толық еркіндік береді. Бұл қадамды күзде орын алған министрлерді президент әкімшілігі ықпалынан шығарумен қатар қарайтын болсақ, инвестицияларды арттырудағы ілгерілеушілікке үміт артуға да болатын секілді.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы осы тұрғыда жаңа инвесторларды тарту міндетін ғана емес, жұмыс істеп жатқандарды ынталандыруды да ескеріп отырғаны маңызды. Шынымен де, елде жұмыс істеп жатқандармен келіскен оңайырақ, алайда, олардың да үмітін ақтап, жаңа салымдарды қолдау керек, себебі, әңгіме «жұмыс істеп жатқан өндірістерді модернизациялау мақсаты» жөнінде болып отыр. 

Қ.Токаев бұл тұрғыда «ауқымды инвестициялар мен жаңа өндірістерді құру, жоғары қосылған құны бар тауарларды шығаруды» қажет ететін металлургиялық комбинаттардан бастау керектігін нақты айтты. Нақтысын айтсақ, – «Көлік өндірісі мен өзге де салалар үшін болаттың жоғары технологиялық маркаларын шығаруды жолға қою керек».

«Ақ жол» фракциясы бұл тапсырманы қолдап ғана қоймай, оның жүзеге асуына бар күш-жігерін салып келеді. Мәселен, желтоқсан айында біз «Өндірістік саясат туралы» заң жобасына түзету енгізген болатынбыз, бұл түзету тауметаллургиялық алпауыттарды отандық өндеуші өндірістердің шығарылатын металлдарға деген қажеттіліктерін (LME бағасынан) өтеуге міндеттейді (аккумуляторлар үшін қорғасын, кабель зауыттары үшін мыс, профильдер үшін алюминий және тб.). Тек ішкі нарықта сұранысы жоқ өнімдер ғана экспортқа шығарыла алады. Бұл норманы ілгерілету үшін екі жыл қажет болды, өйткені оған шикізатшылар табандылықпен тосқауыл қойып отырды, бізге қолдау көрсеткен Мәжілістегі әріптестерімізге де, үкіметке де алғысымыз шексіз.

Бұл міндеттеме өзге компанияларға өнімдердің жаңа түрлерін шығаруды жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар металлургия алпауыттарын пайданы жаңа процестерге қайта инвестициялауға, жаңа немесе бірлескен өндірістер ашуға итермелейді деп үміттенеміз, Қасым-Жомарт Кемелұлы Қарметкомбинатқа қатысты «автомобиль өнеркәсібі және басқа да салалар үшін жоғары технологиялық болат маркаларын шығаруды жолға қою» қажеттілігі туралы айтқаны секілді. Бұл орайда Қармет басқа металлургия алпауыттары үлгі алатын мысал ғана екеніне сенімдімін. Автокөлік өнеркәсібі үшін болат өндіру перспективаларына келетін болсақ, бұл форматта Карметті отандық автомобиль өнеркәсібінің көшбасшыларының бірімен жұптау қисынды болады.

Сонымен қатар, экономиканың технологиялық құрылымын жеке алыптар емес, ШОБ секторынсыз қамтамасыз ету мүмкін емес жаппай өндіріс анықтайтынын ескеру керек.

Мемлекет басшысының «индустриалды секторда күшті орта бизнесті қалыптастыруды» басым бағыттардың бірі ретінде қарастыруы кездейсоқ емес.

Бірақ өндіріс тек шикізат пен материалдармен ғана емес, ең алдымен технология мен өткізу нарықтарымен байланысты.

Президент те бұл туралы айтып, жер қойнауын игеруде, ұлттық экономиканың құрылымын өзгертуде технологиялық жаңалықтарды енгізуі тиіс ірі мұнай-газ және тау-кен-металлургия компанияларын тікелей атады. Әңгіме техника мен жабдықтарды, оларға арналған әртүрлі бөлшектер мен бұйымдарды өндіру туралы болып отыр.

«Егер мұндай өндіріс Қазақстанда қазір жасалмаса, онда жабдықтың жалпы импорты созылмалы сипатқа ие болады», - деді мемлекет басшысы.

Бұл отандық бизнес үшін, ең алдымен машина жасау саласы үшін өзекті мәселе. Төрт жыл бұрын қазақстандық өнеркәсіпшілердің қысымымен үш ірі мұнай компаниясы (ТШО, NCOC және Қарашығанақ БВ.) Мұнай-газ машина жасауды дамытудың халықаралық орталығын құрды. Оның міндеті жергілікті зауыттарға құрылтайшылардың өздері пайдаланатын жабдықтарды, түйіндер мен бөлшектерді өндіруді игеруге, қажетті техникалық құжаттамамен қамтамасыз етуге және т.б. көмектесу болады деп күтілді. Бұл өте өзекті және қажетті бастама, оның маңыздылығын асыра бағалау мүмкін емес!

Бірақ бизнес ақпаратына сүйенсек, бұл орталық осы уақытқа дейін бірде-бір жобаны жүзеге асырмаған, қазақстандық кәсіпорындарға жаңа өнімнің бірде-бір түрін игеруге көмектеспеген, немесе оларға озық мұнай-газ жабдықтарын шығару үшін бірыңғай техникалық құжаттама бермеген. «Ақ жол» фракциясының бірқатар сауалдарына аталған орталық әлі де «өз мақсатын анықтауда» деген жауап берілген. Сондықтан кешегі Индустрия министрі Қанат Шарлапаевтың кандидатурасын мақұлдаған кезде осы орталықтан Қазақстанға нақты қайтарымның болуы және оның әлеуетін іс жүзінде жүзеге асыру мәселесін көтердік.

Мемлекет басшысы айтқандай, осындай тәсілдерді (бірақ айқын нәтижелермен) өңдеу өнеркәсібінің басқа да перспективалы секторларында қолдану қажет. Демек, өндірістік жинақтау туралы Типтік келісімдердің форматын кеңейтіп, оны автокөлік немесе ауыл шаруашылығы техникаларына ғана емес, мұнайгаз, энергетика, жол және т.б. салалардағы жабдықтар мен техникаға қолдану қажет.   

Индустрияландыру жоспарлары туралы айта отырып, Қ.Тоқаевтың бұл үдерісте банктердің атқаратын рөлін бөлек атап өткені маңызды: «Экономиканың нақты секторын қаржыландыруға банктердің қатысуын ынталандыру қажет».

Менің ойымша, бұл нұсқауды президенттің банк жүйесін экономика мен нақты секторға деген тұтынушы көзқарасы үшін қатаң сынға алған қыркүйектегі Жолдауы тұрғысынан қарастырған жөн. Республиканың индустриялық жақтауын құруға ЕДБ және олардың капиталының тікелей қатысу форматы туралы шешім қабылдайтын уақыт келді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы индустрияландырудың тағы бір ықтимал ресурсы ретінде БЖЗҚ активтерін атай отырып, оларды пайдалану тиімділігіне, қауіпсіздігіне және нарықтағы табыстылығына тоқталды. Соңғы ескерту БЖЗҚ-ның 1,5 триллион теңге қаржысын Мемлекеттік инфрақұрылымдық жобаларға тарту туралы жалғасып жатқан пікірталастар аясында маңызды болып табылады. Шын мәнінде, президент мемлекеттік бағдарламалардың қажеттілігін зейнетақы жинақтарымен жабуға ұмтылу азаматтардың мүддесіне нұқсан келтірмеуі керек екенін айтып, бұл мәселеге нүкте қойды.

Бұл тәсілмен келісемін және БЖЗҚ қаржысы болашақ зейнеткерлердің жинақтарының ұлғаюын қамтамасыз ете отырып, ұлттық экономикаға жұмыс істей алады және жұмыс істеуі керек деп есептеймін. Тек бұл өсім шынайы болып, инфляциялық жоғалтуларды жауып отырғаны маңызды, себебі олар әрдайым мұндай инвестициялардың «кері табыстылығына» әкеп соғады. Осы орайда Қ. Тоқаев одан арыға барып, Үкіметке «қажет болса... БЖЗҚ қаржысы есебінен жүзеге асырылып жатқан жобалар бойынша мөлшерлемелерді субсидиялауды» тапсырды. Сол арқылы қауіпті аймақтан шығарылып, ұлттық экономикаға инвестициялар тарапынан тұрақты табыстылық кепіліне ие болады. 

Менің ойымша, осы және басқа да президенттік бастамаларды үкіметке берілген тапсырма ретінде ғана емес, тұтастай қарастыру керек. Түптеп келгенде, бізден басқа ешкім жақсылығын жасамайтын өз еліміздің тағдыры мен болашағы туралы айтып отырмыз. Біз дамыған, экономикалық қуатты және табысты мемлекет боламыз ба, әлде индустриясыздандыру мен орта ғасырға қарай сырғый береміз бе?

«Ақ жол» демпартиясы үшін бұл сұрақтың жауабы анық. Бұл біздің ортақ ісіміз. Түбегейлі өзгерістер қажет.

Азат Перуашев,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

«Ақ жол» партиясының төрағасы