Азаматтық ала алмаған қандастарды үкіметке ертіп бара беремін! – Қазыбек Иса

Азаматтық ала алмаған қандастарды үкіметке ертіп бара беремін! – Қазыбек Иса

Кеше ел көптен күткен үкімет тарап, жаңа үкімет жасақталды. Көптен күткен дегеніміз, үкіметті тарату керек деп, сол 2022 жылы-ақ Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса 2022 жылы 14 наурызда Парламен Мәжілісі жалпы отырысында Қаңтар қасіреті есебін тыңдауда Үкімет басшылары мен Бас прокурор бастаған құзыретті органдардың барлығы келіп есеп бергенде сөйлеген сөзінде көтерген еді. «Үкіметтің әрекетсіздігі сонша, егер министрлердің барлығын әкімдермен қосып бірер күн басқа жаққа әкетіп қалса да, елде ешнәрсе өзгермейтін жағдайға жеттік. Ендеше мұндай үкіметтің не керегі бар?.. Бізге Елдің жағдайын жақсартатын, ХАЛЫҚТЫҢ ТІЛІНДЕ СӨЙЛЕСЕ АЛАТЫН ҰЛТТЫҚ ҮКІМЕТ КЕРЕК!»-деп мәлімдеген болатын.

Иә, бар-жоғы білінбейтін үкімет кеш те болса, ақыры кетіп тынды. Ал жаңа үкімет халықтың тілінде сөйлейтін Ұлттық үкімет бола ала ма, оны алдағы уақыт көрсетеді.

Кеше 2024 жылы 6 ақпанда ҚР Парламенті Мәжілісінде үкімет мүшелерін тағайындауға келісім беру үшін комитеттер отырысы өтті. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде 1 вице-премьер мен 6 министрдің кандитатуралары талқыланды.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповаға қандастар мәселесіне байланысты өткір сұрақ қойды.

-Бірінші. Қандастарға Азаматтық алуға кедергі жасап жатқан қолданыстағы заңдағы 20 баптың 5 тармағын былтыр 2023 жылы көктемде қосылды. Қалай қосылды, солай шу басталды. Оған дейін қандастар тып-тыныш азаматтығын алып жүрген еді. Сондықтан біз қазір Мәжілісте талқыланып жатқан «Халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру туралы» заң жобасына 20 баптың 5 тармағын алып тастау туралы ұсыныс енгізгеміз. Сол өзгертілген бап талқыланғанда сіздің министрлік өкілі қарсы шығып жатсыздар. Кабинетте отырып алып, «20 баптың 5 тармағы қандастарға кедергі емес» деп айта салу оңай, бірақ оған кім сенеді? Қандастар кедергілерге ұшырап, чаттарында жұрт шулап жатыр. Бұл мәселе бойынша бұрын Сыртқы істер вице-министрі болып істеген, қандастар мәселесін жақсы білетін қадірлі қоғам қайраткері Сайлау Батырша ұлы бастаған Ұлт зиялылары да таяуда Президентке ашық хат жолдады.

Бұл мәселе бұнымен бітпейді. Адам аз Солтүстікті қазақтарға толтыру туралы мемлекеттік саясатты түсінеміз. Бірақ ауа-райы да суық, мемлекеттік тілге деген ниеті де суық Солтүстікке барғысы келмеген қандастарымыз Азаматтық ала алмай қайтып кетсе, тек Солтүстіктің ғана емес, елімізге келетін қандастардың саны да азая береді ғой, соны неге ойламаймыз? Алдымен жалпы елдің саны көбеюі керек емес пе? Мемлекеттік-ұлттық мүдде тұрғысынан шешуіміз керек бұл өте маңызды мәселені. Сондықтан бұл мәселені бұлай қалдырмаймыз, мәселе қашан шешімін тапқанша қозғала береді!

Біздің жері көп, халқы аз демографиямыз Ұлттық қауіпсіздік маңызы бар мәселе. Сондықтан қандастарға ешқандай заңдық кедергі болмауы керек! Кезінде 2021 жылы бұл мәселені парламентте көтергенде «Көші-қонымыз бойынша қандастарды елге шақыру квотасы 30 жылда 100 мыңнан 1 мыңға дейін, яғни, 100 есе азайған антирекордқа жетті» деп дабыл да қаққанбыз.

Мен қашан заң түзеліп, Азаматтық алуға басты кедергі 20 баптың 5 тармағы алынып тасталғанша, Азаматтық ала алмаған қандастарды үкіметке, сіздерге, вице-премьер мен министр екеуіңізге ертіп бара беремін. 

Екінші. Иә, Солтүстікте адам аздығынан ауылдарымыз жабылып қалып жатыр. Елге ел қосылмақ түгілі, СҚО халқы керісінше 31 мың адамға азайып кеткен. 2017 жылы 563 мың халық болса, қазір 532 мың? Елге ел қосылмақ түгілі, керісінше 31 мың адамға азайып кеткен. Облыста 635 елді мекен бар, соның 125-нің халқының саны 50-ден кем. Біздің үкіметтің қаулысы бойынша жан саны 50-ден кем ауылдар жабылады. Жақында Жамбыл ауданындағы Суаткөл мен Амангелді ауылдарын жабу туралы мәселе мәслихатқа шығарылмақ. Бұл Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтың ауылы. Ал, осы өңірдегі сол 125 ауылдың 35-інде 3-4 қана адамнан тұрады. Яғни, ауылдардың көбісінің жағдайы мүшкіл.

Біз 2021 жылы депутаттық сауал жасағанда да, өткен жылы парламенттегі үкімет сағатында да осы өткір мәселелерді өздеріңізге де айтқанбыз. «Бос жатқан жер жау шақырады» дейді. Ал, сол өңірге барып жатқан қандастарға аудан әкімі «Жер жоқ» деп қайтарады. Бұл мәселе қалай шешілмек?

Сондықтан, қандастарға конкурстан тыс жеңілдік жасап, жер телімдерін беру туралы депутаттардың, біз ұсынған ұсынысты қолдағандарыңыз дұрыс. Бұл стратегиялық саясатымызға сай келеді. 

Бірақ ең бастысы, елімізге келер қандастар көшін күшейту, ол үшін ешқандай заңдық кедергі жасамау –басты мақсат болуы керек. Қандастар мәселесі толық шешілгенше, күрес тоқтамайды! - деді депутат Қазыбек Иса.

Бұл өткір мәселеге байланысты Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова «Азаматтық ала алмаған қандастарды маған жіберіңіз, мәселені шешеміз, ешқандай кедергі болмайды» деп жауап берді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова «Бұл заңның 20 бабы 5 тармағын алу мәселесін өздеріңізбен ақылдасып, екі жақтап шешейік! -деп министр ретінде уәдесін берді.

 «Қазақ үні»