АБАЙ ЕЛІНІҢ АТЫНА САЙ АРДАҚТЫ ЕР ЕДІ...

АБАЙ ЕЛІНІҢ АТЫНА САЙ АРДАҚТЫ ЕР ЕДІ...

Дүниеден ардақты азамат, ел ағасы, еңбек ардагері Амантай Мұқатайұлы өтіпті деген суық хабарды қабырғамыз қайыстырды. Алла алдынан жарылқасын!

Қай ел болсын, алдымен ауызға алар майталман марғасқалары болады. Амантай ағамыз елге ерекше еңбегі сіңген ел ағасы, қадірлі қария, абыройлы ақсақал еді. 

Парасаты зор, құрметі мол тарланымыз «Парасат» «Құрмет» ордендерінің иегері болды. Өз ауылы, ұлы Абай туған әйгілі Қасқабұлақ ауылында шаруашылық басқарып, берекелі де, мерекелі ауылға айналдыра білді. Халық жүгін арқалаған қаранар еді. Сондықтан да, елдің ықыласы ерекше болды, Белгілі қаламгер Төлеген Жанғалиевтер бастаған ақындар арнау жырларын арнаған Абай елінің атына сай, абызына айналған ардақты ері еді... 

Жомарт жүректі меценат Амантай Мұқатайұлы мал шаруашылығы ғылымына да араласып, қолдау жасады. Жергілікті қой тұқымдарын жетілдіру мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қол созды.. Ағамыздың бастамасымен кезінде өзі оқыған Шәкәрім университетінде 3 кандидаттық диссертация сәтті қорғалып, университеттің ғылыми әлеуетін көтеруге үлес қосты. Қазір бұл университетте Амантай Мұқатайұлы атындағы мамандандырылған кабинет бар. Бұл кабинетті ағамыз өз қолымен жабдықтап, өскелең ұрпақтың ғылыми-зерттеушілік қабілеттерін шыңдау үшін арнайы ашты.

 Екі жыл бұрын Абай облысы ашылғанда Семей жұртшылығы Абай облысының ашылуын парламентте бірнеше рет көтерген «Ақ жол» партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев, Берік Дүйсембинов үшеумізді Наурыз мерекесіне елге шақырған болатын. Сонда Абай ауданы мәслихатының депутаты Асқар Амантайұлы Мұқатаевтың шақыруымен Қасқабұлаққа барып, Амантай ақсақалдың ауылында Наурыз тойын тойлағанымыз есте қалды. Одан бұрын Амантай ағамыздың Семейдегі сексеннің сеңгіріне шыққан тойын елмен бірге тойлауға арнайы барғанымыз да сәулелі сәт болып есімізде қалды.

Амантай ағамыз өмірден өтіпті деген суық хабарды естігеннен, ел қайғысын бөлісуге ұлы Абайдың ауылына жолға жиналғанбыз.Ұшаққа билет алып қойып тұрып, аяқ астынан болған себептерге байланысты бара алмай қалғанымыз өкінішті. «Ақ жол» партиясы атынан Азат Тұрлыбекұлының көңіл айту хатын алып, Берік Дүйсембинов бауырымызды жібердік.

Жайсаң аға, жақсы кісі еді ағамыз. Жарқын бейнесі жадымызда қалады. 

Амантай Мұқатайұлының отбасына, ұлы Асқарға, ұрпақтарына,, туған-туыс, ағайындарына, қалың қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз.  

Алды пейіш, арты кеніш болғай. 

Иманы саламат болсын!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні