Ұлттық спорт қауымдастығының жиынында не туралы айтылды

Ұлттық спорт қауымдастығының жиынында не туралы айтылды

Кештетіп, Ұлттық спорт қауымдастығының жиынына келе жатып, бұдан алты мың жылдай бұрын жабайы жылқыларды алғаш бас білдірген бабаларымыз туралы ойлаймын. Осы жағдайды бүгінде «Ботай мәдениеті» деген атпен бүкіл әлем біледі. Сөйткен аталарымыз лапылдап жүйткіп жүріп ат тұяғы жеткен жердің бәрін еңсере берген екен-ау. Былайша айтқанда, жарты дүниені жаулаған.

Тек сол тарихты өзіміздің үстірттеу танитынымыз өтірік емес. Әлбетте, өзге жұрт мұндай жәйтті жариялауға аса мүдделі бола қоймас, дегенмен, іштей мойындамасқа да лажы жоқ шығар. 

Ал бүгінгідей «Бәйге», «Көкпар», «Жамбы ату», «Теңге Ілу», «Дәстүрлі садақ ату» сынды өзге де көптеген ойын түрінің ерекше жандануы сонау ата-баба дәстүрінің заңды жалғасы екені түсінікті. Мысалы, былтыр жазда Алматыда Халықаралық «Аударыспақ» федерациясы ресми құрылған сәтте осындай барлық ұйымның басында жүрген Исламбек Салжанов бауырымыздың өз сөзін: 

– Біз – көшпенділердің ұрпағымыз, – деп бастағаны айрықша іш жылытып еді. – Иә, біз көшпенділердің ұрпақтарымыз. Сондықтан алдағы дүбірлі іс-шараны жоғары деңгейде өткізуге тиістіміз, – деді Ұлттық спорт қауымдастығының президенті.

Бұл жолғы кездесуіміздің де мақсаты биылғы 8-14 қыркүйек айына межеленген сол V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын лайықты өткеру жайын ойласу болатын. Кешке елдегі ең танымал деген бірқатар журналист пен блогердің, сондай-ақ медиа менеджер, қоғам белсенділері мен экономист мамандардың, жекелеген өнер қайраткерлерінің шақырылғанын аңдадық. Қызыліңір шақта үлкен мейрамханада белгіленуінен-ақ дидарласудың бейресми жағдайда, кең дастархан басындағы еркін рәуіште жоспарланғанын аңғару қиын емес-ті.  

Есік-төрінің арасы көш-құлаш абыр-дабыр бөлмеге кіріп келгенде кілең сен тұр, ен атайтын дейтіндей ұл-қыздың жиналғанын аңдаймын. Одан түптегі Серік Абас-шах досымды байқадым. Белгілі қаламгер Срайыл Смайылдың қасында аталған тақырыпқа қатысты пікірін әдеттегісінше түйдек-түйдегімен тастап, көсіле сөйлеп отыр. Осыған қарап, ай, осы, бауырым туабітті продюсер-ау деп ойлап үлгердім... 

Сәлемдесіп тұрып, сол маңда тізе бүккен танымал тележүргізуші Мәдина Балғабаева қарындасымды өмірде сұлуырақ па дедім іштей. Әнші Тоқтар Серіков інімді шабандоз бала екенін білгеннен-ақ көңіліме жақын тұтып, жақсы көріп тұрамын. Қаршадайынан атқа мініп, бәйгеге қатысуы үлкен ерлік қой. Бұған үлкен жүрек қана емес, биік ар-намыс, ересен ерік-жігер... таным-түйсік және асқан ептілік керек болар. 

Біртіндеп жиналып, қатары көбейген жолдастармен көптен сағынысып көріскен ағайындардай арқа-жарқа қауышып жатырмыз. Көбі өзімнен жас. Кейбірі, тіпті, балаларым қатарлы. Бәрін де жақын танимын. Арада бірден жылылық орнап, абың-күбің әңгімеге кірісеміз. Қазақтың ежелгі әдетінше бір-бірін қағытқан әзіл-әжуа басталады.  

Көп ұзамай кәсіпкер, ассоциация басшы Исламбек Төлеубайұлының өзі де жетіп келді. Дағдысынша сергек, қарапайым, кішіпейіл. 

Осы Ислам бауырыма ертеден бүйрек бұруымның тағы бір себебі – 2011 жылы Халықаралық «Алтын Қыран» қайырымдылық қорының президенті ретінде «Боз жауын» әңгімелер жинағымды шығарып берген еді. 

Жалпы, Исекең осынау қорда жүрген жиырма жылдан аса уақыт ішінде жалпы қазақ өнері мен мәдениетінің, әдебиетінің дамуына орасан үлес қосып, талай игілікті іс атқарғанынан көзіқарақты жұрт хабардар болар. Алайда өзінің осынша қыруар шуа тындырдым деп кеуде кергенін көрген емеспіз. Қашанда сол сыпайы, жайдары да парасатты қалпы. Артық сөз де жоқ. Дәл айтып, нақ кеседі.  

Тік тұрған күйімізде едәуір қауқылдасып, одан естелік үшін суретке түсіп алған соң дәм үстіндегі алқа-қотан сұхбатымыз да басталды. 

Бекжан Тұрыс, Есей Жеңісұлы, Шыңғыс Мұқан, Айбар Олжаев, Думан Анаш, Ербол Азанбек, Нұрлан Жұмахан, Аман Тасыған, Арман Әубәкір, Диас Нұрақын, Думан Бықай, Назерке Нұртас, Мұрат Есжан, Мақсат Халық, Алишер Келгенбай, Нұрқожа Ерсайын, Асхат Қасенғали, Ержан Төлек, Айбек Қабылша, Марғұлан Тұрсынов, т.б. кезектесіп жауапты ортақ мүдде бағытындағы ойларын ортаға салған. 

Өзім аса үндей қоймаймын. Себебі, сөзге шешен болмағандықтан әріптестеріңнің берекесін алып, жағымсыз әсер қалдырудан сақтанасың. Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда мәні қашатынын да ескергендіктен бе, мен сияқты «газетчиктер» көбіне қалам ұшымен «сөйлеуге» әдеттенгенбіз ғой. Мәселені ауызша баяндағаннан гөрі жазып бере қоюды қолай көреміз. Мұндай «мінезді» кей жолдастардың онша түсінбей қалуы да кәдік. Бірақ жағдайдың шындығы осы. (Әмбе, неліктен екенін, бірталай жасқа келсем де, сұлу сөйлеуге құмартпайды екем). Әйтпесе, осы жиында қозғалған жәйт дәл өз «тақырыбым» еді. Жекелеген мақаларда, әр алуан шығармада ат жайын ертеден қаузап келемін. Мәселен, «Асқан жаужүректік пен қарулылықтың, әбжілдік пен серпінділіктің үлгісіндей қазақ пен қырғызға ғана тән әлемде теңдесі жоқ осы ойынның эфирден беріліп келе жатқанынына талай уақыт өтті, дегенмен мұны ежелден қанға сіңісті нәрсе деп қабылдағандықтан ба, бұл бағдарлама туралы әлі күнге дейін жылы лебіз білдірген бір бауырымды көрпеппін. Және барлап қарасаңыз, «Көкпар» тек спорттық қана хабар емес, бұдан халқымыздың тұтас өмір-салты көріністерін, бүкіл елдік философияны көргендей болмас па едіңіз»... («Қазақ үні». Мақала. – «Телевизия: ұлттық рух». 20.06.2023). Немесе сонау «Боз жауын» жинағында: «Сақадай сай он бес қаралы ат айдауға шыққанда Бөрібек Момынды іздеді. Баланың маңайынан иіскеп атқа қондырды. 

– Қожағымның тойында Момыным шаппағанда кім шабады?! – деп нығызданды. 

Айналым он бес шақырымға келісілген. 

– Тартыңдар. Әруақ қолдасын! – деді біреу. Бала-шааға алтыбақан құруға кірісті. Шілдеханаға келген жұрт абың-гүбің қауқылдасып, семіз қойдың етіне мұрт майлап болғанша: 

– Келді! Келді!– деген хабар да жетіп қалды. Ел қарауыл төбеге лап қойған. Бөрібек домалаңдап бірінші кетіп бара жатты.

Шеті көрінбейтін шұбырған шаңның алдында Сұлуторы суырылып келеді. Бөрібектің қуаныштан жүрегі аузына тығылып:

   – Көкем! Көкем! – дей берген. – Екіншісі... Екіншісі кім болды?!» деген жолдар бар. («Ашу» әңгімесі. 34-б.). Сондай-ақ: «Кенесарының өз жасағына жаман ат мінгізбейтіні туралы аңыз тараған. Өйткені, жаугершілік жағдайындағы көп жәйттің сәттілік сыры тікелей астыңдағы атыңа байланысты. Соны жақсы білетін сұлтан әр түкпірдегі тәуір атты арнайы қадағалап, оны қайткенде қолға түсіруге ұмтылатын-ды. Және жылқы тұқымын сұрыптап, өсіру ісіне ертеден-ақ ден қойған.

Хан мұнымен бірге мақсатына қарай жеңіл және ауыр атты әскер сапын ұтқыр саралауға ерекше мән беретін. Әлбетте, мұндай істі бастаған Кенехан еді деуге келмес; көшпенділер жылқы күшін ұтқыр қолдануды әлімсақтан бері біледі. (Мұқаш. Қ. «Ақжолтай». Хикаят. – «Жалын» журналы. 2021 жыл. №12) . 

«Жиналғандардың дені палуан күресі, қыз қуу, теңге алу сияқты ойындардан гөрі ат жарысқа қаттырақ қызыққандай. Әсіресе, әр түкпірден жиналған елге танымал үлкендер жағы бір-бірінен кім келіпті, қандай ат әкеліпті дегенді жиі сұрайды. Көпшілігінің білгісі келгені Майлы мен Жайырдың аттары еді. Мұның өзіндік сыры да бар – ол өңірдің аттары аузымен құс тістеген жүйрік, әрі кілең су төгілмес жорға келеді. 

Мұндай әңгіме ат сырын тәуір білетін генерал Полиновты да елеңдетті. Дастархан басында бұл да қасындағы қазақ офицерлерінен осыны сұрағыштап отырды. Олар болса аңтарылып, Қалибек батырдың аузына қарайды. 

– Иә, иә, онысы рас. Қазақта Майлы мен Жайырдың аттарына жететін бәйге аттары сирек. Оны қолы жеткендер ұстайды, – деді Қалибек алдындағы табақ толы еттен саусақтарының ұшымен шымшып алып отырып. 

– Товарищ Абдрахман! Батырдан сұраңызшы, сонда олар біздің Буденный аттарынан да мықты болғаны ма?! – Майор Өрекенов Полиновтың бұл сауалын Қалибекке тез аударып жеткізгенімен, осы кісі Буденный есімін естіді ме екен дегендей батырға көз үстінен сүзіле қарайды. 

– Білеміз, білеміз ол аттарды. Естігеміз, – деді Қалекең оның күдігін бірден сейілтіп. – Генералға айтыңыз, бұл елдің аттары Буденный жылқысынан артық демесең бір де кем болмайды. Қазақтың қазанаттары ол аттар секілді жай ғана қаздай қалқып, сәнденіп жүретін ұшпа жүйріктер емес, жүз шақырымға дейін еркін көсіліп шаба береді! 

– Да ладно?!.

Батыр Иван Полиновтың көзінің көкшиіп, аузының аңқиғанын көріп сөзін жалғады:  

– Генералға айтыңыз, тіпті, сонау атақты Ақан серінің Құлагері де тура осы өңірден шыққан жылқы». (Мұқаш Қ. Айдидар. Роман-эссе). 

«Одан соң қазір тау бөктеріне қарай кібіртіктей көтеріліп келе жатқан осы Кертөбел керек тұстарда су төгілмес Жорға деген атына сәйкес асау толқындарды кеуделей тілген ақ кемеше екпіндете ұрып-салып, көсіле жүйткиді-ау, шіркін. Басын жіберіп қойсаң, бір тоқтамай, күніұзын талмай еседі де отырады. Аңға шыққан кездегі ақылдылығы да керемет. Иесінің көңіл күйін қас-қабағынан түйсініп, елеңдеп тұрады. (Мұқаш Қ. Салбурын (Таңсәріден іңірге дейін) Қарағанды: «Арко» ЖШС, 2013. 16 б.б.). 

«Бала сәлден соң ғана барып атақты Сарыбауыр айғырды таныған. Бұлай кездесемін деп ойламапты. Ол да құйрық-жалы төгіліп, монтия қарайды. Қайбір бәйгелерде алдыңғы орындарды бермей жүрген ұшқырлығымен бірге жуас мінезімен де ерекшеленген өте бір сүйкімді жануар еді. Кең танауы делдиген, кеудесі талыстай қарагер ат. Төсінің түгі аздап жирен түсті болғандықтан «сарыбауыр» атанған жылқы. Жаратқанның құдіреті ме, өзі, мақұлық болса да, тұла бойын кернеген бұла күшті көрсеткісі келмей төменшіктеп тұруды қалайтындай. Жақыннан алғаш көруі, сүйегі аса бір ірі де емес екен. Сида денелі ғана бесті айғыр». (МҰҚАШ Қ. Ақдариға. Хикаят, әңгіме, эссе. – Астана: Фолиант. 2014 ж. 253-258 б.б.).

  «Батар күннің шапағына шомылып іргедегі тақия төбелерге қарай аршындай салған әлдебір аттылының сұлбасы ерекше назар тартты. Жануардың тайпалған жорғалығы сонша – алаулаған нұр құшағына сіңіп, сырғанап, жүзіп бара жатқандай еді. Шіркін, мынандай тұлпарың болса арманың не! Қазақтың қанаты ғой ат дегенің»... («Аусар». Әңгіме. «Ана тілі» газеті. 27.07.2023.)

Бұл жөніндегі әңгімені қаузай бастасаң, талайға созылары анық. Айтпақшы, тағы бір жинақта да (Мұқаш Қ. Хан Кене рухы. Деректі публицистика. – Алматы: «Palitra press» ЖШС. 2009 ж.) Наурызбай батыр сипатына біршама тоқталғаным бар-ды. Оның атақты Ақауыз аты кейін небір ән-жырға арқау болған екен. Осылардың бірінде оның сипаты:                  

                  – Шапқанда құс секілді көрінеді,

                  Алдынан анық қарап тұрсаң байқап, – 

деп кестеленеді. 

Исламбек Төлеубайұлы да аталған кездесуде «Ат дегеніміз – қазақтың рухы, ер қанаты!» деген теңеуді әлденеше рет қайталады. Қауымдастық жетекшісі жиналғандаға: «Біздің барлығымызды біріктіретін бір дүние – мемлекетшілдік идеясы, – дей келіп, біртіндеп ұлттық спорттың Олимпиадасына айналып келе жатқан әлемдік дәрежедегі кезекті ойындарды жоғары деңгейде атқаруымыз қажеттігіне, осынау елдікке сын болатындай маңызды жағдайды мемлекет басшысы Қасым-Жомарта Тоқаевтың өзі жіті қадағалап отырғанын баса айтты.

Кеш соңында Тоқтар бауырымыз бұрынғы сал-сері аталарымызды еске түсіріп әуелете ән салып, көңіл қанаттандырған.

Бұл ретте кешті ұйымдастырушы «Altyn Qyran Foundation» қоғамдық қорының бас директоры Ринат Кертаевтың еңбегін атамасақ қиянат болар. Өзі де бұрыннан кең танымал журналист, білікті продюсер жиынды өте биік деңгейде өткізді.

Құлтөлеу МҰҚАШ,  

Қазақ үні