Руза Бейсенбайтегін психдиспансерге зорлап жатқызғандар қатаң жауапқа тартылуы тиіс!

Руза Бейсенбайтегін психдиспансерге зорлап жатқызғандар қатаң жауапқа тартылуы тиіс!

ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа 

Құрметті Берік Ноғайұлы!

ҚР Президенті Қ.Тоқаев Әділетті Қазақстанда ең алдымен заң әділдігі салтанат құруы туралы үнемі айтып, талап етіп келеді. Ал елімізде заң бұзушылық тыйылмай тұр. 

2024 жылы 24 қаңтар күні белгілі қоғам қайраткері, “Тіл жанашыры” Құрмет белгісі иегері, 70 жасқа жақындаған зейнеткер Руза Бейсенбайтегін Павлодар қаласындағы психоневрологиялық диспансерге өз еркінен тыс зорлап жауып қойды... Бірнеше полицейлер мен дәрігерлер бірге барып алып кеткен! Бұны қоғамдық пікір Павлодардағы Қазақ тілі күрескеріне жасалған барып тұрған заңсыздық, Адам құқын қорлау деп қабылдауда.

Біз, бір топ парламент депутаттары араласып жүріп, Руза Бейсенбайтегін босатып алдық. 

24 қаңтарда Павлодар қаласында көшеде Жунисов деген біреумен ерегісіп қалып, ол полиция мен жеделжәрдемге, 103 пен 102-ге бірден қоңырау шалған. Ал әшейінде уақытында келе қоймайтын полицейлер мен дәрігерлер келіскендей бір мезетте шұғыл жетіп келіп, Руза апайды басып алып кеткен.

Психдиспансер дәрігерлері қоғам белсендісі Р.Бейсенбайтегіне қойған "психиканың бұзылуы" (бредовое расстройство) диагнозы сенімсіз, қоғамның зор күдігін тудыруда. Руза апайдың ешқандай психикалық ауруы жоқ, сол дәрігерлер зорлап алып кеткен күні ғана түс уақытында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса сөйлескен, сап-сау болатын.

Рузаның өзі не дейді:

"Үйімнің қасындағы Халық банктің бөлімшесіне кіріп бара жатыр едім, бір еркек артымнан "женщина, женщина постойте" деп айқайлады. Мен орысшаға жауап бермейтін әдетіммен жүре беріп едім артымнан келіп мені түртті. Бұрылып қарасам, бір жас қазақ жігіті тұр екен. "Не подскажите Майры 29" деді.

"Қазақтың баласы емессің бе, неге қазақша сөйлемейсің?" деп едім, "Мемлекеттік тіл орыс тілі мен қазақ тілі. Менің орысша сұрағыма орысша жауап беру керексің" деп агрессиямен дөрекі жауап берді. Мен бұның подстава екенін түсіндім де, телефонымды алып видеоға түсіре бастап едім, бірден полиция шақыртты. Полиция да жылдам келе қойды, артынан жедел жәрдем келді. Сөйтсем ол жедел жәрдем емес, психбольницаның қызметкерлері екен. Мені апарып, аяқ қолымды байлап, дәрі егіп, жауып тастады. Қайта тікелей эфирге шығып үлгергенім жақсы болды. Сол арқылы кісілер мені іздеп дабыл қағыпты», деп жазды Руза апай өзінің фейсбук парақшасында.

Руза Бейсенбайтегіге жасалған әділетсіздік туралы Павлодар облыстық Адам құқы жөніндегі уәкіл И.В. Тарасенкоға Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы ҚБ Павлодар филиалы директоры М.Шакированың хатында нақты факт баяндалады.

1).Руза Бейсенбайтегін психдиспансер қызметкерлері көшеден күшпен басып алып кеткен;

2).Аяқ-қолын байлап, төсекке таңып тастаған. Ол сол байлаулы күйде 7-8 сағатқа дейін жатқан;

3). Руза Бейсенбайтегін аяқ-қолын байлап тастап, өзінің келісімінсіз дәрі еккен. Одан кейін Рузаның жағдайы нашарлап, қол жууға шықаннда құлап қалған;

4). Рузаны ұстаған кезде медқызметкерлер оның телефонын тартып алған, сондықтан ол үйіне хабарласа алмаған;

5). Медқызметкерлер Рузаның телефонын тексеріп, ондағы өздерінің заңсыз басып алып кеткенін түсірген видеоны өшірген. Егер бәрі заңды болса, қылмысының ізін жою үшін видеоны өшірмес еді...

Яғни, Рузаның өзін ұстағанда денсаулығы дұрыс, адекватты, ешқандай психикалық кемшілік болмағаны видеода бар. Руза психикалық ауруханада есепте тұрмайды. 

1.Егер адам бұрын-соңды ми жүйкесі ауыруымен ауырып, арнайы есепке алынбаған болса, оны сот шешімінсіз бірден психоневрологиялық диспансерге, яғни жындыханаға мәжбүрлеп қамап тастауға ешкімнің құқы жоқ, бұл заңды бұзу!

Бұны Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының өзі де мойындап тұр. Олар таратқан пресс-релизде Руза Бейсенбайтегін көшеден ұстап алып кетіп, психдиспансерде 2 күн ұстағаны жазылған. Бұл жерде қызмет бабын асыра пайдалану фактісі бар. Ауырмайтын адамды психикалық ауруханаға заңсыз еріксіз жатқызуға қарсы Қылмыстық Кодекстің 127 бабын бұзылып отыр. 

2.Руза Бейсенбайтегін психдиспанцерден шығарғанда қолына ұстатқан выпискада оны не үшін зорлап алып келгені, не үшін 2 күн ұстағаны, қандай дәрілер қандай негізде не мақсатпен егілгені туралы ешқандай негіздеме, яғни комиссия, бұйрық, өкім, қаулы шешімдері жоқ. Тек бөлім меңгерушісі Бақытжан Садыкованың қолы мен жеке мөрі ғана бар. 

Осы елге белгілі екі жағдайдан-ақ бұл барып тұрған заңды бұзу екені айқын көрініп тұр! Бұны адам ұрлау қылмысы деп санауға болады. 

Бұдан Руза Бейсенбайтегін жындыханаға жатқызу әдейі ұйымдасқан тапсырыспен болған заң бұзушылық деп санауға болады. Жындыханаға есепке тіркеп тастаған, сол үшін мақсатты түрде қасақана ұйымдастырылған.

Бұндай заңсыз әрекет Павлодарда бірінші рет емес. Осыдан төрт жыл бұрын 2020 жылы күзде Мемлекеттік тіл мәселесімен әкімдікке келген Руза Бейсенбайтегіне жындыхана қызметін шақыртқан Павлодар қаласы әкімі аппаратының сол кездегі басшысы Қайыржан Оңғаров тіл жанашырларының, журналистердің шуынан кейін қызметінен босатылған еді. Бұл туралы сол кезде «Қазақ үні» сайты жазған болатын. Енді міне, мемлекеттік тілді талап еткендерді көрсе, жау көргендей болатын Павлодарлық шенеуніктердің теріс пиғылы ақыр іске асып тынды…

Кейбір әлеуметтік желілер мен сайттарда, мысалы «Нурсултанский соловей» телеграм каналында, қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегіне "психиканың бұзылуы" (бредовое расстройство) диагнозын қойды деп, қоғам белсендісіне қоғамдық тәртіп бұзушы ретінде жала жауып, жалған ақпарат таратқан. Бұл жерде адам құқығы бұзылып отыр. Егер дәрігерлер таратқан болса, онда дәрігерлік құпия сақтау нормасы бұзылған. 

Бұл іс түбегейлі тексеріліп, кінәлілер қатаң жауапқа тартылуы тиіс.

Ел қазір Руза апайдың денсаулығын уайымдап отыр.

Бұндай елдің қоғамдық тұрақтылығын бұзатын арандатушыларға сабақ болуы үшін шұғыл шаралар жасалуы қажет: 

1.Руза Бейсенбайтегін Павлодар қаласындағы психоневрологиялық диспансерге өз еркінен тыс зорлап жауып қойған полицейлер мен дәрігерлер жасаған заңсыз, адам құқын қорлағаны үшін қатаң жауапқа тартылуы тиіс! 

2. Руза Бейсенбайтегін психоневрологиялық диспансердегі заңсыз тіркеу мен әділетсіз қойылған "психиканың бұзылуы" (бредовое расстройство) диагнозы жойылуы тиіс.

Осы диагнозды қойғандар жалған құжат жасағаны үшін жауап беруі керек. 

3. Бұл оқиға Қазақстанның қоғамдық-саяси тұрақтылығын бұзу үшін қасақана жасалған арандатушылық деп танылып, тиісті заңдық шаралар жасалуы тиіс.. 

Құрметпен, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттары:

А.Перуашев,

Қ.Иса,

Е. Барлыбаев,

“Ақ жол” ҚДП төрағасының орынбасарлары, ҚР Парламенті Мәжілісі VII шақырылым депутаттары:

Берік Дүйсенбиев,

Серік Ерубаев.