ОН ЖЫЛДАН БЕРІ ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ДА БАРМАҒАН АРҚАЛЫҚҚА ӘУЕЖАЙ КЕРЕК!

ОН ЖЫЛДАН БЕРІ ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ ДА БАРМАҒАН АРҚАЛЫҚҚА ӘУЕЖАЙ КЕРЕК!

Өткен жылдың аяғында, 2023 жылдың 27 желтоқсанында Торғай өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық байланыстарды күшейту үшін Арқалық қаласында әуежай салу қажеттілігі туралы Үкіметке депутаттық сауал жолданған еді.

Аумақтың өз әуежайының болуы - шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін ашудың, кәсіпорындар жұмысына инвестициялар тартудың негізгі алғышарттарының бірі.

Кеше келген ҚР Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың жауабына сәйкес әуежайдың жұмысын қалпына келтіру үшін жергілікті бюджеттен ұшу-қону жолағын, жермен жүру жолын, перронды, аэровокзалды және әуежай инфрақұрылымын тексеру үшін 9,5 млн теңге қаражат бөлініпті. 

Алғашқы жақсы жаңалық!

Сең қозғалды..

Алдымен депутаттық сауалдың өзін еске салып өтейік.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Р.В.Склярға 

2023 жылдың 19 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Көлік министрі таяудағы 2-3 жылда Балқаш пен Үржардың әуежайларына жаңғырту жоспарланып отырғанын, сондай-ақ, Қарқаралы мен Ұлытауда, Зайсан мен Катонқарағайда әуежайлар салу мәселесі пысықталуда деп хабарлады. Жөндеу мен құрылысқа барлығы 71 млрд. теңге жұмсалатын болады.

Әрине, министрліктің бұл бастамалары көлік логистикасының дамуына ғана емес, осы өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізетіні сөзсіз.  

Осыған байланысты, “Amanat” партиясының Қостанай облысында Арқалық қаласы мен шалғайдағы Амангелді және Жангелдин аудандарының тұрғындарымен кездесулері барысында көптен бері тұрақты түрде көтеріліп жүрген Арқалықта да әуежай салу қажеттілігін еске салғым келіп отыр.

Бұрын Арқалық Торғай облысының орталығы болып тұрған кезде онда үлкен әуе кемелерін қабылдай алатын әуежай болған. Содан, облыс жабылып қалған соң, мүлтіксіз жұмыс істеп тұрған нысан сол кездегі билік пен Қазақстанның әуе әкімшілігінің қарауынсыз қалып, ақыр соңы жекеге сатылып, шаруасы біткен. Яғни, теріс құбылыс орын алған.

Қазір қалада әуежай болғаны туралы, сақталып қалған ұшу-қону жолағы ғана еске салады. Өңірдің елорда мен облыс орталығынан және республикалық автомобиль жолдарынан қашықта орналасуы, Арқалыққа кез-келген жақтан авто не темір жол көлігімен жету немесе ол жақтан келу үшін, әдетте, шамамен жарты тәуліктей уақытты қажет етеді. Әуе қатынасының болмауы, өңірдің толыққанды әлеуметтік-экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр.

Бүгінгі таңда мемлекетімізде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының білікті саясатының арқасында өңірлерге, оның ішінде моноқалардың дамуына баса назар аударылуда. Оның алғышарттарының бірі - шағын және орта бизнестің жаңа субъектілерін ашуға, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жұмысына инвестициялар тартуға, сондай-ақ халықтың үдере көшуін бәсеңдетуге оң әсерін тигізетін өңірлердің көліктік қолжетімділігін жақсарту болып табылады. Бұдан бөлек, алдағы уақытта Қостанай облысының Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары іске асырылатынын ескерген жөн. Себебі, Қазақстан мен шетелдің түкпір-түкпірінен өңірге инвесторлар тартуды көздейтін жоба үшін көлік қатынасының маңыздылығы артады деп санаймын.

Жергілікті халықтың айтуынша, қатынастың жылдам түрінің болмауынан, өңірге Үкімет пен министрліктердің өкілдері аяқтарын аттап баспайды. Соңғы рет Үкімет басшысы ол жақта он жыл бұрын, 2013 жылы болған екен. Қазақстанда былтыр жаңадан үш облыс ашылған кезде Торғайдағы қалың қазақтың облыс ашыла ма деген талапты үміті ақталмады. Торғаймен тағдырлас Семейге сүйеу болып, Ұлытау ұлықталды, ал Торғай ұмытылды. Астанадан Қорғалжын арқылы тура Орталық-Батыс авто жолы салынады деп шулатып құжаттарын дайындап, ақшасын қарастырып қойған жол да салынбай тоқтап тұр. Жалғыз қала құрастырушы боксит кен өндіруші басқармасы да жабылып, халықтың бір бөлігін көшіп кетуге мәжбүрледі. Шақшақ Жәнібек, Амангелді, Кейкі батырлар, Алаш ардақтылары Ахмет пен Міржақыпты, Нұрхан, Қайнекей, Сырбай, Ғафу сынды ақын, жазушы ұлдарды тудырып, тәрбиелеген киелі де қасиетті мекенге Үкімет қашан көңілін бөледі, деген заңды сұрақ туындайды.

Осыған орай, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және өңіраралық байланыстарды күшейту үшін көлік министрлігіне Арқалық қаласында әуежайды қайта салу мәселесін пысықтауды, кейіннен осы бағытта әуе қатынасын ашуды тапсыруды сұраймыз.

Құрметпен,

Депутаттар,

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Б.Бейсенғалиев, 

А. Рау, 

Е. Әбіл,

«Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса.

Үш жыл бұрын Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын мемлекеттік деңгейде лайықты атап өту туралы депутаттық сауал жасағанда ақын депутат Қазыбек Иса: “Алты жылдан бері, Ахаңның басына бармаған қандай әкім?”-деп сол кездегі облыс әкімі Архимед Мұхамедиевті өткір сынап еді. Сол 2022 жылы қыста қалың қарға қарамай облыс әкімі Ахаңның ауылына жетіп барды.

Енді 10 жылдан бері бір де бір Үкімет басшысы бармаған Торғайға қарай премьер Смайылов та жолға шығып қалар…

Қазірге, депутаттық сауалға дер кезінде берген жақсы жауабына рахмет айтамыз.

Құдай қаласа, Алаш көсемдерінің отаны, қасиетті Торғай өңіріне келгенде, Арқалықтың ажарлы әуежайынан түсіп тұратын күнге жете берейік!

Ақ жол!