ЗАМАННЫҢ ЕРІ ЗАМАНБЕК ЕДІ!..

ЗАМАННЫҢ ЕРІ ЗАМАНБЕК ЕДІ!..

Әділдіктің Ақ жолы Алматының Нұрсұлтан көшесі Заманбектің атымен аталғанда басталады

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқәділов тірі болғанда ертең 2024 жылы 15 қаңтарда 80 жасқа толар еді…

Ел бүгін осыған орай есіл ердің әруағына бағыштап, Алматыда ас беріп, еске алу іс-шарасы өтіпті.

Пейіште рухы шалқи бергей.

Қайсар қайраткер Заманбек туралы замандастары естеліктер айтып, ҚР Президентінің кеңесшісі- Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың хатын оқып беріпті. 

Хатта Заманбек Нұрқаділовтің туған жері - Алматы облысы Кеген ауданында ескерткіш, ал Алматыда тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылатыны жазылған.

Әділ Қазақстанның лебі есе бастағандай, ел жаппай қуана қолдап жатыр. 

Ұзағынан сүйіндірсін! Иманды да, игілікті іс жалғасын таба берсін деп тіледік. 

Осыдан 19 жыл бұрын Заманбек Нұрқәділов 2005 жылдың 12 қарашасында өз үйінде қайғылы қазаға ұшырағанда, біздің биліктің беті бүлк етпей: “Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атып өлтірді” деп былш еткізді…

Қаза боларынан оншақты күн бұрын мен Зақаңнан сол кезде өтіп жатқан президент сайлауына байланысты сұқбат алып едім. Зақаң үй телефонында ұзақ әңгіме айтқан еді сонда. Қасындағы оппозицияда бірге жүрген інілеріне де өкпесін айтып қалып еді тұспалдап…

Зақаңның бұл сұқбаты сол кезде “Қазақ үні” газетінде жарияланды…

Сол кезде мен өзім басқаратын республикалық “Қазақ үні” (“Жас қазақ үні”) газетінің бірінші бетіне Заманбектің портретін жариялап, “АТҚЫЗҒАН КІМ? АТҚАН КІМ”-деп қаралы қазанама жазып едім…

Тура содан үш ай уақыт өткенде, 2006 жылы 11 ақпанда белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы да үш серігімен қаза тапқанда: “АЛТЫНБЕК ТЕ КЕТТІ! АЛ ТАҒЫ КІМ?!”-деп, Алтекеңнің үлкен суретін газеттің бірінші бетіне тұтас беріп, қазанама жаздым.

Басқа ешқандай басылым дәл “Қазақ үні” газетіндей етіп қазанама беріп, жоқтай алған жоқ Заманбектің де, Алтынбектің де қазасында. Тіпті, Алтекеңнің өзі билікте жүргенде, Ақпарат министрі кезінде бас редактор еткен, сол кезде мемлекеттік газеттердің басшылығында отырған достары мен серіктерінің көбісі жоқтау түгілі, бір ауыз некролог жазуға да жарамады. Мен бұл сөзімді кейін “Дат” басылымына сұқбат бергенде де айттым… Бір білетініміз тек Жүсіпбек Қорғасбек қана қайрат көрсете білді.

Заманның ері Заманбектің заманы туатын кез келді!..

Әділдіктің Ақ жолы отыз жыл ойына келгенін істеген озбыр биліктің күні толық біткенде, Қаңтар қасіреті болған Алматы көшесінен Нұрсұлтанның аты жойылып, Заманбектің атымен аталғанда басталады…

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні