“ҚАЙЫРЫЛМА” деген сөз ҚАҒИДАҒА АЙНАЛУЫ ТИІС!
2024 ж. 03 қаңтар
808
0
Ең алдымен айтарымыз, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газеті басшысы, ҚР Ұлттық Академиясы академигі Дихан Қамзабекұлына берген “Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек!” аттты ел бағдарын айқындайтын көлемді сұқбатында халықтың көкейінде жүрген өзекті сұрақтардың барлығы дерлік қамтылыпты.
Мемлекет басшысы Қаңтар қасіретінде өзіне жасалған бопсалаудан бастап, сол мемлекеттік төңкеріс кезінде Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті төрағасы болып отырған тұңғыш президенттің мемуарына дейін өз пікірін білдіріпті.
“КЕТТІҢ БЕ - ҚАЙЫРЫЛМА!”
Президент ел басына төнген ауыр күндерді еске алады.
“Сол кездегі ахуал өте күрделі болды, еліміз құрдымға кетуге шақ қалды. Бұған жол бермеу үшін барлық іс-әрекетті күндіз-түні және сағат сайын тікелей өзім бақылап отырдым. Ішкі істер министрлігі арқылы Ақорда резиденциясына түрлі шабуыл жасалғалы жатыр, соған жүк көліктері пайдаланылады деген ақпарат жетті. Маған бас сауғалап, резиденциядан кету, тіпті шетел асу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылды. Бірақ мен бұған үзілді-кесілді қарсы болдым. Теледидар арқылы жасаған мәлімдемелерімнің бірінде қандай жағдай болса да жұмыс орнымда қалатынымды ашық айттым. Екі апта бойы тапжылмай, Ақордада болдым, күн-түн демей, шұғыл жиналыстар өткіздім. Сол аласапыран күндерде мемлекетімізді сақтап қалу, елдегі заң мен тәртіп үстемдігін қалпына келтіру ең басты міндет еді.”-дейді.
Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болып, Тәуелсіздігімізге қатер төндірген Қаңтар қасіретіне қазір тура екі жыл толды. Көкейдегі көп сұрақтың бәріне жауап табылған жоқ. Осы жерде айта кету керек, осыдан екі жыл бұрын 2022 жылы 26 қаңтарда парламентте алғаш рет Қаңтар қасіретінің шындығы ашылуын талап етіп, ол үшін парламенттік тыңдау шақыруды ұсынған “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалын жариялаған едік. Иә, кейін 14 наурызда Бас прокурор бастаған күштік құрылымдар, құзіретті органдар басшылары Парламент Мәжілісіне түгел тізіліп келіп, есеп берді. Соның өзінде Қаңтар қасіретінің көсеушілері айтылып, жазаланғанмен, көсемі айтылмай, жазасыз қалды… Ең әділ сот - уақыт бәрін өз орнына қоятыны анық.
“Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді.
Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды.
Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-талқанын шығара жаздағанын ашық айттым.
Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайырылма!» Болашақта ел тізгінін ұстайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс.”
Қасым-Жомарт Тоқаевтың: “Кеттің бе - қайырылма!”-деген қанатты сөзі қағидаға айналуы тиіс. Әйтпесе, Қаңтар қасіреті қайталана беруі кәдік.
Бірақ бұл сөзді қайтыс болған бауырына берген асты саяси есеп беру жиналысына айналдырып, ойына келгенін істеген отыз жылдағы ода айтқыштарды қайта жинап алып, олардың кезекті өтіріктерін тыңдап, “біз бәрін қатырдық, біз әлі де бармыз” деп қыр көрсетіп, қыртып жүргендер түсінсе деңіз…
Қаңтар оқиғасында қылмыстық топтар арандатушылар мен қарақшыларды пайдаланып, бейбіт шерулерді жаппай тәртіпсіздікке ұластыруға күш салды. Бұл қылмыстық топтардың лаңкестермен, оның ішінде сырттан келген лаңкестермен байланысы болғаны анықталды. Лаңкестер ұрып-соғу мен тонау, қирату мен өртеумен ғана шектелмей, Алматы мен бірнеше облыс орталықтарында мемлекеттік органдардың, күштік құрылымдардың ғимараттарына, қару-жарақ дүкендеріне, құқық қорғау мекемелері мен әскери бөлімдердің қоймаларына шабуыл жасады. Осы күндері 3 мыңнан аса автомат, пулемет, гранатомет т.б. атыс қарулары қолды болып, экономикамызға 3 миллиард долларға жуық шығын келді.
Ал осы 3 мыңнан аса қарудың 2 мыңға жуығы әлі табылған жоқ. Бұл бір полктың қаруы әлі қолда жүр деген сөз - үлкен қауіп. Сондықтан қару-жарақтың әлі қайтарылмай, жасырулы жатқаны біздің ішкі істер органына сын.
Біз “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев екеуміз Тараздағы Ішкі істер департаменті түрмесінде Қаңтар оқиғасында тұтқындалған 76 жас қазақ жігіттері жатқан камераларға кіріп, сөйлестік. Олардың 14-і біздің жеке қабылдауымызға кіріп, жағдайларын айтты. Бәрі алданған, арандаған. Ішкі істер департаменті жанындағы саябақта қару-жарақтар салынған дорбалар үйіліп жатқанын, бұлар да бірнеше Калашников автоматын алғандарын айтады. Көбісі осы 290-шы баппен, заңсыз қару сақтағаны үшін тұтқындалып отыр екен. Олардың біразы өздерін полицияның азаптағандарын да жеткізді. Ол полицейлер жазаларын алыпты.
Бұл аңғалдықпен арандап қалған жастар туралы біз Бас прокуратураға жазыр, бірнешеуі босап шықты.
Иә, Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт ереуілге шыққан азаматтарды мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар өз мақсаттарына пайдаланып кетті.
Арандап қалған, бұған дейін сотталған 1205 адамның 1095-іне Президенттің бастамасымен рақымшылық жасалды.
Жалпы қазіргі президент тұңғыш президент туралы айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлының аса жоғары деңгейдегі дипломаттығы көрініп тұрады. Сонда да сұңғыла суретшінің әр бояуы көп нәрсені көрсететіні секілді бір-екі сөйлеммен негізгі ойын ойып тұрып бере салады.
“Кезінде бір айтқыш «Мемуарда шындықтың жартысы айтылса да, ол тарихи оқиғалардың ауқымын бағамдауға жеткілікті» деген екен.
Мен мемуарларды, публицистикалық шығармаларды, саяси очерктерді әрдайым ыждағатпен оқимын. Ал сұраққа келсек, мен үшін қазіргі кезең мемуар жазып отыратын уақыт емес.”-деген астарлы қысқа жауаптың айтары көп екені көрініп тұр…
Ал аталмыш мемуарды оқығандар әлгі айтқыштың “мемуарда шындықтың жартысы айтылса да” деген өлшемнің өзін көп көріп отыр…
Сұқбатта Қаңтар қасіреті кезінде көп талқыланған мәселе - сол бір ел тағдыры ауыр сынға түсіп тұрған сәтте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерінің көмекке шақырылуына да нақты, толық жауап беріліпті.
“Бұл жерде мына жайтқа баса мән беру керек. Біз бұл құрылымның мүшесі ретінде Ресейге емес, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына жүгіндік.
Сол кезде осы ұйымның төрағасы Армения еді. Биыл ҰҚШҰ-ға Қазақстан төрағалық етеді. Құрылым жасағы, шын мәнінде, бітімгерлік рөл атқарып, қасіретті күндерде елді жайлаған жүгенсіздікті тоқтатуға септігін тигізді. Ұйымға мүше-мемлекеттермен келісілгендей, бұл бітімгерлік күштер алдын ала ешқандай талап қоймастан, оның үстіне мерзімінен бұрын Қазақстаннан сыртқа шығарылды.”-деп, бұл мәселені түйіндеп берді.
ПРЕЗИДЕНТ ЛАУАЗЫМЫНА БІР РЕТ ҚАНА САЙЛАНУ ӨЗГЕРМЕЙДІ
“Әлеуметтік желіде Президент Конституцияға қатысты референдум өткізіп, 2026 жылы тағы да сайлауға түсуді жоспарлап отыр деген қауесет тарап жатыр. Бұл рас па?”-деген сұрақ та қойылды.
– Бұл – жалған ақпарат. Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ.
Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген.- деп мемлекет басшысы бұл жалған ақпаратқа нүкте қойды.
ӘДІЛ ЗАҢ МЕН ТЕМІРДЕЙ ТӘРТІП КЕРЕК
Президент жаңа ережемен сайланған VIII шақырылған Парламент Мәжілісі туралы да өз ойын келтіріп, орынды баға берген.
“Мен түйткілдердің түйінін айқай-шумен алаңда емес, диалог үшін арнайы құрылған орындарда, ең алдымен, Парламентте өркениетті жолмен, салиқалы түрде тарқату керек деп үнемі айтамын.
Қазір Парламентте түрлі көзқарастағы қоғам өкілдерінің мүддесін білдіретін сан алуан саяси күштер бар. Парламенттік оппозиция институты заң жүзінде бекітілді.
Соңғы сайлауда Мәжіліске алты партия өтті. Оның үшеуі алғаш рет депутаттық мандатқа ие болды. Тіпті қазір Парламентте отырған партияның бірі – әуел бастан оппозициялық ұстанымдағы ұйым.”-дейді.
Иә, қазір 6 партия мен бір мандаттылар бас қосқан Мәжілісте елдегі барлық мәселелер ашық талқылануда.
Айтылмайтын мәселе жоқ десе де болады. Бұрын алаңда айтылатын мәселелер парламентке көшті. Шынында да, бұрын “Пәленше парламентке өткенде, мәселелерді ашық көтеретін еді” дейтін саясаткерлердің бәрі қазір Мәжілісте.
Мәселелер тек талқыланып қана қоймай, шетінен шешімдері де табылуда.
Сондықтан да, елдің сенімін иелену деңгейі бойынша дәстүрлі сауалнамада биыл парламент президенттен кейінгі екінші орынға көтерілді.
Мемлекет басшысы «Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, бірлесе күресуіміз керек.”-деп нақты тұжырым жасайды.
Қазір отыз жылдай ел іргесін жегіқұрттай кеміріп келе жатқан жемқорлық пен парақорлық өршіп тұрғанда, алға басуымыз қиын екені елге белгілі. Ең алдымен осы екі қауіпті вирусты жою қажет.
“Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшылар қоғамның тамырын тап баса білуге, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап-түсінуге, соған сәйкес дер кезінде нәтижелі шаралар қабылдауға және дұрыс шешім шығаруға қабілетті болуы керек. Бұл – ең басты талап. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидатты берік ұстануға тиіс.”-деген сөзін оқығанда көз алдымызға дәл осы талапқа сай келетін, бірақ кешегі Қаңтар қасіретінде мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандардың заманында әділетсіздіктің қүрбаны болып, қудаланған талай тарландар көз алдымызға елестеп кетті…
Президент қазақ елінің жалынды жастарына кәміл сенетінін баса айтты. Сондықтан билік құрылымындарына аға буынның тәжірибесі де, жас ұрпақтың жаңа идеялары да керек екеніне назар аударды.
Кезінде оншақты жылдан бері “Ақ жол” партиясы көтерген, бірақ сол кездегі билік қабылдамаған, тек Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайланғасын Ұлттық кеңестің отырыстарында өзі бастама жасағасын өмірге жолдама алған бірнеше заңдар заман талабына сай аталады. Олар Парламенттік оппозиция туралы заң, Банкроттық туралы заң, Заңсыз активтерді қайтару туралы заң және тағы басқалар. Президент сұқбатында осы заңдарды атап өтті.
РУХАНИ КҮШ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕНІ ҚОРҒАЙДЫ
Мемлекет басшысы рухани-мәдени салада биыл аталып өтетін мерейлі шараларға да тоқталып өтіпті.
“Жошы ұлысының іргесі қалғанғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа.”
Біз де кезінде 2019 жылы 6 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен өткен Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында Алтын Орданың 750 жылдығынан кейін 2024 жылы Жошы ханның Ұлы ұлысқа таққа отырғанының 800 жылдығын жалғастырайық деп ұсыныс жасаған болатынбыз. Сонымен қатар Жошы ханға, қазақ қызы, Шыңғыс ханның төрткүл дүниені билеген төрт ұлының анасы Бөртеге, Шыңғыс ханға, Бату ханға ескерткіш қою керек деп ұсыныс жасап едік. Алғашқысы іске асты. Ұлытауда Жошы ханға ескерткіш қойылды, біз ұсынғандай аспан астында асқақтаған алып ескерткіш болмаса да…
Жалпыұлттық диалог алаңы – Ұлттық құрылтай биыл көктемде өтеді. Онда идеологиялық бағыттар, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, қоғамның жаңа құндылықтарын жаңғырту мәселелері талқыланады.
Сонымен қатар президент Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қазақ жерінде өтуі ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, Ұлы Даладағы көшпенділер өркениетінің насихатын күшейтетініне баса мән берді.
Президенттің ұлттық бірегейлікті айшықтап, ел бірлігін нығайта түсу үшін қазақтың төл жаңа жылы Әз Наурызды ерекшелеп, мазмұнын байытып, жаңаша атап өтуді ұсынғанын қуана қолдаймыз.
Кеңес империясы бұдан бір ғасыр бұрын 1926 жылдан бері тойлауға тыйым салған Наурыз мейрамы елімізде алғаш рет 1988 жылы тойланды. Демек биыл 36 жыл жоғары деңгейде тойланады.
Яғни, жаңа жылға қадам басып тұрғандағы алғашқы жазбамызды мемлекет басшысының сөзімен аяқтағымыз келеді:
“Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн.”
Қазыбек ИСА,
Қазақ Яні