ҰЛУ ЖЫЛЫ ЖЫЛУ ЖЫЛЫ БОЛА БЕРГЕЙ!

ҰЛУ ЖЫЛЫ ЖЫЛУ ЖЫЛЫ БОЛА БЕРГЕЙ!

Қадірлі ағайындар!

Қоян жылы ор қояндай орғып өтіп, тарих қойнауына еніп барады. Григориан күнтізбесі бойынша.

Қояндай өсімтал болып, көбейе берейік деген үмітіміз орындалып, қоян жылы Қазақстан халқы 20 миллионға жетті. Қазақ халқы 70 пайыздан асты.

Құдайға сансыз шүкірлік дейміз!

Тәуелсіздігіміздің отыз екінші жылы түбегейлі өзгерістерге қадам жасала бастаған жыл болды! Көп партиялы жаңа парламент сайланды. Мәжілістің 30 пайызын партияға қатыссыз бір мандаттылар құрады.

Биыл аудан мен облыс деңгейіндегі қала әкімдерін халық сайлады.

Халық сайлайтын әкімдер деңгейі өсе беруі тиіс!

Оратыла жылжып, Ұлу жылы еніп келеді. Григориан күнтізбесі бойынша.

Ұлу жылы жайлы жыл болып саналады. Ұлу туралы мәліметтерден ұнамдысы ол өз салмағынан 10 есе ауыр затты тасымалдай алады; ұлудың етіндегі ақуыз мөлшері тауықтың жұмыртқасынан көп;

тістерінің саны кез-келген акуладан көп; өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, шешім қабылдай алады.

Әрқайсымыз Ұлудай ауыр жүк көтеріп, еліміз үшін нәтижелі, жемісті де, жеңісті шешім қабылдай берейік!   

Ұлу жылы - адамдардың бір-біріне деген жылу жылы, берекелі де, мерекелі өмір сүру жылы бола бергей!

Тыныштық, ырыс-құт жылы болғай! 

Құдай қуат беріп, аңсаған арман, тілек, дұғаларымыздың орындалуын бір Алла нәсіп етсін!

Тәңір жарылқап, Жаратқан ием жар болсын! 

Ізгі ниеттеріміз іске аса берсін!

Әрдайым асқар асулардан асып, биіктерге көтеріле берейік!

Тәуелсіздіктің Көк туы көкте мәңгі желбірей берсін!

Жеріміз бүтін болып, Еліміз өрлеп, Тіліміз төрлей берсін!

Алла жар болып, Жұлдызымыз жарқырай берсін!

Жаңа жыл жарқын Жақсылықтар жылы болғай! 

Баршамыз ҚАЗАҚ ҮНІН биіктен шырқап, алдымыздан әрдайым АҚ ЖОЛ ашыла беруін тілеймін!

Құрметпен, Қазыбек ИСА