ТІЛІ БАР ЕЛДІҢ ТІРЛІГІ НАР - ӨЗБЕКСТАН

ТІЛІ БАР ЕЛДІҢ ТІРЛІГІ НАР - ӨЗБЕКСТАН

“ӨЗБЕКСТАНДА ТҰРЫП, ӨЗБЕК ТІЛІН БІЛМЕУ - ТОПАСТЫҚ!» - дейді Егор. 

ӨЗБЕКСТАН САПАРЫ 

Биыл қазан айының аяғында Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан Парламентаралық кеңесінің алғашқы отырысы өткені белгілі. Бұл туралы «Қазақ үні» ұлттық порталы хабарлаған болатын.

ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы Ерлан Қошанов ресми сапармен Өзбекстан Республикасына барды. Ташкентте Өзбекстан Олий Мәжілісі мен Қазақстан Парламенті Мәжілісінің арасындағы парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің бірінші отырысы өткен. Отырыс барысында екі ел депутаттары сауда-экономикалық, көлік, аграрлық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты және су дипломатиясы мәселелерін талқылады. Сапар аясында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен кездесіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, елдегі іргелі өзгерістер туралы сөйлесті.  

Иә, биыл көрші туысқан елмен қарым-қатынасымыз қарқынды болып тұр. Мен өзім де көктем мен жазда Өзбекстанға екі рет барып келдім. 

Біріншісінде Өзбекстанда өткен Конституциялық референдумға халықаралық бақылаушы болып бардық.

Екіншісінде шығармашылық сапармен Өзбекстан Жазушылар одағына бардым.

 

Әңгімені алғашқысынан бастайық.

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Түрік мемлекеттері Парламенті ассамблеясы мүшесі ретінде 2023 жылы 28 сәуір мен 1 мамыр аралығында Түрік мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) миссиясы аясында Өзбекстанда өткен Конституциялық референдумға халықаралық бақылаушы болып барып келдік. 

Қазақстаннан ТүркПА құрамында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекбол Орынбасаров екеуміз болдық.

Бізбен бірге ТМД мемлекеттері Парламенті ассамблеясы құрамында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Үнзила Шапақ пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Амангелді Төлемісов болды.

Сонымен қатар Халықаралық заңгерлер бақылаушылары құрамында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Марат Баширов те барды.

ҚР Орталық Сайлау комиссиясы төрағасы Нұркен Әбдіров бастаған бақылаушылар да жүрді. 

Біз Бекбол Орынбасаров екеуміз 28 сәуірде, келген күні сапарымызды бірден Ташкенттегі Төле би бабамыздың басына зиярат жасап, әруағына құран бағыштаудан бастадық. Төле бидің ұстазы Шархантаур әулиеге де арнап құран оқыдық.

Біздерді күтіп алған Бабур, Сардор, Зайржандар бір-бір университеттің проректорлары, ғалымдар. 

Бабурдың Сұрхандария облысынан екенін білгесін, “Ол жақта қазақтар көп, әсіресе қоңыраттар”-деп едім, “Шешем қоңырат, онда сіздер маған таға (нағашы) болады екенсіздер” деп, демде нағашылы-жиенді болып шыға келдік. 

САН ҚЫРЛЫ САМАРҚАНД  

29 сәуірде Самарқандқа сапар шегіп, референдумға дайындық барысымен таныстық. 

Бізге Самарханд вокзалында жол көрсеткен күзет қызметкері бізді көріп, бірден: “Қазақстаннансыздар ма? Мен де қазақпын, қыпшақпын, бірақ Өзбекстанда бәріміз, барлық өзге ұлт өкілдері де өзбек болып жазыламыз” деді. Иә,біз енді қолға ала бастаған бірегей ұлт саясаты Өзбекстанда кеңес империясы кезінде-ақ басталып кеткенін жақсы білеміз 

Бізді вип залда Самарханд сапарындағы жолбасшымыз Гүлжауһар мен Темур күтіп алды. Әлемді тітіреткен Әмір Темірдің отаны Самархандта екінің бірінің аты Темур екеніне бұрын келгенде-ақ көз жеткізгенбіз.

 

Жалпы, өзбек ағайындар Конституциялық референдумға тас-түйін дайындалған. Барлық жерде құшақ жайып күтіп алады, күліп шығарып салады. Әуежай, вокзал, қонақүйлердің күтушілері, күзетшілеріне дейін дейін құдасын күткендей құшақ жайып, жолдарын ашып қарсы алады. 

Самарқандта Жалаңтөс баһадүр бабамыз салған Регистан алаңын тамашалап, әйгілі Әмір-Темір кесенесінде құран оқыдық. Хазіреті Қызыр ата кесенесінде болып, зиярат еттік. Осында жерленген Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовке дұға бағыштадық.  

Ислам Каримовтың басына құран оқушылардың көптігіне қарап, ойланасың. Өз еліңнің тұңғыш президентімен салыстырасың. Екеуі де жеке басқа табынуды шыңға шығарды. Жеке дара билеп-төстеді. Біреуі 162 олигарх бастаған қалталыларды байытса, екіншісі мемлекеттің мүддесін қорғады. Ислам Каримовты халыққа жайлы болды деп айта алмайсың! Орта Азия елдері билеушілеріне тән қылышынан қан тамған, қатал диктатор болды. Бірақ халық неге құрметтейді?!. Бұл жерде бір ғана түйін жасауға болады. 

Ұлтқа қызмет ешуақытта ұмытылмайды! Ұлттық мүддеге адалдық танытқан тұлғаның өзге күнәларына да кешіріммен қарайды ел. Сол секілді ұлттық мүддеге қарсы саясат та ешуақытта кешірілмейді… 

Соны біздің қол астындағылардың барлығы қолынан ұстап сотқа апаруға болатын қылмыскерлер екенін ашық мәлімдеген экс президентіміздің білмей-ақ кеткені өте өкінішті! Тарих сыйлап тұрған тұңғыш президент деген атқа лайық бола алмау оның ғана емес, ұлттың қасіреті! Бұл туралы менің 2007 жылы 24 тамызда “Қазақ үні” газетінде жарияланған, сол кездегі өткен әдеттегідей әділетсіз масқара парламент сайлауы туралы “Елбасыға ел сенімі біткен сайлау”-атты мақаламда да айтылған. Бұл мақалаға сілтеме жасап жатқаным - ешнәрсенің анығын білмей жатса да, “бұрын неге айтпадың” деп кінәлап шыға келетіндер үшін. 

Ислам Каримов өзбек ұлтының мүддесін қорғап, негізгі ұлтты ешкімге басындырмады. Өзбек тілі - Мемлекеттік тіл бас әріппен жазылатын. Біздің Қазақстандағы 32 жылдан бері “ресми тіл” статусы болмаса да, “ресми тіл ретінде қатар қолданылатын” орыс тілінің қолына су құя алмай келе жатқан мемлекеттік тіл - қазақ тілін өзбек тілімен салыстыруға келмейді - арасы жер мен көктей! Өзбекстанда кеңес империясы кезінен-ақ орыс, тәжік, қазақ, қарақалпақ, татар, барлық өзге этностардың бәрі өзбек тілінде сөйлейді. Бәрі басшыға байланысты екенін ойласақ, құдай Өзбекстанға Тәуелсіздік алмаған кеңес кезінде-ақ барлық өзін-өзі сыйлайтын елдер құрметтейтін ұлтшыл билеушіні берген-ақ екен…

Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Кәрімовтың кесенесіне құран оқып отырып, Ұлттың құрметіне бөлену деген ұғымға көз жеткіздік. Ол қайтыс болған бауырына берген асты саяси есеп беру жиналысына айналдырып, ойына келгенін істеген отыз жылдағы ода айтқыштарды жинап алып, олардың кезекті өтіріктерін тыңдап, “біз бәрін қатырдық, әлі де бармыз” деген қырту емес. Қазақ пен өзбектің тұңғыш президенттеріне деген ел құрметінің арасы жер мен көктей… 

Тәуелсіздік жылдары Өзбекстан халқы екі есеге жуық көбейді. Ал бізде керісінше, мемлекеттің қатысуынсыз өз еркімен көбейіп жатқан қазақ халқын жанталаса азайтып көрсетумен келеді. Қазір де негізгі мемлекет құрушы қазақ ұлты 80 пайызға жуық екені анық. Заң сұрау түгілі нан сұрауға жарамайтын мемлекеттік тіліміздің түрі анау… Қайран, босқа кеткен отыз жыл - бір дәуір-ай!?. 

РЕТТІ ӨТКЕН РЕФЕРЕНДУМ

2023 жылғы 30 сәуір - Өзбекстандағы Конституциялық референдумға дауыс беру күні таңғы сағат 8:00-де басталды. Біз де таңғы 8:00-ден бастап Конституциялық референдумына халық қалай дауыс беріп жатқанын бақыладық. Түске дейін 6 округтық учаскеде болдық. Халықтың көңіл-күйі жақсы, елдің референдумға өте күшті дайындалғаны көрініп тұр. Ташкенттің 28 градус ыстығында көктен арай құйылып, эфирден ән төгіліп тұрды. 

Біз бірінші барған референдум учаскесі Халықаралық журналистика университетіндегі #520 сайлау округі екен. Төрағасы Sherzodkhan Kudratkodja сайлауға байланысты барлық мәліметтермен таныстырды. Бірінші дауыс берген 85 жастағы әже мен зейнеткер ер кісіге сайлау комиссиясы арнайы сыйлықтар жасады. 

Халықаралық Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы

бақылаушылары ішінде Өзбекстан БАҚ-ына бірінші сұқбат беру бізге бұйырды. Сонымен, Өзбекстандағы Конституциялық референдумның ең алғашқы сұқбаты қазақ тілінде болды.

Орыс тілінде сұраған тілшіге: “Мен Қазақстанның депутатымын, Ресейдің депутаты емеспін”-деп сыпайы жауап бердім.

 

Одан кейін №5 мектепте орналасқан және Ресейдің Плеханов университтінің Өзбестандағы филиалында орналасқан сайлау учаскелерінде болдық. 

Тағы да 3 мектепте орналасқан мектептегі сайлау учаскелерін бақыладық. 

Түстен кейін тағы бірнеше сайлау учаскелерінде болдық. 

Бір байқағанымыз, дауыс беру учаскелерінде «оппозициялық партия» деп аталатын партиялардың бақылаушыларынан «төрағаларыңыз кім?»-деген сұраққа ешқайсысы жауап бере алмады... 

 Журналистер өтініші бойынша тағы бірнеше мемлекеттік телеарналарға сұқбат беруге тура келді. 

Референдум өте жақсы ұйымдастырылған түрде жақсы өтті.. Барлық жерде құшақ жайып қарсы алып, ықыласпен шығарып салады. 

Учаскелерді аралауды Өзбекстан Республикасы Орталық Сайлау комиссиясы төрағасы Зайниддин Низамходжаевпен кездесумен қорытындыладық.  

Түгел түркі тілінің түбі бір деген рас. “Туысқан халық қазақ пен өзбекке аудармашының керегі жоқ” деген менің қазақ тіліндегі сұрағыма Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы төрағасы өзбек тілінде толық жауап беріп, рахметін айтты. 

Өзбекстанның Бұқаралық ақпарат құралдарына тағы да сұқбат бердік.                                                

Конституциялық референдум қорытындысы бойынша республиканың дауыс беру құқы бар азаматтарының 84,54 пайызы дауыс берді.

Өзбекстанның ОСК басшысы Зайниддин Низамходжаевтың айтуынша, басты заңның жаңа редакциясын 90,21% халық қолдады. 

Заңға енгізілген өзгертулер президенттің өкілеттік мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұлғайтылды. Бұл референдум Президент Шавкат Мирзиеевке бұған дейінгі қатарынан екі рет президенттік мерзімнен кейін осы лауазымға тағы бір рет сайлануға мүмкіндік береді. 

Басқа өзгерістердің қатарында сенаторлар санын 45%-ға қысқарту, парламенттің төменгі палатасының бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі өкілеттіктерін бекіту, өлім жазасына тыйым салу, ел азаматын шет мемлекетке беруге тыйым салу бар.

Сонымен қатар Өзбекстанның негізгі заңында азаматтық қоғам институттары және олардың қызметінің кепілдіктері туралы тарау пайда болады.

Бұл Конституциялық референдум бойынша Қарақалпақ автономиялы республикасының конституциясы өзгеріссіз қалады. 

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының (ТҮРКПА) Референдумды бақылау жөніндегі миссиясы 2023 жылғы 30 сәуірде Өзбекстан Республикасында өткен Конституциялық референдумға қысқа мерзімді мониторинг жүргізді. Миссия құрамына Әзербайжан, Қазақстан және Түркия парламенттерінің мүшелері, сондай-ақ ТҮРКПА Хатшылығының өкілдері кірді.

Миссия өз қызметінде ТҮРКПА-ның Сайлауды бақылау туралы ережелеріне және тиісті халықаралық құжаттарға сәйкес объективтілік, әділдік, ашықтық және бейтараптық қағидаттарын ұстанды.

 Миссия Өзбекстан Республикасында 2023 жылғы 30 сәуірдегі Конституциялық референдум Өзбекстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес өткізілді деген қорытындыға келді.

ЕЛШІЛІКТЕГІ КЕЗДЕСУ 

30 сәуір күні түстен кейін біздің бастамашылығымызбен Қазақстаннан келген Парламент депутаттары, ТүркПА хатшылығы өкілдері Ташкенттегі Абай көшесіндегі Қазақстан Республикасының елшілігі ғимараты алдындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық. Бұл жерде бізді елшіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Бейбіт Атамқұловпен бірге Өзбекстандағы академик Қалдыбай Сейданов бастаған қазақ зиялылары қарсы алды. 

Елші кабинетінде отырып, Өзбекстандағы қазақтардың жағдайы, екі елдің достық және туысқандық байланысы жөнінде әңгіме болды. Ең басты мәселелер қазақ мектептерінде мұғалімдер мен қазақ тіліндегі пән оқулықтары жетіспейтіндігі жөнінде әңгіме қозғалды. Елші Бейбіт Бәкірұлы бұл өте маңызды мәселені шешудің жолдарын ұсынды. 

Сонымен Өзбекстандағы Конституциялық референдумды бақылау миссиясы Төле би бабамыздан басталып, ұлы ақынымыз Абай атамызбен аяқталды. 

“ӨЗБЕКСТАНДА ТҰРЫП, ӨЗБЕК ТІЛІН БІЛМЕУ - ТОПАСТЫҚ!” 

Өзбекстанда бірден көзге түсетіні және жан сүйсінетіні - барлығы өзбекше сөйлейді. Өйткені мемлекеттің нағыз мемлекеттік тілі - өзбек тілі. Өзбек тілі Конституциядағы статусына сай. Біздегі секілді Атазаңға екі тілді жарыстырып жазып қойған емес. 

Конституцияда статусы бар мемлекеттік тіл - Қазақ тілі мемлекеттік тіл статусы жоқ, ресми тіл ретінде қатар қолданылатын орыс тілінің қасында негізгі тіл емес, екінші тіл болып келе жатуы әлемде өзін өзі сыйлайтын бір де бір Тәуелсіз ел көнбейтін жағдай! 

Өзбекстанда барлық этнос баяғы кеңес кезінен тек өзбек тілінде сөйлейді.


Бір-екі жыл бұрын Өзбекстанға барып келген әйгілі жазушымыз, Қазақстанның Еңбек Ері Дулат Исабеков: «Өзбекстанның жастары орыс тілін білмейді екен?! Міне, тәуелсіз ел!»-деп айтып келген.

Иә, қазіргі Тәуелсіздік дәуірінде туған Өзбекстанның жастары Әзірбайжан, Кавказ, Балтық елдеріндегі шын мәніндегі Тәуелсіз мемлекеттердің жастарындай Ресей тілін білмейді. Міне, нағыз рухани Тәуелсіз елдер деп осы мемлекеттерді айтуға болады.

Әліпбиі - латын графикасына негізделген әліпби.

Барлық жерде латын әліпбиінде жазылған. 

Айтпақшы, біз Өзбекстанға шығар алдында елде шетелге шығу үшін талапқа сай анкета толтырдық. Анкетасы тек өзбек және ағылшын тілінде. Қатты риза болдым. Ал бізде міндетті түрде орыс тілі жүреді әлі күнге дейін, Тәуелсіздік алғанымызға 32 жылдан асса да... Мен парламентке келгенде маған келген орысша хаттарды көріп: «Бұл Қазақ Еліндегі қазақ депутаты - маған келген хаттар неге орыс тілінде жазылған?»-деп, бәріне кінәлі сол секілді орыстілді көмекшіме шүйілгенім бар еді. Құдайға шүкір, қазір ондай хаттар тыйылды, көмекшім де таза қазақ тілінде сөйлеп жүр. Айтпақшы, сондай мемлекеттік тілде жазылмай, орыс тілінде жазылған хатын мен қайтарып жіберген бір сайлаушым, Сәуле болуы керек аты, ұмытпасам, фейсбукке жазып жіберіпті осыны. Сынаған екен десем, «Менің орысша жазған хатымды қайтарып жіберген Қазыбек Исаға таң қалдым, «осындай да депутат бар екен ғой парлментте» деп. Енді хатты мемлекеттік тілде қайтадан жазып жіберудемін. Сол үшін рахмет депутатқа»-деп алғыс айтыпты. Патриоттығы оянған Сәулеге көп рахмет. Сол оқиғалар есіме түсіп, көмекшіме тек өзбек және ағылшын тілінде жазылған Өзбекстанның анкетасын көрсеттім. «Міне, Тәуелсіз Ел!»-дедім.

Қазақстаннан барған бізді бұлар әлі солтүстіктегі көрші мемлекеттің әуеніне билеп жүрген ел деді ме, Ташкенттегі “Belet” деген орыстілділер баратын жалғыз еуропалық мейрамханаға алып барды. Даяшылардың көбісі орыстың қыз-жігіттері. Тапсырыс бергесін, еуропалық мейрамханаларға тән әдетпен көбірек күтіп қалдық. Шыдамай жанымыздағы жолбасшы Бабурға:

-Бізді кілең орыстілділер істейтін еуропалық мейрамханаға әкеліп нелерің бар, Астанада көрмей жүр ме едік мұны? Ташкентте шығыстың дәмін татуымыз керек еді ғой” деп әзіл-шынын араластырып айтып қалдым.

-Қайдан білейік, Қазақстанда бәрі әлі орыстілді ғой деп ойлап, осында әкеліп едік…-деп, олар да ақталамыз деп, шындарын айтып қойды… 

Маған олардың “Қазақстанда бәрі әлі орыстілді ғой”-дегені Қазақстан әлі рухани тәуелсіздік алмаған ғой!”-дегендей жүрегімді сыздатып жіберді. Сусын әкеп, дастархан жайғап жүрген Егор атты орыс жігітінен:

-Өзбекше білесің бе?”-деп сұрадым.

-Немага билмайман?!. Узбек тилини жуда яхши биламан. Узбекистонда туғилип ва шу ерда яшаётган одам ўзбек тилини - давлат тилини билмаса, унда у нодон бўлиши керакку?!”-деп жауап берді. 

Қазақшаға аударсақ, былай: - Неге білмеймін?!. Өзбек тілін жақсы білемін. Өзбекстанда туып немесе осында тұрып өзбек тілін-мемлекеттік тілін білмеу үшін надан, топас болу керек қой!”-деді.

Қатты риза болып, рахмет айттым. 

«Сонда біздің Қазақстанда Үкіметте, министрлік пен әкімдіктерде, яғни мемлекеттік қызметтерде Қазақстанда тұрып, қазақ тілін білмейтін қаншама надан, топастар істеп жүр екен ғой!»- деп ойладым. Мемлекеттік тілге миы жетпейтін министрлер мемлекеттің, біздің тағдырымызды шешпекші?!.

Бұл ойымды жанымдағы сенатор Бекбол бауырыма айтып едім, «Өкінішке орай, дәл солай» деп жауап берді... 

Барған елім туралы зерттеп жүретін әдетіммен, интернеттен Өзбекстан туралы мәліметтер іздеп едім, қызықты деректерге тап болдым. 

1. Сарапшылар Өзбекстанды экономикасы планетаның басқа елдеріне қарағанда жылдам дамып келе жатқан мемлекет деп атайды.

2. Социологиялық зерттеулерге сәйкес, бұл елдің тұрғындары бақыт деңгейі бойынша ТМД-ның барлық елдері арасында көш бастап тұр.

3. Өзбектер – түркі тобының тілінде сөйлейтін планетадағы үшінші үлкен этникалық топ.

4. Өзбекстанды қоршап тұрған барлық мемлекеттердің атаулары “стан”.

5. Бұл осы аймақтың барлық мемлекеттерімен шектесетін Орталық Азиядағы жалғыз мемлекет.

6. Өзбекстандағы Самарқанд қаласы Риммен жасы жағынан салыстыруға болатын әлемдегі ең көне қалалардың бірі. Ғалымдар бұл қоныстың жасын 2750 жылдан астам деп есептейді.

7. Орталық Азия қалаларының арасындағы метро ең алғаш Өзбекстан елдерінде салынды.

8.Ташкент – жолаушылар тасымалының 100% дерлік Мерседес автобустарымен қамтамасыз етілген планетадағы жалғыз ірі қала.

Иә, Өзбекстан туралы мұндай деректерді жалғастыра беруге болады. Бұған осында болған үш күнде көп нәрсеге көз жеткіздік. Өндірісі қатты дамып келеді екен. Әсіресе, машина өндірісі мен жеңіл өнеркәсібі.

Өндіріс орындары тек бір ғана астанасы Ташкент маңына ғана емес, елдің әр өңіріне жайғасқан.

1.Әндижанда Шевролет көлігі зауыты;

2. Жызақта Шевролет көлігі зауыты;

3.Наманганда Хундай автомобиль зауыты;

4. Самарқанда МАН, Камаз жүк көліктері, Исузу автобус зауыты, яғни 3 автомобиль зауыты және трамвай зауыты бар

5.Ташкентте трактор және ұшақ зауыты бар.

Ал Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіп өте жақсы жолға қойылған. Мақтасы шикізат ретінде ешқандай шетелге шығарылмайды. Осында өндіріледі. Оның бір мысалы, сенатор Бекболдың ұсынысымен екеуміз сауда үйлерін аралағанда, өзімізге бір-бір костюм алдық. Түркия өнімдерінен кем емес. Бірақ бағасы көп арзан. Сондықтан болар, екеуміз де киіп жүрміз әлі…

Өзбекстан сапарынан көңілге түйгеніміз, тілі төрдегі елдің тірлігі өрде болатыны. Ал бұл қағида - әлемдік тәжірибеде бұрыннан дәлелденген жәйт.

Бізге де ең басты мақсат тірлігіміз өрде болуы үшін, ең алдымен тіліміз төрде болуы керек!

Қазыбек ИСА, 

Қазақ үні