«ЖЫЛ АДАМЫ – 2023» АНЫҚТАЛДЫ

«ЖЫЛ АДАМЫ – 2023» АНЫҚТАЛДЫ

Республикалық «Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2023 жылғы «Жыл адамы» анықталды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасына қолдау көрсетті. Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары арқылы өткізілді. Барлық дауысты есепке ала отырып, арнайы құрылған Сарапшылар шешім шығарды. Ендеше «Жыл адамы – 2023» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар!

ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ ОҚИҒАСЫ – 2023 жылы 13 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» заңды жою туралы заң қабылдады. 15 ақпанда заң күшін жойды. Экс президент Нұрсұлтан Назарбаев Елбасы атағынан айырылды.

ЖЫЛ ДАТАСЫ – 25 қазан. 2009 жылғы 22 сәуірде Қазақстанда Республика күнін тойлауды жою туралы заңға қол қойылды. 13 жылдан кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қазанды Республика күні деп атап, Ұлттық мереке мәртебесін берді.

Жыл жазушысы – Бексұлтан Нұржеке.


 Халықтың сүйікті жазушысы Бексұлтан Нұржеке биыл «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болды. Бексұлтан ағамыз қоғамдық ой-пікірлерін ашық айтып жүрген қазақтың көрнекті қаламгері. Республикалық басылымдарда маңызды мақалалары жиі жарияланып келеді. 

Жыл ақыны – Ұлықбек Есдәулет. 


Қазақтың көрнекті ақыны, Түрксой жазушылар одағы төрағасы Ұлықбек Есдәулет 2023 жылдың 23 желтоқсанында Қытайда өткен 6-шы БоАо халықаралық поэзия сыйлығының «Үздік жетістік» номинациясының жеңімпазы анықталды. Халықаралық қазылар алқасының шешімімен ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының президенті, қазақтың белгілі ақыны Ұлықбек Есдәулет бұл марапатқа лайық деп танылды. Қазақ ақынының өлеңдерін ана тіліне аударған қытай жазушысы Цао Шуй әлеуметтік желідегі парақшасында марапатқа қатысты ақпаратпен бөлісті. 

Жыл саясаткері – Азат Перуашев. 


ҚР Парламент Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасы Азат Перуашев 2023 жылы бірқатар маңызды сауалдар жасады. Заңсыз активтерді қайтару туралы ұсынысты «Ақ жол» фракциясы 2013 жылы көтеріп, Азат Перуашев сол үшін Швейцариядан бастап бірқатар Еуропа елдерінде болды.

Ал мұнай өнімдерін бөлу келісім-шарттарын халыққа жария ету туралы Үкіметке қойған талабы ел ішінде қызу талқыланып, үлкен қолдауға ие болды. Бүгінде Қазақстанда бірқатар ірі шетелдік компаниялар жұмыс істеп, кен орындарымызды игеріп, қазба байлықтарды сатудан орасан зор пайда табуда. Алайда, сол табыстың қаншасы қазақ халқының еншісіне тиесілі екендігі беймәлім. «Ақ жол» фракциясы бұл мәселені алдағы уақытта басты назарда ұстайтынын мәлімдеді.  

Жыл депутаты - Елнұр Бейсенбаев. 


Жас та, жалынды саясаткер Елнұр Бейсенбаев биыл парламент сайлауына «Аmanat» партиясының атқарушы хатшысы болып кірісті. Партия қатарына қан жүгіртіп, қоғамда ойларын ашық айтып жүрген есімдері елге белгілі замандастары - Р.Зайытов, М.Толықбаев, Н.Аралбайұлы секілді жігіттерді партиялық тізімге қостырды.

Депутат Елнұр Бейсенбаев ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымын «Аmanat» партиясы фракциясының төрағасы ретінде бастады.

Биылғы жылы бірқатар өткір мәседелерді көтерді. Соның ішінде, елімізде 2 млн отбасының мүшелері пәтер жалдап жүргенін көтеріп, үй-күйсіз жүрген қазақтардың баспана мәселесін шешу керектігі туралы депутаттық сауалы қоғамның үлкен қолдауына ие болды. Елнұр Бейсенбаев бала құқығын қорғау мәселесін көтерген депутаттық сауалында балаға зорлық жасаған қылмыскерлерге жазаны қатайтып, өмір бойына сотталуы керек деп мәлімдеді.

Елнұр Бейсенбаев көп балалы аналардың жағдайын жақсы білетін және мүмкіндігінше шешіп жүрген іскер депутат ретінде де белгілі.

Бірқатар маңызды заң жобаларына жетекшілік жасады. Қоғамда өткір мәселе болып тұрған лудоманиямен күресуге арналған заң жобасы авторларының бірі. 

Жыл қайраткері – Жақсыбек Құлекеев.


Басынан қиын кезеңді өткізіп, саяси ойынның құрбаны болды. 

Оған қарамастан, Қаңтар оқиғасынан кейін қайта саяси реабилитациядан өтті. Өзінің табанды әрі адал екенін дәлелдей білді. 

Жыл әкімі – Бейбіт Исабаев, Жетісу облысының әкімі. 


Экономиканың өсуі, бірегей өнімді өндіру және ірі инвесторлардың келуі – Жетісу өңірінің басты жетістіктерінің бірі.

Өңірдің басты экономикалық көрсеткіштеріне тоқталатын болсақ, ашылғанына небәрі 1,5 жыл болса да, әкімнің іскерлігі өз нәтижесін берді. Ең алдымен, экономиканың 17-18 % өсімін қамтамасыз ету мүмкін болды. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша 11 айдың қорытындысы бойынша Жетісу облысы республикада 1-орынға ие болды. 535 кәсіпорында 26 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Олар қант, уыт, электр аккумуляторлары, жоғары вольтты электр желілеріне арналған темірбетон мен металл тіректер және басқа да өнімдер шығарумен айналысады. Жалпы биыл 39 миллиард теңгеге тағы 12 кәсіпорын іске қосылып, 500-ден астам жұмыс орны ашылады. Облыс экономикасына 20 пайызға өсіммен 240 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Облыс қалалары 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілді.

Жыл әкімі – Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды. 


Дархан Сатыбалды халықпен тығыз байланысты өте жақсы меңгерді. 

Былтыр күзде Дархан Сатыбалды қызметке жаңа тағайындалған кезде мақташылар мақта бағасына наразылықтарын білдіріп, қоғамда біраз алаңдаушылықтар туғызған болатын. 

Биыл осы бағытта терең де, нақты жұмыстар жүргізе білді. Ең бастысы шаруалармен тіл табыса отырып, мәселелерді бірлесіп шешіп отырды. Нәтижесінде былтырғымен салыстырғанда мақта бағасы көтеріле қоймаса да, түсініспеушіліктер болған жоқ. Бұл билік пен шаруалардың қоян-қолтық бірге жұмыс істеуінің белгісі. Мұның ұйымдастырушысы - облыс әкімі.

Облыста шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен қадамдар жасалды. Бұл көрсеткіштерді статистикалық мәліметтерден көруге болады. Ал нәтижесі келесі жылдан бастап, көріне бастауы керек.

Жыл министрі – Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. 


Министрдің экономика мен бюджет саласындағы жүргізіп отырған реформалары, жаңалықтары экономиканың көлеңкелі жақтарының барынша азаюына бағытталған. Бұл бастамалардың алдағы жылдары өте жақсы нәтижелер беретіні даусыз. 

Көпшілік алдында, Парламентте, Үкімет мәжілістерінде сөйлеген сөздері, сұрақтарға берген жауаптары өте нық әрі сенімді. Осының өзі оның өз ісіне мығым, біліктілігін, өз міндетін терең меңгерген, бүге-шүгесіне дейін білетін кәсіби маман екендігін білдіреді. 

Сарапшылардың ойынша ешқандай олигархтармен байланысы жоқ, халық үшін аянбай еңбек ететін азамат деп үміттенеді.

Жылдың Тіл қайраткерлері - Руза Бейсенбайтегі, Жұлдызай Форт, Диас Құзайыр. 


Үш тіл күрескерлері де өз өңірлерінде де, өзге өңірде де мемлекеттік тіл мәртебесін қорғауда заңсыздықтармен ашық айқасып, батыл күресіп келеді. Мемлекеттік тіл үшін кеудесімен трамвай тоқтатқан Руза Бейсенбайтегі Павлодардағы облыстық, қалалық әкімдіктің мемлекеттік тілге теріс қарайтын мемлекеттік қызметкерлерімен тайталасты табанды түрде жүргізіп келеді. Жұлдызай Фортты Өскемендегі мемлекеттік тілді мойындағысы келмейтіндер сотқа беріп жүр. Диас Құзайырдың Риддердегі мемлекеттік қызметкерлерден мемлекеттік тілді талап етуі қоғамда резонанс тудырды. Бұл мемлекеттік тілдің мүддесін заңды қорғап жүрген күрескерлерге қарсы жергілікті органдар тарапынан неше түрлі қудалаулар да тыйылмай тұр. Бірақ оған мойыйтын бұлар жоқ. Ұлттық мүддені қорғауда табандылық көрсетіп келе жатқан қайсар қайраткерлерге қандай марапат болса да, лайықты. Сондықтан да осы тіл қайраткерлеріне сарапшылар ең көп дауыс берді.

Жыл ректоры – Жансейіт Түймебаев


Аккредиттеу және рейтинг агенттігі (АРТА) жүргізетін, Академиялық рейтинг пен озаттық обсерваториясы (IREG) аудитін жүргізетін Қазақстан Республикасы танымал университеттерінің 2023 жылғы тәуелсіз рейтингінің нәтижелері бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық Университет Қазақстандағы ең бірінші және үздік университет болып танылды. 2023 жылы халықаралық QS Asia University Rankings қорытындысы бойынша ҚазҰУ Қазақстанда жетекші орынға ие болып, Азия университеттері арасындағы үздік рейтингтің ТОП 4%-ына енді.  

Жыл ғалымы - Кәрімбек Құрманалиев.


Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев биыл Түркі мәдениетін және өнерін дамыту ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы Сұлтан Раевтың Қазақстан бойынша кеңесшісі болып тағайындалды. 

Академик Кәрімбек Құрманәлиев – жоғары оқу орындарына арналған 4 оқулықтың, жалпы тіл білімі мен қазақ аудиториясында шетел тілдерін оқыту әдістемесі бойынша 6 монографияның, сондай-ақ 15 ғылыми-әдістемелік оқу құралдарының және 100-ден астам ғылыми мақалалардың авторы. 

    ҚР ҰҒА тілші-академиктері туралы жазылған «Тіл және Тұлға» атты ғылыми-танымдық кітабы мен “ Сөзжасамдық ұя: теория және практика” монографиясы үшін Халықаралық Түркі академиясының күміс медалімен марапатталды.  

    Сонымен бірге биылғы жылы еліміздің ғылымын дамыту мен мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселелеріне арналған 20-дан астам ғылыми-публицистикалық мақалалары еліміздің басты басылымдарында жарияланды. Ғылымды дамыту бойынша креативті ойларын ортаға салып жүрген ғалым.

Жыл ғалымы - Рәтбай Мырзақұлов. 


Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рәтбай Мырзақұлов екінші жыл қатарынан әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайызының тізіміне енді. Әйгілі қазақстандық физик-теоретик Стэнфорд университетінің екі рейтингінде де жарияланым белсенділігі мен Scopus деректер қорындағы дәйексөздер бойынша ұсынылған.

Рейтинг 22 ғылыми салаға бөлінген 100 000 әлемнің үздік ғалымдарының жетістіктерін талдайды. Үміткерлер Scopus деректер базасында жарияланымның жоғары қарқыны мен авторлардың дәйексөздері негізінде таңдалды.

Жыл драматургі – Думан Рамазан. 


Өнімді еңбек етіп келе жатқан драматург Думан Рамазанның биыл жазған «Жошы хан» драмасы Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы ұлттық академиялық театрында үлкен табыспен қойылып, сәтті өтуде. Режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов. Тарихи маңызы зор бұл қойылымға ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың өзі келіп қатысты. «Жошы хан» пьесасы 2019 жылы Ұлттық кеңесте ақын Қазыбек Иса көтерген, келесі жылы Ұлық ұлыстың тағына отырғанына 800 жыл толатын Жошы ханның тойына алғашқы тартулардың бірі. 

Жыл режиссері – Дәрежан Өмірбаев.


Белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаев 34-ші Токио халықаралық кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысқан «Ақын» фильмі үшін «Үздік режиссер» жүлдесін алды. 

Жыл суретшісі – Абай Чунчалинов. 2023 жылдың тамыз айында Германия астанасында қазақстандық суретші Абай Чунчалиновтың картиналарының көрмесі ашылды. Берлиндегі Ars Pro Dono галереясында оның 25 картинасы бар. Абай Чунчалиновты Қазақстанның үздік шеберлерінің бірі деп атайды. Астаналық суретшінің туындылары бүгінде отандық музейлерде ғана емес, Түркияда, Францияда, Германиядағы көрмелерге қойылған. 

Үздік театр режиссері – Елік Нұрсұлтан. 


 Елік Нұрсұлтан М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының қоюшы-режиссеры, шығармашылық құрам жетекшісі. 2023 жылы Орта Азия халықаралық фестивалінде А. Чеховтың «Шағала» қойылымын қатысып, «Гран-при» жүлдесін жеңіп алды.

    Осы жылы Талдықорған қаласындағы Бикен Римова театрында Н.В.Гогольдің «Резизор» қойылымын сахналады. Елік Нұрсұлтан сонымен қатар мемлекеттік және халықаралық ауқымдағы 100-ден астам мәдени іс-шаралардың режиссері болды. Сондай-ақ ол Х.Құдыс Қожамияров атындағы Ұйғыр музыкалық драма театрында Г. Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» драмасын өте жоғары деңгейде сахналады.

Жыл дәрігері – Юрий Пя. 


Шымкентте жүректі ауыстырып салу бойынша жасалған алғашқы ота сенсациялық болып шықты, Шымкент жүрек орталығында жүректі ауыстыру операциясы жасалды. Процесті қазақстандық белгілі кардиохирург Юрий Пя басқарды. 

Жыл дәрігері – Мәдина Құрманғалиева.


Президенттің іс басқармасы Медициналық орталық ауруханасы Бас офтальмологы, медицина ғылымы докторы, профессор Мәдина Маратқызы Құрманғалиеваның есімі елге жақсы белгілі. Талайдың жанарына жан бітіріп, көзін шырадай жандырып жүрген алтын қолды көз дәрігері. 100-ден астам ғылыми жұмыстардың, "Глаукоманы хирургиялық емдеу" монографиясының, глаукоманы және катарактаны хирургиялық емдеудің жаңа тәсілдерінің авторы. Халықаралық конференциялар жұмысына бірнеше рет қатысып, рефракционды және катаракталды хирургтардың Еуропалық қоғамында баяндама жасады. Қазіргі уақытта әртүрлі офтальмопатологияда ангиогенез ингибиторларын қолдануды зерттейтін Vision Academy - халықаралық қауымдастықтың жұмысына белсене қатысушы. 

Жыл меценаты – Дулат Тастекей. 


TAS Group компаниясы президенті Дулат Тастекей - руханиятқа қамқор рухы биік кәсіпкер, “Ақ жол” партиясынан Алматы қалалық мәслихатының бір мандатты депутаты.

Қазақтың ұлттық өнері мен спортына, айтысқа тұрақты түрде жыл сайын қолдау жасап келеді. Жылсайын республика бойынша өтетін 

TAS Group - бұл Қазақстан Республикасы мен ТМД елдерінің тұрғындарына қаржылық қызметтердің толық спектрін ұсынатын серпінді дамып келе жатқан компаниялар тобы. Өз қызметін 2010 жылы бастаған TAS Group компаниясының Қазақстанның барлық қалаларында 38 филиалы бар. Сонымен қатар Мәскеуде екі филиалы,

Ташкентте бір филиалы бар. 13 жыл бойы қаржы нарығында қызмет етіп келеді.

Ол табысты дамып, жүздеген жұмыс орындарын ашты, Қазақстан экономикасының дамуына елеулі әсер етіп жүр. 

«Асылтас» қорының басшысы ретінде руханиятқа үнемі демеу болып жүретін Дулат Тастекей жақында Qazaq tili қорына 100 млн теңге аударды. Одан бөлек кәсіпкер айтыс, театр, БАҚ өкілдеріне әрдайым қолдау көрсетіп жүреді. 

Жыл суретшісі – Алпысбай Қазғұлов. 


Ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастырған «Көктемгі самғау» атты дербес көрмесінде талантты суретшінің жұмыстары өте жоғары бағаланды. ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және Масарик атындағы еуропалық алтын медаль иегері. ҚР Мемлекеттік сыйлығының 2020 жылғы шорт-листіне енуші, Алматы қаласының құрметті азаматы Алпысбай Қазғұлов өз саласының кәсіби білікті маманы. Оның қолынан шыққан әрбір туынды жұртшылықты таңдай қақтырмай қоймайды. Суретшінің дербес көрмесі 2023 жылдың 5 мамырында салтанатты түрде ашылып, екі айғак жуық көрермендердің көзайымына айналды. Өнер иесі осынау ғажап туындылары үшін көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Жыл спортшысы - Ризабек Айтмұқан. 


Ризабек Айтмұқан биыл еркін күрестен қазақтан шыққан әлемнің тұңғыш чемпионы атанды! Тәуелсіз Қазақ Елінің де тұңғыш әлем чемпионы!

Атасы атын тегін Ризабек қоймаған екен - елін Риза қылды Қажымұқанның жеңісті жолын жалғастырған баһадүр балуан Айтмұқан бауырымыз! 

Өмірі күреспен өтіп келе жатқан бүкіл Қазақ Елін тарихи жеңісі құтты болсын!

Жуықта Ризабек – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды.

Көк туымызды көкте желбіретіп, әнұранымызды әулетіп, Жеңіс әнін шырқай бер Ризабек!

Жыл спортшысы – Шавқат Рахмонов. 


Шавкат Рахмонов биыл наурыз айында Лас-Вегаста (АҚШ) өткен UFC 285 аралас жекпе-жек бәсекесінде жеңіске жетті.

Ол американдық белгілі файтер Джефф Нилмен (15-4) шеберлік байқасты. Нәтижесінде үшінші раундта оны қылқындыру әдісімен жеңді.

Ал, желтоқсан айында Лас-Вегаста (АҚШ) өткен 296-шы турнирде өнер көрсетіп, америкалық Стивен Томпсонмен (17-6-1) жұдырықтасты. Бұл жартылай орта салмақтағы жекпе-жек үш раундқа есептелген еді, алайда Рахмонов екінші раундта қылқындыру әдісімен қарсыласынан басым түсті.