ТРИЛЛИОНДАР ЖҰМСАП, ТАЗА СУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ АЛМАУ - ТАЗА МАСҚАРА! - Қазыбек Иса

ТРИЛЛИОНДАР ЖҰМСАП, ТАЗА СУ МӘСЕЛЕСІН ШЕШЕ АЛМАУ - ТАЗА МАСҚАРА! - Қазыбек Иса

Бүгін, 2023 жылы 20 желтоқсанда ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса еліміздің су саласындағы шешілмеген түйткілдер туралы “Ақ жол” фракциясы атынан сөз сөйледі.

“Ақ жол” фракциясы ел дамуындағы маңызы зор ауылшаруашылығы, су саласына баса назар аударып келеді.

І.АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ

Еліміздегі ауыз судағы негізгі мәселе - су жүйелерін салу, оны ұқыпты, тиімді, сауатты пайдалану. Бұл мәселе еліміз бойынша әлі толық шешімін таппай тұр.

Бір ғана мысал, халық ең тығыз орналасқан - Түркістан облысы елді мекендерінде осы уақытқа дейін ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы толық шешілмеген. Еліміздегі ең үлкен су қоймасы  жанындағы 30 мың халқы бар Шардара қаласы және осы аудан көлемінде тұратын 50 мың ауыл тұрғындары да таза ауыз суға мұқтаж. Судың үстінде отырған қала халқы суға мұқтаж. Таяқ тастам жерден табылған Тамды-Тастанбек таза су қорын тарту талай жылдан бері көтерілсе де, әлі шешілмеуде.

Ал сол ауыз суға зар болып отырған халықтың салығынан жиналған  қаржыдан жыл сайын сумен қамтуға орасан зор миллиардтар бөлініп келеді:

1. 1998 жылы пайда болған, 2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз су" бағдарламасына 1,8 миллиард доллар жұмсалды.

2. 2011-2020 жылдарға арналған "Ақ бұлақ" бағдарламасына да  2 миллиард доллар жұмсалды.

3. 2021-2023 жылдарға арналған "Нұрлы жер" бағдарламасына да  1,3 миллиард доллардан астам ақша жұмсалған. Сонда 25 жыл, ширек ғасыр  ішінде 3 бағдарлама қабылдап, 5 миллиардтан астам доллар, яғни триллиондаған теңге жұмсалса да, таза суға зар болу таза масқара емес пе?

Аурудың диагнозын анықтап алып, емдемесе, жазылмайтыны секілді егер Үкімет ширек ғасырдан бері

шешілмей келе жатқан бұл мәселенің негізгі себептерін анықтап, нақты шешуге кіріспесе, ауыз су мәселесі енді тағы 50 жыл өтсе де шешілмейді!

Өйткені, 2000 жылы салынған су жүйелері жарамай қалып, істен шығып, қайта салып жатыр.

Таза су мәселесінің шешілмейтін себебі неде?:

1.Бұл мәселемен осы уақытқа дейін бірнеше мемлекеттік орган айналысып келеді. Нақты жауап беретін бір орган, бір жауапты тұлға жоқ!

2.Жобалық-сметалық құжаттардың сарасыздығы.

3.Бағдарламалар жасалғанда нақты жағдайдың толық зерттелмеуі.

4.Ауыз су мәселесін шешуде тек қана бюджеттік инвестицияны пайдалану.

Алдағы 2 жылда бұл мәселені қалай шешеміз, қанша қаржы кетеді нақты шешу жолдарын анықталуы тиіс. Бұған Үкіметтен бір адам жауап беруі керек! Ал бізде ешкім ешнәрсеге жауап бермейді!

Барлық мәселені кадр шешеді десек, 

«Қазсушар» бірінші басшыларының жыл сайын ауысып кетуі әдетке айналуы да бағдарламалардың орындалуына кері әсерін тигізуде. 

Мысалы, Қазақстандағы су саласының негізгі жауапты операторы «Қазсушардың» төрағасы болып, кешеге дейін бұрын басшының хатшысы болып келген қыз тағайындала салуы бұл саладағы жағдайдың қандай құлдырағанын көрсетеді.

ІІ. СУАРМАЛЫ ЖЕР МӘСЕЛЕСІ

“СУАРМАЛЫ ЖЕР-АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АЛТЫН ҚОРЫ” дейді су саласының белгілі майталманы Ислам Әбіш.

2012-2017 жылдары Су комитеті елдегі барлық суармалы жерге толық түгендеу жүргізді. Сонда ҚазКСР-дегі 2,384 млн га суармалы жерден 1,354 млн га суармалы жер қалғаны белгілі болды. Яғни, 1991 жылдан 2017 жылға дейін ҚР бойынша 1 млн гектардан астам суармалы жер айналымнан шығып қалған.

Ал дәл осы кезеңде көршілес елдер, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстанда ешқандай да суармалы жер азайған жоқ. Ал бізде екі есеге жуық азайып кеткен. Үкімет осының себебін анықтады ма? Жоқ! Соның себебін анықтап, суармалы жерлерді қалпына келтіру қажет.

«Қазсушар» РМК зерттеу негізінде суармалы жерлер картасын әзірледі. Су ресурстары жөніндегі комитеттің ұсыныстары АӨК дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламада көрсетілген: 2021 жылға қарай айналымға шамамен 1 млн га суармалы жер енгізілуі тиіс еді.

Қолда бар деректерді ҚР аумағында суару алаңдарын ұлғайту және осы мақсаттарға қаржыландыру қажеттілігін есептеу үшін пайдалану қажет.

Алдағы 2-3 жылда Ауыл шаруашылығында істен шыққан жерлерді тез арада қалпына келтіру механизмдерін ойластырып, іске қосу қажет.

Сол кезде су комитеті анықтаған қалпына келтіруге қажеттілік бар 610 мың гектар жер не болды?

Егер сол жер 2-3 жылда қалпына келтірілсе, 6 гектарға 1 отбасыдан есептесек, 100 мың отбасы, яғни 5-6 жүз мың адам табыс тауып, тұрмысы жақсарар еді.

Мамандардың айтуынша біздегі су ресурстары қосымша 1 млн гектар суармалы жер қосуға мүмкіндік береді. Бұл іске асатын болса, қосымша 200 мыңға жуық отбасының тұрмыс жағдайын жақсартар еді. Бұл 1 млн адамды жұмыспен қамту деген сөз.

Бұл Мемлекет басшысы Жолдауында 2030 жылға қарай суармалы жерлер санын 3 млн гектарға дейін кезең-кезеңмен арттыру туралы тапсырмасын орындаудың төте жолы.

Яғни, үкімет мәселенің себебін анықтап, зерттеп, жоспарлап алып, содан кейін ғана нақты шешім қабылдап, іске кірісуі қажет!

Судың шуы сонда ғана бітеді.

Құрметпен, “Ақ жол” фракциясы