ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС НАҚТЫ НӘТИЖЕ БЕРЕДІ

ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС НАҚТЫ НӘТИЖЕ БЕРЕДІ

   Халықаралық келісімдерге қол қойып оның талаптарын орындау өз алдына жалпылама деңгейдегі міндеттемелер. Ал өз еліміз аумағында, өз тарапымыздан қандай нақты істер атқарылып жатқаны біздер үшін маңыздырақ. Өйткені гендерлік дұрыс саясатты іске асыру шетелдіктер үшін емес, алдымен біздің өзімізге қажет. Бірінші кезекте елімізде қоғамдық өміріміздің барлық саласында гендерлік теңдікті нығайту үшін мемлекеттік деңгейдегі мәртебеге ие Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия құрылып, көптеген игі істерді жүзеге асырып келе жатқанын атағанымыз жөн. Сөйтіп Қазақстанда гендерлік саясатты дамытудың өзіндік іс-тәжірибесі қалыптасты деуге болады.

    Әділін айту керек, Қазақстан үкіметі тарапынан да бірқатар шаралар қабылданды. 2003 жылы 27 қарашада ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасының гендерлік саясатының Концепциясы дайындалып, қолданысқа енгізілді. Бұл құжаттағы ерекшелік, билік құрылымдарында ер-азаматтар мен әйелдердің де тең жағдайда қызмет етуіне мүмкіндік берілді.

Оған қоса, отбасындағы әйелдердің экономикалық тұрғыдан шағын және орта бизнеспен айналысу және мемлекеттік қызметте сатылап өсу мәселесі жан-жақты атап көрсетілді. Сол сияқты 2005 жылы 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы қабылданды. Осы стратегияның арқасында 2009 жылы ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы заң қабылданды.

         2016 жылы Қазақстанда 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы жарияланып, соның нәтижесінде гендерлік тепе-теңдік пен адам капиталын дамытуға, отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.

     Нақтырақ айтсақ, бүгінгі күні еліміздегі нәзік жандылар жоғары деңгейде шешім қабылдау жұмыстарына толықтай араласуда. Олар Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, Конституциялық кеңесінде, Орталық сайлау комиссиясында, өңірлер әкімдерінің орынбасарлары сияқты жоғары лауазымдарда қызмет атқарып жүр. Ал жалпы алғанда мемлекеттік қызметшілерді 60 пайызға жуығы әйелдер екен. Ал басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі – 39,8%. шамасында. Бұл жерде олардың басым бөлігі ортаңғы деңгейдегі лауазымды атқаратынын ескеруіміз керек. Мысалы, білім саласында 552 мыңнан аса әйелдер қызмет етеді. Сол сияқты еліміздің экономикасын дамытуға үлес қосып жүрген әйелдер саны да баршылық. Айталық, бизнес және әкімшілікте 416 мың, сату және қызмет көрсету салаларында 545 мыңдай әйел жұмыс істейді. Әрине, бұл көрсеткіш асқан дәлдікпен берілді деп айта алмаймыз. Оның үстіне уақыт өткен сайын оның өзгеріп тұруы да заңдылық. Дегенмен осы көрсеткіштің өзі біздің қоғамда әйелдердің рөлі зор екенін көрсетеді.

       Жоғарыда айтылғанның бәрі елімізде әйелдер үшін мемлекет және қоғам тарапынан жасалып жатқан зор мүмкіндіктер, ол ешқандай дау тудырмаса керек. Бірақ жоғарыдан заң қабылданды екен деп оның барлық жерде бірдей мүлтіксіз орындала бермесі де белгілі. Ондай келеңсіздіктерді болдырмау үшін аймақтарда, барлық жергілікті жерлерде тыңғылықты, белсенді түрде түсіндіруғ ұйымдастыру сияқты түрлі жұмыстарды атқаруға тура келеді. Осы орайда Түркістан облысында атқарылып жатқан іс-шараларға тоқтала кетейік. Оның өзіндік себептері бар. Түркістан облысы гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және жою жұмыстары бойынша республика бойынша алдыңғы қатарда келеді. Бұл туралы Түркістанда өткен гендерлік саясат жөніндегі арнайы семинар-тренингте БҰҰ жанындағы ЮНФПА-ның бағдарламалық үйлестірушісі Ғазиза Молдақұлова мәлімдеді. Оның айтуынша, ЮНФПА мен Түркістан облысы әкімдігі бірнеше жылдан бері бірлесе жұмыс атқарып, өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі жемісті жұмыс атқаруда. Бұл пилоттық жоба Қазақстанда ғана емес, Орта Азия бойынша Түркістан облысында жүзеге асқанын ерекше атаған жөн.

        Түркістан облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жедел әрекет ету бойынша ведомствоаралық жүйе жұмысы жақсы жолға қойылған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына, оның қатарында әйелдерге әлеуметтік-психологиялық қолдау тұрақты көрсетіледі. Аталған жоба БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорының «Орталық Азияда гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және оған қарсы әрекет етуді жақсарту үшін ұлттық әлеуетті күшейту» жобасы аясында қолға алынған-ды.

     Түркістанда «Азаматтық сектордың ұлттық даму стратегиясының ажырамас бөлігі ретінде, отбасылық және гендерлік саясаттың принциптері мен тәсілдерін жүзеге асырудағы рөлі» тақырыбында облыстық ХІ азаматтық форумы өткізілді. Іс шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, полиция, құзырлы мемлекеттік органдар басшылары және жергілікті үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері қатысты.

         Ауқымды жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қарастырылды. Алдын ала бекітілген жоспарға сәйкес әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бағытындағы учаскелік инспекторлардың жұмысы, ерлі-зайыптылардың ажырасу көрсеткіші мен қоғамдық ұйымдармен мемлекеттік тапсырыс аясында атқарылып жатқан жұмыстары туралы сөз болды. Жиында сөз алған Түркістан облыстық полиция департаментінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының жетекшісі, полиция подполковнигі Жанар Қалабаева ана мен бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Осыған байланысты қатысушылар тарпынан сұрақтар қойылып, оған наты жауаптар берілді. Сонымен қатар форумның күн тәртібінде отбасылық және гендерлік саясат мәселелері қаралып, отбасында зорлық-зомбылық көрген әйелдердің құқықтарын қорғау сияқты маңызды мәселелердің себептері мен шешу жолдары қарастырылды. Жиын соңында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар тиісті органдарға ұсыныстар берді.

          Өңірде отбасылық қиын жағдайға тап қолған қыз-келіншектерге, көпбалалы аналарға қолдау көрсету жұмыстарын одан әрі жанданыру да жоспарлануда. Бұл мәселе Түркістан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында талқыланды. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың өзі жүргізді.

       Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Отбасын қолдау орталықтарының қызметі туралы Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева баяндама жасады. Ол «Бақытты отбасы», «Жанұя», «Шаңырақ» және тағы басқа жобаларды жүзеге асыру жолдары мен кездесетін түйіткілдер жөнінде баяндап берді. Сонымен бірге өңірде қосымша Отбасын қолдау орталықтарын ашу керектігіне тоқталды. 

        Мәжілісте инклюзивті білім беру, ерекше балаларға қолдау көрсету мәселесі де қаралды. Бұл жөнінде Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының баяндамасы тыңдалды. Облыста 18 жасқа дейінгі 19500-дей бала ерекше білім беруді қажет етеді. Аталған балаларға білім беретін және психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес пен қолдау қызметін көрсететін 31 арнайы білім беру ұйымы және 4 инклюзивті қолдау кабинеті қызмет етеді. 7 арнайы мектеп-интернаттарда 1355 бала, 17 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттерінде 1685 бала оқиды. Бүгінгі таңда облыста инклюзивті білім беруге жағдай жасаған білім ұйымдарының үлесі артуда. Ерекше білім беруді қажет ететін балалары бар орта білім беру ұйымдарының инклюзивті білім беруге жағдай жасаған білім ұйымдарының саны 551 болса, инклюзивті біліммен қамтылған балалар саны – 9297. Сонымен қатар соңғы жылдар облыстағы арнайы білім беру ұйымдарының саны артып келеді.

     Жиын қорытындысы бойынша әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелеріне және өңірлік комиссиялардың жұмысын жетілдіру, аудан, қала әкімдеріне осы саладағы жұмыстарды жандандыру жөнінде тапсырма берілді. 

        Ия, мұндай бас қосулар еріккендіктен өткізілмейді. Әрбір қаралған мәселеге қатысты жоспарлар құрылып, оны іске асырудың жолдары талқыланады және міндетті түрде орындалады. Дұрыс ұйымдастырылған жүйелі жұмыс қана нақты нәтиже береді. Түркістан облысы гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу және жою жұмыстары бойынша республика бойынша алдыңғы қатарда келе жатқаны да сондықтан болар.

Қазақ үні