АДАМ САУДАСЫ АРСЫЗДАРДЫҢ ӘРЕКЕТІ

АДАМ САУДАСЫ АРСЫЗДАРДЫҢ ӘРЕКЕТІ

Қазір ақшаңыз болса бәрін сатып аласыз. Тамақты, қымбат көлікті, зәулім үйді, тіпті адамды. Тек арсыз болуыңыз керек!

Иә, жаһан бізді таңқалдырудан жалығар емес. Қарақан басының қамын ойлаған пенделер адамшылықтың сатысынан әлдеқайда төмендеп кеткен. Дүниеқоңыздық пен ашкөздік билеген қоғамда зат пен жануарды қойып, адам саудасына көше бастады. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, жаһандық адам саудасының көпшілігі Балқан түбегінде, ТМД елдерінде, Оңтүстік Америка құрлығында, Орталық Еуропада, Африкада, Шығыс Азияда орын алады. Ал әлемдегі адам саудасы құрбандарының 70 пайыздан астамын нәзік жандылар, яғни әйелдер мен қыздар құрайды. Ал жалпы құрбандардың үштен бірі балаларға қатысты екен. Қазақстан – адам құқығы бойын¬ша 60-қа жуық көптарапты келі¬сім¬нің қатысушысы. Оның 13-і адам саудасына тікелей байланысты. Қала берді, түрлі заңдар мен мемлекеттік органдардың бұйрықтары бар. Бірақ нақты заң жоқ.

Ойлап көріңізші, сізді біреу сыртыңыздан саудалап жатыр... Айтпақ түгілі, елестетудің өзі қиын! Бірақ, мұны шынымен жасап отырған адамдар бар. Адамды сатады, ақшасын алады. Сөйтеді де түк болмағандай байып шыға келеді. Оларда қорқып-үрку, заңнан аяқ тарту жоқ. Аяныш сезімі туралы айтпай-ақ та қояйын. Оларға өздерінен басқаның бәрі адам емес, жануар не зат кейпінде. Адамды алдайды, ақшамен арбайды, сөйтіп межелі мақсаттарына жеткен соң ізін суытады. Елімізде мұндай жағдайлар есепсіз тіркелуде. Қоғамның қатігезденіп кеткені соншалық, көк қағаз үшін тән де, жан да саудаға түсіп жатыр. Шетелдік сарапшылар адам саудасы бойынша 167 елдің ресми көрсеткішін жасаған. Оған сүйенсек, әлемде құлдықтың қамытын киген 40 миллионнан асатын адам бар. Оған балалар еңбегі, сексуалдық тұрғыда пайдалану, мәжбүрлі некеге тұру сынды жағдайлар да есепке алынған. Ал көшті Солтүстік Корея бастап тұр. Мұнда әрбір 10-шы адам құлдыққа тап болған. 

Әлеуметтік желіде арзан жұмыс пен оған ұсынылатын төлемді жалақасы бар хабарламаларды жиі көреміз. Бұл да сол адам саудасымен айналысатындардың айла-шарғысы. Ақшаға тарығып, жоқтан бар жасап жүрген қара халық, әсіресе студенттер, оңай алданып, алаяқтардың қармағына ілініп қалады. Қаптаған шағын заемдар. «Көке», «Жәке», «Бәке» деп кете береді. Күн сайын пениялық үстемесі өсетін мұндай заемдар қаншама отбасының ойранын шығарды. 

Әрине, адам саудасы бойынша елімізде бекітілген қатаң заң бар. Десе де, астыртын алаяқтықты ақтарып табуға кірісетін құрықтаушы қызметкерлер жоқ! Шымкенттегі «Сана сезім» құқықтық орталығына 2023 жылы 300-ге жуық адам көмек сұрап жүгінсе, соңғы екі жылда 100-ге жуық жанға нақты көмек көрсетіліпті. «Жұмыс берушілер көп жағдайда жалданушының іздеуші-сұраушысы жоқтығынын пайдаланады. Құжатын алып қояды. Құқығын қорғай алмайтынын білгесін тегін жұмысқа жегеді. Біздің бірлестіктің араласуымен адам саудасы, құлдыққа қатысты арыз бойынша біпнеше қылмыстық іс қозғалды» дейді «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік қызметкері Раушан Құдайшүкірова.

Жылтыр жарнаманың соңынан еріп, жалған ақпаратқа елігіп, артынан бармақ шайнап қалмау керек! Қаншама қаракөз қыздарымыз бен ер азаматтарымыз осы бір арсыздықтың құрбанына айналды. Мейірімсіз қоғамның кеселі қаншама жазықсыз жанды зар қақсатып, ана мен баланы бір-бірінен айыруға дейін барды. Болашағымыздың өмірлеріне балта шабуға ешкімнің хақысы жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адам саудасы проблемасының өзекті¬лігін, мұндай қылмыстарды тергеу жә¬не кінәлілерді сот тәртібімен жазалау рәсімін жақсарту қажеттігін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті. Ендеше кеселмен бірлесе күресейік. Барлығы өз қолымызда!  

Әсел Мәулен,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті