ӨРТТЕН САҚТАНУ ЕСКЕРТІЛДІ

ӨРТТЕН САҚТАНУ ЕСКЕРТІЛДІ

Шаңырақты тілсіз жаудың бірі – өрттен сақтау ісі де Ана мен баланы қорғаудың бір парасы. 

Түркістан облысының Төле би ауданында Өртке қарсы қызмет мамандары жылыту маусымы басталғалы бері үй-үйді аралап, тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін түсіндіруге кірісті. 

Ауданның №5 өрт сөндіру постының, сондай-ақ №16 және 32 торабының және Төле би аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің өкілдері күз басынан есік-есікті дамылсыз қағып, түтін мұржалары тазалығын тексеруді, пештің оңдылығын қадағалауды ескертіп бағуда. 

Олар мұнымен де тоқтамай өрт қауіпсіздігіне қатысты парақшалар таратып, дарбазаларға арнайы плакаттар жапсырды.

Сөйтсе де, өкінішке қарай, аймақта үй өртенуі оқиғалары жыл сайын қайталанып жүр. Мысалы, биылғы қараша айының орта тұсында Шолаққорған ауылында бір үйден өрт шықты. Әйтеуір, өртке қарсы қызметтің шұғыл әркеті арқасында ешкім зардап шеккен жоқ, алайда, баспана қатты бүлінді.  

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков те дереу жетіп, отбасының ахуалымен танысты. Сөйтіп өртенген үйді әкімдік пен кәсіпкерлер оңдап береді деген шешім қабылданды. 

Осындай жағдайларға да байланысты болар, Созақ аудандық прокуратурасы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жұмысын бақылауда ұстауды ұйғарды. Прокурор Қожан Қожабеков жылыту маусымының басталуына айрықша мән беріп, тиісті мамандармен пікірлесті. 

Отырыста орталық қазандықтар мен тұрғын үйлерді дер кезінде отынмен қамтамасыз ету тапсырылды, әсіресе Денсаулық сақтау және Білім беру нысандарының жылуы жайын айрықша қадағалау жүктелді.

Ғаббас КӘРІПҰЛЫ.