АРДАҚТЫ АНАЛАРЫМЫЗДЫҢ ҮРДІСІМЕН
2023 ж. 29 қараша
376
0

Биылғы күзде Алматыда өткен V Евразиялық әйелдер саммитіне түркістандық он бес ханым қатысты.
Иә, олардың бәрі де кәсіпкерлер.
Осындайда сонау XIX ғасырдың аяғы XX жүзжылдықтың басында Қазақ елін аралаған Батыс зерттеушілерінің жергілікті әйелдерге берген мінездемесі еске түседі. Бұлар, әсіресе, ашық мінез, сергек көңіл қазақ әйелінің кейбірі тұтас ауылдарды басқарғанына таңырқаған екен. Одан соң мұндағы қыз-келіншектің есепке жүйрік келетінін айтыпты.
Айтса айтқандай-ақ, Түркістан іргесіндегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен сая тапқан ұлы тұлғалармен қатар жерленген сегіз анамызды айтсақ та, талай жәйт айқындалатын сияқты.
Мысалы, заманында хандармен теңдесіп, ел билігіне араласқан Рәбия Сұлтан Бегім, Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек ханның қызы Аманбике ханым, Келдімұхаммед Сұлтанның қызы Мәстура ханым, Әмір Насрулахтың қызы Қарона бибі, қасиетті молда Мірқаланың қызы Дана бибі, маулана Әзиздің қызы Хадиша Сұлтан, Арғын бәсентиін Қазанғаптың қызы Ханымбике, Қасым төренің қызы Бопай ханым осы сөзіміздің айғағы.
Ал Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Беларусьтен шақырылыған белсенді әйелдер қозғалысының өкілдерімен қатар сонау Түркия, Қытай Халық Республикасы, Біріккен Араб әмірліктері, сондай-ақ Америка Құрама Штаттарының кәсіпкерлері бас қосқан саммитте түркістандық құрбыларымыз да қызмет көрсету саласы мен мода индустриясы жағынан ғана емес, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, сандық технология, тағы басқа бағыттар бойынша озық тәжірибесімен бөлісті, шетелдік әріптестерінің озық үлгісімен танысты. «Қазақстанда жасалған» деп аталған биік деңгейлі көрмеде отандық өнімдерді паш етті.
– Біздің оңтүстіктік қыздар ширақтығымен, іскерлігімен ерекшеленетіні ертеден мәлім. Бұлар қолға алған қай істі болсын бар ынта-ықыласымен жоғары дәрежеде атқарады. Кез келген шаруаны дөңгелетіп әкетеді. Біздің қатарымыздағы ханымдар тек кәсіпкерлер ғана емес, ғылым, білім саласының өкілдері де бар, – дейді облыстық кәсіпкер әйелдер ассоциациясының төрайымы И.Намазбаева. – Біздің ұйымға жиналушылар өзара танысып-білісумен қатар жеке де, қоғамдық өмірдегі жоспарларымен бөлісіп, істегі жетекшілік қасиеттерін де ұштай түседі.
Кәсіпкер әйелдер арасында «Еңбегі жанған арулар» деген жоба бар. Былтыр Түркістан олбыстық әкімдігінің қолдауымен осындай атпен үлкен форумы да өткізілген еді. Оған кәсіпкер әйелдер, ассоциацияның негізгі құрамы мен жастар, ішкі саясат басқармасының өкілдері, тұрғындарды жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламалардың, кәсіпкерліктің, индустриалдық-инновациялық дамудың, ауыл шаруашылығының үйлестірушілері, Түркістан облысының қалалары мен аудандары әкімдерінің әлеуметтік және гендерлік саясатына жауапты орынбасарлары, аймақтың қаржылық ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
Мұндай іс-шаралардың негізгі мақсаты қоғамдағы әйелдердің іскерлігін айшықтай түсу болса керек. Дүбірлі жиындарда, әлбетте, еңбекқор әйелдердің дәрежесін көтере түсіп, қоғамдағы масылдық мінезді жою үшін аймақтағы қыз-келіншектерді кәсіпкерлікпен қамту бағытындағы мемлкеттік саясатты жүзеге асыру ісі төңергіне шоғырландыру мәселесі қозғалады.
Әйелдерді іскерлікке мейлінше тартып, олардың қоғам өмірімен етене араласуы маңызды.
– Біздің кәсіпкер құрбыларымыз бен апа, сіңлілеріміз өте белсенді, – дейді Түркістан облыстық мәслихатының төрайымы К.Жантөреева. – Міндетіміз – солардың қатарын мейлінше нығайту. Бұл облысымыз үшін де аса маңызды әрекет. Қазір еліміздегі жұмыссыздықтың ресми деңгейі – 4,9%. Ерлер арасындағы жұмыссыздық 4,4%-ға дейін өсті. Алайда осы көрсеткіш әйелдер қатарындағы жұмыссыздықтан 5,3% төмен. Қыз-келіншектер арасындағы жұмыссыздық мемлекеттік деңгейде танылып отыр, бұған ықпал ететін түрлі факторлар: жас мөлшері, қасаң стереотиптер, аймақтағы менталитет ерекшеліктері және басқалары деп түсіндіріледі. Қазақстаннның Іскер әйелдер ассоциациясы «Жұмыссыз әйелдер үшін жұмыс» жобасын жүзеге асыруға кірісті. Бұған қатысушылар 25 маандық түріне тегін оқи алады. Оның ішінде таргетолог, маркетолог, ландшафты дизайнер, тігінші, аспаз, стилист, аниматор сияқты кең тараған кәсіптер бар. Жоба бағдарламасы жұмысты психологтер мен сертификациялы бизнес-тренерлер арқылы жүргізуді қарастырған. Ең белсенділер мен оқуға айрықша ынталылық танытушылар жұмыспен қамтылатын болады...
Сайып келгенде, түркістандық іскер ханымдар қастерлі елдік мүдде бағытында сонау жан аямаған ардақты аналарымыздың үрдісін лайықты жалғастырып жүр деуге негіз мол.
Өйткені, шынында да, кәсіпкерлік қасиет қазақ әйелінің қанында бар.
Үміт Хасенқызы.
Түркістан.