БАЛБӨБЕКТЕР – БАҚЫТЫМЫЗ
2023 ж. 29 қараша
361
0

Түркістанның Сауран ауданы әкімдігінде Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдерінің қатысуымен Кәмелетке толмаған жастардың құқығы жөнінде кеңес отырысы өткізілді.
Жиында бала тәрбиесі, шәкірттерді оқуға ынталандырудың жайы, сондай-ақ бала психикасы дамуының ахуалы мәселелері сөз болды.
Жиналғандар бұған қоса тұрмыстық-отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелер мен балаларды оңалту жайына да тоқталды.
Жалпы, бұл тақырып Ұлы дала өркениетінің бесігі, ұлттық салт-сананың берік тірегі саналатын киелі Түркістан өлкесінде жиі қозғалады. Оның үстіне осында өткен Ұлттық Құрылтайда мемлекет басшысының өзі отбасылық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ тәрбиесіне, балалар қауіпсіздігі мәселесіне қатысты нақты тапсырма бергені мәлім.
Бүгінде облыс бойынша балалар құқын қорғауға негізделген жұмыс белсенді түрде жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы іспен шұғылданатын Үкіметтік емес мекемелерге бюджеттен 100 млн. теңге қаражат бөлінген екен.
Нақты мәліметке сүйенсек, қазір облыстағы 400 мыңнан астам отбасында кәмелетке толмаған 900 мыңнан аса бала оқиды. Демек, бұл – балалар құқын қорғау саласы бойынша атқарылатын мәселе жеткілікті деген сөз.
Аймақтағы 1000 мектепте 515 мың шәкірт бар, ал 1300 мыңнан аса балабақшада 160 мыңдай бүлдіршін тәрбиеленеді. Арнайы есеп жүргізу мекемесінің ресми дерегіне қарағанда, балаларға қатысты қылмыс 2021 жылмен салыстырғанда 21 пайыз кеміген көрінеді.
Түркістанда «Қамқорлық» отбасы орталығы көптеген аналар мен аз қамтылған үйелмендерге психологиялық және құқықтық жәрдем көрсетуді лайықты жолға қойған. Атап айтқанда, тұрғындарға кәсіп үйрену, жұмысқа орналасу, сондай-ақ дәрігерлік қызметті пайдалану жағынан тұрақты түрде қолғабыс тигізіледі.
Мұнымен бірге 2021-2025 жылдар аралығында кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы аясында 72 129 адам еңбекпен қамтылған. (Оның 51% – әйелдер).
«Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Бизнес-Бастау» жобалары арқылы 28 758 азамат жұмысқа орналастырылған. Облыста 2022 жылдан бастап әкімдік, Білім беру, Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары, Полиция департаменті, Сот экспертиза институты, «Сенім-ай» дағдарыс орталығымен бірлескен облыстық адвокаттар коллегиясы зорлық-зомбылық құрбандарына шұғыл түрде психологиялық, әлеуметтік, медициналық, құқықтық көмек көрсету бойынша пилоттық жобаны іске асырып келеді.
Қазіргі таңда аймақта өзге де ана мен бала құқығын қорғап, денсаулығын сақтау бағытына құрылған түрлі ұйымдар бар.
Мемлекетіміздің отбасын жоспарлау мәселесін кезең-кезеңімен қолға алуы жайдан-жай емес. Солардың ішіндегі бастысы – ана мен бала денсаулығын сақтау мәселесі.
Ананың қаншалықты дұрыс тамақтануы, жаңа туған нәрестеге жұқпалы аурулардың тарамауын алдын алу мақсатындағы гигиеналық шаралар, аналардың босану барысындағы өлім-жітімді азайту да – осы істің бір парасы. Қалай болғанда да, жүкті әйелге ұдайы психологиялық көмек көрсеткен жөн деп есептейді гинеколог мамандар. Мысалы, бұл әйел алғаш рет босанғалы жүрген болуы мүмкін. Осы процесті жас ана ауыр қабылдап, босану барысында күйзеліске түсуі жағдайлары кезігеді. Бұл – нәрестенің өмірге келу сәтіндегі өте қауіпті фактор. Әрі ол баланың есен-сау тууына кері әсер етеді...
Айтпақшы, қараша айының орта тұсында Шала туған балалардың халықаралық күні аталып өткені аян.
Түркістандықтар бұл жәйтке де айрықша мән береді. Осынау датаны бүкіл әлемде «Ақ желек күні» деп атайтын көрінеді. Яғни, ақ жапырақ мағынасына сыйғызылған атау дүниеге мезгілінен бұрын келген сәбилердің өте нәзіктігін, қорғансыздығын меңзейді.
Деректерге жүгінсек, әлемде дүниеге келетін сәбилердің 15 млн. шала туатын көрінеді.
Әлбетте, шала балаларға жан-жақты күтім қажет. Мұның зор жауапкершілікті талап ететіні айтуға ғана оңай. Жоғары білікті медицина қызметкерлері әлгіндей сәбилерді аман алып қалу үшін шелектеп тер төгеді. Біз осынау шақалақтардың өмірі жолында күні-түні жан алып, жан беріскендей еңбек етіп жүрген өзіміздегі облыстық №1 перинаталдық орталық іспеттес елдегі өзге де көптеген перзентханалардың дәрігерлері мен медбикелеріне бас иер едік. Өйткені, халық саны өте аз мемлекетімізде әрбір балбөбектің көз қарашығындай аяулы екені түсінікті.
Бүгінде Түркістан облысында ана мен бала өлімі бірнеше есе азайғанын біліп қуандық. Халық жиі қоныстанған өңір үшін сау ұрпақтың көбірек өсуі – аса маңызды. Мұнда «Ана – алтын қазына» әлеуметтік жобасы жұмыс істейді. Бұл – облыстағы ана мен бала денсаулығы көрсеткіштерін жақсарту мақсатында қолға алынған жоба.
Ол Түркістан облысының жүкті әйелдерi мен бала күтімі демалысындағы сәбилі аналардың медициналық-әлеуметтік орталығын құру және әйелдерге көрсетілетін әлеуметтік, психологиялық және практикалық қызметтердiң жоғарғы санатын қалыптастыруды мақсат тұтады.
Балнұр ШАРАЛБАЕВА,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы
Халықаралық қазақ-түрік
университетінің студенті