ЖАСТАР КОНТЕНТІ ҰМЫТ ҚАЛМАСЫН
2023 ж. 29 қараша
421
0

«Жастар – қоғамның қозғаушы күші» деп серпін береміз, «Болашақ жастардың қолында» деп сенім артамыз. Алайда қылп еткен келеңсіздікке жастарды кінәлі санаймыз. Қоғам, мемлекет жастардың қалауын қолдап, мүмкіндік беріп жатыр ма деген сұрақ әрқайсымыздың көкейімізде жүр. Демократиялық мемлекетте өмір сүре тұра, сөз бостандығының болмауы үлкен қасірет.
Ақпаратты жеңіл қабылдауымыздың кесірінен көптеген келеңсіз дүниелер орын алып жатыр. Соңғы онжылдықта позитивті ақпараттарды терең қабылдау белсенділігіміз төмендеп бара жатқандай.Тәрбиелік мәні бар телебағдарламаларды, телешолуларды қарауға уақытымыз жоқ. «Түкке керегі жоқ әңгіме айтып жатыр, әркім не жасайтынын өзі біледі» деп теріс айналатындар көп. Есесіне «Астарлы ақиқат», «Көреміз», «Қалаулым» сияқты жеңіл дүниелерге көбірек уақыт бөліп жатырмыз. Жас та, кәрі де бүкіл назарымыз сонда.
Медиасыншы Назира Дәрімбет биылғы қаңтар айынан қыркүйекке дейін қандай ток-шоулар мен реалити-шоулар жоғары көрсеткішке қол жеткізгеніне шолу жасап, қандай телеарналар қандай ток-шоуларды көрерменіне ұсынуда және көрерменін қандай тақырыппен қызықтырып, экран алдында ұстап отырғанын анықтап, сараптама жасап көрді. International Media Service дайындаған мәліметтерге сүйенсек, КТК-дағы «Астарлы ақиқат», «Еуразия» бірінші арнасындағы «QosLike» реалити-шоуы және 31 арнадағы «Кел, татуласайық» ток-шоуы алғашқы үштігіне енген. Отбасы осындай бағдарламаларға көңіл бөледі деген сөз. Сонда жастар телеэкраннан қандай хабар көрмек?
Кешегі тарихтан сыр шертер, хандардың бірлігі баяндалған тарихи фильмдерге қарағанда, проблемасы тауысылмайтын тұрмыстық хикаяларға, жеңіл-желпі әзіл-қалжыңға көбірек көңіл бөлетініміз өкінішті. Тарихи кино неге түсірілмейді деп ренжиміз, сөйтсе де мәні жоқ бағдарламалардың рейтингін көтеруге күш саламыз.
Әрине, жастардың бәрі сондай екен деп көпке топырақ шашудан аулақпын. Білімге құштар, елім, жерім дейтін жастар бар. Айналып келгенде барлығы тәрбиеге байланысты. Баланы нағыз тұлға етіп қалыптастыру үлкен жауапкершілікті талап етеді. Көптің алды болу қиын, көптің бірі болу оңай...
Түркістан облысында жастар арасындағы тәрбие мен құқықтық сананы жетілдіру шаралары жиі өтіп жатады. «Жасөспірім» жедел алдын алу іс-шарасы барысында кәмелетке толмаған балалар полиция бөлімшелеріне жеткізілген. Тәртіп сақшылары жасөспірімдер арасында болған 660 құқық бұзушылықты анықтаған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта үйден тыс жерде жүруінің 541 жағдайы тіркелген. Тәртіп сақшылары жасөсіпімдер арасында құқық бұзушылықтар орын алмау үшін Түркістан қаласының тұрғындарына қатаң түрде кешқұрым балаларды қадағалауға, түнде сауық кештерге жібермеу керек екендігін ескертуде.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда елде 6 716 565 отбасы бар. Оның 2 416 364-і ғана жағдайы жақсы отбасылар қатарында. 873 974 мың отбасының жағдайы – қанағаттанарлық, 1 156 815 отбасы дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр. 890 432 отбасының жағдайы нашар (ең көбі Алматы облысында 106 247, Түркістан облысында 85 985, ШҚО-да 69 986 және Алматы қаласында 77 738) және 1 378 980 отбасы ерекше бақылауда тұр. Ал 625 мың бала аз қамтылған отбасыларда тұрады, сонымен қатар 97 мың бала – ерекше балалар қатарында. Аталған мәліметке қарасақ, елде жағдайы жақсы отбасылардан қанағаттанарлық, нашар және дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқан отбасылардың саны басым. Сондықтан жасөспірімдер қылмысының жиілеуі көп.
Отбасылардың тұрмысының төмендеуі, ата-аналардың айырылысуы нәтижесіндегі толық емес отбасылардың көбеюі, отбасында балаға қажетті қамқорлық пен мейірімнің болмауы отбасының елдегі, қоғамдағы жағымсыз жағдайлардан, отбасының шырқының бұзылуынан екені белгілі. Отбасындағы келеңсіздіктер балаға тікелей теріс әсерін тигізеді. Тәрбие мәселесінде мектеп пен отбасы үнемі бірігіп жұмыс жасауы қажет. Сонда ғана оң нәтижеге қол жеткізе алады. Әсіресе қазіргі кезде қазақ отбасыларында жүйелі тәрбие беруге мүмкіндік жоқ деген пікірлер айтылуда. Бұл ата-аналардың мәдени деңгейі мен қоғам өміріне қатысуына және тұрмыстық жағдайға ата-аналардың жұмысбастылығына, өмір сүру ерекшеліктеріне, отбасы құрылымына байланысты. Жас жеткіншектер жеке тұлға ретінде толысып, дамып, өмір туралы түсініктері қалыптасу кезеңінде отбасы мен оқу орны бірлесе отырып жүйелі, дұрыс тәрбиені беруге жағдай жасауы керек.
Мәдениет, тіл, дәстүр... шеттеп қалып жатқаны белгілі. Тілі мен ділі құрыған мемлекет ел болады деу қиын… Дәл осылай кемшіліктің бәрін жастарға арта берсек, ел болуымыз қиын. Жастарды тәрбиелеп тура жолға салатын үлкен буынға көп жауапкершілік түсуі тиіс. Жастарды кіналай бергенше, өгіз өлмейтін, арба сынбайтын бір шешімді іздегеніміз жөн.
Ардақ Жүнай
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті