ҚАЙМАНА ҚАЗАҚ ҚАМЫ ҮШІН
2023 ж. 29 қараша
390
0

Дала өркениетінің алтын бесігіндей Түркістан өлкесінде тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бағытында қыз-қыз қайнаған шаруа көңіл сүйсінтеді. Сайып келгенде осы саладағы әрбір іс-шара ана мен бала қамы үшін атқарылатыны аян.
Мәселен, Сарыағаш ауданындағы Жонарық ауылын табиғи газбен жабдықтау жұмысы мәресіне жетті деуге негіз бар. Бюджеттен бөлінген қаржыға осындағы үйді-үйге арнайы құбыр тартылып, газ реттеуіш тораптары орнатылды.
Сол сияқты аталған аудандағы Жаңатұрмыс елдімекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында іштегі көшелердің сегіз бірдей жолына асфальт төселді.
Қызылжар ауылдық округіне қарасты Жаскешуде де екі көшені реттеу жұмыстары аяқталып келеді.
Және бір жақсылық – Сарыағаш ауданының бір жарым мыңдай баласы бұдан былай мектептеріне арнайы автобуспен қатынауға мүмкіндік алды. Яғни, ата-аналар үш шақырымнан шалғай жерде орналасқан мектептеріне баратын балаларын енді қоғамдық көлікке отырғызып әуреленбейді.
Шәкірттерді таситын көлік мемлекет қазынасынан бөлінген қаржы арқылы ұйымдастырылды. 730 оқушыны үй мен сабақ арасына әдейі сатылып алынған тоғыз автобус әрі-бері тасымалдап тұрады. Бұған қоса 805 ұл мен қызды келісім бойынша «ЯНС» жауапкершілігі шектеулі бірлестігі ұсынған көліктердің қызметін пайдаланады.
Осы секілді Ордасы ауданындағы Қаныш Сәтбаев атындағы орта мектебі де жаңа автобусқа қол жеткізді. Бұл көлік алыстағы Қалаш ауылының балаларын тасиды. Оқушылардың жол қапшықтары мен портфельдерін қоятын сәкілері мен қауіпсіздік белбеуі, бейнебақылау камерасы, микрофонмен жабдықталған жайлы да ыңғайлы автобусқа 20 шәкіртке жайғаса алады.
Ал Кентау қаласында баспанаға мұқтаж отбасыларын пәтермен қамтамасыз ету ісі қызу жалғастырылып жатыр.
Мұнда 2023-2029 жылдары Тұрғын үй-коммуналдық инфраструктурасын дамыту тұжырымдамасы аясында Құрманғазы көшесінде орналасқан бірнеше үй күрделі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ көп қабатты 55 тұрғын үйдің маңдай бетін жаңалау жұмыстары жүргізілуде. Балалар алаңдары салынуда.
Осындағы апатты жағдайда деп танылған үйлерде тұрып келген 47 отбасы Төле би көшесіндегі жөндеуден өткен жайдан пәтер кілттерін алды.
Сөз орайында айта кетейік, Түркістан облысы республика бойынша тұрғындардың демографиялық өсуі тұрғысынан ең алдыңғы орыннан көрінгені мәлім. Ал халық саны 20 миллион адамға жеткен сәтте Созақ ауданының орталық аурухансында Хансұлтан, Ізетолла және Асылым есімді сәбилер дүниеге келді.
Осы оқиғаға орай аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков перзентханаға арнайы келіп, бөбектердің аналарын құттықтады.
Қ.Сағатұлы.
Түркістан облысы.